Зуха батыр ( кино сценарий ) (1)
ЗУҚА БАТЫР
( Кино сенериясы )
( ҚХР жазушысы Батырқан Құсбегиннің “ Зуқа батыр,, атты тарихый романы бойынша )
Екіраннан төбесіне бұлт шөккен алып Алтай таулары, жағадағы жартасты екпінмен ұрғылаған шалхар айдынды Үліңгір көлі, көк бұйра толқынды Ертіс өзені, Сауыр тауының бірінен-бірі асып, дізбектеліп жатқан быдырмақ жоталары, ақ басты Мұзтаушыңы сырғый келіп көрініс береді. Күмістей сақалы белуарына түскен ақсақалды қаумалаған бір топ адам “ Зуқа батыр қорғанын,, қоралай келіп, жүгіне отырады да, мұңды мақамды аят үні күңірене көтеріледі.
Іле-шала ірі әріптермен жазылған “ Зуқа Батыр,, деген кино аты екіранға шыға келеді. Одан кейін сенерия авторының, режиссердің, офератордың. сазгерлердің, әртістердің тағы басқа кино қызметкерлерінің аты-жөндері дізбектеле өтеді де, төмендегі көріністер жазулар артынан жылжып өтіп жатады:
Қазақтың жасау-жапдыққа сірелген алты қанатты киіз үйінде әлде кімдер екі қолы артына мықтап байланған жалғыз жігіттің шекесіне асық басып, оны жаналқымға алып қинап, сұраққа тартып жатады. Осы бір жауыздық қыймылдар жанын түршіктірген бала жігіт Зуқа төрде отырған ел жуандарына босаға жақта кектене қарап тұрады.
Тағы да киіз үй ішінде Зуқа әлдекімдермен айтысып жатады. Еріндері жыбырлай ашылған ауыздар, ійзелген және шәйқалған бастар қайта-қайта көрініс береді.
Бірінің соңынан бірі қайтқан қаздай дізбектеліп, үдіре көшіп келе жатқан Қазақ ауылдарының көші тау арасында, сағым жортқан сары далада және көк орайлы өзен жағасында жылжып барады. Көш алдында ақбоз атқа мінген Зуқа батыр кетіп бара жатады. Бір кезде ол жанында келе жатқан Қазанбайға алдынғы жақты қамшысымен нұсқап бірдемедер айтады. Оның сөзін шұлғый тыңдап, басын әлсін-әлі ійзеген Қазанбай атының басын бұрып, көш артына қарай шаба жөнедеді.
Ығы-жығы қонған қараша үйлі қалың ауылдың жанындағы жазықта сарбаздар машық жасап жатады. Қаптал шапанын желбегей жамылған Зуқа жота төбесінде сарбаздарының әрбір қыймылын қалт жібермей бақылап тұрады:
Біреулер атпен шауып келе жатып, үзеңгіге отыра қалып, алды-артына қарай кезек мылтық атса, енді біреулер ағаш бұтағына самсыта ілінген теңгелерді мылтық қарауылына іліндіре сығылап тұрады ; Енді біреулер шауып бара жатқан атпен жүгіре жарысып, оған сап етіп мінсе, тағы біреулер атпен ағызып келеді де, жерде жатқан теңгелер мен шыттарды ат үстінен іліп ала жөнеледі ; Және біреулер адам бойының биктігіндей етіп керілген жіптен секіріп өтіп жатса, тағы біреулер біреуін-біреуі ат үстінен аударып алып, бірін-бірі байлап жатады. Осыларға қарап тұрған Зуқаның жүзіне ырыйзашылық күлкісі ойнап шыға келеді де, белбеуіне қыстырған мауезірін жұлып алып, ыра төмен шаба жөнеледі.
Қазақ ауылдарының жау шапқан сүркейлі көрінісі көлденең тартылады да, ауылға қарай өлермендене өңмеңдеп келе жатқан Мұңғұл жортуылшылары мен жау шеріктері және ақ орыс бандылары көрінеді. Бір кезде олар тұйықсыз жауған қалың оқтың астында қалады.Осы кезде қылышын білеген Зуқа тау басынан шыға келеді де, қалың атты сарбаздарын бастап, қашқан жауды тырқырата қуып бара жатады.
Ұзын үстелді қоралай қаз-қатар тізіліп отырған офитсердер және үстел басында оларға қарап, әлде нені айтып жатқан Алтай аймағының губернаторы көрінеді.
Ауылдың ортасындағы ақбоз үйдің жанында Ыбырайым мен Жақия жан-жақтарына жапақтай қарап, үрейлене сыбырласып тұрады.
Сарсүмбе қаласының ортасын қақ жарып ағатын ақжал толқынды Қыран өзені жағадағы жартастарды ашулана сүзгілеп, буырқана ағып жатады. қаланың ортасына тайау осы өзенге ағаштан салынған үлкен көпір, сол көпірдің орта тұсына таяу сым темірмен ілінген Зуқа батырдың кесілген басы және оның жанына Қытай, Қазақ тілдерінде жазылған “ Кімде-кім өкіметке және ұлықтарға қарсы шығатын болса, оның көретін күні осындай болады,, деген лозынка (жарнама ) көрінеді. Бара-бара Зуқаның қараңғы түнекке қадала қараған кекті жанары біртіндеп зорайып, екіран бетін бір-ақ алады да, екіран сыртынан: “ Әділетсіздік пен теңсіздік бұғауы сан ғасыр бұғаулаған қазақ даласында жауыздық пен езгіге қарсы тұрып, теңдік пен әділетті аңсап, алға басар арман үшін күрескен талай-талай боздақтар мен батыр азаматтар өткен еді. Алтай сахарасында жасаған Қазақ халқының батыр ұлдарының бірі – Зуқа міне солардың бірі,, деген сөз естіліп, екіранға “ Алғашқы бөлім,, деген жазу шығады.
Алғашқы Бөлім
Әр жерде домаланып жатқан сыйырдың бүйрегіндей быдырмақ Сауыр тауы, Осы таулардың анасындай аспанға бой созып тұрған айбынды мұзтау шыңы, Саршоқы жайлауындағы Жеңісқан гүңнің ( Бір кезде Қытайды билеген Ежен хандығының ақсүйектер мен төре тұқымдарына берген лауазымы ) ауылы. Гүңнің 8 қанатты ақ күмбездей ақордасы айырықша апай төске тігілген. Ауыл маңында аттылы-жаяу жүрген бірде-екілі адамдар, бие бауда байлауды тұрған биелер мен құлындар ; желі басында жатқан қозы-ылақ пен тайынша торпақтар көрінеді. Ал ауыл сыртындағы тау арасында мыңғырған қойлар мен үйір-үйір болып үйездеген жылқылар жатады. Қарны қампайып баяу мамырлаған сыйырлар көк шалғында емін-еркін дүзіп жүреді. Тайпалаған жорғаға мінген екі адам ауыл ортасындағы ақбоз үйге келіп, белдеуіне ат байлайды да жарқ етіп үйдің іші көзге түседі.
Гүң ауылының қара жұмыстарын істейтін төленгіт ауылдары ауашарақ қонған. Осы қараша ауылына таяу топырақ дауалдан салынған екі ауызды медіресе ішінде кең ыйықты, қойу қара сақалды, отты жанарды, орда бұзар отыздың етегінен ұстап үлгірген ( бұл кездегі нақты жасы 32 мөлшерінде ) мыйзамша киінген Зуқа жас құрамдары әрқалай жыйырма неше шәкрт балаларға көнеше сабақ өтіп жатады. Осы кезде екіранға “ 1899-жылы Зуқа Сауырдағы Жеңісқан Гүң ауылында,, деген жазу шығады да, көрініс тез ауысып, күн ұясына кіріп бара жатқан ала кеуім шақта Зуқа өзінің балалары және бір топ шәкірттерімен бірге үйінің қасындағы төбе басында ауылдың кешкі тірлігін тамашалап отырады. Бір шақта олардың көзіне ерін бауырына алып, тепкілене шауып келе жатқан атты жан таласа қуалаған бір адам түседі. Зуқа дереу орнынан тұрып:
— Қуалама! – деп айғай салады. Алайда, Зуқаның айғайын естімеген ол адам атты қуалаған күйі гүң ордасына қарай тартады. Ордасының алдында бір топ адаммен әңгімелесіп тұрған Жеңісқан гүң ордасына қарай қашқан атты қуалап келе жатқан бейсауат адамды көріп:
— Мына бейбастақ неме кім өзі? – деп айналасына тыжырына қарайды. Оның аузынан осы сөз шығысымен-ақ топ ішінен екі шабарман суырыла шығып, кермеде байлаулы тұрған қонақтардың атына апаш-құпаш мінеді де, әлгі адамға қарай сатырлата шаба жөнеледі. Бұны көріп тұрған Зуқаның кіші ұлы Шәми:
— Аға, аналар неге шауып барады? Ана қашағанды ұстасып бере ме? – деп сұрағанда, оған ағасы Солтаншәріп:
— Гүң ордасының жанынан шауып өткен соң ұстағалы бара жатыр – деп жауап береді. Бұны толық түсінбеген және бір кішілеу шәкрт бала:
— Орданың жанынан шауып өтсе неге болмайды? – деп таңқала сұрағанда, жасы үлкендеу және бір шәкрт бала:
— Орданың жанынан шауып өткенді қойып, ордаға қамшы алып кіргендерге де шабармандар дүре соғады – деп жауап қайтарады.
