Алматыда ОБСЕ-нің «Бітімгерлік операцияларын қолдауда минаға қарсы қызмет» тақырыбында жыл сайынғы аймақтық семинары өтуде. Семинарды ҚР ҚМ жанындағы Қару-жарақты қысқартуды бақылау және инспекциялық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі орталық Астанадағы ОБСЕ Орталығымен және Тәжікстандағы ОБСЕ Кеңсесімен әріптестік жағдайында өткізіп отыр. Семинар жұмысына Қырғызстан мен Тәжікстан қарулы күштерінің өкілдері, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлерінің және Арнайы әскерлер бас басқармасының, Гуманитарлық минасыздандыру жөніндегі Женева орталығының, Минасыздандыру мәселелері жөніндегі БҰҰ қызметінің өкілдері қатысуда. Семинар барысында орталық азиялық мемлекеттердің бітімгерлік операцияларында минасыздандыру саласындағы ұлттық тәжірибесі туралы, жарылу қаупі бар құралдардың тәуекел проблемалары, жарылу қаупі бар құралдар тәуекелін қысқартуды сапалы басқару, жарылмай қалған оқ-дәрілерді жою және гуманитарлық минасыздандыру, дене қауіпсіздігі мен инженерлік және өзге де оқ-дәрілерді сақтауды басқару туралы дәрістер циклы оқылады. ОБСЕ-нің әскери-саяси өлшем тапсырмаларын іске асыруға бағытталған семинарына қатысушылар Ұйым кеңістігінде минаға қарсы саладағы қауіпсіздікті жетілдіру бойынша пікір алмасады.


