1993 жылы 4 қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде өмірге келген қазақтың қарадомалақ ұлы – Ержет Ерзатұлы шын талантымен қытай бапкерлерін таңдандырды. 19 шілде күні Қытай олимпиадалық құрамасының мүшелігіне тұңғыш қазақ ұлтының есімі жазылды. Ол – Ержет Ерзатұлы. Естеріңізге сала кетсек, Ұлы жібек елінің құрама командасына осы уақытқа дейін ешқашан өзге ұлт өкілі алынбай келген болатын.
Бұған дейін Шыңжаң өлкелік «Хайтаң» командасында өнер көрсеткен аяқдопшымызға ұлттық құрама бапкерлерінің көзі ә, дегенде-ақ түскен екен. Ержет көптеген шыңжаңдық футболшылар секілді алғашында өлкелік Үрімжі «Сүн Чиңлиң» футбол мектебінде машықтанған. Туған жері Тарбағатайда жаңа қырынан, яғни қақпашылық талантымен танылған ол жастайынан орталық қаладағы футбол мектептерінде жүйелі кәсіптік білімін шыңдаған.
Кейіннен өлкелік құрамаға кіргеннен кейін, бірнеше мәрте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кубогы жолындағы додаға қатысқан. Кейіннен Санкт-Петербургтің «Зенит» командасы, Мәскеу орталық құрлық армия командасы сынды Еуропадағы мықты командалармен додаға түсіп, өз шеберлігін танытқан. Оның жасыл алаңдағы жарқын бейнесі Қазақстандағы мықты командалардың назарын аударған.
Нұршат ТӨКЕН,
«Алаш Айнасы» газеті



