Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Астана қаласындағы №64 мектеп-лицейінде болып, елорда мектептерінің шәкірттеріне биылдан бастап сабақ кестесіне енген «Қазақ елі» пәнін жүргізді. Президенттің өзі дәріс оқыған алғашқы сабақтың тақырыбы «Жаңа қазақстандық патриотизм» деп аталғанымен оның негізгі өзегі ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған екен. Мысалы президент айта-айта жауыр болған қазақ тілінің мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы жайлы әңгіме қозғап, өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» туралы Жолдауы мен осындай негізгі құндылықтардың бірлігі мен мәдени мұраны сақтаудағы маңыздылығын айтып берді.
Аты затына сай болса…
Жалпы мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жастармен кездесіп, ой бөлісіп тұруы бірінші рет емес. Ол бұған дейін талай рет жастарға дәріс оқып, ел болашағының өскелең ұрпақтың қолында екенін ескерткен болатын. Ал бұл жолғы кездесу барысында оқушылар Нұрсұлтан Әбішұлының отаншылдық туралы ойларымен бөлісіп, пікір алмасты. Ал өз кезегінде президент: «Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Біздің болашағымыз өз қолдарыңда екенін ескеріп, сендер білімді, жан-жақты қабілетті, талантты, дарынды болып өсіп-жетілулерің үшін барынша жағдай жасап жатырмыз. Бұл әке-шешелерің мен ата-әжелеріңнің ақ адал, маңдай терінің нәтижесі. Мемлекеттің үздіксіз қолдауының жемісі. Миллиондаған еңбеккерлер мен ел азаматтарының зор сенімінің үлгісі десек те болады» – деді мектеп оқушыларына.
Айтса айтқандай азаттық Алаш еліне әлдекімдер айтып жүргендей оңайлықпен келген жоқ. Еркін, азат ел болу жолында қазақтың қаншама қайраткерлерінің қаны төгілді. Тек қан төгіліп қойса мейлі ғой, ұлттың ұжданы әбден аяққа тапталды. Осының салқынын әлі күнге дейін тартып келеміз. Ал мектеп бағдарламасына халқымыздың өткені мен бүгінін таразылайтын әрі ұлттың рухын көтеретін «Қазақ елі» пәнінің енгізілуі өте орынды бастама болды. Өйткені пәннің атауы Қазақстан емес, құлаққа әлдеқайда жағымды «Қазақ елі» деп аталады екен. Бұл пәннің аты затына сай болса жастардың отаншыл болып өсетініне дау жоқ.
«Бір-бірлеріңмен қазақша сөйлесіңдер»
Отаншылдықтың ең озық үлгісі қазақ тілінің мерейінің үстем болуы екені екінің біріне белгілі. Бұл туралы да мемлекет басшысы өз ойын айтып өтті. Жалпы қазақ тілінің қал ахуалы туралы мәселе тәуелсіздік алғалы бері үздіксіз көтеріліп келеді. Бірақ, өкінішке қарай одан қордаланған мәселенің шешімін тауып, қазақ тілі «кеңсе тіліне» айнала алмай отыр. Сондықтан болса керек президент Н.Назарбаев ана тілі туралы тағы да ағынан жарыла әңгіме өрбітті. «Ағынан жарылды» деуіміз тегін емес. Өйткені мемлекет басшысы ел ішінде өзіне өкпелі азаматтардың да бар екенін жасырмады. Мысалы ол «Ел ішінде мені «қазақша сөйлемейді» деп сынап жататындар өте көп. Мен қазақша сөйлеймін. Сол айтқан адам келсінші менің алдыма, кімнің қазақшасы мықты екенін көрсетейін. Бірақ, еліміздің 40 пайызы өзге ұлт өкілдері. Ел болып, тірлік алға басу үшін оларға түсіндіру керек. Оларға қазақша айтсаң, түсінбей қалады. Соған қарамастан мен биылдан бастап барлық бірінші сыныптарға түгелдей басқа ұлт өкілі деместен қазақ тілін енгіздім. Сендер бір-бірлеріңмен қазақша сөйлесіңдер. Ұлтты сүю, алдымен тілді, туған ана тілін сүюден басталады», – деді.
