ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында, шамамен жарты ғасыр бойы қазақ қоғамының интеллектуалдық және саяси өміріне пәрменді әсер етіп, мәңгі өшпес із қалдырған тұлғалардың алдыңғы шебінде Әлихан Бөкейхан болды. Әлекеңнің ұлылығы сан алуан. Ол ұлтын отарлық қыспақтан құтқарудың жолын іздеді, оны Алаш автономиясы идеясынан тапты. Ол қазақты бәсекеге қабілетті халықтар шоғырынан көргісі келді, оның кілті білім мен ғылымда жатқанын уағыздаудан жалықпады. Ол туған халқының жасампаз әлеуеті қолданыссыз жатқанына қынжылды, бірақ бұла күштің, тұма қайнардың көзін ашатын қауым зиялылар деп түсінді.

Ә. Бөкейхан 1889 жылы жазған алғашқы еңбектерінің бірінде қазақ халқының тарихи болашағын болжай: «Қыр халқы … білім-ғылым жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол … заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таңқалар я ойламай қатырар», деген ой-пайымын қағазға түсірген екен.
Көрегендігін өмірдің өзі дәлелдеді. Бүгінгі қазақ зиялыларының бір тобы алаштықтардың ізашар «қылғандарын көріп» масаттана таңқалса, екіншілері «қатыра ойламай», Әлихан Бөкейхандай таутұлға тарихта болмағандай кейіп танытуда.
Бірақ қазіргі күнімізден жүз есе, мың есе ауыр ортада да алдағы күннен жақсылық күткен Әлекеңнің сары уайымға салынбағанынан үлгі алуымыз керек. Ол халықты тарих субъектісіне айналдыруға күшін жұмсады. Тағы да сол 1889 жылы жазылған «Қарқаралы оязының Қотан-бұлақ, Западни Балқаш, Зайсан елдеріндегі егіннің жайы» мақаласында: «Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һеш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды… бірақ (оларды) қозғау керек», дейді.
Ал «қозғау» салушы кім?
Бұл сұрақтың түйінін арада 14 жыл өткен соң жазылған «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи» кітабы тарқатты. Біріншіден, қазақ хандығы XV ғасырда Шу бойында шаңырақ көтергені дәйектелді, екіншіден, алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібектің, XVI ғасырдағы Қасым ханның, XVIII ғасырдағы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың, Ұлы және Орта жүз хан-сұлтандары Абылайдың, Әбілмамбеттің, Барақтың, ХІХ ғасыр тұлғалары Кенесары мен Наурызбайдың есімдері үлкен құрметпен аталды, үшіншіден, «қазақ» терминіне әлі де ғылыми маңыздылығы жойылмаған этимологиялық талдау берілді.
Біз үшін маңыздысы мемлекеттік билік тұтқасын ұстаған тұлғалардың тарихи миссиясын талдағаны. Керей мен Жәнібекті «көшпелілер одағының негізін қалаушы», Қасым ханды «қазақ жерін жинаушы», Әбілқайырды Ресейге бодандық қабылдаушы, Абылайды қазақтың әйгілі ханы, Кенесарыны «атасы Абылайдан да атағы асқан» билеуші, Наурызбайды ержүрек әрі батыр деп сипаттауы жалаң мінездеме емес. Бұлар ұлы даланы ғасырлар бойы қалыптасқан заң, салт-дәстүр аясында басқарып, бәсекеге қабілеттілігін шыңдағандар. Осыған орай Ә.Бөкейхан өз ойын былайша жеткізеді: «Киргизы относились свободно к своим султанам и ханам, признавая их власть, пока их интересы совпадали с видами самоуправляющихся родов». Мемлекеттік билік пен билеушінің, батыр мен би институтының тарихи миссиясы отарланумен дағдарысқа түскені, ол халықтың наразылығын тудырғаны автордың қаперінен тыс қалмаған. «Киргизы, — дейді Әлекең, — никогда не знавшие верховной власти, которую немыслимо было создать в вольной степи, где искони традиционная форма власти сосредоточивалась в руках самоуправляющегося рода и его вожаков, в ХІХ веке вошли в состав населения степных областей. Признав свою зависимость от русского правительства, кригизы не сразу помирились с этим положением и даже пытались потом снова восстановить свою независимость, но эти попытки закончились неудачей».
Білім мен ғылымның құдіреті артқан ХІХ-ХХ ғасыр зиялысы деп Ә.Бөкейхан оқыған адамды білді. Мәселен, 1917 жылы Алаш қайраткерлерінің шоғыры қол қойған хат қазақ зиялыларына бағышталыпты. Онда зиялыларға «комитет яки управа ағзалары, комиссарлар, милитсия бастықтары, шенеуніктер, ушителдер, мұғалімдер, қазилер, мұһтасиптер, моллалар, газетшілер, инструкторлар, прикашиктер, конторшиктер, докторлар, фелдшерлер, судиялар, адвокаттар, тағы тағылар» жатқызылып, осынау қауым жинақтама түрде «оқыған зиялылар» терминімен айшықталған. «Қазақ» газеті аталған хатпен қоса «телеграмма сөзін» облыстар мен ояздарға жолдайды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, тағы басқалар қол қойған телеграммада қазан төңкерісінен кейін мемлекет бетімен жайылып кеткені, кешікпей талан-тараж, қырғын басталуы мүмкін екені, алдымен қазақ халқы сорлайтыны ескертіледі. Мәселе «шұғыл аса зор болғандықтан» құрметті ақсақалдарды һәм оқығандарды шақырып, 5 желтоқсанға қарсы Орынборға әр ояздан жұртқа қадірлі екі ақсақалдан, облостной комитеттен екі оқыған кісіден жіберуді өтінеді.
