Ежелден жер жәннәті Жетісу атанып кеткен Алматы облысы шынында табиғатының әсемдігімен, көз тартар көрікті жерлерімен ерекшелінеді. Кешегі өткен бабаларымыз ат үстінде ұйықтамай қорғаған, осыншама асты да үсті де байлыққа толы әсем табиғатымыз қаншама ақындардың өлеңдеріне арқау болды десеңізші. Асқар шыңды таулары, айдын шалқар көлдері, жасыл желек орманы, сайын даласы бәрі де еліміздің мақтанышы мен мәртебесі.
Осыншама суреттеуге сөз жетпейтін табиғи жауһарларымызға өзгелер қызғана да қызығып та қарайтыны рас. Қәзіргі жаһандану заманында өзіміз көріп-біліп жүргендей әлемнің қай түкпірін алып қарасаңыз да экологиялық проблемалар жетерлік. Әсіресе көптеген табиғи жерлердің бүлінуі, аң-құстардың азаюы, өзен көлдердің тартылуы әркімді болсада бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Осынау табиғат қазыналарын қаймағы бұзылмаған қалпында сақтап, қорғап қалу үшін құрылған еліміздегі мемлекеттік ұлттық парктердің маңызы ерекше. Солардың бірі, Алматы облысында орналасқан, 1996 жылы ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен құрылып, бүгінгі күнде аумағы 520 мың гектар жерді қамтитын «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.
Парк аумағы ерекше қорғалатын аумаққа жататындықтан бұнда табиғатта сирек кездесетін және мүлде жойылу қаупі бар бар аң-құстардың көптеген түрлері, тарихи-мәдени ескерткіштер және мемлекеттік маңызы бар табиғи нысандар көптеп кездеседі. Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында түризім де жақсы дамып келеді. Ол үшін келетін туристерге барынша жағдай да жасалған. Шетелдегідей керемет қызмет көрсетпесек те есесіне бізде көріп тамашалайтын табиғи көркем жерлер жетерлік. Сондықтан да болар жылдан-жылға шетелден келетін туристердің саны артуда. Бұның бәрі өз кезегінде еліміздегі экологиялық туризімнің дамуына зор үлес қоспақ.
Парктің өзінің орналасу аумағына келетін болсақ, солтүстігін Жоңғар Алатауының оңтүстік сілемдерін құрайтын Алтынемел, Шолақ, Дегерес, Матай таулары алып жатыр. Ал оңтүстікте республикамыздағы ең ірі өзендердің бірі болып саналатын Іле өзені және Қапшағай су қоймасының солтүстік бөлігімен шектеседі. Шығысында ежелгі таулар Ақтау және Қату таулары алып жатыр. Паркте өсімдіктердің таудағы түрінен бастап, шөлді жерде өсетін түрлері көптеп кезедеседі. Өсімдіктің 1800 түрі оның ішінде Қызыл кітапқа енген 21 түрі кездеседі. Алтынемелдің жануарлар әлемі де өте бай деп айтуға болады. Құландар, қарақұйрықтар, арқар, сібірлік тау ешкілерді кездестіруге болады. Сүтқоректілердің 78 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 25 түрі, құстардың 120 түрі, қосмекенділердің 4 түрі және балықтардың 32 түрі кездеседі. Бұдан басқа омыртқасыз жәндіктердің 6000, омыртқалылардың 260 түрі бар. 
Парк аумағының тарихи-мәдени жәдігерлері болып табылатын ежелгі Сақ қорғандарының саны мыңнан асады. Солардың ішіндегі Бесшатыр атанып кеткен ерекше қорғандар шынында да таңғаларлық. Алыстан қарағанда бес төбе боп көрінетін бұл қорғандар 1958 жылы қазылып біразы зерттелген. Зерттеу барысында биіктігі 18 метр болатын қорғанның ішінен ағаштан жасалған бөлмелер табылған. Құрылысқа Тянь-Шянь қарағайларын қолданған. Сондай-ақ тағы да басқа көптеген тұрмыстық заттар табылған. Болашақта парк аумағындағы қорғандарға түбегейлі зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет, өйткені тарихтың біз білмейтін сырлары әлі қаншама. 
Парк аумағындағы табиғат кереметтерінің бірі Айғайқұм, бұл құмның ерекшелігі сол, желді күндері ұшақтың гүріліне ұқсас дыбыс шығарады. Биіктігі 150 метр ұзындығы 3 км иен далада орналасқан осы құмның қалай пайда болғаны, қанша дауыл соқса да бір орында тапжылмай тұруы шынында да таңғаларлық құбылыс. Айғайқұмның орналасуына келетін болсақ Іле өзенінің солтүстік жағалауында 3 км қашықтықта орналасқан екі жанында қиғаштай үлкен Қалқан және кіші Қалқан таулары алып жатыр. Жергілікті халық арасында Айғайқұмға байланысты аңыз әңгімелер де жетерлік. Солардың бірі құмның астында үлкен алып айдаһар тынығып ұйықтап жатады және ол желді күндері немесе құмды біреулер басқан жағдайда мазасызданып ызаланады, дыбыс сондықтан да шығады мыс. Сусылдаған құммен жүру де оңай емес сондықтан да құмның үшар басына шыққан адам өзінің арман-тілегін айтса орындалады деген дәстүр де қалыптасқан.
Парк аумағындағы ежелгі Ақтау таулары полинтологиялық табиғат ескерткіштері боп табылады. Өйткені бұл жерлерден көптеген ежелгі өсімдіктермен жануарлардың қалдықтарын кездестіруге болады. Солардың бір айғағы 1958 жылы Қазақстан және АҚШ ғалымдарының біріккен зерттеу жұмыстары кезінде ежелгі батпақ насарогының қаңқасын тапқан.
Ғалымдардың тұжырымы бойынша ежелде бұл жерлерде теңіз болған. Сондықтан да болар Ақтау тауы әртүрлі түске боялған таулардан құралған. Тау ішін аралаған адам құдды бір басқа әлемге тап болғандай әсер алады. Бірінен-бірі өткен әртүрлі шоқылар, тік жарлы небір шатқалдарды көріп табиғаттың кереметтігіне еріксіз таңғаласың.
Парк аумағындағы тағы бір табиғи нысандардың бірі Қату тауы. Қату тауында ежелгі жанартау атқылауынан пайда болған ламалар көптеп кездеседі. Әртүрлі формада қатқан ламалардың ішінен көптеген бейнелерді табуға болады. Сондай-ақ Қату тауында басқа да қызықты жерлер жетерлік.
Осыншама табиғи байлықтарымызды бүгінгі күнде қаншалықты қадірін біліп бағалап жүрміз. «Бәлен жерде пайда бар, өз жеріңдей қайда бар» демекші, өз еліміздің табиғатын танып білеміз бе? Кейбір отандастарымыз демалам деп шетел асып өзгенің табиғатына тамсанып жатады. Бірақ олар қолда бар алтынның қадірін біле ме екен? Біздің де табиғатымыз ешкімнен кем емес. Ебін тауып ел игілігі үшін ішкі туризімді дамытсақ пайдасы да мол болмақ.
Айбек Самылтыров,
«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық
табиғи паркінің қызметкері.
Алматы облысы.
otandastar.kz


