Шаңғыны ойлап тапқан – қазақ

ОТАНЫ – АЛТАЙ ТАУЫ
Шаңғыны ойлап тапқан кiм? 1982 жылы ғалым А.Микляевтiң осыдан 4300 жыл бұрын Псков облысында (Ресей) шаңғы болған деген тұжырымын орыстар әлi күнге малданады. Норвегиялықтар 7 мың жыл бұрын бiз ойлап таптық деп даурығады. Грек тарихшысы Ксенофонт бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 401 жылы армяндардың тарихын зерттеп, Қап тауында адамдар аяғына тақтайша байлап алған деп жазды. Талай ғалымның басын қатырған шаңғының шығу тарихы орысқа да, норвегиялыққа да, шведке де, армянға да қатысты емес. Шаңғыны ойлап тапқан – қазақ.
Он мың жыл бұрын Алтай тауын мекен еткен қазақтың арғы тайпасының аяғында ағаштан жонылып, жылқының терiсiмен қапталған қар шаңғысы болған. Демек, қазақ ойлап тапқан соң ғана шаңғыны өзге ұлт кәдесiне жаратқан.
Тарихшы ғалымдардың сүбелi зерттеуiнен кейiн 2007 жылы Гиннес рекордының бас штабы “Адамзат тарихында қар шаңғысы алғаш рет Алтай тауының сiлемiнде пайда болған” деген куәлiктi Қытайдың Алтай қаласына табыстады. Алтай сол заманда қазақтың арғы бабасының құтты қоныс, атамекенi болғаны және анық. Ендеше, қысқы олимпиада ойындарының сегiз дүркiн, әлем чемпионатының тоғыз дүркiн чемпионы норвегиялық Бьрон Эрленд Дэлидiң, төрт мәрте олимпиада алтынын олжалаған швед Эдди Сикстен Ернбергтiң, екi дүркiн олимпиада чемпионы немiс Магдалена Нойнердiң аяғындағы шаңғының иесi қазақ деп мақтана айтуға тиiспiз.
Атадан балаға мирас боп бүгiнге жеткен терi шаңғы Қытайдың Алтай аймағында әлi бар. Жыл сайын облыстық деңгейде сайыс ұйымдастырылады. Миллиардтаған қытайдың арасында “жалғыз-жаяу” шаңғысын насихаттап жүрген Мұрат Ақатайұлы жуырда елiмiзге келдi. Орта мектепте дене тәрбиесiнiң мұғалiмi болып қызмет ететiн Мұраттың мақсаты – елiмiздiң таулы аймағында да осынау шаңғыны тарату.
ДӘЛЕЛ ДЕ КӨП, ДӘЙЕК ТЕ ЖЕТКIЛIКТI
– 10 мың жыл бұрын Алтай тауын мекендеген тайпалар ойлап тапқан шаңғыға күнi ертең өзге ұлт жармасып жүрмей ме?– Жоқ, ешуақытта дауласа алмайды. Мен мұны заңды құжаттарымен дәлелдеп бере аламын. Батыс ғалымдары қазiргi шаңғы қайда пайда болған дегендi зерттей келе, осыдан 10 мың жыл бұрын батыста емес шығыста, Алтай тауын мекендеген байырғы халықтардың ойлап тапқан құралы деген байлам жасаған.
Жапонның бiлiктi ғалымдары шаңғыны жете зерттеп, қалың кiтап жазды. Сол кiтапта тау шаңғысының ең алғаш Алтайда пайда болғаны, өзге халықтарға кейiн таралғаны жазылған. Ол аз десеңiз, Жапонияның Саппоро қаласындағы мұражайда терi шаңғысын тек Алтай тауындағы халықтар ойлап тапқан деген анықтама жазылған. Америкалық ғалым төрт жылдан аса Алтайда жүрiп, тау шаңғысын зерттедi де, бiзге тиесiлi деген тұжырымды ғылымға енгiздi. Таудағы тастарға қашалған шаңғының бейнесi де ғалымдардың тұжырымын нықтай түседi. Гиннестiң рекордтар кiтабына “Алтай тауы – ежелгi тау шаңғысының шыққан жерi. Терi шаңғыны ойлап тапқан – осы тауды мекендеушi халық” деп жазылды. Алтай тауын бүгiнде тек қазақтар ғана емес, моңғолдар да жайлап отырғандықтан олар да таласты. Бiз тарихи дерекке сүйенiп, газет-журналға мақала жазып жүрiп, “терiмен қапталған тау шаңғы – қазақтiкi” деген патент алдық. Ендi моңғол да, қытай да, орыс та таласа алмайды.
– Қазiргi заманауи шаңғымен салыстырғанда сiздiң насихаттап жүрген шаңғыңыз едәуiр үлкен екен.
