Сондай-ақ осы аптада еліміздің орталық атқарушы органдарында еш кадрлық ауыс-түйіс орын аламағанымен жергілікті жерлерде бірқатар тағайындаулар орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабын басқаратын М.Құл-Мұхаммед 1960 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келді. Қазақ. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заң ғылымдарының докторы, профессор. 100 — ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді. 1982 — 1992 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакциясында ғылыми редактор, аға ғылыми редактор, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы — бас директордың орынбасары. 1992 — 1999 жылдар аралығында шағын кәсіпорын директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті. 1999 — 2001 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2001 — 2003 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003 — 2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2007 — 2008 жылдары Қызылорда облысының әкімі. 2008 — 2010 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі. 2010 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі. Одан кейін ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің кеңесшісі болды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996 жыл), «Құрмет (2004 жыл) және «Парасат» (2010 жыл) ордендерімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімімен, СҚО әкімі Ерік Сұлтановтың бұйрығымен Аққайың ауданының әкімі болып Дәурен Бозтайұлы Байтөлешов тағайындалды. Байтөлешов Дәурен Бозтайұлы 1979 жылы Алматы қаласында туған. Білімі — жоғары (заңгер). Еңбек жолын 2003 жылы Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасының атқарушы өндіріс және сот қаулысының заңдылығын бақылау бойынша басқарма прокуроры болып бастады. 2006-2007 жж. Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, көмекшісі. 2007 жылдың желтоқсанында Теміртау қаласы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. 2008 жылдың тамызынан 2009 жылдың қыркүйегіне дейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің коммуналдық мәселелер бойынша орынбасары болып жұмыс істеді. 2009-2010 жылдары Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы болып еңбек етті. 2010-2012 жылдары «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының Кадрлармен жұмыс және құжаттық қамту департаментінің директоры болды. 2012 жылдың тамызынан осы кезге дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы болып қызмет еткен.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов Ертіс ауданының жаңа әкімін аудан активіне таныстырды. Бұл қызметке ҚР Президенті Әкімшілігі және аудандық мәслихат келісімі бойынша Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың өкімімен Дубовицкий Виктор Владимирович келді.
1957 жылы Павлодар облысында дүниеге келген ол Павлодар облысы Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары, осы аудандық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, Жер қатынастары басқармасының басшысы болған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен БҚО Мемлекеттік сатып алу, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларына жаңа басшылар тағайындалды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Руслан Бектемір жаңадан құрылған БҚО мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып бекітілді. Ақтөбе қаласында негізінен салық және ішкі істер органдарында қызмет атқарған Руслан Бектемірұлы 2010-2011 жылдары «БҚО халыққа қызмет көрсету орталығы» ММ директорының орынбасары, одан кейін облыстық тексеру комиссиясының мүшесі, ал 2012 жылдан БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды.
БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметіне кіріскен Бибігүл Қонысбаева ұзақ жыл қаржы саласында еңбек етті. Соның ішінде 1996-2011 жылдары облыстық қаржы басқармасында маманнан бастап бөлім басшылығына дейін көтерілді. 2011-2015 жылдары БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
inform.kz



