Бұрын түркі тұтас болған. Сондықтан да тасқа қашап «басы барды идірдік, тізесі барды бүктірдік» деп асқақтығын жазып кетті. Иә, түркі тұтас болғанда бізді басынған жұрт болған емес.
Шығыстағы мол қытай қорыққаннан «Ұлы Қытай қорғанын» соқты. Олар сол қорғанның әр жағында жатса да патшасы түркі ұлына қызын беріп, сый-сияпатын ұдайы жөнелтіп тұрды. Солтүстікте тайга, тундра біздің жайлау болды. Батыста Еуропа санасты. Жыл санауымыздың 910 жылы Селжұқ Бұғара Қарахан «Қараханидтер» мемлекетін құрып, өмірімізге ислам дінін енгізді. Мемлекет 200 жыл қатарынан гүлденді. Ол шақта мемлекеттердің мұндай ұзақ жасауы сирек кездесетін жағдай еді.
200 жыл өткен шақта бір әкенің ағайынды екі баласы бір-біріне тақты қимай енші алысты. Мемлекет «Батыс Қараханид», «Шығыс Қараханид» болып екіге бөлінді. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген рас қой. Ақыры Батыс Қараханид мемлекетін құрушы жақ атажұрттан үдере көшіп, Жерорта теңізінің жағалауындағы Константинопольды алып, мұның өзі бүгінгі иықты да іргелі Түрік Республикасы деп аталатын мемлекет құрылуының әлқиссасы болды. Оған жете алмағандар Қап тауының баурайында қалды. Мұнда әзірбайжан бауырлар екінші түрік мемлекетін құрды. Атажұртта қалғандары бұл күндері Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан деп аталатын мемлекеттерді өмірге әкелді. Біз тарихтың біраз бұралаң жолын тастап кеткендейміз. Айталық, Шыңғыс хан шапқыншылары жеңіске жеткен соң атажұрттағы байырғы түріктер бөлшектеніп қалды. Тіпті қазақтардың өзі үш хандық болған екен. Ресей Федерациясына бодан болуды үш дүркін мойындауымыз соның салдары. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, большевиктер партиясы жеңіске жетіп, алып социалистік Кеңес Одағы құрылғанда идеологиямыз бір-біріне қарама-қарсы орайласқандықтан мұндағы түрік ұрпағы Түркиядағы бауырлармен де, қазіргі Қазақстан территориясынан Ұлы Қытай қорғанына дейінгі жердегі бауырлармен де араласын үзді. Жат болып кете жаздадық. Бірақ қан тартпай тұрсын ба, 1991 жылы КСРО державасы ыдырап, одан жаңа түркі мемлекеттері енші алып, шаңырақ көтергенде Жерорта теңізі жағалауын жайлаған түркі бауырлар егемендігімізді бірінші болып мойындап, қуаныштан төбелері көкке жеткендей болды.
Ақиқатқа тура қарар болсақ, өткен ғасырдың соңындағы түріктер шынымен бақытты. Олай дейтін себебім, Анкарада Тұрғұт Озал, Бакуде Гейдар Алиев секілді ұлтының мақтаныштары билік басында тұрды. Ал біздің егеменді Қазақстан Республикасын құрушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қызметін Ордабасыда ақ сарбас шалып, абыздардан бата алып, қасиетті Түркістанда тағдыр талайымен бытыраған түркі ұрпағының ұйыстырушысы болуға серт еткендей іске кірісті. Түрік баба ұрпағы құрған мемлекеттер сөйтіп, бір-бірінен алыс жатса да ұйысуға бет бұрды. Бұл ұмтылыс ақиқатқа тура қарасақ, Кеңес Одағы деп аталатын державаның қирандысынан шаңырақ көтерген жас түркі мемлекеттерінің қиындықтардан тезірек шығуына септігін тигізді. Ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің өсиеті бойынша жұмыс істеген Тұрғұт Озал ағамыз кәсіпкер түрік бауырларды жаңадан шаңырақ көтерген жас мемлекеттердің нарық жағдайына тез бейімделуі үшін көмек беруге жұмылдырды. Сөйтіп, кәнігі түрік кәсіпкерлері Әзірбайжан, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде жұмыс істеп, біраз көмектесті. Ерекше атап өтетiн тұс – жас мемлекеттерде түрік лицейлерінің ашылуы болды десем қателеспеспін. Түрік бауырлар сөйтіп, негізгі байлықты жоғалтпауға ерекше көмектесті. Аталған мемлекеттерде бүгіндері жоғары лауазымды қызметтер мен топ менеджер аталатын деңгейде жемісті жұмыс істеп жүргендер сол түрік лицейлерінің алғашқы түлектері. Олар сапалы орта білімді шетелдердегі сапалы жоғары білімімен толықтырып, нәтижесінде, шаруаны дөңгелентіп әкететін мамандар мен басшылар болып шықты. Мінеки, түркінің тұтасуына ниеттіліктің алғашқы нәтижелері – осы. Ал бұл кезеңде бір-бірімен «итше ырылдасып» жатқан алып та, әлеуетті славян мемлекеттері әлі негізгі мәселелерін шеше алмай жатыр. Қазақстан болса, әлемнің отыз алып экономикасы құрамында болу үшін құлшынуда. Әзірбайжан мен Қазақстанның даму қарқыны төрткүл әлемді түгел мойындатып отыр. Түркі тұтастығы осылай дәмді жемісін беріп жатыр.
Тоқмейілсу дамудың басты – жауы. Бір қуанарлығы сол, біздің түркі мемлекеттерінің жоғары биліктегі басшылары тұтасуды одан әрі дамыту үшін бар мүмкіндікті жұмылдыруға кірісті. Олар «түркі тұтас болса, төбедегі түседі» дегенді толық түсінген ниетпен жұмыс істеп жатқаны басшылықтың осы саладағы әрбір әрекетінен көрінеді. Таяуда ғана түркі мемлекеттерінің басшылары Әзірбайжанда бас қосып, кезекті мәжілістерін өткізді. Оған тұтас түркінің бүгінгі абызы қазақтың Көшбасшысы және түркі тұтасуының ұйытқысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Тұтасу бағытындағы қарқын да, нәтиже де жаман емес. Бірақ ұдайы алға қарауды ғана мақсат тұтатын жұрт тұтасу бағытындағы жұмыс жеделдей түссе екен, тұтасу енді ажырамайтындай қосылыс болса екен деп тілейді. Ал бұл үшін не істеу керек. Бұл мақаланың мақсаты – осы сұраққа жауап беру.
Есте мықтап ұстайтын тұс бізге «Түркісой» қауымдастығын қанағат тұтуға мүлде болмайды. Экономикалық екіжақты әріптестіктер де аздық етеді. Түркі мемлекеттері басшыларының дәстүрлі басқосулары да тұтасудың шегі емес, бар болғаны ұйытқысы деп қарау керек. Бір тамашасы біз, посткеңестік аумақтағы түркі мемлекеттері Азиядағы өзара сенім шаралары келісімі арқылы Жерорта теңізі жағалауындағы түріктермен қазірдің өзінде бірігіп тұрмыз. Ислам мемлекеттері ұйымы деп аталатын халықаралық ресми жақ арқылы да біргеміз. ЕҚЫҰ халықаралық одағы бойынша да бір шеңбердің ішіндеміз. Десек те, Жерорта теңізі жағалауындағы түріктер – НАТО әскери блогының белсенді мүшесі. Ал біз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымы бойынша ол жақтағы бауырлардан бөлекпіз. Ең ойланатын тұс әскери одақтарда бөлек-бөлек жүргеніміз. Демек, біз бұған дейін де болған келісімшарттарымыздағы түркі мемлекеттері одақтардың қарсы тұрушылық жағдайында бір-біріне қарсы әскери әрекеттерге қосылмайды деген тұжырымды халықаралық деңгейде заңдастырып, әр мемлекеттердің парламенттерінде ратификациялау керек. Бұл – басты қажеттілік.
