Baq.kz – Бұл күндері Жәнібек батырдың 300 жылдығы Баян-Өлгийде кеңінен тойланды. Батыр бабамыздың тойына алыс-жақын шет елден 200-ге тарта қонақ келіп қатысты. Мерейтойдың басы «Ер Жәнібек және Моңғолия қазақтары» атты халықаралық ғылыми конференциямен басталды.
Ашылу салтанатына МҰҚ мүшесі, Мемлекеттік құрылымдар жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы Бәкей Ағыпарұлы, АӨҚ төрағасы Ләззатхан Бұраңұлы, аймақ әкімі Дәрмен Құзыкейұлы сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, және «Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Мақсұт Темірбаев бастаған өкілдер қатысты. Бай өлкеде Ер Жәнібек Бердаулетұлының 300 жылдық мерейтойына орай Мұсақан даңғылымен Ақкөл қалашығына қарай қатынайтын жолдың қиылысынан 6 шақырым жерге Ер Жәнібек даңғылы атауы берілді. Даңғылдың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Рәсімге аймақ басшылары мен Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерей тойына келген қонақтар қатысты. Даңғылдың ашылу рәсімінен кейін 2015 жылы бой көтеретін Ер Жәнібек батырдың зәулім ескерткіші орнатылатын жер белгіленіп арнайы ескерткіш тақта орнатылды. Тойға шашу шашқан сол аймақтағы театр өнерпаздары Ер Жәнбек батырдың Жоңғар шапқыншылығына қарсы жорығын және Абылайдың қолына ту алу сәтін бейнелеген көрініс қойды.
Өлгий қаласындағы Театрда батырдың 300 жылдық мерейтойына орай Ақындар айтысы болып өтті. Бас жүлдені Қытайдан келген Қанатбек Зейтоллаұлы еншілесе, бірінші орынды моңғолиялық Ерлан Даулетұлы, екінші орынды Қытайдан келген Ерболат Серғажыұлы, үшінші орын Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік университетінің студенті Шұғайып Сезімханұлына бұйырды. Айтысқа қатысып, өз бағын сынаған Сүйеніш Жеңісбайұлы, Амангүл Сәпейқызы арнайы сыйлықтармен марапатталды. Тойдың үшінші күні Өлгий қалашығынан 30 шақырым алыстағы Сары көлдің Өмөнгол жайлауында 100-ден аса киіз үй тігіліп арнайы ас берілді. Сонымен қатар бұл күні аламан бәйге жарысы, көкпар, қыз қуу, қазақша күрес және теңге ілуден жарыс болып, бүркітшілер түз тағысы қырандарын жіберіп тамашалатты. Батырдың ерлігін болашақ ұрпаққа өнеге еткен тойдың жалғасы Бай өлкедегі мектептер де жалғасты. Осылайша Моңғолия жеріндегі батыр тойы дүркіреп өтті…
Фото Жанарбек Ақыби




