10 сәуірде Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен академик Қаныш Сәтбаев атындағы көшенің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Елордадағы Левон Мирзоян атындағы көше Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс шақырылған сессиясының шешімімен қала тұрғындарының қалауы негізінде Қаныш Сәтбаев көшесі болып өзгертілген болатын. Енді қаулы заңды күшіне еніп, көше атауы Қ.Сәтбаев көшесі болып өзгертілді.
Ерлан Сыдықов, ЕҰУ ректоры:
— Бұл көшені Қаныш Сәтбаевтың атымен атауымыз бүкіл қазақ үшін үлкен қуаныш. Нобельдік сыйлықтың деңгейіндегі жаңалықтар ашып, Сарыарқа төсін зерттеген ғалымға көрсеткен құрметіміздің айғағы. Болашақта бұл көше Қарағанды тас жолына дейін созылатын болады. Дәл осы көшеге Қаныштың есімін беруде осындай мән бар. Астанадағы ең үлкен даңғылға айналатын көшеге Қ.Сәтбаевтың атын беру арқылы біз оның руыхна құрмет көрсеттік.
.jpg)
Айта өтейік, Астанадағы көшелердің негізі бөлігі қазақ тілінің атауына ие. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы көше атауларының 93 пайызы қазақ тілінде аталады. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, Елордада мыңға жуық көше болса, оның негізгі бөлігіне мемлекеттік тілде атау берілген.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,
Ғабит МАДАЛИЕВ (фото).



