Дөңтай ҚОЖАМБЕТҰЛЫ
«КҮТІҢДЕР, ҒЫЛЫМ ЖОЛЫН ҚҰДАЙ ҮШІН!»
Қазақ диаспорасының саяси, қоғам және дін қайраткері Қожамбетұлы Дөңтай 1878 жылы қараша айының 16-сы күні қазіргі Шыңжан өлкесі Құмыл аймағының Баркөл жерінде дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашқан соң өз бетімен ізденіп, білім жолын қуған.
Кейіннен Буыршын деген елді мекенде мектеп ашып ұстаздықпен айналысқан. Бұл жөнінде:
«Буыршынды мекен ғып, бала оқыттым дүкен ғып,
Құрметті етті жамағат, қадірлі молла екен деп» — деген өзінің өлең жолдары да бар (Моңғолия, «Шұғыла» журналы, 70-бет, № 1, 1992).
1920 жылдардың соңында Шығыс Түркістандағы саяси, әлеуметтік жағдай күрт шиеленісіп, қытайлар қазақтарды ішкі өлкелеріне қарай ығыстырып, жаппай қытайландыру саясаттарының шет-жағасы сыр бере бастаған тұста Дөңтай үш мыңға жуық қазақ отбасын бастап Моңғолияға қоныс аударған.
Олар шекарадағы Ажбоғда тауының маңындағы бір үлкен тауды уақытша мекен етіп бір жылға жуық тұрады да Моңғол үкіметінің ұйғаруымен Завхан аймағының Борх деген жеріне келіп, қоныстанып, дербес қазақ хошуун (аудан) болып ұйымдастырылады. Жоғарыдағы тауды күні бүгінге дейін жергілікті монғолдар Хасагт Хайрхан уул (Қазақ Әулие тауы) деп атайды.
1929 жылы қазіргі Завхан аймағының Алдархан, Говь-Алтай аймағының Дарви елді мекендерінің өлкесінде Борх деп аталатын қазақ хошууны орнаған.
Кезінде бұл хошуунға Моңғолия Үкіметінің Премьер министрі Гэндэн, аз ұлттар жөніндегі кеңестің төрағасы Сурахбаяр сынды ресми адамдар үнемі ат ізін салып, қазақ отбасыларының тұрмыс-тіршілігімен, танысып тұрған. Әкім ретінде Дөңтай да ел астанасы Ұланбатырға жиі барып, әртүрлі жиын-мәслихаттарға тұрақты қатысқан. Бірде осындай кезекті сапардан оралған соң он шақты қазақ балаларын Ұланбатырға оқуға аттандырған. Олардың ішінде өзінің тұңғыш ұлы Нүкей де болған. Бұлар монғолша білім алған алғашқы қазақ зиялылары еді.
Монғол мемлекеті мен үкіметі қазақтарға жан-жақты қолдау көрсете білді. Саяси, әлеуметтік, мәдени көптеген шараларды белгілеп жүзеге асырған.
Хошуун әкімі Дөңтайды кіші Хурал төменгі парламент басқарма мүшелерінің құрамына енгізіп, қазақ отбасыларын малдан алатын әртүрлі алым-салықтардан босатқан. Күнделікті тұтынатын кейбір зат-тауарларды қазақ отбасыларына алғашқы жылдары тегін таратқан.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бөтен жұрт, бөгде жерге қоныс тепкен қандастарымыздың сонда орнығып ел болып кетуіне барлық жағдайды жасаған. Бұл жөнінде ақын Дөңтай бір өлеңінде.
«Ұшқалақ боп ұмтылып ойнақтама,
Болады сабыр түбі – бір сары алтын.
Завханның аймағында бауыр қылып,
Мен тұрмын осы күнде қазақ, сартын» — деп жырлағаны бар (Моңғолия, «Шұғыла» журналы, 62-бет, №2, 1993 жыл).
1937 жылдағы саяси қуғын-сүргінің дүмпуі жырақтағы Монғол жеріне де жетеді де оған «жапон тыңшысы» деген жала жабылады. Дөңтайдың қалай тұтқындалғаны жайында белгілі жазушы Сейітхан Әбілқасымұлы «Кісінеп жылаған сәйгүлік» («Жұлдыз» журналы, №5 1993 жыл) атты деректі әңгімесінде былай деп жазады: «Ол (Дөңтай) Завхан жеріндегі қазақ хошууның бастығы, мемлекеттік кіші құрылтайдың мүшесі болатын. Ұланбатырдағы жиналысқа барып, қайтып келісімен машинадан түсе бере аяғын жерге тигізбей қарулы сақшылар тарпа бас салып ұстап, байлап –матап ажал аранына апарып сүңгіткен» (112-бет).
Осылайша, ел ағасы нақақ жаламен Улиастай қаласында түрмеге жабылып, тұңғыш ұлы Нүкей, інісі Құдыстармен бірге 1938 жылы атылған.
Монғол жерінде тұңғыш орнаған қазақ хошууны осылайша 1938 жылы тарап, екі жылдан соң батыс өлкеде Баян-Өлгий атты қазақ аймағы құрылған. Дөңтайға жабылған саяси жаланы Моңғолия Жоғарғы Соты қарап 1990 жылы ақтағанға дейін оған байланысты барлық тарихи деректер көпшілікке беймәлім болып келді. Ақтау туралы қаулы қабылданған кезден бастап өлең-жыр, қиссалары, жалпы әдеби мұралары мен өнегелі өмірі баспасөзде жарияланып, оқырмандар назарына ұсынылды.
1999 жеке жинағы Ұланбатырда және Қарағандыда басылып, жарыққа шықты

facebook Куандык Шамахайулы


