АЛМАТЫ – Азаматтық қоғам өкілдері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі Комиссиямен бірлесе отырып, Адам құқықтары жөніндегі екінші Ұлттық іс-әрекеттер жоспарын жасап, оның заңдық негізде қабылдануы үшін талқылауға ұсынуға дайын.
Еуропалық Одақ қаржыландырып отырған «Адам құқықтары жөніндегі келесі Екінші Ұлттық іс-әрекеттер жоспарын жасап, іске асыруда азаматтық қоғамның үлесін арттыру» жобасы аясында құқыққорғаушылар жауапты мемлекеттік органдарды көрсете отырып, 2020 жылға дейін Жоспарды іске асыруды өзінің міндеті деп есептейді. Орталық Азия елдерінің тарихында адам құқығы жөніндегі алғашқы құжат – адам құқығы жөніндегі 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық іс-әрекеттер жоспарының 14-бөлімінің орындалу жағдайын білу мақсатында жүргізілген талдау жоспардың 22,6% пайызының ғана іске асқандығын көрсетіп отыр.
«Жаңа Жоспарда уақыт нақты көрсетіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, құжатты заңды тұрғыдан бекіту қажет. Яғни, бұл құжаттың барлық мемлекеттік органдар өкілдерінің іс-әрекеттер нұсқаулығы ретінде қолданылғаны жөн. Құқыққорғаушылар концептуалдық құқыққорғау тетіктері мен адам құқықтары жөніндегі негізгі ережелерді қамтитын екінші Ұлттық Жоспарды жасап, онда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл шеңберінде БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Кеңес пен БҰҰ мамандандырылған Комитеттерінің Қазақстанға берген барлық ұсыныстарын қамтуға дайын», — деді Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюросының директоры Роза Ақылбекова.
Құқықтық саясатты зерттеу Орталығының (LPRC) директорының орынбасары Татьяна Зинович 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық жоспардың орындалу жағдайы алға қойылған мақсатты іске асыруда бірқатар қиындықтардың болғандығын атап өтті. Сондықтан, азаматтық қоғамның ұсыныстары мен бірінші Жоспардың іске асырылу жағдайы толығымен ескерілетін жаңа Жоспарды жасау қажет деп есептейді.
«Жоба шеңберінде іске асырылатын барлық іс-шаралар – дөңгелек үстелдер, конференциялар, шолуларды дайындау – барлығы мультимедиялық түрде берілетін болады. Ал, бұл ақпаратты әр түрлі, мәтіндік және көрнекілік форматта таратуға және қоғамның оған деген сұранысын арттыруға мүмкіндік береді», — деді MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры Игорь Братцев.
«Адам құқықтары жөніндегі екінші Ұлттық іс-әрекеттер жоспарын жасап, іске асыруда азаматтық қоғамның үлесін арттыру» жобасын Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро (АҚЗСҚХБ), құқықтық саясатты зерттеу Орталығы (LPRC) және MediaNet Халықаралық журналистика орталығы іске асырады. Екі жылдық жобаның жалпы бюджеті 300 000 евро. Еуроодақтың жобаға қосқан үлесі 275 000 евро.


