Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 4-і күні Астанада өткен сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесу кезінде Украинадағы жағдайдың Кеден Одағы елдеріне әсері бар екенін айтты. Бұл туралы президенттің ресми сайты хабарлады.
Әңгімелесу барысында елдің алдағы кезеңдегі сыртқы саяси басымдықтары және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
– Украинадағы жағдай елдердің ТМД аясындағы өзара қарым-қатынастарына тікелей әсер етеді және Кеден одағы мемлекеттеріне жанама қатысы бар. Мен ең таяу уақытта байсалды пікір алмасып, қазіргі жағдайдағы қауіпті үрдістердің белең алуына жол бермеу жөніндегі шараларды талқылайтын кездесу өткізу туралы ұсыныс енгіздім, – деді Қазақстан Президенті.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы қаралған мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.


