
Түркияның премьер-министрі Ережеп Тайып Ердоған Мысырдың уақытша билігін «мемлекеттік терроризм» деп айыптап, Мысыр армиясының басшысы, генерал Фаттах әл-Сисиді Сирия көшбасшысы Башар Асадқа теңеді.
«Бұл екеуі де Сирия мен Мысырдағы мешіттерімізді бұзып, өртеді. Башар не, Сиси не, екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ», – деп мәлімдеді Түркия премьері. Сондай-ақ, Ердоған тақтан кеткен Мұхаммед Мұрсидің жақтастарын «террорист» деп шығарған мысырлық билікті қатты айыптады.
«Халық «сайлауға құрмет көрсетуді талап етеміз» десе, билік оларды «террористке» баулып отыр. Мысырда бүгінгі таңда мемлекеттік терроризм салтанат құрып тұр. Сондықтан да, қазір Мысырда екі жол бар: бірі – Перғауынның ізін басу, екіншісі – Мұсаның соңынан еру», – дейді Ережеп Тайып Ердоған.
Сондай-ақ, Ердоған ғибадат үйлерді вандалдардың қиратуынан сақтап қалуға бар күш-жігерін салып отырған «Мұсылман бауырларды» жақтап отыр.