– Олай болатыны, Алтайдың қысы қатты, қары қалың түседi. Атты адамның өзi омбылап жүре алмайтын таулы жерде ағашы жұқа болса, шаңғы да батып кетпей ме. Сондықтан қалың әрi жалпақ етiп жасайды.
– Қандай ағаштан жасайды, нелiктен жылқының терiсiмен қаптайды?
– Ұзақ уақыт пайдалану үшiн қарағайдан жасайды. Ал ендi жарыста киетiн шаңғыны самырсыннан жонады. Самырсын қарағайға қарағанда жеңiл келедi. Шаңғыны қаптағанға бұғы мен жылқының ғана терiсi жарайды.
– Өзге малдың терiсiн қолдануға болмай ма?
– Төрт түлiктiң iшiнде жылқының терiсi оңайлықпен жыртылмайды. Әсiресе, пұшпағы (аяғының терiсi) өте мықты. Қолы жеткенi бұғының да терiсiмен қаптаған. Жылқы малының сусылдақ жүнi қардың бетiнде өте жылдам сырғанайды.
ҚЫТАЙДА БIЗГЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ
– Қытайда бұл спорт түрi қаншалықты дамып келедi? Жарыс өткiзуге үкiметтен қаражат бөлiне ме?– Қытайдың әр аймағында насихаттауға спорт мамандары да кетәрi емес. Өкiнiшке қарай, тек Алтай аймағында ғана кең тараған. Құлжа мен Шәуешектегi қазақтар терi шаңғыны пайдалану былай тұрсын, бiлмейдi де. Ең қиын соғатыны осы. Бiз қазақтың ежелгi шаңғысын жаппай насихаттап, кеңiнен қолданғанда ғана сақтап қала аламыз. Бес-алты адамның айғайымен ештеңе шешiлмейдi. Тек Қытайда ғана емес, Қазақстанда да терi шаңғысын өрiстетуге қолайлы жер жетедi. Шығыс Қазақстандағы тау сiлемiнде, Көкшетау өңiрiнде де қолдануға әбден болады.
Жыл сайын 16 қаңтарда Алтай қаласында терi шаңғымен қашықтыққа жүгiруден және тұлып сүйреуден сайыс өтедi. Биыл да аймақтағы жетi ауданның спортшылары қатысты. Бұған дейiн бәйгенi тек қытай, моңғол спортшылары иеленетiн. Екi жылдың жүзi болды, тек қазақ балаларынан жасақталған команда құрдым. Биылға дейiн сайысқа қазақтар қатысып қана қайтатын. Алтай аймағының спорт комитетiн қазақ басқарады. Алдына барсаң, уәденi үйiп-төгедi. Ауылды аралап шаңғы спортын дамыту қажет екенiн айтады. Iс жүзiне келгенде бәрi керiсiнше. Сегiз жыл бойы жарыста қазақтың қаракөзiн шетқақпайлап келдi. Соған жол бермеу үшiн моңғолмен де, ханзумен де шарпыстық. Қазiр нәтиже тәуiр, биылғы жарыста менiң де шәкiрттерiм жеңiмпаз атанып, жүлде алды.
Қытай терi шаңғы қазақтың меншiгi болғанықтан ба, менiң командама азын-аулақ қаражат бөледi. Ал ханзу, моңғолдар ақшадан қысылмайды. Жылда жарыс алдында ауылдан шаңғы жинаймын, балалардың тамағына қаржы жетпей қалса, қалтамнан төлеймiн. Мен мұны атымды шығарайын, жарнама жасайын деп iстеп жүргем жоқ. Қазақтың төл туындысы өзгенiң қанжығасында кетiп қалмаса екен деген тiлек қана. Көңiлiмдi өсiргенi бұдан былай Қытайдан Қазақстанға көшiп келiп, нәсiбiн кәсiбiнен айырып жүрген бiрнеше кәсiпкер команданың қорына қаражат аударатын болды.
Кезiнде серкенi бұйым көрмей өгiздiң өзiн өңгерiп әкетiп, көкпар тартқан қазақтың ұлттық ойынын қырғыздар патенттеп алды. Қар шаңғысын да моңғолдар иеленгiсi келдi, бiз көп күш салып патенттедiк. Ендi ешкiм таласа алмайды, насихаттап, тарату өзiмiзге байланысты.
– Терi шаңғымен қашықтыққа жүгiруден өзге тұлып тарту деген қандай сайыс болады екен, жеңiмпаз қалай анықталады?
– Бұл қазiргi жазғы олимпиада ойындарының бағдарламасындағы эстафеталық сайысқа өте ұқсас. Әр команда төрт адамнан қосады. Олар 2,5 шақырым жерге тұлыпты сүйреп жарысады да, келесiнiң қолына ұстатады, ол үшiншiсiне табыстайды, мәреге тұлыпты қай команданың спортшысы бұрын сүйреп келсе, сол жеңiске жетедi.
