Төртінші разъездегі кезіміз. «Веснада» тұратын Сапар деген жол мастері шілдехана жасап, бізді де шақырды. Алайда, разъезді иен тастап кетуге болмайды. Бізге жақын үшінші разъездегі Ольга деген қызға орнымызға келіп қарай тұруды айттық. Ол мақұл болды.
Шілдеханаға біраз адам жиналған екен. Жалғыз үй болған соң зерігіп, ішің пысады ғой. Жиналған дос-жаран, таныс-білістермен жүздесіп, гүл жайнаған дастарқан басында мәз-мейрам болып қалдық. Ән айтылып, би биленіп, отырыс қызып жатқан. Бір кезде еңгезердей-еңгезердей бес орыс солдат кіріп келді. Қастарында шала қазақша, шала орысша сөйлейтін бір пропорщик бар екен. Қуаныш үстіне келген адамға ешкім «кет» демейтіні белгілі. Бәріміз қарсы алып, ортамызды толтырған қонақтарға қуанып жатырмыз. Олар да жайғасып отырды. Менің де армиядан келгеніме көп болмаған кез. Солдаттарды көргенде жақын достарыма кезіккендей көңілім көтеріліп, құрмет білдіруге кірістім. Қанша дегенмен «кемедегінің жаны бір» дегендей, олардың жайынан хабарым бар, әскери өмірді өзім де бастан өткізген адаммын ғой. Алдарына тамақ қойғызып, арақ-шараптан құйғызып дегендей ілтипатымды аяған жоқпын. Сый-құрметке бөленіп, шақырылмаған қонақ болса да ештеңеден кенде болмаған олар біраз отырды да кетіп қалды.
Көп өтпей біз де қайтатын болдық. Той мен қуанышқа шашылған қазақтың дарқандығы мен жомарттығында шек бар ма, қайтарда үй иелері сарқыт әрі «Ольга қызға да ала барыңдар» деп, піскен ет, бірер жартысын да салып жіберді.
Үйімізге жетіп, шілдехананы өзімізше жалғастырмақ болдық. Келіншегім дастарқан жазып, әкелген етті турап, Ольгаға шараптан құйып, отыра бергеніміз сол еді, сыртта гүжілдеген машинаның даусы шықты. «Бұл кім болды» екен дегенше бағанағы алты солдат сау етіп кіріп келгені. Сөйтсек, олардың Ольгамен бұрыннан таныстығы бар екен. Оның төртінші разъезде екенін білген соң іздеп келген екен. «Бір көрген таныс, екі көрген біліс» демекші, шілдехана қызығын ортақ бөліскен солдаттарды ықыласпен қарсы алдым. Оның үстіне олар басқа үйге емес, менің өз үйіме келіп отырған соң қалай бөтен ниет танытуға, басқаша ой ойлауға болады. Жігі-жапар болып, тағы да күттім. Менің ыңғылыма қарай Күлан да «зыр» жүгіріп, ас-тамағын даярлап, шайын құйып жүр. Тіпті, ет аздық еткен соң, жұмыртқа да қуырды түннің ортасында.
