«Протон» апаты болған жерде залалсыздандыру жұмыстары толығымен аяқталмайынша, осы үлгідегі зымырантасығыштарды ұшыруға болмайды. Бүгін апатты жою бойынша құрылған арнайы жұмыс тобының отырысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай хабарлады.
«Бүгінде залалсыздандырудың үшінші кезеңінен кейін концентрацияның деңгейі 9,2 есеге артық болып тұр. Біз осы көрсеткішті қалыпты деңгейге дейін төмендетуіміз керек. Сондықтан, залалсыздандыру жұмыстары толығымен аяқталмайынша, келесі «Протонды» ұшыру туралы әңгімені қозғаудың өзі қисынсыз», — деп атап айтты министр.
Бұған дейін «Роскосмос» «Протон» үлігісіндегі кезекті зымырантасығышты ұшыруды 17-қыркүйекке белгілеген болатын. Жиынға қатысқан «Роскосмос» федералдық ғарыш агенттігі басшысының орынбасары Сергей Савельев оның ендігі ұшырылу уақытын нақты айтқан жоқ.
kaztrk.kz