Аздан соң қуғыншы екі шабарман әлгі адамды орданың қасына алып келеді де, қамшының астынан алып сабай жөнедеді. Көп өтпей әлгі адам аяғын сылтый басып, ерін арқалап, жаяу кетіп бара жатады.
хххххххххх
Осы күні ел орынға отыра Зуқаның үйіне оның немере ағасы Төлегетай және Ителі руының жас зәңгілері Әкеми мен Дүкеибай келіп түседі. Олар төр алдына жайғасып малға бата жасағаннан кейін, бір дізерлей көтеріле отырған Әкеми:
— Зуке! – дейді – өзіңіз де естіген боларсыз, өзіміздің Іителі ( ру аты, 12 абақ керейдің бір табы ) Байқадам деген жігіттің алғалы отырған жесірін Қазыбек ( ру аты, 12 абақтағы жәнтекей руының бір табы ) Ылақ ( керей руы ішіндегі атақты билердің бірі ) би өзінің бай немересіне тартып әперіп, Ителіні қорлап, сүйегіне таңба салып отырғаны.
— Бұны мен де естігемін. Сонда ел-жұрттарың бұл дауды қалай шешеміз деседі? – деп сұраған Зуқа бағанадан бері айылбасын жөндеп отырған айылды босаға жаққа қарай лақтырып жібереді. Сөзді Дүкенбай алады:
— Біз Ителінің ақсақал көк сақалдарын жыйнап, көп рет кеңес құрсақ та бір байламға кеде алмадық. Сонымен ел-жұртыңыз сізді талай жыл Жеңісқан гүңнің қасында болып, керейдің талай дауын көріп, талайлаған тарлан билердің сөзін естіген, аузында сөзі, қолында хаты бар жігіт қой, бір тапса ақылын сол табар десіп, бізді сізден ақыл-кеңес сұрап келуге жіберді.
— Мұқым Ителінің “ Бұқарбай,, ұранын көтеріп намыс буған жігіттері Қазыбек жесірімізді қайтармаса, тұп-тура Ылақ бидің ауылын шауып, жесірімізді тартып аламыз десіп жүр – деп сөзге Төдегетай ( Зуқаның немере ағасы ) араласты. Бағанадан бері үнсіз мүлгіп бұлардың сөздеріне құлақ қойып отырған Зуқа Төлегетайдың сөзі аяқтай салысымен басын көтеріп оған жалт етіп қарайды да, сөз бастайды:
— Бала оқытып молла болған көптер бері еңсемді қайратсыздық пен мүлгіген сопылпқ басып, өзімді бақый дүние үшін істейтін әлжуаз жанға айналып бара жатқандай сезіне беремін. Оның үстіне гүң ордасының айналасында болып жататын алуан түрлі әділетсіздіктер мен теңсіздіктер ыйығымды жаншып тұрады. Сондықтан моллалық пен сопылықты тастап, ел ішіне көшіп баруға бекіп отырмын. Екі-үш күннен қалдырмай көлік әкеп, мені ел ішіне көшіріп алыңдар?! Ал ел-жұртың сәлем айтқан екен, оған қолында билік тасы мен ұқық мөрі жоқ мен қазір не дейін. Ел ішіне барғаннан кейін көре жатармыз. Әзірше сабырлылық ете тұрыңдар. Аптығып бірдемеге ұрынып қалмаңдар!
хххххххх
Жанында екі жігіті бар Зуқа түс ауа Әкемидің үйіне келіп түседі. Әкеми оның алдынан шығып, сәлем беріп, аттан қолтықтап түыіріп алады. Көп өтпей бұл үйге Ителінің атқа мінер азаматтары жыйнала бастайды. Олар қымыз ішіп, ет жеп, қоңыр әңгіменің соңында отырғанда үй іргесіне атпен дүрсілдетіп келген біреу шылбырын белдеуге іле салып, үйге асығыс кіріп келеді. Бұл Ителі елінің Қазыбек Ылақ биге “ Арадағы жесір дауын берекемен бітірсек,, деп жіберген елшісі Бұтарбай еді. Ол есіктен сәлем бере кіріп:
— По, таңдайымның кеуіп кеткенін-ай! – деп қазан-ошақ жақтан бір бақыр суды іліп алып, салқ-сұлқ жұта садады да, дастархан шетіне келіп, дізесін бүгеді. Ол отырар- отырмастан бағанадан бері оған тақатсыздана қарап отырған Әкеми:
— Иә, Бұтарбай, Қазыбекке бардың ба? Ылақ би не айтады? – деп асыға сұрау тастайды. Үй иесінің әйелі ұсынған қымыз толы шараны қолына ала берген Бұтарбай:
— Қазыбекке барып, Ылақ биден жерден ауыр сөз естіп келдім – дейді.
— Е, сонда не дейді?
— Найқалмай айтсаңшы тез! – деп отырғандар жамырай сұраса қалады.
— Мен барып сіздердің сәлемдеріңізді жеткізер-жеткізбестен-ақ Ылақ би “ Атаңның аузын ұрайын, жаман Ителі, Қазыбекпен теңесіп сөйлесуге қашан жеткен екен? Бұдан кейінгі қатындарына ие болып алса, Ителіге сол да жетеді,, деп жауап берді.
Бұтарбайдың бұл сөзін естіген үй толы адам бір-біріне аңыра қарасып, үн-түнсіз отырып қалады. Бір шақта төрге таяу отырған Зуқа еңсесін көтеріп, төр алдында жағалай отырған адамдарға ашу оты ұшқындаған жанарымен жағалай қарап шығады да:
— Е, немене, тап бір патша әскері басып кіргендей, Ылақтың бір ауыз сөзіне еңселерің түсіп кетті ғой, түге?! Көтеріңдер бсатарыңды! Бұл Қазыбек асқан екен, бірақ, “ Асқанға тосқан бар,, екенін білмейді ғой, “ Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар,,, Ителінің ұлдары да анасынан туғанда бір-бір қой қалжа жеген. Төлегетай, Қайса тұрыңдар орындарыңнан! Тап қазір қару-жарағы сайланған жыйырма жігіт жыйнап әкеліңдер! Ылақтың не кереметі болса да мен көрейін! – деп айғайлап жібереді. Осы кезде төрде отырған бір шал Зуқаға қарап:
— Е, бәсе, Ителіден де осындай бір ұл туса керек еді! – деп басын изесе, ру намысына қызынған бір топ жас жігіттер Төлегетай және Қайсамен бірге “ Бұқарбай! Бұқарбай!,, деп ұран сала үйден атып-атып шыға береді. Сатырлата шапқылаған ат дүбірі мен айғайлаған үндер көпке дейін естіліп тұрады.
хххххххххх
Күн ұясына отырып, ымырт үйіріле бере Төлегетай, Қайса бастаған Ителінің Жыйрма неше мықты жігіттері Зуқа ауылына жыйналады. Олардың бәрінің қанжығаларына байланған тиекті арқандары, тақымдарына қысқан қайың шоқпарлары бар. Ықшам киінген азаматтар ауыздық басып, тықыршып тұрған аттарының басымен жағаласып тұрады. Үйінен шығып, оларға бастан-аяқ шола қараған Зуқа мынаны тапсырады:
— Жә, жігіттер, сендер барымталайтын жылқы ійісі Қазыбектікі емес, тек Ылақ бидің өз жылқысы ғана болады, бұл бір. Екіншісі: адам өлтіріп дауды насырға шаптырушы болмаңдар! Егер қуғыншы болса, шынтақ пен дізеден ұрып, түсіріп кетіңдер! Оның әдісін сендерге Төлегетай үйретеді. Үшіншіден: жолға шыққаннан кейін сендерді Төлегетай мен Қайса басқарады. Олар нені айтса, сендер соны атқарыңдар! Бейбастаққық етіп, беттеріңмен кетпеңдер! Ал енді жолдарың болсын!
ххххххххххх
Жылқысы барымтаға түсіп бір күннен соң шалхар түс әлетінде Қазыбектің 200 ге тарта жасақты Жігітін бастаған Ылақ би Зуқа ауылына қарай үдіре тартып келеді.Қосын алдында қара атқа қаздиа мінген Ылақ би жанында келе жатқан жігіттен:
— Ителінің жігіт жыйнап, Қазыбекке тұрыстық беруге дәйін отырғаны шын ба екен? – деп сұрайды.
— Иә, биеке, солай сияқты, кеше біздің жігіттердің біреуінің үйіне Ителі жақтан келе жатқан бір жолаушы қонған екен, сол кісі Зуқаның қалың жігітті ауылына жыйнап жатқанын өз көзімен көріпті.