Демек Ә.Бөкейхан ғасыр басындағы аласапыранда ел мен жердің тағдыры бірінші кезекте зиялылар қолында қалғанын саяси-практикалық және ғылыми-танымдық тұрғыдан дәйектей алды.
Бұл аяқ астынан туындаған қорытынды емес еді. Қазақ көшбасшысы зиялылардың тарихи миссиясын осыншама биік деңгейде бағалауға Абай мен Л.Н.Толстойдың, Шәкәрім мен В.Г.Короленконың, Г.Потанин мен И. Гаспринскийдің, Л.Пастер мен И. Мечниковтың, Ж.Жорес пен Бебельдің өмір жолын, шығармашылық мұраларын, қоғамға тигізген шапағатын қапысыз танығандықтан орын берді. Г.Потанинді: «Қазақты туғанындай жылы көреді, бишарасың деп қазаққа қорған болады. Өз ғұмырында қылған жұмысы, жүріп-тұрған мінезі анық әулиенің ісіндей», Семенов-Тянь-Шанскийді: «Омбыда жас офисер Г.Н. Потанин мен біздің қазақтың орысша оқығанының жалғызы Шоқанға жолыққан. Шоқан менен Потанинді ғылым жолына бастаған…Үкімет адамының арасында жалғыз еді. Мұндай ғылымды, көңілі таза адам бұл араны жайламайды», Гаспринскийді: «Өзінің заманында жалғыз Ресей мұсылмандарының ғана емес, бүтін мұсылман дүниясының ұлық адамы еді», Пастерді: «Білім күн сияқты: көрінгеннің бәрін жарылқайды. Пастердің жылы жарығы түспеген адам баласы жоқ. Келешек уақта Пастердің жарығына жылынбаған адам баласы болмайды. Адам баласы ұмытпайтын бір адам Пастер» деген тұжырымдарымен ұлтына, мемлекетіне, барша адамзатқа шапағаты тиген әрбір зиялының мәртебесі мен міндеттерін тиянақтағанын мойындауымыз керек.
Әлекең қазақ оқығандарының әлеуметтік дамуындағы олқылықтарды, қоғамдық-саяси позицияларындағы алшақтықтарды жақсы білді. Ұлттық жоғары оқу орындарын ашатын күнді армандады. Тіпті қазақ даласындағы ғана емес, Ресей империясының қол астында қалып келген Польшаның астанасы Варшавадағы университет пен политехникалық институт жабылуы немесе Пензаға қоныс аударуы мүмкін деген хабарды естісімен «Новый вид борьбы с революцией» атты мақаласын жазуы оның білім мен ғылымға, оқыған мамандарға зор жауапкершілік артқанын айғақтайды.
Халқына қызмет қылу жолына түскен оқығандарға тағдыранықтағыш маңызы зор екі мәселені ескертті. Бірі – бұл жолдың азапты да қатерлі жол екенін, екіншісі – отар өлкенің ілгері дамуы өз әлеуетіне ғана сүйенумен жүзеге аспайтынын қаперге салғаны. Айталық, «Қазақ» газетін шығарушы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы абақтыға жабылғанда Әлекең адамгершілік жолынан таймағаны үшін жазаланған әйгілі адамдарды айта келе, «бауырым, Ахмет, Мирякуб! Сен екеуіңнің абақтың Радишев пен Новиков абақтысы… Біздің Ресейде абақтыға жатпаған жақсы адам кем… Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе, не армандарың бар!» — деумен соңына ерген ниеттес зиялылар қауымын тәрбиелегені ақиқат.
Ал 1914 жылы айтқан: «Қазақ сияқты аз, кеш жұрт мақсаты біреуге ілесіп жүріп болады ғой. Өз бетімен қазақ жол аша алмайды ғой» теориялық-методологиялық пайымы 1917 жылы толық дәлелденді. Ақпан айындағы буржуазиялық-демократиялық революция, қазан айындағы большевиктік төңкеріс алғашқыда Алаш автономиясына, 1920 жылы Қазақ кеңестік социалистік автономиясына қол жеткізді.
Қайраткер ойшыл Әлихан Бөкейхан ұлт зиялыларының тарихи миссиясын эволюциялық даму арнасындағы қоғам талаптарымен ажырағысыз бірлікте қарастырды. Сондықтан да большевиктік билік орныққанға дейінгі Қазақстанда ол құрған Алаш партиясы мен жақтастарының саяси табысқа жеткені де, мерейі үстем болғаны да рас. Қызыл әскердің күшімен өлкеде революциялық қайта құрулар қолға алынған сәттен Ә.Бөкейханға, оның идеяларына, оның серіктеріне қарсы жорық басталды. Ахуалдың түбегейлі өзгергенін көрген Әлекең алдымен халқының болашағына алаңдады. 1917 жылдың 12 желтоқсанында ол былайша дабыл қақты: «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң 200 жылда басыңа бір қиын іс келді.
Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!».
Қыздырманың қызыл тіліне елірген біздің ел, өкінішке қарай, байыпты сөзге қонақ беруден қалған еді. 74 жыл төрт күн өткен сон ғана есімізді жиюға бет түзедік. Бөкейхантану енді басталып келеді.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі.
zhebe.com


