Қазақстан Украинадағы оқиғаларға байланысты ерекше алаңдаушылығын танытып, шиеленісті келіссөздер арқылы шешуге шақырды.
Сыртқы істер министрлігі бұл туралы бүгін ресми мәлімдеме таратты.
«Шиеленістің одан әрі өрбуі аймақтық, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы күтпеген нәтижелерге алып келуі мүмкін. Қазақстан барлық тараптарды жағдайды реттеу барысында күш қолданудан бас тартуға және қалыптасқан мәселені келіссөздер арқылы шешу мақсатында барынша саяси күш-жігер танытуға шақырады. Бұл шешім халықаралық құқықтың фундаменталды қағидаттарына негізделуі тиіс» делінген мәлімдемеде.
Қазақстан барлық мүдделі тараптарды жағдайды бағамдауда «байсалды, әділетті болуға және жауапкершілік танытып, дағдарысты ушықтыруға себеп болатын әрекеттерден бас тартуға шақырады.
1 наурыз күні Ресейдің Федерации кеңесі бірауыздан Ресей қарулы күштерін Украина территориясында пайдалану туралы Путин ұсынысын қолдады. Ресей президенті Владимир Путин Федерация кеңесінен «жағдай тұрақтанғанша Украина территориясында әскер пайдалануға» рұқсат сұраған еді. Ресей парламентінің жоғарғы палатасы — Федерация кеңесі спикері Валентина Матвиенконың айтуынша, қаулы қабылданған мезеттен бастап күшіне енген.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы


