Қытайдағы қандасымыз Жанар Сағатқызы туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Қазақтың осы қаракөз қызы туралы қытайдың әйгілі режиссері Гуаң Чунлан өзінің естелігінде: «Жанардың әдемі есімі ешқашан есімнен кетпейді. Алайда, осы әсем есімнен де артық, көкейімде мәңгі өшпей қалған қап-қара қос жанары. Осы қара көзді табу үшін қаншама тентіредім десеңізші» деп жазады. Міне, осындай миллиардты өзіне тамсандырған қарындасымыз жақында арғы беттегі ағайындар жайында көпсериялы кино түсіріп, жергілікті көрермендер назарына ұсынды.
Кино туралы қысқаша тоқтала кетейік. Киноның аты – «Тәңіртау қызғалдағы». Киноны түсіруге дүниежүзі қазақтары бойынша қоныстану тығыздығы ең көп, ҚХР-дың Шынжаң Іле Қазақ Автономиялы облысы таңдалып алыныпты. Онда Күнес ауданы Нарат жайлауындағы қазақтардың тұрмыс тіршілігі, салт-дәстүрлері бейнеленген.
Филмьде тек қазақтың байырғы салт-дәстүрі домбыра шертіп, өлең айтып, бәйге жарыстарын өткізіп қана қоймай, бүгінгі ғылым, білім заманындағы қандастарымыздың күнделікті тіршілігі де кеңінен қамтылған.
Жалпы туынды 32 бөлімнен тұрады екен. Тізбекті фильм түсіруге қытай ақшасымен 30 миллион юань (мөлшермен 4,5 миллион доллар) қаржы жұмсалған.
Атажұртынан алыста жүрсе де ұлтының шашбауын көтере білген қандастарымыздың осындай игі істері бізді еріксіз жігерлендіреді.
Ал осы 32 бөлімнен тұратын тізбекті филмьге жұмсалған қаржының көлеміне келгенде тағы бір ойдың ұшы шығады.
Әлі есімізде, бір ғана «Көшпенділер» фильмін түсіруге ел қоржынынан 40 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Басқаша айтқанда, Қытайдағы қандас қыз жұмсаған қаражаттан 10 есе артық сома. Бұл киноны түсіруге кеткен қаражаттың бізге ресми түрде белгілісі ғана. Бізге белгісіз, бармақ басты, көз қыстымен кеткен шығындар қанша екенін Құдай білсін!
Ал, зиялыларымыз «қазақ киноөндірісіне үлкен жаңалық, тың серпін, ұлы төңкеріс алып келді» деп бағалаған Ақан Сатаевтың тарихи киносы «Жаужүрек мың балаға» жалпы құны 12 млн. АҚШ доллары жұмсалған. Мемлекеттің ақшасы жұмсалмаса да аз қаражат емес дегеніміз ғой.
Біздегі бір фильмге осынша қаржы кетіп жатыр. Ал, 32 серияға бар-жоғы 4,5 млн. доллар жұмсаған Қытайдағы қандас қызымыз не сиқыр тапты екен, бізге сол қызық болып тұр.
Күнсұлтан ОТАРБАЙ,
«SKIFNEWS.KZ».