Н.Назарбаевтың қазақша сөйлегенде алдына жан салмайтынын жұртшылық жақсы біледі. Әйтсе де елімізді мекен ететін 17 миллион халықтың тегіс қазақ тілін білуі қиын болып тұр. Қиын болуы аздай соңғы кездері тіпті қиғылық салатындар пайда болуда. Оны әр кез қоғамдық орындарда байқап жүрміз. Жалпы мемлекеттік тілдің мерейінің үстем болуы үшін оған қыруар қаржы бөлудің қажеті жоқ. Қазақ тілінің қарыштап дамуы үшін талап қоюуымыз керек. Бұл туралы еліміздің зиялы қауым өкілдері айтуындай айтып келеді. Өкінішке қарай бұл ұсынысқа құлақ асып, құлық танытып жатқан жоқпыз.
«Станнан» қашан бас тартамыз?
Ал елбасының айтуынша қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Мемлекеттік тілдің жаппай қолданыс тіліне айналуы үшін қазақтардың санының көп болуы маңызды. Осыны ескерген президент мемлекет құраушы ұлттың еліміздегі үлес салмағы 65%-ға жеткенін тілге тиек етті. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екені анық. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық салаларында қолданылатын күнделікті қатынас тіліне айналатын болады. Осылай Тәуелсіздігіміз – бүкіл ұлтты ұйымдастыратын ең басты құндылығымыз туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Қараңыздар, Тәуелсіздік алған тұста елімізде қазақтардың саны 6,8 млн немесе халықтың 41%-ын құрайтын. Ал қазір 11 млн-нан асты немесе 65%-ға жетті. Қазақтың саны 4 млн-ға артты», – деді Н.Назарбаев.
Егер 2025 жылға дейін әрбір қазақстандық қазақ тілінде сөйлейтін болса, мемлетіміздің атауынан сөзсіз «стан» жалғауы түсіп қалар еді. Бұл көпшілігіміз зарыға күткен игі бастама екені даусыз. Біздің пайымдауымызша мемлекетіміздің өзі «станнан» бас тартып келеді. Оған президенттің Жолдауда айтқан пікірінен бөлек «Қазақ елі» пәнінде өзі арнайы дәріс оқығаны дәлел бола алады. Ал сіз қалай ойлайсыз қадірлі оқырман?
Серік Жолдасбай

Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі бірінші болып шәкірттерге жүргізген «Қазақ елі» пәнінің маңыздылығы ерекше. Себебі бұл пәннің атауының «Қазақстан» емес «Қазақ елі» деп аталуының өзінде де терең мән бар. Өйткені президент өз жолдауында «Егер қазақстандықтардың барлығы қазақ тілін меңгерсе, Қазақ мемлекеті боламыз» деп айтты емес пе? Яғни еліміз барынша жан жақты кемелденгеннен кейін Қазақ елі боламыз. Біздің мемлекет басшысының түпкі мақсаты мемлекет жалғауынан «стан» жалғауын алып тастап, Қазақ Республикасы болу ғой. Менің ойымша жас ұрпақты қазақ екенін сезініп, әрі өз отанына адал болсын деп «Қазақ елі» пәні енгізілді. Бұл арада оқушылар тек тарихты ғана емес, сонымен қатар ұлттық идеяны бойына терең сіңіріп өседі. Елбасының көздеп отырғаны осындай ізгі идея болғандықтан оны барша ел болып қолдауымыз керек.
Жалпы жеткіншектің тәрбиесіне жете мән беру қазіргі кезде өте өзекті болып тұр. Мәселен қазіргі кезде жастар күндіз-түні интернеттен шықпайтын ауруға душар болды. Өзіне пайдалы ақпарататты алып, білімін жетілдірсе мейлі ғой. Бірақ кітап оқымай, әлеуметтік желілерде күндіз түні отыру жастарды санасыздыққа апармайды ма? Бұл мәселені мемлекет басшысы назардан тыс қалдырмай, шәкірттермен кездесуінде айттып өтті. Президенттің айтуынша, нағыз досты ғаламтордан іздеп, әуре болудың қажеті жоқ. «Твиттерде» немесе басқа да әлеуметтік желілерде отырып, уақыттарыңды босқа ысырап етпеңдер. Ең дұрысы, өз араларыңда көп әңгіме-дүкен құрыңдар. Өйткені, нағыз дос ғаламторда емес, жаныңда жүргенін ұмытпа. Бүгінгі қоғамда адамдарды кітап оқитындар мен компьютерде отырып, уақыт өткізетіндер деп екі топқа бөлуге болады. Компьютерде отыратындар өмір бойы кітап оқитындарға қызмет етіп өтеді», — деді Н.Назарбаев. Менің ойымша елбасының «Өз араларыңда достарыңды арттыруға тырысыңдар» деген ұлағатты сөзі оқушыларға жақсы әсер етті. Өйткені компьютерге байланған бала түптің-түбінде жалғыз қалады.
