Қазақ хандығының 550 жылдың мерейтойына байланысты он бөлімді тарихи сериал түсіру жоспарланғаны белгілі. Соған байланысты осы сериалдың режиссері Рүстем Әбдіраш aynaline.kz сайтына сұхбат беріп, онда нағыз қазақ жігітін тапқанын былай деп хабарлаған еді: «…таяуда Алтайда қазақтың дәстүрлі тұрмысын көріп өскен Әріби-Әрібек деген жігітпен таныстым. Өзі «Қобыландыдан», «Алпамыстан» үзінділер жатқа оқиды екен. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет ғұрпын жетік біледі. Осындай кейіпкерлер табылып жатса, біз қуана қарсы аламыз». Осында айтылған Әріби-Әрібек деген жігіт кім деген сұрақ оқырман санасына ұялаған болар. Ендеше, біздің бүгінгі сұхбат сол сұраққа жауап болмақ.
– Әріби-Әрібек, Рүстем Әбдірашпен қалай танысып жүрсің? Егер, кастинг арқылы танысқан болсаң, тағы бір сұрағым бар: осыған дейін түсірілген тарихи фильмдерге неге бармадың?
– әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған «Біз» деген студенттер театры бар. Сонда актер болып жүрген Сәкен деген студент жігіт бір әдеби кеш болып жатқанда «Қазақфильмде» кастинг болып жатыр, бірге барып қайтайық» деп ұсыныс жасады. «Сонда маған әртіс бол дейсің бе» деп өзін қағыттым. Өйткені, актер боламын деп өмірі ойлаған емеспін. Бірақ Сәкен басқа жақтан келіп «тиісті»: «Жайшылықта тарихи фильмдерді сынап отырасың, осы жолы өзің атсалысатын мүмкіндік келіп тұрған жоқ па? Сен ол жерге керексің» деді. Олай деп отырған себебі, мен ылғи тарихи фильм көрсем, көңілім толмай, ашынып, сынап бітемін. Және де ауылда жүргендегі атпен түскен суреттерімді достарыма көрсеткенмін, Сәкен соны да меңзеп сөйледі. Содан соң, Қазақ хандығының бес жүз елу жылдық мерекесінен немді аяйын дедім де, тегін болса да сол тарихи сериалға пайдамды тигізуге бекініп, бардым.
Барсам, киностудияда бірден сынақтан өткізбейді екен. Алдымен толтыр деп бір сауалнама берді. Қарасам, орысша. Содан соң, сол жерде отырған бір әйел кісіге барып, «Орысша білмеймін» дедім. Ол кісі таңғалды да, «Қолыңнан не келеді» деп сұрады. Айта бастадым: «Кез келген асауды бір-ақ күнде бұзау қылып беремін. Қайыс арқан, шылбыр, айыл-жырым өремін, терме-толғау айтамын, түйенің мұрнын тесемін, ат тағалаймын, бие сауамын, әкем екеуіміз ат жарытқанбыз» дедім. Содан ана кісі таңғалды да, мені қоюшы-суретшіге ертіп апарды. Ол кісілер біраз суретке түсірді. Қарасам, әлгі жерде ұстахананың заттарын салып жатыр екен. Байқаған қателерімді айтып едім, тіпті таңғалды. Керемет кісілер екен. Бірақ арасында өзара орысша сөйлесіп кетеді. Оған іштей ашуым да келіп тұр.
Содан не керек, қысқасы режиссерға ертіп апарды. Сол жерде домбырасыз ән салдым. «Қобыланды» мен «Алпамысты», «Қазақтың 1000 әніне» кірмей қалған Алтайдың бірнеше әнін білемін дедім. Жанында қызы отыр екен. Соның ұялы телефонының сымымен күрмеу, мыңғұлша күрмеу, қазық баулау, құсбау сияқты байлаудың түрлерін көрсеттім. Бір мезгілде сейфінен бір зат алып шықты да: «Осыны ешкім білмейді, не екенін білесің бе?» деді. Қарасам, бұйда ағаш екен. Оны қалай қолданатынын, оған сілбі тағып барып, бұйда жалғайтынын айттым. Әңгіме қызды. Рүстем аға маған Оспан батыр туралы біраз әңгімеледі. Сөйтсек, сол отырғаннан үш сағат отырып әңгімелесіппіз ғой.
– Содан қандай келісімге келдіңдер? Рөл беретін болды ма?
– Түсірілімнің басынан аяғына дейін менің жанымда боласың деді. Ал рөл әлі бөлінген жоқ.
– Енді актерлық білім алып жатсың ба? Дайындық бар ма?
– Сол жерде отырып режиссер «Nomad» каскадерлар клубына хабарласты. Ондағы Жайдарбек Күнқожаев деген кісіге: «Осындай бір жігіт бар, орысша білмейді, білгісі де келмейді екен. Өзің қадағалап оқытсаң» деді. Айтқанын істеп, бір аптадай сол жерде оқу-жаттығуларына қатыстым. Жалпы физикалық дайындық, қылыштасу, сахна төбелесі, арқанға өрмелеу секілді нәрселерді үйрендім.