Жігіттің жауабын естіген Ылақ би қайтып ауыз ашпастан астындағы атын тебініп қалып, топтың алдына шыға береді. Оның соңынан ерген қалың жасақ та аттарының басын қоя берісіп, сар желіске түседі. Осы жүріспен олар Зуқа ауылына таяп қалғанда Ылақ би атын қамшылап жіберіп, көптің алдына көлденеңдей тұра қалып:
— Жігіттер, аттан түсіңдер! Біз осы екпінімізбен басатын болсақ, Жаман Ителінің тыпырын шығармаймыз. Бірақ, ертең бұл дау төрт би мен төренің алдына барғанда Ителі “ Қазыбек бір ауыз сөзге келместен ауылымды шапты,, дейді. Сондықтан мен өзім барып сөйлесіп, олардың ел, немесе, жау екенін біліп келейін. Жауымыздың төбесі жақында ғана көрініп тұрса да бізді жібермеді деп, әзірше маған өкпелемеңдер. Алла бұйырса, қол қарымын жазып, қайраттарыңды сынайтын шақ әлі де алда! – деген Ылақ би қасына екі адамды ертіп, Зуқа ауылын бетке алады.
Ол ауылға келгенде Зуқа алдынан шығып сәлем береді. Бірақ, Ылақ би Зуқаның сәлемін алмай, ат үстінде тысырая тұрып алады. Оның бұл бейнесін көрген Зуқа:
— Мен сені керейдің Ылағы екен десем, астына салатын тулағы екенсің ғой, пайғамбардың сүннаты деп саған сәлемді қор қылғанша, сол тулаққа артымды басып отырсам болғандай екен – деп қарқылдай күледі.
— Сәлеміңді алмағаным жолдан тайғандығым болар, ертең елдесіп жатсақ, айыбыңды аларсың. Өзің елсің бе, жаусың ба? Осыныңды білейін деп келдім. Әне, ана белдің астында Қазыбектің қалың жігіті мені тосып отыр. “ Шақабайлап,, ұран салсам-ақ болғаны түлкінің таңынан ілген бүркіттей, жаман Ителі, сенің тыпырлауға да мұрсаңды келтірмейді.
— Мен де ел болғандығым үшін ауылға басып кірсең де, алдыңнан шоқпар көтертіп бір адамды шығарғамын жоқ. Жүз байтал қалың берген жесірім үшін Ылақ сенің сексен неше жылқыңды барымтаға ұстағаным рас. Керейдің қасқа жолымен ұтсаң аласың, ұтылсаң бересің. Мен де міне жасағымды жарақтап дайын отырмын. Мықты болсаң, алдымен осыларды ат кеудесімен соқтырып көр! – деген Зуқа:
— Бұқарбай! Бұқарбай! – деп ұран салады. Осы кезде Ителінің ылғай мәлкілдеп отырған өлмелі кемпір-шалдары мен қызыл қарын балалары бірнеше үйден жамырай шығы келеді. Бұл топтың ең басында таяғына сүйеніп қалтырақтап келе жатқан тоқсанға келген Қоқымбай шал:
— Әй, Ылақ! Сен көптігің мен байлығыңды көрсетіп, жесірімізді тартып алғаныңмен қоймай, енді ауылға келіп ат ойтаттың ба?! Әй енді, сенің қолыңда өлейін-ай! – деп Ылақтың шылбырына ұмтылады. Осы кезде қайтерін білмей қатты сасқалақтаған Ылақ би:
— Әй, Зуқа! Ел болам десең мына өлімтіктеріңді тоқтат?! – деп қатты айғайлап, атының басын бұрып, өзіне қарай анталап келе жатқан кемпір-шалдардан ауашалана береді. Дәл осы сәтте:
— Тоқта, Керей, тоқта! – деп айғайлап, шауып келген ара ағайын Жәке би ( Он екі Абақ ішіндегі Меркіт руының әйгілі биі ) мен Жеңісқан гүңнің зұрғаны ( хатшысы ) Әбетай олардың ортасына көлденеңдеп тұра қалады.
хххххххххх
Қара суық күз айының соңғы күндерінің бірі. Түс ауып бара жатқан кез. Жеңісқан гүңнің сегіз қанатты ақбоз ордасының жанындағы кермеге оннеше ат дізіле байланған. Гүң ордасының іші сол заманның үлгісімен айырықша сәнді безелген. Төр алдында жағалай оннеше адам отырады. Бір кезде сүйек төсектің алдында көсіліп отырған гүң аяғын жыйып, дөңгелек қара сақалын сыйпап қойып, сөз бастайды:
— Қазыбек пен Ителі Сауыр өлкесінде төбеде басы, төскейде малы қосылып жатқан ел еді. Екі ел арасындағы татулық қаймағын бір шүйкебас бұзды. Ителі жесірімізді Қазыбек тартып алды десе, Қазыбек қалың берген соң қатын келіп үйіме кіріп алды дейді. Осыдан барып екі ел арасына жік түсіп, сойыл-шоқпар көтерісіп шықты. Абырой болғанда Жәке бидің араласуымен қан төгіліп ел шабылмады. Міне бүгін екі даугерді ордаға алдырып, ара ағайын сендерді осыған билік айтуға шақырып отырмын.
Осы кезде жағалай отырғандардан:
— Тақсыр, гүң, өте жақсы істедіңіз.
— Он екі керейдің арасында шешілмейтін дау бола ма?
— Сіздің билігіңізге қайсы керей көнбейді! – деген дауыстар жамырай, жарыса шығады. Жеңісқан гүң сөзін қайта жалғайды:
— Билер, ара ағайындар! Бүгінгі дауға мен билік айтпайын деп отырмын. Неге десеңіздер, Ителінің дауын қостап билік айтсам, онда Қазыбек жақ Жеңісқан гүң ұстазы Сәбит дамолланың ұлы, өзінің молласы Зуқаға тартты дейді. Ал Қазыбектің дауын қостап билік айтсам, онда Ителі жақ Гүңнің ата-бабасын он екі Абақ Керейге төре ету үшін Ылақтың бабасы Тауасар би алып келген. Төре баяғы Қазыбектің өз төресі деп өкпелейді. Сондықтан ара ағайын Жәке бүгінгі даудың төбе биі болса деймін. Бұған не айтасыңдар?
Осы кезде тағы да:
— Болады!
— Осыдан артық әділдік болмас! – деген үндер шығады. Осыдан соң бағанадан бері ійегін күпісінің жағасына тығып, тұқырып отырған Ылақ би:
— Бердім мен билікті Жәкеге! – дейді. Жеңісқан гүң Зуқаға қарап:
— Ал Зуқа сен не айтасың? Билікті Жәкеге беруге ыразысың ба? – деп сұрайды.
— Тақсыр, сіздің бұйыруыңыз бойынша болсын! Меркіттің әкесі, Керейдің Жәкесінен әділеттен аттаған теріс билік естімеспін деп отырмын. Мен де бердім билікті Жәкеге! – дейді Зуқа.
— Жә, ондай болса сөзімізді бастайық, алдымен Зуқа сен сөйле! Мына Ылақ бидің жылқысын неге барымтаға аласың? – дейді жамбастай жатқан жерінен көтеріле отырған Жәке би.
— Жесір дауы, жер дауы деген сонау атам заманнан бері жалғасып келе жатқан екі үлкен дау – деп жүрелеп отырған Зуқа Жәкеден көзін алмай суырыла сөйлей жөнеледі – Ителі жігіті Байқадам дегеннің үкі тағу, өлтірі жүргізу, есік көру дейтін ырым-жырымдары өтеліп болған, жүз байтал қалыңы берілген қалыңдығын мына Ылақ қатыны өлген әлде бір туысына тартып алып беріп, рулы Ителі жұртының намысына тиді. Осы іс туылғаннан кейін тамам Ителінің ақсақал, көк сақалдары жыйналып, елдің береке бірлігін ойлап, Ылаққа кісі салып, “ Билігін өзіңіз айтыңыз,, десе, Ылақ “ Ителінің Қазыбекпен теңесетін не теңі? Бұдан кейінгі қатындарына ие болып алса, Ителіге сол да жетеді,, деп кеуде көрсетіпті. Бұндай да асқан бар ма? Сонымен Ылақ сен Ителіден ассаң да төрт би төреден аса алмассың деп қалың берген жүз байталы үшін Ителінің Ылақтың жылқысын барымталап алғаны шын. Азғантай Ителі баласын байлығы мен көптігіне сүйенген осы жуан аталар қашанға дейін басына береді? Осының әділ билігін өздеріңіз айтсаңыздар екен?!
— Жә, Жәке, ендігі сөз кезегі маған келген шығар – деп құймалы насыбай шақшасын етігінің өкшесіне тықылдата ұра отырып сөз бастайды Ылақ би – “ Жаңсақтық көп болса ел жаңылар, боран көп болса жер жарылар,, дегендей, немере інім Бабақанның әйелі мезгілсіз қайтыс болды да, жыл айнала бере оған ылайықты адам іздедік. Сонымен осы күнгі құдамызға кез болып, домалақ қалыңын бердік те, келінімізді түсірдік. Ол кезде келініміздің Ителінің қалыңын беріп қойған жесірі екендігі құлағымызға тиген жоқ. Міне осындай басы ашық іске бола “ Менің жесірім еді,, деп тыныш жатқан елдің шырқын алып, аламды мініп, құламды жетелеген Зуқа тентек пе? Жоқ әлде, қалыңын беріп, келін түсірген мен тентек пе?