Сонан соң екіжақты емес, көпжақты, турасын айтсақ бүкіл түрік мемлекеттерінің басшылары қол қойып, парламенттері ратификациялайтын екінші маңызды құжат түркі мемлекеттерінің бір-бірімен визасыз қарым-қатынас жасауға көшуі. Бауырлар бірінің үйіне бірі баруы үшін ресмиліктің қажеті қанша?! Бір-бірімен күні кешеге дейін қырқысып келген және сан ұлттан тұратын Еуропада «Шенген а ймағы» бар. Бұл бірнеше мемлекеттің азаматтары бір-біріне визасыз қатынауы деген сөзді білдіреді. Ендеше, бізге не жоқ. Бәленбай жылдан соң, бір-бірімізді зорға іздеп тапқан бауырлар жақындасуды кедергісіз іске асыруы үшін де барлық түркі мемлекеттерінің азаматтары бір-біріне визасыз барып, қайтатындай болса, дұрысы сол.
Үшіншіден, Қазақстан қазір үштіктің Кеден одағы бойынша Ресей, Белоруссия секілді мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бұл – қолдайтын өміршең бастама. Бірақ мұндағы құжаттар бұл одаққа енбейтін түркі мемлекеттерімен экономикалық байланысты қиындатып жіберді. Демек, түркi мемлекеттерінің бір-бірімен экономикалық байланысын тежейтін барлық кедергілер алынып тасталатын жолды іздеу керек. Бәлкім үштіктің Кеден одағы бойынша қол қойылған келісімшартқа мақсатты протекционистік кедергілер түрік мемлекеттерінің бір-бірімен экономикалық байланыс жасауына қатысты емес деген арнайы тұжырымдама енгіземіз бе, қайтеміз?! Әйтпесе, қазіргі заңнамалар талабы бойынша Қытаймен де, Еуроодақ елдерімен де, Жерорта теңізі жағалауындағы өзіміздің түрік бауырлар мемлекетімен де бірдей талап бойынша байланысамыз. Ал бұл аралас-құраластықты жеделдететін негізгі тетік кәсіпкерлердің аяғын тұсайтын бір тұс болып тұр. Оны жоятын амал таппайынша байланысымыз нығаяды деу бос дәме.
Түркия – индустриясы дамыған ел. Мен оларды Англиямен немесе Жапониямен салыстырып емес, өзімізбен салыстырып осылай деймін. Демек, түрік индустриясын Қазақстан кәсіпкерлерімен біріккен фирмалар ашуына жеңілдіктер заңдастырылуы тиіс. Түрік бауырлардың арасынан «Қазақстан – 2050» стратегиясына қатысуға жоба ұсынатындар болса, олардың жобасы басымдыққа ие болуы қажет. Қазір біздің пысықайлардың бір тобы осы уақытқа дейін Қазақстанда жүріп жұмыс істеген түрік ағайындардың кәсібін «тартып алу» жолына түскендей. Атқарушы билік мұндай «ақымақтыққа» түбегейлі тыйым салмаса, жақындасу емес, суыну басталады. Ал бұл келер ұрпақ алдында біздің кешірілмес күнәға батқанымызбен бірдей.
Қазақстан Республикасын құрушы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түркі ұрпағы тұтасуының бастауында тұр. Ұлт Көшбасшысы бастамасымен өмірге келген талай халықаралық маңызға ие қадамдар біздің игілігіміз. Солардың ішінде ерекше елжірететіні осы түркі тұтастығы. ХХІ ғасырда біз қалай болғанда да тұтас түркі бірлестігін өмірге әкелуге тиіспіз. Бұл ретте бүгінгі Еуроодақ үлгісі негізге алына ма, әлде басқа бір одан да гөрі жақсы жол табамыз ба, ол ойласатын іс. Ең бастысы, қазірдің өзінде ұйысуды бастаған түрік баба ұрпағы енді тағдырдың қандай тар жол тайғақ кешуі алдан шықса да арасына сызат түспейтіндей дәрежеде тұтасуы керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегеннің ақиқатына өткен өмірімізден нақты қанды да қаралы мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Ол бізге «бұрынғыны қайталамаңдар, іргелерің алшақтамасын» деген өсиетті айтып тұрғандай. Ең бастысы, тұтасу біздің әрқайсысымыз және ұрпағымыз үшін басты қажеттілік. Жаһандану бізді іркіттей ірітпесін десек те солай істеу басты міндет.
Жұмабек ЖАНДІЛДИН.
qasym.kz


