Facebook парақшасынан алынған пост
Бүгін ресми түрде қызметіне кіріскен Үндістанның жаңа премьер-министрі Нарендра Моди пост-советтік қоғам көп біле бермейтін, бұл елдің мүлдем басқа қырын бейнелейтін адам. Кезінде Мәскеу «ешкімге қосылмау қозғалысының» беделді мүшесі болған Делиді социалистік лагерьге тарту үшін совет азаматтарының санасында «ғажайып Үндістан» образының (кино, жібек, шай) орнығуына барын салды. Махатма Гандиді миллиондаған үндістандықтың қадір тұтқаны туралы айтып-жазғанда, оны миллиондаған үндістандықтың жек көргенін жасырды. Джавахарлал Нерудің «бесжылдықтарын» мақтағанда, оның тым технократ, секулярист партиясының өз халқынан қаншалықты алшақтап кеткені туралы терең зерттеулер жасатпады. Индира Гандиді дәріптеген кезде оның автократияға жуықтаған сыңаржақ ішкі саясаты туралы тіс жарғызбады.
Пәкістанды бөліп шығарған күннен бастап «ғажайып Үндістандағы» діни ұлтшылдық күшейе түсті. Кейіннен «Сангх Паривар» атанып кеткен хинду ұлтшылдарының бас ұйымы өзінің бұрынғы мүшелерінің бірі Махатма Гандиді «ұлтшылдарды қолдамады» деген сеніммен өлтірген кезде қызметіне тыйым салынып, сәл бұға қалған еді (Махатма Гандиді ағылшын отарлаушылары «ұлтшыл» көрсе, хинду ұлтшылдары «мұсылманға жаны ашығыш, сатқын» көргенін біздің көп жұрт біле бермейді). Бірақ 1950 жылдардың ортасынан бастап ұлтшылдар қайта бас көтерді де, 1970 жылдардың соңына қарай саяси партиясы жергілікті сайлауларда жеңе бастады. Ақыр соңында BJP партиясы (1980 жылға дейінгі атаулары — Jana Sangh, Janata Party) 1999 жылғы ұлттық сайлауда жеңіп шығып, хинду ұлтшылдары парламенттегі көпшілікке айналды. Үндістан дәл осы ұлтшылдар үкімет құрып тұрған кезде ядролық қаруға ие болды.
Кейбір хинду ұлтшылдары Үндістандағы жүздеген миллион мұсылманды ашық түрде «сепаратист, іштен шыққан жау, бесінші колонна» деп атайды. «Мұсылмандардың орны я Пәкістан, я Қабірістан» деп ұрандайтындар да бар. 1992 жылы BJP партиясының жетекшілерінің ұрандарына еріп, екілене қызған мыңдаған белсенді Айодхьядағы Бабыр заманында салынған тарихи мешітті қиратып тастап, орнына хинду ғибадатханасын салды. Дәл осы жаңа премьер Нарендра Моди губернатор болып тұрған 2002 жылы Гуджарат провинциясында хинду-мұсылман қақтығысы болды. Мыңдаған мұсылман өліп, 150 мыңға жуығы зорлық-зомбылық көріп, мекенінен ауа көшті. Хинду ұлтшылдығынан жапа шеккендер тек үндістандық мұсылмандар емес, өзге бірқатар діни және саяси азшылықтар да сондай кеп киген. Елді зайырлы саясат пен секуляризм арқылы этникалық және діни жанжалдардан аман сақтағысы келетін Конгрестің күші қайтқан, өзі де жемқорлық шырмауына түскен, ірі жер иеленушілер мен өнеркәсіп басшыларының қолдауымен ғана қалт-құлт етіп тұр.
Енді, міне, 2014 жылы хинду ұлтшылдары қайтадан елдегі қарасы басым саяси көпшілікке айналды. BJP-дің жүздеген миллион қолдаушысы табынатын «тарихи тұлғалар» мен «ұлттық идеяларды» пост-советтік қоғам ешқашан естіп те көрмеген. Төменде шағын глоссарий келтірдім.
BJP — Bharatiya Janata Party — Бхарат халық партиясы
Бхарат — хинди тіліндегі Үндістан сөзі, елдің тарихи атауы. Негізі Үндістан деп тарихи түрде Индияның солтүстік жартысын атаған. Оңтүстік жартысы Декан деп аталады. Бұл екі бөлігінде тұратын халық та екі түрлі. Солтүстіктегілер түбі Орталық Азиядан шыққан арийлер, оңтүстіктегілері — жергілікті дравидтік мәдениет өкілдері. Сол себепті тілдері де бөлек. Қазақша тұтас ел Үндістан аталып кетті. Тұтас ел — Бхарат, я Индия десе болады. Бірақ ғасырлар бойы мұсылмандардың қол астында болғандықтан хиндулардың өзі де Үндістан дей береді.
Хинду — индуизм дінін ұстанатын адам.
Индуизм — монотеистік түсініктегі адамның ұғуы қиын бөлекше бір күрделі дін. Ондаған діни-философиялық мектептің жиынтығы десе, дұрысырақ сипаттама болар.
Хиндутва — хинду ұлтшылдарының ұлттық идеясы. Ұраны: «Хинди, Хинду, Хиндустан». Яғни тек хиндише сөйлейтін, индуизм дінін ұстанатын, я мойындайтын адам ғана Үндістан азаматы болуға лайық» дегенге меңзейді. «Үнді» сөзін «хинду» сөзімен шатастыруға болмайды. «Үнді» деп жалпы Үндістан азаматын атаған жөн. Ал «хинду» — индуизм дінін ұстанатын үнді.
Сангх Паривар (ұйымдар отбасы) — бес ұйымнан тұратын хинду ұлтшылдарының мега ұйымы. Бес ұйым мыналар: Akhil Bharatiya Vidyarthi Parishad (Бхарат студенттерінің ассоциациясы), Vanavasi Kalyan Ashram (Тайпаларды әлеуметтік қолдау орталығы), Vishva Hindu Parishad (Хиндулардың дүниежүзілік құрылтайы), Vidya Bharati (Бхарат білімі — бастауыш және орта мектептер желісі), Seva Bharati (Бхарат қызметі — әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырушы еріктілер). BJP партиясы ресми түрде бұл «отбасына» кірмесе де, оның Сангх Паривардың саяси бөлімшесі екені жалпыға анық.
Винаяк Дамодар Саваркар (1883 — 1966) — пост-советтік елдер біле бермейтін миллиондаған хинду ұлтшылдарының ең әйгілі адамдарының бірі, табынатын тұлғалары, «хиндутва» терминін ойлап тапқан адам. Оның 1923 жылы түрмеде отырып жазған «Хиндутва: хинду деген кім?» атты кітабын Үндістан ұлтшылдары жата-жастана оқиды.
Тіл — Үндістанда 80-ге жуық тіл, 700-ден астам диалект бар. Оның екеуі ресми (хинди мен ағылшын), 22-сі аймақтық мәртебе иеленген. Хинди тілі нақты бір этникалық топтың тілі емес. Санскриттің негізінде құрастырылған, соңғы екі ғасыр ішінде ғана жалпыұлттық деңгейде қолдан дамытылған тіл.
Хиндутва да басқа барша этникалық, діни және лингвистикалық ұлтшылдықтар сияқты өзгеге деген жеккөрініш пен өзіне деген соқыр махаббатты іргетас етіп, соның үстіне салынған идеология. Үндістанды зерттеп жүргенімде ұлтшылдық деген құбылысты жан-жағынан көруіме көмектескен, Альберт Эйнштейннің «Қызылкөз ұлтшылдық — адамзаттың қызылшасы (яғни бала кезде ғана бастан өткеретін дерт)» деген сөзін түсінуіме сеп болған құбылыс;).
Соңғы жарты ғасырдың ішінде екінші мәрте ұлтшылдардың билігі орнаған Үндістан діни-этникалық жанжалдар мен қақтығыстардан аман болсын деп тілеймін. Соңғы апталарда әлемдік БАҚ-тың не себепті Үндістандағы жаңа үкімет туралы шулай жазып кеткені қазақ тілді аудиторияға, осындағы достарыма түсінікті болсын деп индолог ретінде хиндутваға осылайша бір назар аудартып қойғым келді.