Кейбір азаматтар «Президент өз жолдауында «Стан» жалғауын алып тастап, Қазақ Республикасы боламыз» деген жоқ» деп айтып жүр. Менің ойымша қандайда бір ұлттық мүддеге байланысты жұмысты алдын-ала байбалам салмай істеу керек қой. Егер де сен ойыңды ашып айтып тастасаң оған қарсы топтар көбейеді. Сондықтын да алдын ала «Мен былай істеймін» деп айтып, жұмысыңа кедергі келтіріп алудың қажеті жоқ. Бірақ Мемлекет басшысы өз Жолдауында не істеу керек екенін тайға таңба басқандай етіп түсіндірді ғой. Алайда оған жетудің жолы әр қилы болуы мүмкін. Оның барлығын жан-жақты түсіндіремін деп барлық құпияңды ашып тастауға болмайды. Сондықтан да Жолдауды дұрыс түсінбеген азаматтардың жоғарыдағы пікірі асығыс айтылған пікір деп ойлаймын. Турасын айтқанда ұлттық мүддеге келгенде жарияға жар салмай, үндемей жұмыс істеу керек. Қазақ тілі жаппай қолданыс тілге айналып, шын мәнісінде өз тұғырына қонатын болса, өз-өзінен Қазақ мемлекеті боламыз.

Мемлекет атауындағы «Стан» жалғауын алып тастауды біз тоқсаныншы жылдардан бері көтеріп келеміз. Ал енді осы мәселеге кеште болса мемлекеттің назар аударғанына қуаныштымын. Бірақ мемлекеттік тілді меңгергеннен кейін Қазақ елі боламыз ба, жоқ әлде Қазақ елі болғаннан соң мемлекеттік тілді меңгереміз бе? Менің ойымша Қазақ елі болғаннан кейін қазақ тілін үйренуіміз керек. Өйткені «бұл мемлекетте тұрамынба, тұрмаймынба» деп әлі де болса екі ойлы болып жүрген азаматтар бір тоқтамға келер еді. Егер де бір тоқтамға келіп, елімізде қалатын болса олар жаппай қазақ тілін меңгеруге тырсатын еді.
Шын мәнісінде 1991 жылдары біз Қазақ Республикасы болғанбыз. Бізге сол кездегі демографилық жағдаймызға байланысты «стан» жалғауын қосуға тура келген шығар. Бірақ еліміздегі мемлекет құраушы ұлттың үлес салмағы қазіргі таңда 65 пайыздан асты ғой. Сондықтан да менің ойымша бұл мәселені ұзаққа созып еш қажеті жоқ. Біз онсызда Қазақ еліміз. Оны билік мойындамайтын шығар. Бірақ біз сонау тарихтан Қазақ хандығын құрған қуатты мемлекетпіз.
Жалпы мемлекет атауынан «стан» жалғауын алып тастап, Қазақ Республикасы болуға ешкім де кедергі келтіріп отырған жоқ. Мәселен еліміздегі орыс тілді азаматтар бұл мәселе түсіністікпен қарайды. Сондай-ақ өзге мемлекеттер де Қазақ Республикасына қарсы болып, пікір білдіріп жатқан жоқ. Сондықтан да бұл мәселе өзіміздің басшылардың ерік жігеріне байланысты шешілетін шаруа болып тұр. Өкіншке қарай кейбір басшылардың көкейінде «өзге ұлт өкілдері не дейді екен» деген ішкі қорқыныш бар сияқты. Әйтпесе ешкімде қазақтың ұлттық саясат жүргізуне жата жастанып кедергі келтіріп отырған жоқ. Ашығын айтсақ бұл мәселені шешуге басшыларымыздың ниеті болмай отыр. Өйткені қазақ тілі мен мәдениеті және де тарихынан мақұрым билік басындағыларға бәрі бәрі бір.
«Жебе» газеті, 5 қыркүйек 2013 жыл
Фото www.kazinform.kz сайтынан алынды


