Ресейлік «Отандастар» бағдарламасына ілінгісі келетін қазақстандықтар «кезек күтіп шаршағандарын» айтады. Соңғы жылдары Ресейге қоныс аударуға өтініш бергендер саны ұлғайып отыр.
КЕҢСЕ АЛДЫНДАҒЫ КЕЗЕК
Семей тұрғыны Светлана Кукотина осы аптада мұнда екінші рет келіп аман-есен құжат тапсыра алғанына қуанып отыр. Өйткені, оның айтуынша, мұнда кезекке іліну үшін түнеп, оны жоғалтпас үшін күніне бірнеше мәрте соғып кететін азаматтар өте көп екен.
– Екі терезеден қабылдап жатыр. Бірінде алдын-ала жазылғандарды қабылдайды. Бұл өзге өңірлерден келген азаматтар үшін. Ал екіншісінде — кезек бойынша қабылдайды. Осындағы тұрғындарға арналған. Онда ұшы-қиыры жоқ кезек. Алдыңгүні осында кезекте жүзден астам адам тұрды, — дейді ол.
Светлана Кукотинаның айтуынша, бюрократиялық кедергілердің көптігі де кезекте тұрғандардың наразылығын туғызған. Қызметкерлер «кейде бір құжатты сұратып, алып келсе оның қажеті болмайтын кездері де болады» екен.
Мәскеудің Домодедово әуежайындағы паспорт тексеретін орын. (Көрнекі сурет)– Мысалы «гостевая поездка» деп жазсақ, ол жерде «мы ездили в гости к другу» жазылуы тиіс» деп құжаттарды қайтарып жатады. Соңғы тіркес таза ауызекі тілде қолданылады. Осындай ұсақ-түйектер үшін қайтарып жатады, — дейді ол.
Есімін Ольга Анатольевна деп таныстырған тұрғынның айтуынша, мұнда бір адамнан құжат қабылдау үшін шамамен бір сағаттай уақыт кетеді.
«Мен енді санағам жоқ. Бірақ осындағы адамдардың айтуынша, олар күніне сегіз-ақ адам қабылдайды екен» дейді ол Азаттық тілшісіне.
Ол орталыққа екі барып құжаттарын жөндете алмағанын айтады. «Мұнда бірінші рет келіп, құжаттарын тапсыра алған адам кемде-кем» дейді ол.
Бұған дейін жергілікті «Мой город» газеті тұрғындардың кеңседе «қарапайым жағдайдың жоқтығына» шағымданғанын жазған.
Азаттық тілшісі бұл мәселелерге қатысты Өскемендегі Ресейдің бас консулы Сергей Анненковқа хабарласқанда, ол: «жергілікті газетке түсініктеме бергенмін, басқа ештеңе айта алмаймын» деп жауап берді.
«Мой город» газетіне берген сұхбатында Ресейдің көші-қон қызметі жұмыс тобының өкілі Наталья Ботораева «құжат қабылдайтын үш адам күніне жиырма адамнан артық қабылдай алмайтынын» айтқан.
«Жүздеген өтініш бар, бізге Өскемен, Семей, Павлодар тұрғындары келеді. Штат көлемін көбейту әзірге мүмкін болмай тұр. Ал келушілерге жағдайды біз жалдап отырған ғимараттың әкімшілігі жасайды» деген ол.
Сонымен бірге ол «Отандастар» бағдарламасының биыл да, келесі жылы бітпейтінін айтқан.
ҚОНЫС АУДАРУ СЕБЕПТЕРІ
Жыл басынан бері орталыққа қанша адам өтініш бергенін де орталық «құпия мәлімет» деп айтпай отыр. 2011 жылы жұмыс тобының жетекшісі Марина Пустэко «Мой город» газетіне берген сұхбатында «Қазақстаннан Ресейге қоныс аударуға өтініш бергендер саны екі есеге ұлғайды» деп мәлімдеген. Ол негізінен, Қарағанды, Теміртау, Петропавл, Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларынан көбірек өтініш беретінін айтқан. Марина Пустэконың түсіндіруінше, азаматтар негізінен «орыс тілі ауқымының тарылып бара жатқанына» алаңдап, «балаларының орыс мәдениеті мен тілін сақтай алмай қаламыз ба» деп қорқады.
Республикалық «Лад» славян қозғалысының Өскемен қалалық бөлімшесі жетекшісінің орынбасары Игорь Любимов мұнда экономикалық фактордан гөрі мәдени фактор көбірек екенін растайды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекеті. (Көрнекі сурет)Қазақстанда дүниеге келген Светлана Кукотина мұнда жұмыс табу өте қиын болғандықтан отбасымен қоныс аударуға бел буғанын айтады.
«Оған қоса әйелдер 63 жасында зейнетке шығатындай қып жасап қойды. Оған дейін ғұмырымыз жете ме? Балаларым әзірге осында жұмыс істеп жатыр. Біз Ресейге барып орныққаннан кейін олар да келеді» дейді ол.
Өскемен тұрғыны Ольга Анатольевна әркімнің әр себептен Ресейге көшісі келетінін, өзінің туыстарының барлығы Ресейде тұратынын айтады.
– Балаларымыз Ресейде оқиды. Ол жақта Қазақстанға қарағанда оқу арзанырақ, — дейді ол.
2006 жылы Ресей президентінің жарлығымен шетелде тұратын азаматтарын отанына қайтаруға көмектесін «Отандастар» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Бағдарлама мерзімі алғашында тек 2012 жылға дейін бекітілгенімен кейіннен ұзартылды. 2013 жылы сәуір айында Ресейдің аймақты дамыту министрі Игорь Слюняев биыл бұл бағдарламаға 25 мың адам қатысатынын, 2014-2015 жылдары 50 мыңға жететінін мәлімдеген еді.
Қазіргі кезде бұл бағдарлама бойынша азаматтардан өтініштерді Алматы, Астана, Орал, Өскемен қалаларында қабылдайды.