Ду-ду әңгімемен отырмыз, солдаттардың да жолға алғандары бар екен. Тост сөйлеп, оларға денсаулық, жақсылық тіледік. Көңілімде ештеңе жоқ, солар разы болсын, қонақ қой деп ағымнан жарылып жүрмін. Солдаттар біраз масайып қалды. Шалқыи сөйлеп, бір-біріне есе бермей дүрілдеп отыр. Өздері бетпақ даладағы әскери полигонда келіп, қызмет өтеп жатқандар екен. Өздері шетінен денелі, алпамасдай. Бірақ, мен аңқылдаған сайын олардың арам ниетін жасырып отырғанын қайдан білейін. Отырыс түн ортасынан ауғанда әлгілер қайтпақшы болды және үшінші разъездге Олганы ала кетеміз деді. Мен ол қызға рахметімді айтып, солдаттармен бірге шығарып салуға ыңғайландым. Алайда, «жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» демекші, менің құрметтеп жүргенімді олар қорқып отыр не болмаса қолынан түк келмейтін біреу деп ойласа керек. Бір кезде солдаттардың ішіндегі көзі тұздай, мұрны қоңқайған жалпақ сары біреуі теңселе тұрып, «брат, біз мына қызбен бірге сенің әйеліңді де ала кетейік, ертеңге дейін бізбен бірге болсын» демесі бар ма. Аузынан арақ иісі мүңкіп, көзі кілкірейе қарайды. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Шын мәнінде ол жерде сөйлеудің де қажеті жоқ болатын. Дереу «селк» етіп, есімді жидым. Басымнан төмен бақайыма қарай құлдилаған қаным, тамырларымды керней ағып, денемді тоқ соққандай селкілдетіп сала бергенін ғана сезіндім. Мүмкін, сол қан көзіме де құйылып, әлгі солдаттардан басқа ештеңені көрсетпей қалса керек. «Тарс» еткен дыбысты ғана естідім. Жаңағы жалпақ сары шекеден тиген жұдырығымның соққысынан кескен теректей «гүрс» етті де, басы пештің аузына бір-ақ кірді. Бойымды бір шексіз күш кернеп, қаным қайта басыма шапшып барады. Екіншісі секіре бергенде кеудеден тепкенімді білемін. Ол релейканың есігін бұза-мұза соның ішіне кіріп кетті де, қыбырсыз қалды. Адам қатты ашуда шиыршық атып, жылдам болып кететін секілді. Оның үстіне қайнаған намыс та бойды кернеп алған. Қалғандары естерін жиып болғанша, екеуін іркес-тіркес ұрып жықтым. Біреуі орындықтың үстіне шалқалай барып құлады да, басы еденге соғылды, екіншісін қабырғадан теуіп едім, бүктетіліп ол қалды.
Үйдің іші апыр-топыр. Үстел қирап, ыдыс-аяқ жерге шашылды. Күлән мен Ольга ойбай салып жүр. Осының бәрі қас-қағым уақытта ғана болғандай әсер етті маған. Бесінші солдат тұра қашты, артынан қуа шығып едім, машинаға отырып үлгеріпті. Қашып құтылмақ болып, көлігін шегіндірді де, есі шығып қайта алдыға қарай жүрді. Баспалдақта тұрған мен басқа жаққа секіріп үлгердім. Ол машинаны тоқтата алмаған күйі веронданы соғып, быт-шыт қылды. Көлік те тоқтады, өзі де кабинаға, әлде рульге басы соғылып, есінен танып соның ішінде қалды. Ал, алтыншысы, әлгі пропорщикті таппай қалдым, қайда зытып жоғалғаны белгісіз. (Кейін білсем ол 20 шақырым Веснаға жаяу қашып барыпты)
Үйге қайта кірдім. Жаңағылардың аузы-мұрнынан, басынан аққан қан еденді айғыздап тастаған. Асымды ішіп, аяғымды тепкен тексіздерге ашуым әлі тарқар емес. «Сиыр сипағанды, жаман сыйлағанды білмейді» деген осы шығар. Әлінен асып, адамшылықтан шыққандар солай өз арамдықтарына өздері көміліп, бәрі естерінен танып жатыр.
Көп өтпей бір әскери вертолет жетіп келді, айналаның шөптерін жапырып, шаңын бұрқыратқан тікұшақ лезде қонды да, автоматтарын серт ұстаған он бес шақты солдат үйді қоршап алды. Төбелес басталып кеткенде Күлән дереу телефон соғып, әскери полицияға телефон соғып үлгерген екен.
Әскерилер дереу солдаттарды тұрғызып, шетінен кісендеп алды. Сөйтсек, олар бөлімнен қашып жүргендер екен. Қарулары да бар болып шықты. Оны машинаның кузобында қалдырыпты. «Жалғыз адам не қылар дейсің, қолмен-ақ ұрып жығамыз» деген жымысқы ойлары болса керек. Алайда ол дәмелері жүзеге аспай, өздері өлімнен әрең қалды. Ал егер, құралдарына жетсе, мені атып тастауы да мүмкін еді. Құдай сақтап, олардың қаруларын алуға мұрсалары келмей қалды.
