Мұғалімдерге параны жеткеруші арадағы делдал рөліне көбіне топ старостылары ұрынады. Бұл қатарда бейресми лидерлер мен мұғалімдердің таныстары да бар. Кей жағдайда параны қолма-қол да береді, — деді Республикалық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің (РЖҚІҚК) отырысында «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов.
Оның айтуынша, а.ж. 26 мамыр мен 10 маусым аралығында «Нұр Отан» партиясының «STOP Қылмыс» жобасының аясында «Жас Отан» жастар қанатының күш салуымен ел аумағындағы 62 ЖОО-ны қамтыған анонимді сауалнама жүргізілген.
«Біз сауалнама барысында көптеген деректерге жолықтық. Мысалы, бұған дейін естіп біліп жүрсек те, нақты құжат түрінде білім ордаларында параны кімдердің жеткеретінін анықтай алдық. Сонымен қатар, ЖОО түлектерінен жұмысқа тұрғаны жөнінде анықтаманың талап етілетінін де сауалнама қатысушыларының пайыздық көрсеткішін бере отырып белгілей алдық. Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, ЖОО-лар оқу орынын бітіре салысымен жұмысқа тұрғаны жөніндегі шартты құжаттарды талап етеді. Жауап берушілердің 44,1 пайызы оларды шартты түрде жиналатын құжат ретінде атады», — деп атап өтті Нұрлан Сыдықов.
Айта кетейік, сауал алынғандардың 90 пайызы оқу орындарында сыбайлас жемқорлықтың бар екендігін куәландырған және де жастардың денінің бұл құбылысқа қалыпты нәрсе ретінде қарайтындығын жеткізген.
Абылайхан Рысбай


