Қазақстанның Аустриядағы Елшілігі — Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі «Наурыз» мейрамын атап өтті. Мерекеге орай, қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылған қонақасы өтті-деп хабарлайды СІМ баспа сөз қызметі.
Мерекелік іс-шараға Аустрия сыртқы саяси мекемесінің және дипломатиялық корпусының өкілдері, Вена қаласында тіркелген халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, қазақ диаспорасының өкілдері, Аустрияда оқып жатқан қазақстандық студенттер, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Қазақстанның Аустриядағы Елшісі – Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай қонақтар алдында сөз сөйлеп, жоғарғы деңгейдегі достастық қатынастың арқасында мүмкін болған қазақстан-аустрия байланыстарының серпінді дамуын, Қазақстан мен Аустрия астаналарында орналасқан халықаралық ұйымдардың өзара ықпалдастығының жоғарғы деңгейін атап өтті.
Қазақстан Орталық Азия кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздіктің генераторы, халықаралық қоғамдастықтың ғаламдық бейбітшілікті нығайтудағы сенімді әріптес ретінде танылады деп атап өтілді. Осының негізінде Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өзінің үміткерлігін жариялады.
Мереке шеңберінде «Қазақстан інжулері — дала сарыны» жобасының дебюттік концерті өтті. «Қазақстан інжулері» жобасының басты мақсаты — бай қазақстандық мәдениетті Аустрияда таныту болып табылады. Аталған жобаны жүзеге асыруда аустриялық музыкалық оқу орындарында дәріс алып жатқан және Аустрияның сахналарында өнер көрсетіп жүрген жас талантты музыканттар мен Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері қатысты. «Қазақстан інжулері» шеңберінде Вена қаласында Тәуелсіздік күнінің қарсаңында веналық беделді «Концертхауста» өткізілетін гала-концертті қоса алғанда тағы да үш концерт жоспарланған.
Концерт қонақтары Аустрия мен Қазақстан мәдени ынтымақтастығы екі ел арасын жалғайтын көпір қызметін атқарады деген пікірлерін білдірді.



