Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында өткен «Наурыз-2014» мерекелік іс-шарасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қас-қағым сәт сияқты бар болғаны 23 жылдың ішінде Қазақстан танымастай болып өзгерді. Бүкіл дүниежүзіне белгілі болды. Өскен-өркендеген елдермен терезесі теңесті. Күллі әлем сыйлайтын халық болдық. Ішіміздегі көп ұлтты, көп дінді халқымыздың бірлігін сақтап, соның арқасында еңбекпен өсіп, өркендеп келеміз. Болашағымыз жарқын. 2050 жылға дейінгі бағдарламамыз бар. 30 өскен-өркендеген елдің арасына кіреміз деген үмітіміз, жұмысымыз бар», — деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің өркендеп-өсуінің ең басты тірегі қазақстандықтардың бірлігі мен берекелі іске деген ынтасының жоғары болуында екенін атап өтті.
«Бейбітшілік деген — өте нәзік әрі күрделі ұғым. Жыл сайын әлемде 30 қарулы қақтығыстар орын алып, жүздеген мың адам ажал құшуда… Сондықтан да кез келген теріс іс-қимыл біздің жетістігімізді бұзуы мүмкін. Біз бейбітшіліктің арқасында дамып келеміз. Біреулер біздің осы «алтын жетістігімізге» қызғанышпен қарауы мүмкін, осы орайда еліміздегі береке мен бірлікті қорғау жалпы мақсатымыз болып табылады», — деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Наурыз мейрамының қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде тойланып отырғанына тоқталып, бұл күн қуаныш пен жақсылықтың мерекесі екенін атап өтті.
«Ұлыстың Ұлы күні дегеніміз — мемлекеттің ұлы мерекесі деген сөз. Ұлыс дегеніміз — Жаңа жыл деген сөз. Күн мен түн теңесіп, көктем басталып, бүкіл адам да, жануарлар да осы кезде тіріліп, табиғатпен бірге оянатын тамаша кез. Бізбен бірге 30 мемлекеттің 300 миллионнан астам азаматтары бұл мейрамды бүгін қуанышпен атап өтіп жатыр. Біз бұл ұлы мерекені 3 күн тойлайтын болдық. Бұның барлығы елдің қуанышы үшін жасалып отыр. Ата-бабамыз бұл күні бір-бірімен көрісіп, елдің бірлігін тілейтін. Кемтарлардың жағдайын біліп, саулығын тілейтін. Осы тілектер қабыл болсын дегім келеді. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! Наурыз күні құтты болсын!»,- деді Н.Назарбаев.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,
Ғабит МАДАЛИЕВ (фото).
baq.kz


