Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы шығарылатын өнімдердің тұсауы кесілді, онда «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі», «Электронды қазақ үй» және басқа да интерактивті өнімдер бар.
Тұсаукесер рәсімі Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлының құттықтау сөзімен ашылады.
Шараға Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, филолог-ғалымдар, елімізге танымал қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және оқырман қауым қатысты.
Шара аясында Тіл комитеті тарапынан шығарылған барлық өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды.
«Ұлас-Электрон»ЖШС-ның алғашқы өнімі – «Электронды қазақ үй» жобасы алғаш рет таныстырылды. Ол – иісі қазақтың игілігіне жарайтын таңдаулы заманауи тәрбие құралы. Киелі Қазақ үйдің кішірейтілген нұсқасына бесік жыры, ертегілер, балалар әндері, халық және халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер, Абайдың 45 қара сөзін қамтыған 1200 мазмұн енгізілген. Ол – бабаларымыздың бізге жеткен бай рухани мұраларын бүгінгі және келешек ұрпаққа жалғайтын дәстүрлі үлгідегі заманауи электронды құрал. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, дәстүрлі дүниетанымымыз бен музыкалық мұрамыздың жауһарларын жалпақ жұртқа насихаттайтын ұлттық өнімнің тәрбиелік, тағылымдық қызметі басым, сапасы жоғары деңгейде, мазмұны бай, әр саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби, майталман мамандарының кеңесі негізінде дайындалған. Ол әр қазақтың тілдік, сөздік қорын молайтады, рухын көтеріп, ұлттық музыкаға деген ықыласын, танымын арттырады. Рухани байлығымызға деген құрметімізді жаңа сатыға көтереді.
Ұйымдастырушы: ҚР Мәдениет министрлігі
«Электронды қазақ үй» жобасының авторы: Ғалымбек Қызырбекұлы
Жауапты редакторы: Жарқын Сәленұлы
Уақыты: 10 сәуір, 11:00де
Байланыс телефоны: 8775 99 66 485, 8705 330 99 55 Жарқын
«Электронды қазақ үй» – өткен мен келешектің алтын көпірі
Тұлпардың тұяғын, құстың қанатын талдырар ұлан-ғайыр даланы бағзыдан бері мекен еткен қазақ халқы ұлықтауға лайық ұлы мәдениет, өнер мен әдебиет жауһарларын жаратты. Асыл мұрасын атадан балаға жаңғырта, жандандыра отырып қалдырды. Табиғи санадағы зеректік, құймақұлақтық қасиетіміздің арқасында руханиятымыздың кәусары ғасырдан ғасырға жетті. Осы бағалы өнерімізді келешек ұрпаққа қалдыру – біздің басты борышымыз. Бұрынғыдай ауызша үлгіде емес, заманауи техниканың тетігін тиімді түрде пайдаланған абзал. Осы тұжырымды негізге ала отырып, өркениетіміздің өнегелі тұсын ұмыт қалдырмай, бүгінгі күннің жетістігімен ұштастыруды жөн санадық. Қазақ атты ұлы халықтың ел бастаған көсемі, сөз бастаған шешенінің, қол бастаған батыры мен ақын-жырауының, кемеңгер-ойшыл, өнерпаздарының кіндігі киіз үйде кесілген, сол қасиетті ҚАЗАҚ ҮЙ көз алдымызда тұрса тектілік тамырымыз үзілмес дедік. Сондықтан да бала тәрбиелеуге қажетті ертегі, ән-күйлерді киелі киіз үйдің кішірейтілген нұсқасына енгіздік, шығарма мазмұны мүмкіндігінше сараптан өткізіліп, әр сала мамандарының кеңесі ескерілді. Бұл ойға алған игі бастамамыздың басы ғана. Алда ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеудің арнайы бағдарламасы, ауқымды жоспары бар. Оны сәтті жүзеге асыру сіздердің де қолдауларыңызға мұқтаж. Себебі, «ұрпағын ойламаған елдің болашағы бұлыңғыр». Ендеше ортақ мақсатқа бірлікте жұмылайық, қадірменді қауым!
Электронды қазақ үйдегі шығармалар бес бөлімге бөлінген.
Бірінші бөлім – ертегілер.
Ертегілерді танымал актер Айдос Бектемір мен танымал диктор Сауық Жақан оқыды.
Бұл бөлім бала санасына адами асыл қасиеттерді сіңіріп, қазақтың бай фольклорлық мұраларымен сусындатып, тілдік қорын молайтады, әдеби қуатын арттырады, табиғаттағы жан-жануарлардың, қызықты құбылыстардың сырын білуге шақырады.
Екінші бөлім – балалар әндері.
Орындаушылардың дені талантты жас әншілер. Әннің мәтіндік мазмұны өрендерді бауырмалдыққа, білім алып, еңбектенуге шақырады.
Үшінші бөлім – күйлер.
Бұл бөлімге дәулескер күйшілеріміздің күйлері енгізілді. Осы арқылы ұлттық өнердің кәусарынан мейілінше сусындауға жол ашылмақ. Онда ұлттық музыкалық аспаптарымыз: домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, адырна, шертермен орындалған күйлер бар. Оны тыңдап өскен ұрпақтың өз ұлтын, оның өнерін сүймеуі, бағаламауы мүмкін емес.
Төртінші бөлімге дәстүрлі әндер, терме-толғаулар және отаншылдық рухтағы әндер енгізілді.
Бесінші бөлімге бесік жырлары мен Абайдың қара сөздері енгізілді.
Электронды қазақ үй жобасының іске асуына екі жыл уақыт жұмсалды, аталған тәрбиелеу құралы ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша дайындалды, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институы қолдау білдірді, ақын-жазушылар, әнші-композиторлар, дыбыс режиссерлер мен көптеген азаматтардың ақыл-кеңесі ескерілді.
Біз өз тарапымыздан барлық қолдаушыларға ризашылығ-ымызды білдіреміз, рахмет айтамыз.
«Ұлас—Электрон» ЖШС ұжымы


