Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» алаңындағы мерекелік жиынға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
— Бүгін ұлық мереке бірінші мамыр. Мына жарқыраған көктемнің жазға айналған кезі. Біз халқымыздың бірлік мерекесін атап өтеміз. Бірлік деген ұлы сөз. Оны айтып, мағынасын түсінбесен одан еш нəрсе шықпайды. Егерде отбасында бірлік болмаса отбасының басшылары ажырасады семья бүлінеді. Егер завод, фабрика, компанияның арасында бірлік болмаса олар банкротқа ұшырайды. Егер мемлекеттің ішінде бірлік болмаса, əр өңір əр жаққа тартатын болса мемлекет күйрейді , — деді Н.Назарбаев.
Елбасы бірлік пен берекенің маңызына тоқталып өтіп, бірлігі бар елдің алар асуы мен жетер жетістіктерінің мол екенін атап өтті.
— Бірлік деген ұлы нəрсе. Бірліктің арқасында біз көп жетістіктерге жетіп жатырмыз. Алдыменен аңсап жеткен тəуелсіздігімізді сақтап қалу қазақ халқының бірлігінде болып саналады. Ал көп этносты болып отырғаннан кейін барлық халықтарды ұйымдастырып бірлікте болайық. Бірлік деген болашақ. Бірлік арқылы тəуелсіздікті сақтап қаламыз. Бірлік арқылы мемлекетті нығайтамыз. Бірлік арқылы халықтың тұрмысы жақсаратын болады. Болашаққа сенім болады. Тыныштық болады. Келісім болады. Мереке құтты болсын! Əр жанұяда бақыт-береке орнасын! — деді Мемлекет басшысы.