Ылақ бидің сөзі аяқтай сала біріне-бірі тебіте, өршелене дауға түскен Зуқа мен Ылақтың сөз сөйлеген бейнелері, жыбырлай ашылған еріндер, шәйқалған және ійзелген бастар екіраннан қайта-қайта көрініс береді де, бір кезде Жеңісқан гүң:
— Жәке би, менше екі жақтың айтарларының барлығы айтылып, шелектің түбі көрінді-ау деймін. Енді билігіңізді айтқаныңыз жөн бе екен? – деуімен Жәке жүрелеп отыра қалып, суырыла сөйлей жөнеледі:
— Жә, Ителі мен Қазыбек! Он екі Керей төбесіне көтерген Төре ордасында дауларыңды арыла айттыңдар, “ Әділ сөйлемегенді би деме, түселсізді үй деме,, деген екен бұрынғылар. Бағанадан бері екеуіңнің даударыңды қалт жібермей тыңдап, дуалы ойымның сарабына салып отырдым. “ Ер жаңылып орға түсер, құс жаңылып торға түсер,, дегендей, осы дауда Ылақ бидің табаны жолдан тайған. Бұның себебі: біріншіден, Ылақ би келініне құда боларда ол баланың басы бос па деп сұрап, жәй-жапсарын жете ұғыспаған. Екіншіден, Ителі елінен береке тілеп елші барғанда Ителіге кеуде көрсетіп, дұрыс жауап бермеген. Осыдан барып дау ұлғайып, барымта болған. Сондықтан мен Қазақтың қара жолының қағыйдасы бойынша мынадай билік айтамын: Қазыбек Ителіге қалыңсыз, беті ашылмаған бір қыз беріп, Ителіге жаңадан құда болады. Ителі жақ өлген-жіткенін толықтап, барымтаға алған жылқыны қайтарады. Бұдан кейінгі алым-берімді Ылақ би мен Зуқа ағайыншылап бітіреді де, екі ел бұрынғыдай береке-бірлікпен күн кешеді. Осымен Қазыбек пен Ителі арасындағы “ Жесір дауы,, салауат болады.
Жәкенің билік сөзі айақтасымен төрде жағалай отырғандар жабал бастарын изесіп, өзара күбірлесіп, шұлғысып жатады.
ххххххххх
Екіран сыртынан: “ Зуқа бастаған Ителі елі Сауырдан ауып, Ертіс бойы мен Жалпаққа келіп қоныстанған кез,, деген сөз естіледі. Бірін-бірі қуалаған толқындары жағаны сарп-сарп еткізіп ұрып жатқан шалхар Үліңгір көлі және көл бетінде қайшалыса қыйқулап, ары-бері ұшып жүрген алуан түрлі құстар көрінеді.
хххххххххх
Жерге боқырау түсіп, батыстың ызғарлы желі азынай ұлып тұрған сүркейлі күз күндерінің бірі. Зуқа ауылы қара құмды қыстау үшін келіп қонған. Жылқы құмалағындай шәшіла қонған қалың ауыл көзге түседі де, ауыл жанындағы жазықта бірнеше жерден жер кепе салып жатқан адамдар тобы көзге түседі. Осындай бір топтың ішінде жеңін түрініп, білегін сыбанған Зуқа бір үйдің үстіне матша қойып жатады. Осы кезде әлде кімнің:
— Әкәу, мынау кім болды екен? – деген таңданған дауысы оқыс шығады да, еңбек істеп жатқандардың бәрі бастарын жұлып-жұлып алып, жан-жаққа қараса қалады. Көп өтпей жайдақ қоңыр байталды ноқтамен мініп, суыт келе жатқан Білжәйдің ( Зуқаның інісі ) қарасы екіранда айқындала береді. Ол топты адамның жанына таяй бере Зуқа:
— Әй, саған не болған? Орыстар тонап кеткеннен саумысың өзі? – деп айғай салады.
— Орыстар тонаса, шегарадан өткен күна өзімізден дер едік. Өзіміздің керей Жәке тонады.
— Сонда ол не айтады?
— Зуқа жесірімізді бермей Жалпаққа қашып кеткен еді. Бүгін міне қорама өз аяғымен келіпті. Егер Зуқа он күн ішінде Жесірімізді қолымызға салмаса, осы сексен түйелік керуенінен күдерін үзсін деп сәлем айтты – дейді Білжәй жәйдақ мінген байталдан қыйнала түсіп жатып. Бұны естіген Зуқа үй төбесінен қарғып түсіп, үй маңайында шыр айнала жүріп кетеді де, бір кезде:
— Жә, Жігіттер, жағдайды естідіңдер, Қайса сен дереу атқа мініп, бұл хабарды Әкеми мен Дүкенбайға жеткіз! Жігіт жыйнап дәйін отырсын! Мен қасыма Қазанбайды алып, Сауырға барып Жәкемен бетпе-бет сөйлесейін. Төрт би төреге арыз айтайын. Егер олар Жәкені қолдап жатса, шатақтың үлкенін бастап, Жәкені шабамыз! – деп үйіне қарай шәпшәң адымдап жүріп кетеді.
хххххххххх
Сауырдағы Ласты өзенінің бойындағы Жәке ауылы. Шатыршалап жабылған әппақ там үйлер қатарлана көзге түседі. Мая-мая шөптер мен үйілген сабан-топандар үйлерден ауаша жыйналып, қоршалып тасталған. Ауыл маңайында көновой шана, пырощке арбалармен жұмыс істеп жүрген жұмыскерлер көзге түседі. Ласты өзенінің екі жағасын бойлай өскен теректердің сарғайған жапырақтары күз желімен төгіліп жатады.
Жәкенің қонақтарға арнап салғызған асты-үсті тақтайлы үлкен там үйінің іші. Төр жаққа салынған кілем-кілшедерде Мәми, Өміртай (Алтайдағы төрт бидің екеуі ) бастаған билер мен ақсақалдар жамбастай жатады. Олардан төменірек жүрелеп отырған Зуқа көрінеді. Бір кезде төрде шынтақтай жатқан Мәми ырғала басын көтеріп, айналасына шола қарап алады да, сөз бастайды:
— Е, Зуқа, мына жәке сені жесірімізді ел қара төске шыққанда береміз деп меркітті алдап, Жалпаққа қашып кеткен еді, сондықтан Жеменейге астық алу үшін келген сексен түйелік керуенін барымтаға ұстап қалдым. Осы дауымызды бітіріп беріңдер деп төре мен төрт биге арыз қылған екен, Биқажы ( Өміртай ) және Әбетай зұрған ( Жеңісхан гүңнің хатшысы ) үшеуіміз осы жұмысқа әдейі келдік. Мен билік айтсам, сен: құдасы Жәкеге тартып айтты дерсің. Сол үшін бүгінгі билікті Меркіт пен Ителіге ортақ Биқажыға айтқызсақ қалай? Бұған Жәке екеуің не айтасыңдар?
— Тақсыр Мәме! – деп Зуқа сөзді іліп ала жөнеледі – Рұқсат етсеңіздер, Жәкенің дауынан бұрын осы отырған сіздерден сұрап алатын екі ауыз сұрағым бар. Алдымен сол екі сұрағымды айтсам деймін.
— Айта бер!- дейді Өміртай Зуқаға недер екен дегендей тесіле қарап.
— Біріншіден – деиді Зуқа – кісі өлтіру, өрт қойу, пощта тонау, керуен талау Қазақ жосынында естіген адамның жаны түршігетін аса үлкен төрт қылмыс болып табылады. Біле білсе осы рет Жәке жесір дауын даулап, барымтаға жылқы ұстап отырған жоқ. Қайта керуен талап, қылмыс өткізіп отыр. Ителінің сексен түйеге артқан астығы –екі жүз үйлі кедей-кепшіктің бір қыстық азығы. Қаншалаған қатын-қалаш, бала-шағаның осы керуеннің жолына телміре қарап, көздері төрт болып отырғандығын, егер осы керуен уағында бара алмаса, Ителіден талайлаған жоқ-жітіктердің аштан қырылатындығын Жәке ойлады ма екен? Ертең осы аштан өлгендердің құнына Жәке несін береді?!
Зуқаның сөзінен соң үй іші бір мезет тым тырыс бола қалады да, бір сәтте Өміртай:
— Алшын деген елдің Арық мерген деген мергені сырқырап ағып бара жатқан көшпелі алтынның құйрығын атып алып қалған екен деген сөз бар еді – деп Жәкеге бұрылыды – Әй, сары Айу-ай! Алшынның арық мергеніне аңдаусызда кезігіп, өзіңді аттырып алдың-ау, мына бір тайпа елдің керуенін ұстағаның керуен талағанға жата ма жатпай ма? Өзің айтшы?! – дейді.
— Япыр-ай, жаңылған екем, бұл істе мен де терістік бар екен. Ителінің қатын-қалаш, бала-шағаларының обалына қала жаздаған екем! – деп Жәке төмен қарайды.
— Екіншіден – деп сөзін жалғастырады Зуқа – Қазақ-Қазақ болғалы даугерлер арыз қылып ұлыққа барушы еді. Ал даугердің ұлықтарды үйіне шақырып, дауымды бітіріп бер дегенін көрмек түгіл естімеген екенмін. Осы кезде Төре мен төтр бидің билігін қайсы керей тыңдамайды? Жәкенің ұлықтарды үйіне шақырып алып, дауымды бітіріп беріңдер деуі оның өзін зор санап асқандығы! Төре мен төрт биді көзіне ілмегендігі!