– Енді лирикалық шегініс жасайық. Ата-анаң кім, қай жақта өстің, немен айналыстың дегендей…
– Мен шекараның арғы бетінде, қазақтың жерінде туып-өскенмін. Жайлауымыз Аршаты деген жер. Сол Аршатыдан Ертіс пен Шіңгіл басталады. Екі өзеннен де су ішіп өскенбіз. Ол жақта қырық күн шілдеде қар жауады. Таудың іші. Қымызды ішіп, артынан май жұтып алып, қарға аунап жататынбыз. Шоқыбек деген інім екеуіміз атамның түйежүн шалбарының қос балағына кіріп кетіп, алысып, ойнаушы едік. Жеті жасымнан бастап бәйгеге шаптым. Екі жүздей ат қатысқан бәйгеде атамның аты төртінші болып келгенде, мен Түйегермен алтыншы болып келгенмін. Түйегер деген бір бәйгеден түйе алған соң, солай аталып кеткен ат екен. Одан соң Маралбас, Көкқұнан, Қисықбас деген аттарым болды. Қисықбастың басы қисық емес, бірақ қамшылар жаққа бұрылмайтын. Ол үшін мінер жаққа бұрып, айналып барып бұрылу керек. Сондай қырсық мінезі үшін Қисықбас аталып кеткен екен.
Оспан батырдың әскерінде болған қариялардың әңгімесін тыңдап өстік. Өзімнің атам да Жылқайдар батырдың қол астында болған… Басқа да небір киноға бергісіз әңгімелерді көп естігенмін. Мысалы Ахмет деген Шіңгілдің шалы бар. Сол кісі жастау кезінде жалаң қолмен қасқыр алған. Былай болыпты: түнде тоңқорада ешкілері пысқырған соң, шықса, қорасына қасқыр түсіп кеткен екен. Қара тұмсықтан ұрса қасқыр сеспей қатады, соны істемек болып ұрып қалса, қасқыр да қулығын жасап, ауызын ашып қалыпты. Тістеген кезде тісі түйе жүн күпіден бірден өтпей қалады. Сол кезде Ахмет қолын тартудың орнына, бар күшімен қасқырдың көмейіне қарай сүңгітіп жіберіпті де, қасқырдың өкпе-бауырын суырып алыпты. Осындай жағдайды кинодан көргенің бар ма?
Мен көктеуліктен ортажайлауға көшіп бара жатқанда, көш үстінде, Бороба деген жерде туыппын. Сол жерде бір күн еру жасап, мені бесікке салған да, келесі күні көшіп жүре берген екен. Сол кездегі әйелдердің мықтылығы ғой.
Менің алдымда бес ұл, бір қыз шетінеген екен. Сол үшін де атам ешкімде жоқ атты қойған ғой, Әріби-Әрібек деп. Бірақ мен жарық дүниені көрген тұңғыш бала емеспін, маған дейін екі әпекем бар. Және де бір қарындасым өсіп келе жатыр. Шүкір.
Атам Патай да, атамның әкесі Ысқақ та қажы болған адамдар. Әкем Дауыл батырлар жырын жатқа білсе де, оқу оқымаған кісі. Анамның үш-ақ кластық білімі бар. Қазір Алматы облысындағы Ақсуда тұрады. Өзім былтыр жазда шаңырақ көтергенмін. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің төртінші курс студентімін. Жасым жиырма бестен асты. Оған дейін Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да оқып, аяқтамай тастап кеткенмін.
– Оқушы кездегі жетістіктерің бар шығар…
– Айтысқа қатысқанмын. Арғы беттегі Құрманбек Зейтінғазы деген атақты айтыскердің жанында біраз жүргенмін. Осы жаққа келген соң математикадан екі рет олимпиадаға қатысып, үшінші орын алғанмын.
– Атажұртқа оралғаннан кейін, туған жерге бардың ба?
– Жоқ.
– Неге?
– Ол енді бір қасырет… Жаңа айттым ғой, туып-өскен жерім туралы. Қыста көшкен кезде, түйелер өте алмайтын жерлер болатын. Сонда аяғы таймасын деп, түйені шөгеріп, үстінде жүгімен қосып итеріп өткізетін едік.
Өмірі мотордың дауысын естімей өстік. Анда-санда бір Моңғолияға қарай айропылан ұшатын. Соны көреміз деп жүгіріп жүруші едік. Ол өткенде ұйықтап қалсақ, әке-шешемізге ренжіп, байбалам салатын едік. Өйткені одан басқа мотордың дауысын естіп көрмегенбіз, бала болған соң қызық көреміз.
Біз 2007 жылы көштік қой. Ал 2009 жылы сол түйе өте алмайтын жерге Қытай тас жол салып тастады. Қазір ол жаққа көлік қатынайды. Енді өзің ойлап көр: ол жерде не көрік қалды?
– Соңғы сұрақ: шекараның екі жағындағы қазақтарды да көрдің ғой. Жұрт байқамаған нәрсені байқағаның бар ма?
– Егер жастар деген түсінікті отызға дейінгі адамдар деп қарайтын болсақ, Қазақстанның жастары мықты. Таза қазақша сөйлейтіндері көп. Қазақылыққа мойынбұру байқалатын сияқты. Ал арғы беттің қазақтары бұрын өте мықты болатын. Үлкендері, яғни отыздан асқандары дәстүрді де, тілді де жақсы біледі. Ал жастары қытайша сөйлеп кетті. Бері көшу де саябырсыды. Біз кеткеннен кейін жол салынғаны сияқты, қытайландыру саясаты да басталып кетті. Шіркін-ай, сол кезде қалған қазақтарды мылтықпен айдап болса да, көшіріп әкелу керек еді деген ой келеді…
– Сұхбатыңа рахмет. Үйің жанға толып, аталарың секілді қажылар өсіп шықсын. Қазақ қазақылықтан алыстамасын.
Сұхбаттасқан Арман ӘЛМЕНБЕТ
Суретте: Әріби-Әрібек Дауыл (оң жақта) ұстазы Мұрат Шаймаранмен
namys.kz



