Ғалым Боқаш
Facebook парақшасынан алынған пост
АҚШ президенті Барак Обаманы екі мәрте сайлауға түскен кезінде қолдап шыққан қарапайым америкалықтың көлігіндегі қос жапсырманы биыл жазда Вашингтонда суретке түсіріп алып едім. Өзін Детройттың қазіргі мэрімен бір класта оқыдым деп таныстырған басқа бір такси жүргізушісі маған «Обама халықты медициналық сақтандырумен тұтас қамту туралы заңы арқылы АҚШ-тың ешбір президенті жасай алмаған іс қылды. Енді әлемдегі ең бай елде емделуге жағдайы жоқтар көшеде қап өлмейтін болды» деп разы кейіпте әңгімелеп еді. Кейін жаздың соңынан бері жаңаша сақтандыру вебсайтының дұрыс ашылмай қап, Обаманы сынаушылардың күрт көбейгенін көріп «енді не болар екен» деп жүр ем.
Бүгін Барак Обама сол вебсайттың миллиондаған адамды тіркеуге әзір күйде қайта ашылғанын хабарлап, Obamacare аталып кеткен заңының тек кедей-кепшік, кәрі-құртаң үшін ғана емес, жастарға да тиімді екенін түсіндіріп тікелей эфирде мәлімдеме жасады. Қайта жөнделген сайтқа бір күннің ішінде бір миллионнан астам адам кіріп үлгеріпті. «Кәсіпкерлік капитализм мен «минимум мемлекет» түсініктері орнығып қалған елде социал-демократиялық әділдік идеалдарына келетін мұндай әлеуметтік норма енгізу қиын болады-ау» деп ойлап отырдым.
Ресми ақпарат бойынша АҚШ азаматтарының 15 пайызы — медициналық сақтандыруы жоқ жандар. Мына жаңа заң бойынша олардың барлығы жәрдемге қол жеткізбек, одан бөлек сақтандырушы компаниялар жаңа клиенттерінің бұрыннан бойында бар ескі ауруларын емдетуіне де қаржы бөлмек, ал жастар 26 жасқа толғанша ата-аналарының сақтандыруын пайдалана бермек. Бірақ «қолы қимылдағанның ғана аузы қимылдасын, сырқатына ем жасалып, баласы білім алсын» дейтін қатқылдау бәсекелестікке негізделген кәсіпкерлік капитализм принциптері орныққан қоғамда елдің бәрін тегіс жарылқау идеясына біздегідей уралап қошемет көрсетілмейді.
Жалпы Батыста жекеменшік сектор үкіметтің «түнгі қарауыл» рөлінен шығып, белсенді түрде жарылқаушы болу ниетіне күдіктене қарайды. Өйткені мұндай қоғамдар өз-өзін үкіметсіз-ақ жарылқап үйренген. Батыстың классикалық либерализм ойшылдарының сөзімен айтсақ «үкімет үш-ақ мақсат үшін қажет: сыртқы жаудан қорғау, ішкі ұры-қарыдан қорғау және сапалы орта білім беру орындарын ашу». Қалғанының бәрі — жекеменшік сектордың өз қолымен жасалуы тиіс. Сол себепті Батыстың ғылыми-зерттеу институттары да жекеменшік, олимпиада чемпиондарын да жекеменшік клубтар дайындайды, ақын-жазушылары да қолөнершілер құсап өз қабілетіне қарай қалыптасқан нарығында сауда жасайды. Үкіметке ешкімнің реніші жоқ. Өйткені үкімет ең басты нәрсені — қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етіп тұр. Ал экономиканы Адам Смитше айтсақ «Құдайдың көрінбейтін қолы» — баға саясаты мен бәсеке табиғи түрде реттеп тұр.
Ұлыбритания мен Швеция сияқты социал-демократтары үстем аздаған ел үкіметке төртінші міндет етіп денсаулық сақтау мен жағдайсыз отбасылардағы балалардың жай-күйін қадағалау сияқты міндеттерді қосып берген. Сол себепті бұл елдерде емделу тегін, мүгедек баласына қарайтын әке-шешеге жалақы төленеді. Ал АҚШ қоғамы болса оның өзін үкіметтің азаматтардың жеке өміріне тым қатты араласуы деп жақтырмайды. Былайша айтқанда «Үкімет қайда қарап отыр?» немесе «Үкімет неге жағдайымды жасап бермейді?» деген сұрақтарды Батыста көп естімейсіз;)
P.S. Бұл постымдағы «үкіметтің» Қазақстан үкіметіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын ескертем. Өйткені Қазақстан үкіметі керісінше жекеменшік секторға тән барша қыруар міндетті өз мойнына жүктеп алып, астында басылып қалған үкімет. Не өзі атқармайды, не мойнынан алғызбайды. Сөйтіп жатып өзі атқаруы тиіс жоғарыда аталған ең басты үш міндетті жекеменшік сектордың мойнына ілгісі келеді. Сосын «Үкімет қайда қарап отыр?» деген сұрақтың тууына өзі себеп болады.