Бұл сөзді естіген Мәми мен Өміртай отырған орындарынан қозғалақтап, тамақтарын кенеп жөткіріне береді. Төр жақта отырған ақсақалдар да “ бұл қалай болды,, дегендей бір-біріне жапақтаса қараса қалады. Осы кезде әлде неге қыбы қанғандай өз-өзінен жымың ете түскен Әбетай зұрған Мәми мен Өміртайға кезек қарап алады да:
— Жердің үстін тыңдап Жәке шыққан еді, енді жердің астын тыңдап Зуқа шыққан екен. Жәке би, Төре мен төрт биді дауымды шешіп беріңдер деп үйіңе шақырғаның дұрыс па екен? Осының жауабын тағы да өзің айтшы?! – дегенде Жәке:
— Япыр-ай! Мына жаман Ителінің қайта-қайта алдымды орай бергені-ай!? “ Сүрінбейтін тұйақ жоқ, жаңылмайтын жақ жоқ,, дегендей, бұл істе де аяғымды шалыс басқан екем-ау!? –дейді.
— Ал, Жәке! – дейді Өміртай – Ителінің керуенін талағаның мен Керейдің Төресі мен билерін “ қолым біледі,, деп үйіңе шақырып, дауымды бітіріп берсін дегеніңнің ағаттық екенін осы отырғандардың алдында өз мойныңа алдың ғой, ендеше, Абақтың ел білетін құла шегір алмас қылышы едің, тасқа шапсаң да, басқа шапсаң да, бүгінгі екі ағаттығыңның кесімін өзің айтшы?!
— “ Ағаттығыңды білмесең, ақылды деп қайтейін, жалбағайға жар болсаң, жақыным деп қайтейін,, деген екен бұрынғылар – деп Жәке майда қоңыр үнмен шешіле сөйлей жөнеледі – Осы сияқты бүгінгі істе меннен ағаттық өткен екен. Сол үшін өзімді “ Екі тоғызға,, кестім. Бұның бірі – “ Әдеп тоғыз,,. Бұның себебі Абақ Керейдің маңдайға басқан екі биінің алдына өзім бармай, үйіме шақырып алған әдепсіздігім үшін Мәмең мен Биқажаға беремін. Енді бірі – Ителінің алдынан тағы бір рет өтпей, рулы елдің қатын-баласы талшық етер керуенді ұстап қалғандығым үшін “ Айып тоғыз,, бұны Ителінің сөз иесі Зуқаға беремін. Ал Меркіт пен Ителі арасындағы жесір дауын ақы иелері болған Бабақан мен Отарбай жең ішінен жалғасып, өздері бітіреді. Менің билігімді тыңдасаңыздар осы!
Ертеңінде тәңертең Зуқа Жәкемен бір талай уақыт қол алысып, хоштасып тұрады да, атына мініп, сексен түйелік керуенін бастап, шығысқа қарай тартып бара жатады.
хххххххххххх
Маужыраған көктем күндерінің бірі. Байтақ дала жасыл көрпе жамылған. Тау беткейлерін сыпыра жауып тұрған ақ, сарысы аралас жаухазын гүлдері көздің жауын алып тұрады. Аспанға шырқай көтеріліп, құйқылжыта сайраған бозторғай әнімен бірге көшіп келе жатқан қара шобыр қалың ауыл көрінеді. Көш арасында үй ағашын атқа теңдегендер, жүк артқан сыйырларын ұсақ малдарына қосып, жәяу шұбырып келе жатқандар да байқалады. Көшке ерген ірілі-ұсақты малдан гөрі аттылы-жәяулы адам қарасы молаң көзге түседі.
Көштің алды сай ішіндегі бастау басына жеткеннен кейін адамдардың жүк түсіріп, үй тіккен қарбалас қыймылдары басталады. Ауыл үсті мөңіреген сыйыр, маңыраған қой, бақырған түйе, айғайлаған адамдардың дауысымен азан-қазан, ұлар-шу болып жатады. Көп өтпей ауыл ортасына Зуқаның үйі тігіліп болады да, Зуқа төр алдына жәйғаса, алдына қойылған шәйді енді ғана ала бергенде, дүбірлеген ат тұяғының дыбысы естіліп, үйге біреулер келіп түседі де, жас жігіт пен бой жеткен қыз киіз есікті жамылып, сәлем бере үйге кіріп келеді. Жыйырманың ішін еркін аралап кеткен қойу қара мұртты, алпамсадай азамат төр алдында отырған Зуқаға қос қолын бере амандасып, дастархан шетіне бір дізерлей отыра кетеді. Онымен еріп келген қара торы өңді, білектей бұрымы қылтасын соққан 17-18 жастардағы бойжеткен қыз қысыла қызарып, төменшіктей ұялып, босаға жақта тұрып қалады. Шәй құйып отырған Зуқаның әйелі Қызыке:
— Кел, қарағым, төрге шық!? – деп оны дастарханға шақырады. Басын төмен салған бөйжеткен тұқырған күйі Қызыкенің жанына келіп дізе бүгеді. Бейтаныс жолаушылар бірер шыны шәй ішіп, таңдайларын жібіткен соң Зуқа жігітке қарап:
— Ал, жігітім, қай туған боласың? – деп жөн сұрайды. Маңдайынан бұршақтай аққан терді қол орамалымен сыпыра сүрткен жігіт Зуқаға қарап:
— Сүйегім – Жәдік ( Он екі Абақ Керейдің бір табы ). Атым – Бажікен. Буыршын бойын мекендейтін Амантай деген кісінің баласымын – деп жауап береді.
— Иә, ұзақтан ат шалдырып келе жатқан екенсің, беталысың қай жақ?
Зуқаның бұл сұрауын естіген жігіт бойжеткен жаққа көзінің астымен қарап қойып, өз жағдайын түсіндіреді:
— “ Ұлы сөзде ұйаттық жоқ,, деген ғой отағасы, Мына алдыңызда отырған бала менің қалыңдығым еді. ( Бұл сөзді естіген Қызыке бойжеткенге мейірлене қарап қалады ) Ата-анамыз бізді бала күнімізден атастырып қойған екен. Бірақ, көп өтпей ата-анам екеуі де мезгілсіз қаза болып, қолымызда ештеме болмай, қалыңын бере алмағандықтан ауылымыздағы Қыйлыбай деген бай адам бұны інісіне күшпен тоқалдыққа алып бермек болды. Сонымен нар тәуекелге мінген бұл екеміз бір күні түнде ауылдан қашып шықтық та, тау-таудың қуысын мекендеп, бір талай жүрдік. Бір күні әлде қалай кездесіп қалған жолаушыдан сіз “ Кедейлер мен панасыздарға, зорлық көріп, қорлық тартқандарға пана болады,, дегенді естіп, осылай қарай тартып кеттік. Енді бізге ие болып ауылыңызға паналатсаңыз да, әлде Жәдікке ұстап берсеңіз де өз қолыңызда отырмыз.
Осы кезде Зуқаның көз алдынан былтыр күзде өткен бір оқыйға шұбап өте береді: Былтырғы жылы Зуқаның ауылы күзеуде отырған кезде ауылға Айушы деген Мұңғұл қашып келеді де Зуқаға:
— Мен сізге паналағалы келдім. Пана болған халқымның ине сабақ жібіне тиіспеимін деген сертім бар. Тек Қазақ бауырластарыма сүйеніп, Дүңгіржап деген төреден кегімді алсам деген ғана арманым бар – деген еді. Осы бір көрініс көз алдынан қас қаққанша зулап өте шыққан Зуқа:
— Әй, Сотаншәріп! Ауылға келін келді! Осындағы отаулардың біріне апарып, мал сойып күтіп, тойға дайындық жасаңдар! – деп айғай салады. Бұл сөзді естіген жігіт пен қыздың жүзіне қуаныш күлкісі ойнап шыға келеді.
хххххххххххх
Екіранға: “ осыдан бір ай өткен соң,, деген жазу шығады да, ауылға қарай бірінің артынан бірі шұбап соқтырып келе жатқан екі атты адам көрінеді. Олар ауыл шетінде қозы қайырып жүрген баладан жөн сұрап, Бәжікеннің жаңадан көтерген отауына қарай тартады. Көп өтпей олар отау жанындағы жер ошақ басында жүресінен отырып,от қағыстырып жатқан Бәжікеннің келіншегінің қасына ат екпінімен соқтыра келеді де, жирен атқа мінген пұшпақ тымақты біреуі:
— Уа, әкеңнің, қайлақы! жердің тесігіне кіріп кетпеген екенсің ғой! –деп келіншекті қамшымен тартып-тартып жібереді. Келіншек шырқырай жылап, қасындағы үйге кіріп кетеді. Бағанадан бері мал шетінде жүріп екі аттыны бағып тұрған Зуқа:
— Байлаңдар ана немелерді! – деп айғай салады. Осы кезде үйінен қамшысын қолына алып жүгіре шыққан Төлегетай пұшпақ тымақтыны қамшысымен жондата тартып-тартып қалады. Ол:
— Алла-ай! – деп атынан ауып түсе береді. Жолаушылардың тағы бір тобылғы торыға мінген божбан қарасы:
— Әй, бұл қай қылықтарың!? Кім қатынын сабамайды? Әлгі Зуқа дегендерің қайда? Біз жау емеспіз. Қалтамызда қара Ошыңның ( Сол кездегі төрт бидің бірі – Оспан ) қатынымызды қайтарып берсін деген хаты бар. Қайда әлгі Зуқа дегендерің? – деп шірене тіл қатады. Әлде қашан бұлардың жанына келіп болған Зуқа:
— Мына немені де байлаңдар! Оспанның хаты түгіл патшаның жарлығын әкелсе де – деп бұйырады. Осы сәтте Қазанбай әлгіні аттан жұлып алып, тырыстыра байлап жатады. Киіз есікті жамыла қарап тұрған әйелдер мен айнала қоршап ұу-шу болып жүрген балалар көрінеді. Жан-жақтан тасырлата жүгіріп кенле жатқан үлкендер көзге түседі.
