Қазақстанның әскери теңіз күштерінің негізгі мақсаты – Каспий теңізіндегі ел қауіпсіздігі мен экономикалық мүддемізді қырағы қорғап, отанымызға адал қызмет ету.
Әскери құрылымдағы сайдың тасындай іріктелген теңізшілер жылдың жартысын көк айдында өткізіп, тәулік бойы шеберліктерін шыңдайды. Өткен жылы ғана құрастырылып, қызметке кіріскен «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесі өз қызметін абыроймен атқарып жүр. «Орал» зымыранды-артиллериялық кемесі әскери теңіз күштерінің мақтанышы саналады. Бұл кеме соңғы үлгідегі навигациялық құралдармен және түрлі қару-жарақтармен жарақталған. Елімізде жасалған су көлігінің қуаты 7 мың аттың күшіне пара-пар. Былтыр пайдалануға берілген қуатты кемені басқару 27 жастағы Қайрат Шаршанқұловқа бұйырды. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп үздік тәмамдаған. Алатаудың баурайында өскен Қайрат бүгінде өмірін теңізсіз елестете алмайтындығын айтады. Ол бір жылдың шамамен алты-жеті айын Каспийде өткізеді.
Қайрат Шаршанқұлов, «Орал» жауынгерлік кемесінің командирі:
— Каспий теңізінде қысқа толқын көп болады. Сол себепті кемеге қауіп төнеді. Бірақ біз бас қолбасшының берген тапсырмаларын қалай да бұлжытпай отындаймыз.
Кеме экипажы 31 адамнан тұрады. Әрқайсысының өзіне жүктелген нақты міндеті бар. Теңізші болу оңай емес, өйткені түрлі сынақтардан сүрінбей өтуі тиіс. Әскери теңізшілерге қойылатын негізгі талап – шыдамдылық. Теңіздегі толқындарға шыдай алмай, теңіз ауруына шалдыққан адамдар әскери теңіз күштеріне алынбайды. Суда жүзе білу де – матростарға қойылатын басты талаптардың бірі.
Нұржан Әсілбеков, штурман:
— Кемемен теңізде жауынгерлік жаттығулар жүргіземіз. Сонымен бірге осы күнге дейін ұшырған ракеталарымыз бен атқан оқтарымызды нысаналарға дәл тигіздік.
Теңізшілерге ас дайындап беретін кеме аспазы Нұрсұлтан Бисембаевтың да жұмысы қауырт. Ол күніне 3 мезгіл тамақ әзірлейді. Бүгін түскі асқа әскери қызметшілер бұқтырылған макарон жейді. Теңізшілер дастарханында жеміс-жидек, көкөністен басқа, тәттілер де бар.
Нұрсұлтан Бисембаев, аспаз:
— Экипаж мүшелері 3 мезгіл тамақтанады. Дауыл кезінде сұйық тамақ істемейміз. Тек қою тамақ істейміз.
Сағат 06:00-де Баутино мүйісінен шыққан кеме экипажы қас қарайғанша Каспийдің ортасындағы жаттығу алаңында жауынгерлік шеберліктерін шыңдады. Бірнеше мәрте зымыран ұшырылды. Ұшырылған зымыран 20 шақырым жерге барып жарылды. Одан кейін зеңбірек қондырғысынан бірнеше рет оқ атылды.
24.kz




























