Сарыөзекке келіп тұрып Шоқан ауылына бармасаң, бірдеңеден құр қалғандай болады екенсің. Сол үшін солай қарай тарттық.
Шоқан ауылына былтыр бір топ журналист болып келгенбіз. Зиратына, мұражайына, ескерткішіне зиярат жасап қайтқанбыз. Биыл да блогерлер болып, тағы соқтық. Зиратының басы шоқ гүлдерге толыпты. Соған қарағанда, келетін кісі қарасы көп ұқсайды. Мұрайжайда да қонақтар көп. Мерейтойға дайындық басталып кеткен. Ал ауқымды шара қара күзге жоспарланыпты…
Мұрайжай қызметкері бізге мұражайды жәдігерлерін көрсетіп, түсіндіріп жүр. Бұрын байқамаған екем, мұражай сөресінде Шоқанның өзі салған ұйғыр әйелдің суреті бар екен. Осы сурет біраз ой қазбалауға жетеледі…
Шоқан Қашқарияға барған сапарында Шынаргүл (Сәбит атамыз солай атаған) атты қызға үйленгенін білеміз. Сәбит Мұқанов осы қызды Шоқанның Қашқарияға сапары кезінде үйленген әйелі деп жазды. Тіпті, Мұқановтың бұл жайлы «Қашқар қызы» атты пьесасы да бар. Иә, Қашқарға Әлімбай саудагер болып аттанған Шоқан үйленуге мәжбүр болған. Себебі, ол жақтың салты сондай. Уақытша некеге тұру керек. Сөйтіп, ұйғырлар он алты жастағы Шынаргүл деген қыздарын Шоқанға ұзатқан. Екеуі де бір бірін қатты ұнатыпты дейді. Бірақ, жол ауыр болғандықтан, Шоқан елге қайтарында ол қызды өзімен бірге ертіп әкеле алмаған. Бар болғаны 5 ай бірге тұрды. Тіпті, олардан ұрпақ та болмаған. Бұл кезде атамыз 22 жаста болатын.
Енді Шоқанның екінші әйелі туралы айтсақ. Шоқанның нағашылары Баянауыл өлкесіндегі атақты Шормановтар еді. Нағашы ауылына келген Шоқан Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленеді. Алайда, көп ұзамай 29 жасында Шоқан бақилық болды. Өмірден өтерінде Шоқан Айсарыны жалғыз қалдырмауды аманаттаған. Сөйтіп, әмеңгерлік салтымен туысы Жақыпға ұзатылады. Білетіндердің айтуынша, сол кезде Айсары жүкті болған. Кейін Мәлік есімді ұл дүниеге келген. Алайда, ол туралы ақпаратты әлі күнге шейін жасырып келеді.
Шоқан туралы айтқанда, Любаның да есімі тілге оралады. Ол 17 жасында Кадет корпусында оқып жүргенде губернатор Густав Гасфордтың әйелі Любаға ғашық болған. Ол жайлы Шоқанның өзі де «оның аты да, заты да махаббатқа тұнып тұр еді» деп жазады. Люба бұл кезде ауыр дертке шалдыққан болатын. Бірақ, ол дерті Шоқанға деген махаббатынан күшті емес еді. Шоқанның осы ғашықтығы жайлы Омбыда «Любина роща» атты пьеса қойылды. Айтпақшы, «Любина роща» деген Шоқанның өз сөзі екен. Достары одан «Қайда болдың?» деп сұрағанда, осы тіркесті айтыпты. Бір қызығы, қазір Омбыдағы осы жер Любинский проспект деп аталады. Оны қиятын бір көшеге Шоқанның аты беріліпті.
Serikbol Khassanov facebook парақшасынан алынды