ххххххххх
Зуқаның қара шұбыр қалың ауылы күзеулікке қонған кез. Ығы-жығы қонған елу неше үйдің арасынан бірен-саран ақ үйлерден басқаларының көбі қоңырқай үйлер болып көрінеді. осы қоңырқай үйлердің арасынан жыртық туырлықты қостар мен үш ағаштың басын қосып, шошайта салған күркешелер айырықша көзге түседі де, екіран сыртынан: “ Сауырдан ауғанда Ителіге ілесіп көшкен кедей-кепшік шыбар керейдің көбі-ақ Зуқаны маңайлап ірге тепті. Бұлардан сырт бірі ұлықтан озбырлық көрдім, енді бірі байдан қорлық көрдім, тағы бірі әскерден қаштым және біреулері сүйгенімді ала алмадым десіп ұлтына, руына қарамай, Зуқаның ауылын паналады,, деген сөз естіледі де, апарат көзі қалың ауылдың ортасындағы Зуқаның үйіне тураланады.
Үй ішінде Зуқа мен Шөмішбай әңгімелесіп отырады. Зуқа Шөмішбайдан:
— Мына менің қасыма көшіп келіп жатқандардың бәрі жоқшылық пен зұлымдық арқаларын жауыр қып, әділетсіздік пен теңсіздік көргендер. Ал сіз өзіңіздікі өзіңізге жететін бардам адам бола тұрып, ата мекеннен ауып, бұл араға келетін басыңызға не зор күн туды? – деп сұрайды. Аз ойланып отырған Шөмішбай Зуқаға бір көзін қыса қарап:
— Е, Зуқа, мен ата қонысымнан кісі өлтіріп, құндылы болып қашып келмедім. Шынымды айтсам, үкімет пен ұлықтардың ауыр алман-салықтарынан қашып келдім. Мен де қазір 300 ге тарта ұсақ, 40-50 ірі қара бар. Егер ұлықтардың ауыздарынан шыққан алмандарын төлей беретін болсам, 3-4 жылда-ақ қолымды мұрныма тығып шыға бермеймін бе? Оның үстіне аз рудың ішіндегі бардам семіяларға ұлықтардың алманды ауырлатып салатынын өзің де әбден білесің. Әу пісімілла деп “ Сарноқтаның аты,,, “ Қалдайдың өгізі,,, “ Жамбылдың жарғысы,,, “ Мұңғұл уаңының жер зұрығы,,. Ал одан қалса, Күнде, Зәңгі, Залың, Тәйжі, Үкірдай, Бейсі, Әмбілердің ( Ежен хандығының Қазақ ру басыларына берген шендері ) қазан алманы мен сойысы, шабармандардың шатағы, билердің лауы мен түселін қоссаң қайда барады? Ал сен үкіметтің сүрікті бажысынан басқаны алғызбайды екенсің. Сол үшін аттың жалын, түйенің қомын қомдап, алыстан қасыңа келіп отырмын – деп жауап береді.
Бұл сөзді естіген Зуқа төр алдындағы жастыққа басын қойып, шаңыраққа қарап шалқалап жата кетеді. Осы сәтте оның көз алдына жан-жақтан өз ауылына пана тілеп келіп жатқан әрқайсы ұлт, әр рудың адамдары елестеп, құлағына: “ Е, Зуқа, көптен бері тек Ителінің ғана жыртысын жыртып, сойылын соғып келген едің. Енді міне тілі мен руы басқа қырық темірдің қылауына қалай пана боласың? Олардың аузына қайдан дән тауып саласың? Олардың мұң-мұқтажын қалай әл етесің?….,, деген үн естілдендей болады.
хххххххххх
Күн еңкейген шақ. Батыс жақ аспанда ақ мамықтай бұлт паршалары баяу жылжып бара жатады. Бес-онды қойын қосақтап сауып жатқан әйелдер мен тайынша-торпақ мініп, асыр салып ойнап жүрген ауыл балалары көрінеді. Зуқа үйінің жанындағы көк жасаңда Зуқа ауылының бір топ адамдары гуілдесе әңгімелесіп отырады.
— Жә, ағайындар, – дейді бір кезде Зуқа – біздің Сауырдан бұл жаққа не себептен ауып келгенімізді соңғы келгендерден басқаларың түгел білесіңдер. “ Атасы басқаны құдай қосады, үйірі басқаны ноқта қосады,, дегендей, қазір санап отырсам біздің ауылдың өзі елу неше үй болып қойыпты. “ Ауыл көбейсе, мал қосылады ; Адам көбейсе, дау қосылыды,, деген сияқты адамымыз көбейіп еді, дау да көбейді. Бара-бара осы маңға сыймауға айналдық. Үстімізден шағым көбейіп, саптайақтың басына қарауыл түсті. Біреудің тышқақ ылағы жоғалса, “ Ойбай, Зуқаның кедейлері ұрлады,, деген сөз шықты. Міне осындай дау мен сөзден құтылу үшін мойны қашықтау, Өралтайдың кең даласына көшіп барып, қоныс тепсек пе екен деймін. Бұның шешімін өздеріңіз айтыңыздар?!
— Сонда нақты қай жерге барамыз? – десіп отырғандар жабал сұрау тастайды.Ендігі сөзді Төлегетай алады:
— Біз өткен күзде Зукең, Қазанбай үшеуіміз Өралтайдан жер шолып қайтқан едік, Буырылтоғай өзенінің орта шенінен бір иен жер көрдік. Оның ағашының қалыңдығынан ит тұмсығы өтпейді. Томырылған шиі мен қалың қамысынан ат аяғын алып жүре алмайды. Қара құйрық, Елік сияқты қоңыр аңдары жыртылып айырылады. Жабайы Шошқасы да көп екен.
Төлегетайдың сөзі осы жерге келгенде қалжыңбас Ерменбай:
— Онда Айушы мен Дүңгіржаптың тамағы дайын екен ғой – деп елді ду күлдіреді. Іле-шала Сапарбай шал:
— Ол өзі немене деген жер екен? – деп Төлегетайға қарайды.
— Бұрын бас-аяғындағы елдер жыныс болғандықтан қорқып, ол араны мекен тұтпапты. Біз оған “ Бітеу,, деп ат қойдық.
— Бөктер тауында кепештеп тары, усты құлақ астық салып алатын ыңғайлы жері бар ма екен? – деп Сапарбай шал тағы да қуарлай сұрайды. Бұл сұрауға жауапты Зуқаның өзі береді:
— Қара Ертіс пен Қу Ертістің бойында Кеншін деген найман алған бірнеше тоған бар екен. Сол жақтың кедей кепшігі ол араға егін салып, ішер астықтарын дайындап алатын көрінеді. Біздің ел де солар құсап тіршілігін көрер деп ойладық.
— Жөн-жөн, “ Ійт Жастанғанның ұйқысы келмейді,, дегендей, сол жаққа көшіп барып, төменгі Алтайдың ұлықтарынан ауаша тұрғанымыз дұрыс болар- деп Сапарбай шал басын ійзей береді. Отырғандар да:
— Сакең дұрыс айтады.
— Сакеңнің байламына қосыламыз.
— Көшсек тезірек көшейік – деп шұрқыраса жөнеледі.
— Жә, ондай болса – дейді Зуұа орнынан көтеріле отырып – Біріншіден: біздің ол жерде жасап қойған жәннәтіміз жоқ. Сондықтан біздің ауылдан басқа бірде-біреуді көш деп зорлаушы болмаңдар. Ал өздері ілесе көшеміз десе, еріктері білсін! Екіншіден: ол жақта қоңыр аң мол екен, аң атып жан бағыу үшін мылтық болса қарастырыңдар!
Зуқаның сөзі аяқтай сала орнынан тұрған Сапарбай шал сөйлеп кетеді:
— Әй, жігіттер! Шуылдамай тоқтай тұрыңдар, менің сендерге айтайын деген бір ауыз ақылым бар: “ Он аққудың бір басшысы бар,, дегендей, бұдан кейін үлкен-кішің мына отырған Зуқаның сөзін тыңдаңдар! Осының айтқан ақылынан шықпаңдар!? “ Бірлік болмай, тірлік болмайды,, деген сөз қай-қашанда естеріңде болсын! Не істесек те көп болып жұмыла кірісейік?! Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық!