Терi шаңғыны ата-бабаларымыз қатынас құралы ретiнде пайдаланған дедiк. Ешкiнiң терiсiнен тiгiлетiн тұлыпты ертеректе жүксалғыш ретiнде тұтынған. Көшiп-қонғанда азын-аулақ дүниесiн салып сүйрегенге өте қолайлы.
МҰРАЖАЙДА ҒАНА ЕМЕС, ҮЙIҢIЗДЕ ДЕ ТҰРСЫН
– Сiз 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен 7-қысқы Азия ойындарының қарсаңында шаңғыңызды көтерiп келдiңiз. Бiрақ жоспарыңыз жүзеге аспапты.– Азия ойындарының ашылу салтанатында болмаса жабылу рәсiмiнде қазақтың байырғы терi шаңғысымен өнерiмдi көрсетсем, келешекте осы шаңғы сайысы да қысқы Азия ойындарының санатына қосылса деген арманмен келiп едiм. Бiрақ ұйымдастырушылар уақыттың тым тығыз екенiн айтты. Ол да ештеңе емес-ау, халықаралық заңда өзге елдiң азаматы (Мұрат Ақатайұлы – қытай азаматы) болсаң, өнерiңдi көрсетуге тыйым салынады екен. Дегенмен спорт саласын тiзгiндейтiн бiрнеше басшының алдынан өттiм. Олар игi iстiң өрге дөңгелеуiне ықылас бiлдiрiп, Азия ойындарына қосу үшiн шаңғының осы түрi кем дегенде төрт-бес мемлекетке кеңiнен таралуы қажет екенiн ескерттi. Осылайша жылы сөз мерейiмдi өсiрiп елге қайтқан едiм.
– Үш жылдан кейiн атажұртыңызға қайыра соғып, Астана мен Алматыдағы шенеунiктермен тағы жүздестiңiз. Елiмiзде осы спорт түрiн дамыту үшiн жеке федерация құрған жөн шығар?
– Қытайдан тамыздың алғашқы аптасында шығып едiм, екi айға жуықтады үйiме әлi барған жоқпын. Терiмен қапталған екi шаңғымды арқалап Астанаға бардым. ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай бiреуiн алып қалды. Желтоқсан айында мұражайдың салтанатты ашылу рәсiмi өтедi екен. Терi шаңғы мұражайдың құнды жәдiгерi ретiнде тұратынын айтып қуантып қойды. Шiркiн-ай, терi шаңғы тек мұражайда ғана емес, әр қазақтың босағасында тұрса, үмiтiм ақталар едi. ҚР Спорт және денешынықтыру iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов қазақ күресi, тоғызқұмалақ, көкпар сынды тау шаңғысының да жеке федерациясы құрылуы керектiгiн айтты. Елiмiздiң бiрнеше облысына таралуы үшiн алдымен спортшыларды баулитын мамандарды әзiрлеуiмiз қажет дедi.
“Түсi игiден түңiлме” дейдi қазақ. Сiздерде аудан әкiмiнiң қабылдауына кiру үшiн күнi бұрын тiзiмделесiң. Астанада шенеунiктермен жүздесуiме Сәуле Мешiтбайқызы деген жан көп көмектестi. Жолдастыққа жарайтын бiраз жiгiттер сүйеу болып жөн сiлтеп, жол көрсеттi. Әйтпесе, екi мың юаньмен (50 мың теңге) Алматы мен Астанада екi ай күн көре алмайсың. Үш жыл бұрын атажұртыма келгенде де мәртебем өсiп, жылы сөзге семiрiп қайтып едiм. Бұл жолы да қоржыным жаңалыққа толы. Қар шаңғысының федерациясын ашу үшiн бiрнеше құжат жинау қажет екен. Алла жазса, керегiмдi түгендеп алып, Астанаға қайта келемiн. Бұл бес-алты адамның айғайымен шешiлмейдi. Көптiң күшiмен жүзеге асатын шаруа.
– 2010 жылы спорттың жетi түрiнен өнерiңiздi көрсетiп, Гиннестiң рекордтар кiтабына есiмiңiз “кәсiби спорт маманы” ретiнде жазылды. Бiрақ Қытай мемлекетiнiң ешқандай шарапаты тимептi.
– Спорттың жетi түрiнен өнерiмдi көрсеттiм. Арнайы келген мамандар тәнтi болып, Гиннестiң рекордтар кiтабына есiмiм жазылғанын растайтын құжат бердi. Қытай үкiметi көтермелеу ретiнде қаржылай сыйақы ретiнде 300 мың юань беремiз деген. Құр сөз болды ма, әлi алған жоқпын.
kuanysh_230886@mail.ru
Сұхбаттасқан Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
«Шебердiң қолы ортақ»
Қытайдағы қазақ командасы
Тұлып тарту сайысы
zhasalash.kz


