22-25 мамыр аралығында Астана халықаралық әуежайының әскери секторы аумағында өткен іс-шараға әлемнің 28 мемлекетінен 208 шетелдік компания, 54 ресми делегация қатысты.
Алты көрме павильоны мен ашық алаңдарда бес тақырыптық бағыт бойынша қару-жарақ пен техниканың 300-ден астам үлгісі қойылды.
Бұл жолы көрме Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен техникасы, авиация және авиациялық қару-жарақ, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен құралдары, арнайы мақсаттағы құралдар мен мүліктер, ІТ-технология, байланыс жүйелері мен құралдары, әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету секцияларынан тұрды.
Көрмеде 92 қазақстандық кәсіпорын әскери мақсаттағы өнімдерін ұсынды.
Биылғы «KADEX» көрмесіне алғаш рет «Боинг», «Сикорский», «Дженерал Атомикс» сияқты көшбасшы компаниялар келді.
Көрме күндері Құрлық әскерлері мен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің, авиациялық техниканың көрсетілімдері ұсынылып, ату қарулары мен оқ-дәрілердің сынағы өткізілді.
Іскерлік бағдарламалар шеңберінде ҰҚШҰ-на мүше мемлекеттер Үкімет басшыларының қорғаныс-өнеркәсібі кешендеріне жетекшілік ететін орынбасарларының кеңесі, ҰҚШҰ Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы жанындағы Іскерлік және Үйлестіру кеңестерінің жарнамалық-көрмелік қызметі бойынша отырысы өткізілді.
Көрме қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2,6 миллиард долларға жуық келісімшарттарға, меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
«KADEX-2014» көрмесіне күн сайын ҚР Қарулы Күштерінің, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарынан 10 мыңға жуық маман тартылды. Көрмеде 45 мыңнан астам келуші болды.
Алыс-жақын шетелдерден келген жоғары кәсіби әскери оркестрлер ұсынған дефиле «KADEX-2014 көрмесіне қатысушылар мен қонақтарының айрықша назарын аударды.
«KADEX-2014» көрмесіне ақпараттық қолдау көрсету үшін қырықтан астам қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың 200-ге жуық журналисі қатысты.
«KADEX-2014» көрмесінің маңызды қортындысы сатып алатын өнімдердің спектрін анықтау, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешені кәсіпорындарын дамыту үшін қосымша жағдайлар құру, қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік өндіретін жетекші шетелдік өндірушілермен әскери-техникалық ынтымақтастықты жетілдіру болды.