хххххххххххх
Екі жағасын бақал талдар мен көк теректер қоршаған көгілдір Ертіс өзені баяу ғана шымырлап ағып жатады. Оның жан-жағынан қарағайы мен самырсыны самсаған аспанмен тілдескен ұлы таулар көзге түседі. Ел жайлаудан етекке түскен күндердің бірі. Талды сайда отырған Зуқа ауылының қара шобыр үйлері бірінен соң бірі баяу жылжый береді де, үй біткеннің бәрінен ылғый үйдің сол жағына байланған ерттеулі аттар көрінеді.
Үстіне ақ шыншудан ұзын шапан киіп, оны арт жағына желбегей тастаған, басына қызғылт түсті құндыз бөрік, аяғына қыйсық табан етік киіп, сымының балағын қонышына бүрмелеп тығып алған, шапан ішінен буынған белбеуіне қынапты шолақ семсер асынып, қос мауезірді айқастыра қыстырған Зуқа ақ боз атқа мініп:
— Жұма күнгі сайыс машығы басталды! – деп айғайлаған беті жота төбесіне шауып шыға келеді. Осы кезде әр үйден жүгіре шыққан жігіттер сол жақ белдеуде байлаулы тұрған аттарына сатыр-сұтыр мініп, Зуқа шыққан төбеге жыйналады да, екі қатар болып дізіліп тұра қалады. Зуқа шерте аяңдап олардың ішінгегі Ерменбайдың жанына келіп:
— Сен атыңды неге сол жаққа байламайсың? – деп қатаң үнмен сұрайды. Бұл сұрақтан сасып қалған Ерменбай:
— Құдайдың күні шыжып кеткен соң оң жақ көлеңкеге байлай салып едім – деп сасқалақтай жауап береді.
— Үйден шыға салып, ат шылбырын шешуге, үзеңгіге аяқ салуға қолайлы болады. Сол үшін аттарыңды әрқашан да сол жақ белдеуге байлаңдар деген сөзді неге ұқпайсыңдар?! Осы сендер Қазақый сылбырлықты қашан қоясыңдар?! – деп Ерменбайға алара қараған Зуқа Байақынның жанына келіп:
— Қанжығаңдағы оқ қоржының қайда? Қоржын мен ер бір жолда көтеріліп салынатын болсын дегенді әліге дейін ұқпадың ба? – деп ақыра сұрайды да, Байақынның жауабын күтпестен топ алдына шауып барып:
— Шоқпарларыңды шығарыңдар! – деп бұйрық береді. Оның сөзі аяқтай салысымен қатарда тұрған жүздей сарбаз жеңдерінің ішінен қатқан сойылдарын алып, аспанға көтереді.
— Мен тағы бір рет айтып қояйын – дейді Зуқа ауыздық басып, ойнақтаған атының дізгінімен жағаласа тұрып – Бірінші: аттарыңды қай-қашанда сол жақ белдеуге байлаңдар! Екінші: оқ қоржындарың қашанда қанжығада байлаулы жүретін болсын! Үшінші: қан төкпейтін сайысқа істету үшін жорыққа шыққанда қайың шоқпарларыңды жеңдеріңнің ішіне тығып ала жүріңдер! Төртінші: оң жақ үзеңгі бауды қысқа тағыңдар, айылдарыңның жырымы үш елідей ғана болсын! Ал енді бүгінгі машықтың жігіт басы Төлегетай болады. Кәне, машықты бастаңдар!
Апарат көзі Зуқа сарбаздарының әр жерде болып жатқан сайыс машықтарына тураланады: Бір топ жігіт бірін-бірі ат үстінен аударып алып, бірін-бірі жанталаса байлап жатса, біреулер шауып келе жатқан аттың бауырына түсіп, үзеңгіге отыра қалып, алды-артына қаратып мылтық атады ; Біреулер атпен сырқыратып келе жатып, жерде жатқан теңгелерді іліп ала жөнелсе, енді біреулер ағаш бұтағына самсыта іліп қойылған теңгелерді сығалап, қарауылға алып жатады. Біреулер екі адамның екі жақтан адамның ыйығынан келетіндей етіп кере тартып тұрған жібінен секіріп өтіп жатса ; Тағы біреулер шауып келе жатқан атпен жарыса жүгіріп, оған сап етіп мініп алады. Біреулер шауып келе жатқан атын жатқыза қойып, өзі оның бауырына жата қалса, және біреулер біріне-бірі қамшы мен сойыл сілтеп, қара тер болып алысып жатады…. Осының бәрін төбе басында ат үстінен көріп тұрған Зуқаның көзіне солтүстік жақтан құйын-перен шауып келе жатқан баран атты бейсауат адам шалынады. Ұзын шапанының екі етегі екі жаққа кетіп, жалп-жұлп етіп келе жатқан ол адам атын үсті-үстіне қамшылана береді. Ауылға таяп қалған ол үйге бұрылмастан Зуқаға қарай тартады.
— Мынау кім өзі? Таный алдың ба? – деп сұраған Зуқаға жанында тұрған Қазанбай:
— Бұлғынды мекендейтін Базарқұл ( Ру аты ) Жантайлақ па екен!? – деп жауап береді.
— Бұл бейшаралар тағы да шабындыға ұшыраған болды ғой! – деп Зуқа күрсініп қалады. Е дегенше:
— Жәнібек! Жәнібек! – деп ұран сала Зуқаның қасына шауып келіп, аттан домалай түскен әлгі адам:
— Зуқа, қарағым! Мына қалмақтың ұрылары бізді тағы да шауып кетті! – деп Жылап отыра кетеді. Оған қарамай жанындағы Қазанбайға жалт қараған Зуқа:
— Тез барып жігіттерге хабарла! Осы қазір қалмаққа қарсы жорыққа аттанамыз! – деп бұйырады:
хххххххххххх
Қару-жарақтарын асынып, тастүйін болып буынған Зуқаның жүзден астам сарбаздары Зуқаның бастауында шабындыға ұшыраған ауылға қарай сар желіспен үдіре тартып келеді. Олар ауыл жанындағы белегірге шыға келгенде, шабындыға жолыққан ауылдың сүркейлі бейнесі олардың көз алдынан көлденеңдей береді:
Қатарласа қонған үйлердің көбінің шаңырағы ортасына түскен. Кейбір киіз үйлердің киіз есіктері жұлынып, босағасы шағылған. Енді кейбір үйлердің туырлығы сыпырылып жалаңаштанса, тағы кейбір үйлердің кереге-уықтары шағылып, бір жағына қарай ауа қыйсайып қалған. Ауыл жанында қанға малынып жатқан әлде бір адамның өлігін қоршай ұлар-шу болып жылаған әйелдер мен балалардың зарлы үндері естіледі. Әр жерде шағылған сандықтар мен абдыралар, шәшілған теңдер мен киім кешектер көрінеді. Үй маңайларында ішек-қарындары ақтарылып, теңкиіп-теңкиіп жатқан малдар көзге түседі. Осыған жалғас қойу шаңды бұрқырата, қалың малды қайыстыра айдап бара жатқан жау бейнесі елес береді.
хххххххххх
Үйеме төре ауылының жанына келіп бекінген Төлегетай бастаған оннеше адам көрінеді. Таң атып жерге жарық түсе бастайды. Дүрбісін қолына алған Төлегетай ауылға дүрбі салады. Дүрбі көзінен бейғам жатқан оннеше үйлі мұңғұл ауылы көрінеді. Үй жандарында бырдай болып, бырт-бырт күйсеп әр түлік малдар жатады. Бұны көрген Төлегетай:
— Атаңның гөрі, мына немелер таң атқанша көкірлерін ішіп көлайттап, түске дейін ұйықтайтын оқсамай ма? Ауылдан шыққан адам болса ұстап алып, тіл алсақ болатын еді -!? – деп Дүрбісін жанындағы Рақыш мергенге береді. Осы кезде:
— Ой, Төке! Әне біреу ұйықтап жатыр ғой – дейді Ерменбай ақырын ғана сыбырлап. Төлегетайлар ол нұсқаған жаққа жалт етіп қараса қалады. Олардың арт жақтарындағы ай дейтін жерде қаңтарып тастаған ақтеңгер ат ұйықтап жатқан адамды айналып тұрады. Төлегетайлар баспалай басып, оған таяп келеді де епті Ерменбай лып етіп барып, аттың дізгінінен ала түседі. Жатқан адам бұның бірде-бірін сезбестен Қытайдың ( ) әрпі формасында екі қолын екі жаққа керіп, екі аяғын талтайтып тастап, қорылдап ұйықтай береді. Бажікен алпамсадай денесін қомдай келіп, екі қолын екі дізесімен баса, оның үстіне қона кетеді. Төлегетай жанба-жан оның қылышын қынабынан суырып алады. Ұйықтап жатқан адам көзін оқыс ашып, бұлардың өзін байлап жатқанын сезеді де, көзін қайтадан жұма береді. Төлегетайлар оны атан өгіздің жемтігін сүйрегендей далдаға қарай сүйреп келе жатқанда ол ағыл-тегіл құса береді.
