Еліміз қазіргі кезде Тәуелсіздік пен теңдіктің, мемлекеттілік пен елдіктің, береке мен бірліктің ұлы тойына әзірленуде. Бұл ретте «Қазақ хандығының 550 жылдығын» мерекелеу тұжырымдамасында әртүрлі 100 іс-шара қарастырылып отыр екен.
– Бір жайтты атап өткім келеді, барлық іс-шаралар республиканың бүкіл өңірлерін қамтиды, – деді А.Мұхамедиұлы.
– Әсіресе, әрбір өңірде тарихи-мәдени мұраны насихаттауға және паш етуге ерекше назар аударылады. Шаралар Қожа Ахмет Йассауи, Отырар, көне Тараз, Ұлытау және басқа да қасиетті жерлерді, қорық-музейлерді қамтиды. Ел басшылығы барша Қазақстан осы айтулы датаны кең ауқымда атап өтуіне көңіл бөлуде.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 550 жылдыққа арнап, 2 жаңа спектакльдің сценарийі жасалуда. Бұлар – «Мәңгілік ел», сондай-ақ Әуезов атындағы академиялық театрының «Керей-Жәнібек» қойылымдары. Бұған қоса, ары қарай тағы бірнеше пьесалар түзіледі. Олар кейіндері театрлардың репертуарларына кіруге тиіс.
2015 жылдың қаңтарында Елбасының тапсырмасымен, Қазақ хандығы туралы телехикаяны түсіру басталатын көрінеді. Ол әзірге 20 сериядан тұрады деп жоспарлануда. Ендігі дайындық жұмыстары басталған. «Бүгінде оның бюджеті нақтылануда, сценарийдің ақырғы нұсқасы белгілі болысымен, оған жұмсалатын қаржы көлемі де анықталады», – деді А.Мұхамедиұлы. Іс-шаралардың көбісі үлкен шығынды талап етпейді. Негізінен, тарихи және идеологиялық бағыттағы жұмыстарға екпін түсіріледі…


