Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Нұр-Мүбарак» Қазақ-Египет Ислам университетінің проректоры, ф.ғ.д, профессор Шамшадин Керім Кенесары ханға қатысты пікірін білдірді.

«Хан Кененің мемлекеттік басқарудағы және әскери жазалау әрекеттерін аймақтық-рулық тұрғыда бағалауды доғарып, «Қазақтың хандық үкіметін қалпына келтіру мақсатындағы жасалған реформалар» деп тану керек», — дейді профессор.
Сонымен қатар, Ш.Керім Кенесарының 1841 жылға дейінгі әскери әрекеттерін «ұлт-азаттық көтеріліс», ал, одан кейінгі іс-қимылдарын «соғыс» деп бағалау керек деп санайды.
Айта өтейік, Кенесары Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі, қазақ халқының соңғы ханы. Ол 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келіп, 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік – Сеңгір аңғарында шейіт болды. XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі бабаларымыздың елі мен жерінің біртұтастығын қорғап қалудағы қатты наразылығы, қазақ мемлекеттігінің тарихындағы ұлы оқиға екенін атап өткен жөн.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
baq.kz


