Украинада тұратын қазақстандықтар уақытша өз отанына оралғылары келеді
– Украинада жүрген қазақстандықтар және қазақ диаспорасы өкілдері қауіпсіздік үшін уақытша ол жерден кету туралы ойлайды, – дейді Киевте тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілі Тимур Оразов «Радиоточкаға» берген сұхбатында.
– Киевте қазақтар да, қазақстандықтар да көп. Бұл жерде жерлестер ұйымы бар, біз бір-біріміздің жоспарларымыз туралы білеміз. Арамызда кейбіреулер уақытша өз отанымызға оралу туралы жоспарлап жүр, тым болмаса, отбасын көшіруді ойлайды.
Мемлекеттік статистика қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Украинада 60 920 Қазақстан азаматы бар. «Радиоточка» Сыртқы істер министрлігінен «Қазақстан елшілігіне отанға оралуға көмектесу туралы өтініш білдірген азаматтар» туралы ақпар беруін сұраған еді.
«Біз Украинада тұратын азаматтарымыздың нақты саны қанша және отанға оралу туралы қанша азамат өтініш бергендігі туралы ол жақтағы елшілікке ресми сауал жолдадық. Жауабы ертең болады деп ойлаймыз», – СІМ ресми өкілі Нұржан Айтмаханов.
– Қазіргі уақытта Киевте жаппай наразылық жалғасуда. 19 ақпан күні күндіз «Беркут» арнайы жасағы мен ішкі әскери күш Киев орталығын және негізгі көшелерді баррикададан босату үшін тағы да әрекет етіп көрді, – деп хабарлады Оразов. – Өз беттерінше ұйымдасқан «күрескерлердің» отрядтары түгел ә дегенде-ақ жоғалып кетті. Қарулы әскер жарты сағаттың ішінде Майданның 70 пайызын тазартты. Ең белсенді оппозиционерлер орталықта жиналған. Революция көшбасшылары – олар өздерін осылай атайды – киевтіктерді Майданға балаларыңмен келіңдер деп шақыруда. Мұнысы – қарулы күш орталықта қалғандарды шығарып тастамас үшін әрекет. Әзірше жаппай соғыс жоқ, тек қана ұлтшылдар мен қарулы күш арасында, ұлтшылдар мен билік арасында жекелеген қақтығыстар жиі қайталанып тұр. Үш жақтан да қаза тапқандар бар. Милиционерлердің ішінде жарақаттанғандар көп. Ұлтшылдар көбінесе көзден ұрады – «беркуттықтар» арасында көзінен жарақаттанғандар көп…, — деп әңгімелеп берді «Радиоточкаға» сұхбат беруші.
– Екі жақтан қарсыласуға тартылған адамдардың саны мен екі жақтан да қару-жарақтың қолданылуы – Еуромайданның жаңа кезеңге өткенінен хабар береді, – дейді REGNUM ақпараттық агенттігінің Киевтегі тілшісі Владимир Полуев. – Майданға қатысушылардың санын назарға алмағанның өзінде, бәрібір қалаға, орталыққа кіретін барлық жолдар жабылған, метро тоқтап тұр, тыным таппайтын транспорттар да тоқтаған. Бұл азамат соғысының шағын көрінісі деуге болады, яғни киевтіктер толыққанды азамат соғысының салдарынан болатын нәтиженің жеңіл нұсқасын бастарынан өткізуі мүмкін. Азаматтық қарсылық тұтанды, екі жақта да қару-жарақ бар, бірақ бұл қаруды қолдануға ешқайсысында негіз жоқ. Тіпті көшелерде тұрған «гаишниктер» Калашников автоматымен қаруланған.
Қала оратлығында бірнеше өрт болды. Кәсіподақтар үйі түгелімен жанып кетті. Митингіге шыққандар өртті сөндіруге кедергі келтіруде. Оған қоса, осы үйден шығарылған жиһаздарды оппозиция өкілдері, өздерін құқық қорғау өкілдерінен бөліп тұрған отқа отын ретінде пайдаланды.
– Екі жақты бөліп тұрған от, жан-жақтан қанша тақта, қаншама қоқсық тастаса да – өшті. Қазір бұл жерде баррикадалар құрылған, онда жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкелерді, тастарды әкелуде. Екі жақ та жаңа қарсылыққа мұқият дайындалуда. Құқық қорғау органдары дембіл-дембіл көзден жас ағызатын гранат лақтырып, резіңке оқпен атқылауда, ал шерушілер тас лақтырып қарсылық көрсетуде, – деп хабарлады Владимир Полуев.
– Елдегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты билік Киев бағытына қозғалысты шектеді. Жолдар жабық, қала өмірі мүгедек күйде тоқтап тұр, – дейді авиақұрылысшылар кәсіподақ бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Поляков. – Кәсіподақтар үйі қалай жанғанын өз көзіммен көрмедім, тек жаңалықтардан тыңдадым. Алайда, біздің мекеме сол үйде орналасқандықтан, мен, әрине жұмыс орнымда емеспін. Яғни, жұмыс тоқтап тұр, байланысқа шығу қиындаған, жолдар жабық, қалаға кіруге шектеу қойылған.
Қаладағы жағдайға байланысты, Киев билігі орталықтағы балабақшалар мен мектептер үшін 19 ақпанды демалыс күні деп жариялады. Бұған дейін қала әкімшілігі кәсіпкерлерді сәрсенбі күні жұмысқа шықпауға шақырған еді.
Киевтегі тәртіпсіздіктер салдарынан барлығы 25 адам қаза тапқан, 351 адам медициналық көмекке жүгінген, 241 адам ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер зардап шеккендер арасында шетелдік азаматтар жоқтығын анықтаған. Бұл туралы Украина денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Еуромайдандағы тәртіпсіздіктер 18 ақпан күні жаңаша белең алған. Оған Жоғары Рада спикерінің 2004 жылғы конституцияға қайта оралу туралы қаулы жобасын тіркеуден бас тартуы себеп болған. Киевтің үкімет кварталында үкіметке қарсылық акциясына қатысушылар мен ІІМ күштері арасында қатты қақтығыс орын алған. Ашулы топ Украина парламентіне жақындамақ болған, радикалдар Киев орталығындағы ғимараттарға басып кірген, автокөліктердің дөңгелектерін өртеп, милиционерлердің көлігіне тас жаудырған. Милиция қызметкерлерінің айтуынша, оппозиционерлер бірінші рет қару қолданған.
Соынмен қатар, радикал топтар облыстық әкімшілікті, өңірлік милиция басқармасын, облыстық прокуратураны және Львовтағы ІІМ ішкі әскери бөлімді шабуылдаған. Әскери бөлімге 2 мыңға жуық радикал лап қойған, нәтижесінде 30 әскери қызметкер зардап шеккен. Олар ғимаратты және бірнеше көлікті өртеген, әскерилерді «Молотов коктейлімен», таспен атқылаған. Оппозицияның радикалды жақтастары Луцк қаласында облыстық мемлекеттік әкімшілік ғимаратын басып алды. Бұған дейін украиналық БАҚ билік қарсыластары Ивано-Франковскте облыстық әкімшілік ғимаратын, облыстық милиция басқармасын, Украина қауіпсіздік қызметін және прокуратураны басып алғанын хабарлаған еді. Тернополде де облыстық әкімшілік ғимараты оппозицияның қолына өткен.
Тotal.kz


