Ақорданың баспасөз қызметі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ҚР Президенті кеңесшісінің қызметінен босатылғанын хабарлады. Дегенмен, оның қызметтен кетуінің себебі айтылмады, ресми түсініктеме берілген жоқ. Ақорда үнсіз қалғанмен, Мұхтар Абрарұлының қызметтен кету себебін халық өзінше болжап отыр.
Сол болжамдардың бірі мүмкін Мұхтар Құл-Мұхаммед өз кандидатурасын Президенттікке ұсынар? Саясатта беделі бар азаматтың (рейтинг бойынша шілде айындағы беделді саясаткерлер арасында 4-нші орын) сайлау алдында қызметтен кетуіне шынымен не түрткі болуы мүмкін?
Президент кеңесшісі қызметін бір жылға жуық атқарды. Бұл қызметке 2014 жылдың 12 наурызында тағайындалған. Оған дейін мәдениет және ақпарат министрі болды. Мұхтар Абрараұлының саясаттағы имиджі таза, жемқорлыққа қатысты атышулы оқиғаларда аты аталған жоқ.
Мұхтар Абрарұлының бұл сайлауда өзін-өзі үміткерлікке ұсынады дегенге саясаткерлер үлкен күмәнмен қарайды. Бірақ, бұл нұсқаны жоққа да шығармайы.
Расул Жұмалы, саясаткер:
«Қазір бірдеме деу қиын, себебі бізде қандай да бір тұлғаның қызметтен кетуі не тағайындалуы билік тарапынан түсіндіріле бермейді. М.Құл-Мұхаммедке қатысты бұл болжамды мүлде жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, тәуелсіз Қазақстанның тарихында президент сайлауы алдына биліктен кетіп, оған тәуелсіз үміткер ретінде қатысам деп тілек білдірген шенеунік болған емес. Егер бола қалған жағдайда да бұл М.Құл-Мұхаммедтің өз қалауы екеніне күмәнім бар. Президенттіке ұсынылған үміткерлердің құрамы қазір әлеуметтік желілерде, түрлі БАҚ-та сынға ұшырап жатыр. Мойындау керек, үміткерлер құрамы әлсіз. Бұл жерде Құл-Мұхаммедтің тұлғасы арқылы алдағы саяси науқанның салмағын арттыруға шешім қабылданған болар»
Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы 12.12.1960 жылы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. Үйленген, төрт қыз және бір ұл тәрбиелеп отыр. 1982 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ журналистика мамандығы бойынша тәмәмдаған. Мемлекет қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, заң ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк Ғылыми академиясының толық мүшесі. Запастағы полковник.
ult.kz


