Мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарды қарастырды. Сонымен қатар екі елдің көшбасшылары Украинадағы ахуалды, оны барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы реттеу жолдарын талқылады.Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәнді мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік беретін бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Барлық қиындықтарға қарамастан Рада сайлауын өткізіп, үкімет құра алғандығыңыз үшін Сізді құттықтағым келеді. Бұл – Сіздің президент ретіндегі алғашқы үлкен жеңісіңіз. Минск хаттамасының әзірленуі де Сіздің еңбегіңіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды қалпына келтіру және деңгейін көтеру қажеттігіне назар аударды.
– Қазақстанда Украинаның коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары кеңінен қолданылады, азық-түлік әкелінеді. Украинаға біз де өз өнімдерімізді жеткізіп отырдық. 4 миллиард долларды құраған тауар айналымының көлемі күрт төмендеді. Бірақ бұрынғы көрсеткішке жетуге біздің мүмкіндігіміз бар. Бұл орайда, үкіметаралық комиссия табанды жұмыс жүргізіп, ынтымақтастық жолдарын табуы тиіс. Мен ондай мүмкіндіктердің бар екенін білемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Украина төңірегіндегі ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шараларды қолдайтынын айтты.
– Қазіргі жағдай ешкімге пайда бермейді. Барлық елдермен достық қатынаста екенімізді ескере отырып, біз осы мәселе жөнінде Сізбен бірлесіп жұмыс істей аламыз. Біз белгілі бір шешімге келіп, адамдардың опат болуын тоқтатуға септігін тигізетін шаралар қабылдау үшін іс-қимылдарымызды үйлестіре аламыз деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
П.Порошенко екі мемлекеттің өзара ықпалдастығының әлеуетін сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да негізгі салаларда белсенді түрде пайдалану қажеттігіне тоқталды.
– Елдеріміз арасындағы кедергіні жоюға ықпал ететін үкіметаралық комиссияның жұмысын бастау қажет. Сізге Украинаның егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдау тұрғысындағы берік әрі сындарлы ұстанымыңыз үшін алғыс айтамын. Бізге Минскіде қысқаша әңгімелесуге мүмкіндік туды. Жасалған мәлімдемелер, уағдаластықтар нақты көрініс тауып отыр. Украина мұны жете бағалайды, – деді Украина Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Украина тәуелсіздіктің барлық кезеңінде көптеген бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықта болғанына тоқталды.
– Мен елдеріміз арасындағы достық және ынтымақтастық туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толған жылы келіп отырмын. Өзара тауар айналымы 2010 жылдан 2013 жылға дейін екі есе өсті. Биыл ол төмендеп кетті, бұл біздің әлеуетімізге сай емес, себебі Украина – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ біздің елдің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы беретін мүмкіндіктер мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттары туралы айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Украина бизнесін аталған бағдарлама аясындағы перспективалы жобаларға қатысуға шақырды.
Елбасы екі елдің өзара ықпалдастығы өнеркәсіп, көлік-транзит, энергетика салаларында қосымша серпінге ие бола алатынына назар аударды.
Өз кезегінде П.Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа Украинаға қатысты немқұрайлы ұстанымда қалмағаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.
– Сіз күрделі кезеңде бізді қолдау үшін менің шақыруымнан соң бірден келдіңіз. Менің жеке өзім де, Үкімет пен украин халқы да мұны жете бағалайды. Шынымен де, біз Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ деп санаймыз. Бұл мәселеге қатысты тиісті органдар ауқымды жұмыс жүргізуі қажет, – деді Украина Президенті.
П.Порошенко сондай-ақ тамақ өнеркәсібінде, авиатехника құрастыру ісінде, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қарым-қатынасты жандандырудың маңыздылығын айтты.
akorda.kz


