Зымыран тасығыш Байқоңырдан Астана уақытымен түнгі сағат 03:42-де ұшырылған. Ресми агенттік зымыранның жарылғаны, я жерге құлағаны туралы ақпарат бермеген. Ресей ақпарат құралдары ғарыш агенттігінің өкілдеріне сілтеме жасап, зымыран тасығыштың сынықтары «Қазақстаннан тыс, жоспарланбаған аумаққа — Тынық мұхиты немесе Алтай маңына құлауы мүмкін» екенін хабарлап жатыр.
Ал «Қазғарыш» агенттігі баспасөз қызметінің өкілі Ербол Дәулетов Азаттық тілшісіне:
— Зымыран ұшырылғаннан шамамен 4-5 минутта 300-350 километр қашықтыққа алыстап, Қазақстан аумағынан шығып кетеді. Ол зымыран ұшырылғаннан 9 минут өткенде апатқа ұшырады. Үшінші сатыда зымыран орбитаға жақындап қалады деген сөз. Бұл жағдайда зымыран апатқа ұшырағанның өзінде, көбінесе оның қалдықтары ауада жанып кетеді. Тіпті Жерге құлаған күннің өзінде қалдықтары ресейліктердің есебі бойынша Тынық мұхиты аумағына түсуі мүмкін. Апаттан Қазақстанға қандай да бір келіп-кетер зиян жоқ, — деді.
Былтыр шілденің 2-сі күні ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді.
azattyq.org


