«Ресейдің Украинадағы басқыншылық әрекеті» айыпталған соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жабық есік жағдайында жиын өткізді.
Мәліметтерге қарағанда, Қырымда нөмері жоқ әскери көліктер мен айырма белгісі жоқ солдаттар жиі байқала бастаған.
ӘУЕ КЕҢІСТІГІ ЖАБЫЛҒАН
28 ақпан күні Ресей әскері Украинада, Қырымда екі әуежайға бақылау орнатқаны жайлы хабар тарады. Қырым автономиясының орталығы Симферополь аспанында Ресейдің бірнеше тікұшағы байқалған. Севастопольдегі әуежайға Ресейдің 13 ұшағы қонғаны жайлы да мәлімет бар. Осы ұшақтармен шамамен 2 мың солдат әкелінген. Әзірге бұл мәлімет тәуелсіз түрде растала қойған жоқ.
«Ресей Мемлекеттік Думасының осынша депутатының Қырымға баруы — өте таңғаларлық жағдай. Мен олардың мақсаты не екенін түсінбеймін,-«деді Кличко.
ЕҚЫҰ өкілі Дуня Миятович Симферопольде мемлекеттік теледидар кеңсесінде әскерилердің жүргені туралы айтқан. Мәліметтерге қарағанда, 20 шақты әскер теледидар ғимаратының сыртына орналасқан. Әскер журналистер жұмысына кедергі келтірмеген.
Мәскеуге білдірген қарсылығында Украина сыртқы істер министрлігі Қырым әуе кеңістігінде шекара бұзылғандығын және Ресейдің Қаратеңіз флотын жалға алу шарттарын бұзғандығын мәлімдеген.
ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНДЕГІ ЖИЫН
«Ресейдің Украинадағы басқыншылық әрекеті» айыпталған соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жабық есік жағдайында жиын өткізді.
БҰҰ-дағы Ресей өкілі Виталий Чуркин Қырымдағы Ресей әскері туралы мәліметті не растап, не жоққа шығармады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі осыған қатысты жабық есік жағдайында өткізген кездесуінде ол өздерінің «Ресей Қаратеңіз флотының Севастопольде болуы туралы Украинамен келісімі» бойынша әрекет етіп жатқанын айтқан.
Қауіпсіздік кеңесі жиынында АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэр Ресейді «дереу Қырымнан кетуге» шақырды. Ол жедел түрде Украинада халықаралық араағайындық миссиясын ұйымдастыру қажетін айтқан. АҚШ өкілін Ұлыбританияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Марк Лайал Грант та қолдаған.
Чуркин болса, Мәскеудің Қырымға мұндай араағайындық миссиясын «таңуға» қарсы екенін білдірген.
АҚШ президенті Барак Обама Украинадағы Ресей әскері әрекетіне алаңдаушылық білдіріп, Ресейге қатаң түрде ашық ескерту жасады.
Ақ үйде тілшілер алдында ол Ресей әскерінің Украинаға басып кірген расталатын болса, оның салдары «Ресейге қымбатқа түсетінін» ескертті.
Ол Украина жеріндегі Ресей әскері туралы мәлімет расталса, «бұл жай — Ресейдің Украина егемендігі мен тәуелсіздігін сыйлау жөніндегі қуаттауын және халықаралық заңдарды біржақты бұзуы» болып табылатынын айтты.
Обаманың айтуынша, «Украина егемендігі мен жер аумағы тұтастығын бұзатын кез келген әрекет — тұрақсыздық факторы, бұл Ресейдің де, Украинаның да, және Еуропаның да мүддесіне қайшы келеді».
Барак Обама Ақ үйде тілшілер алдында осы туралы айта келіп, вице-президент Джо Байденнің Украина туралы Ресей премьер министрі Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді.