Соққы тиген солдаттардың жарақаты ауыр болыпты. Біреуінің басы пештің аузына кіргенде құйқасын темір тіліпті, екінші біреуінің қабырғасы, тағы бірінің жағы сынған дегендей. Бұны көрген командир «мына жалғыз адамнан қалай таяқ жеп жүрсіңдер» деп сұрады олардан. Сүмірейіп, жүзі күйген қара бет солдаттардан үн шықсын, жерден үн шықсын. Сосын, командир маған келіп, «мыналарды немен ұрдыңыз» дейді. «Немен ұрушы едім, әрине қолмен» дедім. Бірақ, ол мені басқа қарумен ұрды деген болу керек, сенгісі келмей, «мүмкін емес» деді, басын шайқап. Менің оларды талдырып тастағанымды көріп тұрса да, сенімсіздік танытып, мені көзге ілмей тұрған командирсымаққа ашуым келді. «Мүмкін емес болса, келіңіз бері, ұрып көрсетейін» деп жұдырығымды түйіп едім «керек емес, қалжың ғой менікі» деп, өтірік күлген болып тайып тұрды. Бірақ мен әлгі арам ниет солдаттардың үстінен арыз жазған жоқпын. Қазақта «таспен атқанды аспен ат» деген әдемі нақыл бар. Онсыз да қылмыстары үшін жазасын алған солдаттар бес жылдан сотталып кете барды. Ал, ертеңінде әскерилер келіп, үйдің пеші мен қираған мүліктерді және веронданы қаныттай қылып жөндеп берді. Біз сол оқиғадан кейін де жаңағы үйімізде екі жыл тұрып, разъезде өз жұмысымызды алаңсыз жалғастырдық.
Сол оқиға есіме түссе батырлық, ерлік деген қасиеттерді тулаған намыс, жан жарыңа қорған бола білу деген үлкен жауапкершілік сезім, өмірлік қосағыңа деген адалдық пен сүйіспеншілік тудыратынына көзім жетті. Қандай қауіптен болса да тайсалмай, намысы үшін от пен судан тайынбайтын, жан жары үшін жауымен аянбай айқасатын азамат керек кезде отаны үшін де жан бере алады. Ал, жақсылық жараспаған солдаттар өздері тілеп алған арамдықтарына өздері жолықты. Мен оларға ақ ниетпен, ақ дастарқанымды, ақ дәмімді арнап отырсам, олар қара ниетін жасырып, қаскөйлігін сайлап отырыпты. Олар туралы мен басқа ештеңе айтқым келмейді, тек оларды «дәм атты» дер едім.
Кинолардан не түрлі ерлік, батырлық жасаған адамдар туралы көрсетіп жатады. Әрине, олар ойдан шығарылды дегенмен, түп негізінде нақтылы өмірдегі шындық бар. Міне, сол шынайы болған оқиғалардың бірі менің басымнан осылай өтіп еді. Киноның аты кино. «Рэмбо» фильмін білетін боларсыздар, шын мәнінде онда басты кейіпкер болып ойнаған «батырдың» басына осындай жағдай түссе қайтер еді?! Батырлық, ерлік тек майданда, сын сағатта сыналады. Бәлкім, менің орнымда қорқақтау басқа адам болса, бас сауғалап қашып кетуі де мүмкін ғой. Айдалада еңгезердей алты солдатқа қарсы келіп, оларды соққыға жығу ерлікті ту еткен, намысты жыр еткен бабалардың үмітін ақтап, атына кір келтірмеу деп ойлаймын. Бұл бүгінгі ұрпаққа, жанұясын, жан жарын, ошағын дұшпаннан қорғауға баулитын өнегелі іс десем мақтанған да, артық айтқан да болмаспын. Себебі, олар қауіпті жау еді, вертолетпен мұздай қаруланған солдаттардың келіп, үйді қоршап алуы да олардың қарсы шабуылға шығуынан сақтанғаны болатын. Арнайы дайындалған сәскери бөлімнің сарбаздары да қатты қауіптеніп, оларға үлкен дайындықпен келген. Осындай қатерлі жауды Алла жар болып, ата-баба аруағы қолдап, бетін қайтардым. Жалғызбын деп жасыған жоқпын, олар көп екен, күшті екен деп қорықпадым, соның арқасында өз отбасымның абыройын сақтап, қазақ ұлы деген атыма да кір келтірген жоқпын.
Жазып алған Мұрат Алмасбекұлы
qiyan.kz





