АКТЕРДІҢ ӨМІРІНІҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ҰМЫТА АЛМАҒАН АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫ
Биші Хетти Келли – Чаплиннің алғашқы махаббаты. Олар Лондонда танысқанда Чарльз 19 жаста, ал Хетти 14-те болатын. Чаплин «Ланкаширлік сегіз жігіт» атты лондондық труппада актер, Хетти ансамбльдің балеринасы еді. Сахна сыртынан Хеттиді кездестіріп қалған Чарльз оның ерекше сұлу келбеті, қоңыр көздері мен әдемі еріндеріне ессіз ғашық болады. Бар болғаны бес-ақ рет кездескен екі жастың жолы ұзаққа созылмай-ақ екіге айырылды. Чаплиннің тұрмысқа шығу туралы ұсынысынан шошып кеткен жас биші келесі кездесуден бас тартады. Актердің өзі ол туралы: «Екеуміз бес-ақ рет кездессек те, кездесулеріміз 20 минуттан арыға созылмаса да, ол махаббат хикаям есімде мәңгіге қалып қойды», – деп еске алады. Чаплин кейін Америкаға кетеді, қайтып келіп Хеттиге үйленбек болады. Арада біраз уақыт өткенде қыздың дәулетті жігітке тұрмысқа шығып кеткенін естиді. Кейін 1918 жылы оба ауруынан өмірден өткенін білгенде де, біразға дейін мұңайып жүрген көрінеді. Чаплин өзі айтса айтқандай, Хеттиді және ол пайдаланған хош иісті сабынның иісін өмірінің соңына дейін ұмытпаған деседі…
БӘЛЕҚОР ДЖОАН
Актриса Джоан Берримен Чаплин Нью-Йоркке сапарында 1941 жылы танысады. Ол туралы актердің өзі: «Мисс Берри әдемі, аршын төсті, сұлу мүсінді 22-лердегі әйел болатын. Жеңіл жаздық көйлектегі оның құлын мүсіні назарымды аудармай қоймады», – деп жазады. Келесі фильмінің сценарийін де Джоанға арнайды, актерлік курсын төлеп береді. Бірақ екеуара келісімшарт жасалғаннан кейін актриса өзгеріп шыға келеді. Чаплинге мінез көрсетіп, айқайлап, жеке өміріне араласып, жүгенсіз кетеді. Кей түндері актердің үйіне ішіп келіп, шу көтеріп, өз басына тапаншаны тақап, өлетінін айтып, ақша талап ететінді шығарады. Амалы қалмаған Чаплин «Нью-Йоркке кетіп, мені жайыма қалдырасың» деген шартпен бірнеше мың доллар ұсынуға мәжбүр болады. Ол әрекет те нәтижесін бермеді. Арада көп өтпей, Джоан Берри екіқабат екенін айтып хабарласады, артынан актердің үйіне келіп, тағы да шу шығарады. Чаплиннің полиция шақыруына тура келеді. Бірақ газеттер: «Чаплин туылмаған баласының анасын қаматты» деген тақырыппен жалаулатып түрлі мақалалар жариялап жатты. 1943 жылы Берри «Баламның әкесі екенін мойындасын» деп, Чаплинді Калифорния сотына береді. Қан көрсеткіші баланың Чаплиндікі емес екенін дәлелдесе де, сот балаға қамқорлықты атақты актерге таңып берді. Мұны пайдаланған билік Чарлиді жезөкшелікпен күрес үшін қабылданған «Манн заңын» бұзды» деп те айыптады.
ЧАПЛИНДІ БАҚЫТТЫ ЕТКЕН ӘЙЕЛ
Өміріне мән кіргізген, мәңгілік махаббатына айналған әйелмен Чарли Чаплин әдеттегідей түсірілім барысында танысты. «Елес пен ақиқат» фильмінің басты рөліне актриса іздеп жүрген оны әйгілі драматург Юджин О’Нилдің қызы Уна О’Нилмен таныстырады. Ол кезде Уна 18-де, Чарли 54-те болатын. Алғашында Унаға да атақ пен байлық керек шығар деп ойлаған Чаплин қатты қателесті. Уна актердің өзіне ғашық еді. Ақыры екеуі 1943 жылдың 16 маусымында шаңырақ көтереді. Қыздарының өзінен 36 жас үлкен еркекке тұрмысқа шыққанын естіген әке-шешесі Унамен барлық қарым-қатынастарын үзеді. Тұрмысқа шыққаннан кейін актрисалықтан бас тартқан Уна бар өмірін отбасына арнайды. 1952 жылы Америкадан сыртқа кетіп бара жатқан Чаплин бар байлығын, банктегі есепшоттарын әйелі Унаның иелігіне қалдырады. Қайтар жолында оған АҚШ-қа кіруге тыйым салынады. Күйеуіне адалдық танытқан Уна Чаплиннің бар байлығын Америкадан алып шығады әрі сол елдің азаматтығынан да бас тартады. Швейцарияның Вева атты шағын қаласына қоныс тепкен екеуі бақытты ғұмыр кешеді. Уна Чарльзге Кристофер, Юджин, Майк есімді үш ұл, Джеральдина, Джозефина, Джоана, Виктория, Анна, Эмиль атты бес қыз туып береді. Ең кіші сәбиі дүниеге келгенде даңқты актердің жасы 73-те болыпты.
Дайындаған Марфуға ШАПИЯН
(Толық нұсқасын «АҢЫЗ АДАМ» журналының №7 санынан оқи аласыздар)
facebook парақшасынан алынды




