
Алматыда ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қандасымыз Серік Қапшықбайұлының жыр кеші өтеді — деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
8-қыркүйек күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстандағы халықаралық ақындар мүшәйрасының бірнеше рет жеңімпазы атанған ақын Серік Қапшықбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Айдан ары, күннен бері …» атты жыр кеші өтеді. Кешке ақынның әдебиеттегі үзеңгілестері мен ізбасар інілері, сондай-ақ белгілі өнер шеберлері қатысады.
С.Қапшықбайұлы Қытай Халық Респбуликасында туып, 1956 жылы Шыңжаң институтының тіл-әдебиет факультетін тамамдаған. Еңбек жолын «Шыңжаң оқу-ағарту» журналында бастап, 1984 жылы «Тарбағатай» журналының бас редакторы болады. 1986 жылы «Жылдар арасында» атты таңдамалы өлеңдер жинағы үшін ҚХР Мемлекеттік сыйлығын алған.
1994 жылы атажұртқа қоныс аударған ақын бірнеше жыр жинақтары мен прозалық шығармалар жазды. Елімізде «Балдырған» журналында бөлім редакторы болып қызмет атқарды. Халықаралық ақындар мүшайрасының бәйгесін бірнеше мәрте ұтып алған. Сондай-ақ «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Айта кетейік ақынның бұған дейін «Тас», «Жылқы ішінде ала жүр», «Жоқ», «Күншығыс», «Жер басып жүргендер», «Бала» атты кітаптары жарық көрген.


