28 қараша. Үстіміздегі айдың 27-нен 28-не қараған түні көрнекті театр сыншысы, аудармашы, педагог, профессор, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай жүрек талмасынан қайтыс болды. Бұл туралы өз мәнбелеріне сүйенген ras.kz хабарлады.
Әшірбек Төребайұлы Сығай 1947 жылы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туған. Ол 1969 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Мәдениет министрлігінде театр бөлімінің бастығы, Алматыдағы өнер басқармасының бастығы әрі алқа мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, мәдениет министрінің орынбасары, Алматы театр және кино институтының ректоры, мәдениет министрінің бірінші орынбасары болып қызметтер атқарған. Қайтыс болғанға дейін Астанадағы ұлттық өнер университетінде профессор болды.
Әшірбек Сығай тақырыбы саласында өнікті жазған дарынды қаламгер еді. Осы кезге дейін оның қаламынан шыққан туындылар «Іңкәр шақ» (1978), «Сыр сандық» (1981), «Сахнаға сапар» (1990), «Жарнама алдындағы ой» (1993), «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағылымы» (2003), «Толғам» (2004), «Талдықорған театры» (2005) деп аталатын ұзын саны 19 кітап шығарды. Бұдан басқа, В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», О. Иоселианидің «Арбаң аударылғанша», Ж-Б. Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гальдонидің «Күлкілі оқиға», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей» атты пьесаларын қазақ тіліне аударған.
Әшірбек Сығай Оңтүстік Қазақстан облысының, Түркістан және Кентау қалаларының құрметті азаматы болды. Ол – «Құрмет» орденінің иегері. «Сахна саңлақтары» деген кітабы үшін 2000 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.Тәуелсіз «Платина Тарлан» сыйлығының (2005) лауреаты.
Әшірбек Сығай театр журналистикасын белгілі бір белеске көтеріп кеткен үлкен қайраткер. Ол сонымен бірге қашанда жанындағыларға мейірім-шапағатын төгіп жүретін, көпке қамқор абзал адам еді. Қазақ жұрты осындай жүрегі үлкен азаматтан айрылып отыр.
Жатқан жеріңіз жайлы болсын, қадірлі әріптес, жаны жайсаң жақсы аға!
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұжымы.
Дерек: ras.kz.


