Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Айткүл Махаева бауырлас қырғыз халқының аманатын жеткізді.

«Абылай ханның тұсында Сарыарқа жеріне көптеген қырғыздар келгені белгілі. Екі халықтың басын қосамын, бір ел етемін деген Абылай ханның бұл идеясы өз заманында қолдауға ие болды. Арада 3 ғасырға жуық уақыт өтіп, Сарыарқа қырғыздары қазақтың орта және кіші жүздерінің құрамына қосылып кетті. Бүгінде олар өздерін қырғыз емес қазақпыз деп атайды. Көптеген руларымыздың ішінде «қырғыз» деген ру атауының шығу тегі осыдан басталады. Кезінде қазақ ішіндегі қырғыздарды Әлихан Бөкейханов жан-жақты зерттеді. Олардың шежіресінде жасап шығарды. Толық шежірені қырғыз шежірешісі Алымбек Акылбек уулу жасаған болатын. Шежіреші Кеңес үкіметі тарапынан қудаланып, 1930 жылы Пензада жер аударылып жүргенінде қайтыс болды. Арада 70 жыл өткен соң Алымбектің шежіресі Бішкекте қырғыз тілінде жинақ болып шықты. Қырғыз халқының Абылай ханға деген құрметі ерекше. Оның тарихына қызығушылықпен қарайды. Шежірені өңдеп, қайта басып шығаруының сыры да осы. Бішкекке барған сапарымда қырғыз ғалымдарымен қатар, ел ақсақалдары қазақ ғалымдарына, тарихшыларына үлкен аманат тапсырған еді. Ол Алымбектің қырғыз тілінде шыққан шежіресін қазақ тіліне аударса деген тілегі. Бұйырса қазақ ғалымдары Абылай ханды зерттеген тұста осы аманатқа да назар аударады деп сенемін»,- дейді Айткүл Махаева.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
baq.kz