— Мына ит бір саба көкірді бір-ақ ішкен бе? – деп Ерменбай аузы-мұрнын алақанымен баса қалады. Олар оны қалтарысқа апарып сұраққа тартады. Алайда, екі ұшын құлағының түбіне келтіріп, басына шыт тартқан, ұзын айдары жауырынында салақтаған, екі беті шарқ табақтай, екі ыйығына екі кісі мінгендей, еңгезердей мұңғұл батыры олардың сұрағына бір ауыз да жауап бермей, жерге тесіле қарап отырып алады.Бір кезде ол басын көтеріп:
— Алтайдың Қазағы осы сендер өркешін құны жеп жатса да, бақ етіп қойып жата беретін түйе сияқты едіңдер, көрім ғой өздеріңнің тіршіліктерің – деп кекесін мен мырс етеді де – Қазақтан Зуқа деген батыр шықты деп естіген едім, әлде соның адамдарысыңдар ма? – деп сұрайды.
ххххххххххх
Жерге жарық енді-енді түсіп, таң атып келе жатқан шақ. Аттарын түйіп тастап, шабуыл бұйрығын күткен сарбаздар әр төбенің басынан қылтия көзге түседі. Олардың қарсы алдында Үйеме төренің әппақ үйлі ауылы. Ауыл таңғы ұйқы құшағында бырдай болып, Жым-жырт жатады. Қазанбай мен Айушы Төлегетайдың жанына ақырын ғана жылжып барып, онымен бірдеме деп сыбырласады да, қайтадан келген жақтарына қарай шегініп кетеді. Бір кезде Төлегетай атына қарғып мініп, қылышын қынабынан суырып алып:
— Жәнібек! Жәнібек! – деп ұран сала Үйеме төренің ауылына қарай шаба жөнеледі. Дүр етіп атқа қонған сарбаздар да ауылға қарай ат қойады. Ат дүбірі мен ұран үні шырт ұйқыда жатқан ауылдың үстін зел-зала етіп жібереді. Әр жерден:
— Тарт! тақымға бас!
— Шаңыраққа арқан таста!
— Соқтыр ат кеудесімен!
— Шақ!
— Байлап таста! – деген егерлесіп, егескен үндер естіледі. Айғайлаған адам, жылаған әйел, шырқыраған бала дауысымен ауыл үсті шу-шұрқан болып кетеді….
Маңдайға таман көтерілген алтын күн тозғын тиген ауылға мамыражай шуағын шәшіп тұрады. Шаңырағы ортасына түсіп күйреп жатқан үйлер, көздерінен үрейдің ұшқыны ұшып, “ Ағылай,, мен “ Көктәңгірін,, гүбірлей айтып, әр жерде топ-тобымен ұйлығып, дірілдеп-қалшылдап тұрған әйелдер мен балалар, көгендегі қозыдай маталып тасталған ер адамдар көзге түседі де, сай-сайдан қайысқан қалың жылқы мен түйені жердің шаңын аспанға шығара дүркірете қуалап бара жатқан Зуқа сарбаздары екіранға шығады.
хххххххххх
Тау бауырын қасқая қапталдап жатқан қалың қарағай арасында жанында оншақты сарбазы бар Зуқа, Төлегетайлар қолға түсірген мұңғұл батыры Қомдыжаппен әңгімелесіп отырады. Зуқа Қомдыжапқа бір минуыт тесіле қарап:
— Мен сеннен бір нәрсе сұрайын, шын жауап берсең қоя беремін. Өтірік айтсаң тақ осы жерде басыңды аламын. Осыған шыдайсың ба? – дейді.
— Шыдайын, шыдайын – дейді Қомдыжап басын изеп.
— Үйеме мен Дүңгірдің бізде әкелерінің көз құны жоқ. Мал үшін осылай істей ме десем, екеуінің де мыңғырған малы бар. Сонда олар неліктен тыныш жатқан Қазақты шауып, адамын өлтіріп, малын талайды? Осының жауабын айтшы?!
Осы кезде Қомдыжаптың көз алдына Үйеме мен Дүңгір екеуі алма кезек елестеп, олардың: “ Қазақты шауып тынышын ала берсек, олар Бәйтік пен Қаптықты ( жер аттары ) тастай қашады да, бұл жерлер бізге қарап қалады,, деген сөздері құлағына естілдендей болады. Сонымен ол Зуқаға мынадай жауап береді:
— Сіздер білмейсіздер ғой, қазір Қалқа бөлініп кетудің қамын жасап жатыр. Үйеме мен Дүңгір қазақтың мазасын ала берсек, сіздер Бәйтік пен Қаптықты тастай қашады да, бұл жерлер Мұңғылға қарап қалады деп ойлайды. Ал біздің халықта ұлттық мүдде мен ұлттық намысқа саятын істен қасыйетті іс болмайды. Сондықтан бұл бұйрықтан қайтып бас тарта аламын?!
Бұны естіген Зуқа орнынан ұшып тұрып:
— Ендеше, айтып бар анау төрелеріңе! Үйеме мен Дүңгір Темушін мен Сүбетай бола алмайды. Шыңғысқан Меркіт пен Керейдің ханын өлтіріп, шаңырағын отқа жаққанымен де, олардың ұрпақтарын құрта алғаны жоқ. Оба жыйнап, тәкілген тұрғызған жердің бәрі Мұңғұлдікі бола бермейді. Егер олар Қазақ даласының бір сүйем жерін қосып аламыз дейді екен, онда өз көрлерін өздері қазумен тынады. Ал сен Өралтайға екінші қайтып аяғыңды басушы бол ма!? Екінші рет тағы да кездесіп қалады екенбіз, онда рақым етпеді деп маған өкпелеуші болмағайсың! – деп Зуқа маңайындағы өркештеніп жатқан тау дізбектеріне қарап, ойлана тұрып қалады. Ұлан байтақ таулы өлкеде бытырай қонған қазақ ауылдары көз алдына елестеп өтеді.
Ал мойны ыйығына түсіп сүмірейе сүлкиген Мұңғұл батыры Қомдыжап артына жалтақ-жалтақ қарап, қорқа кетіп бара жатады.
ххххххххх
Жәйлау сары жұрт болып қалған кез. Екі жақ беткейінде қаз-қатар қарағайлары самсып тұрған сай ішіндегі 6-7 үйлі Қарақас ( ру аты. Онекі Абақ Керейдің бір табы ) ) Сіргебай ауылы екіранға шығады. Әлде бір үйдің жанында екі адам буы бұрқыраған морға жағалата көміп қойған ағаштарын шетінен суырып алып, оны алдымен тезге салып, одан кейін шаңырақ ійіп, уық қарнын шығарып үй ағаш жасап жатады. Ауыл иесі Сіргебайдың үйінде бір топ адам түстеніп, қымыз ішіп, дүрілдесіп отырады. Олардың осы тыныштығын есіктен кірген хабаршы жігіт бұзып жібереді. Үйге кірген ол отырғандарға асығыс сәлем береді де:
— Сіргебай аға, сіздердікіне қазір Көк үйдің ( Шіңгілдің ) шианының ( Қытайша аудан ) қасқа бас лозыңы ( Қытайша мәнсап аты ) келетін болды. Сізге мені Қалел тәйжі жіберді. Қонақты жақсылап күтіп алсын дейді.
Бұны естіген Сіргебай үй толы қонақтарына:
— Кәне жігіттер, біз осы жерде күнде бармыз ғой, ұлық келетінін өздерің де естідіңдер, енді қымыздарыңды тезірек жыйнастырыңдар! – дейді де орнынан атып тұрып әйеліне:
— Әй, бол тез! Үйіңді жөнде, теңіңді шешіп, көпелеріңді сал! – деп бұйырады.
Көп өтпей жанына дүңшесі мен екі шерік ерткен лозың да келіп қалады. Сіргебай қалбалақтап барып, лозыңның атын ұстап:
— Қасқа бас лозың, қалай аман-есен келдіңіз бе? – деп қос қолын ұысна бергенде, лозың:
— Тамады! ( Қытайша шешеңді ұрайын ) – деп оның қолын қағып жібереді. Оның “ тамады,, дегенін тамыр болайық деп айтты деп ұққан Сіргебай:
— Қасқа бас лозың, сіз тамыр болайық десеңіз мен дәйін – дей бергенде, лозың оны шапалақпен тартып-тартып жібереді де, жанындағы шеріктеріне қытай тілінде:
— Байлаңдар, бұл немені! – деп ақырады. Лозыңның бұйрығын алған екі шерік әй-шәйға қарамай Сіргебайды тырыстыра байлап, үй жанындағы қарағайға таңып тастайды. Бұны көрген ауыл адамдарының көздері алақандай болып, үдірейісіп қалады. Өзін неге байлағандығының байыбына бара алмаған Сіргебай байлаудағы Жерінен бұлқынып:
— Әй, дүңше, мынау қасқа бас лозыңның ойны ма, шыны ма? Бір ауыз сөзге келмей байлап тастайтын менің не жазығым бар?! – деп жыламсырай айғайлайды. Қазақшаны шала білетін дүңше:
— Әй, сенің ана Шын ( Қытайша фамылия ) лозыңды қасқа басың дейді үлкен қатең болады. Сен қасқа басың боқтайды. Лозың ашуың көп болады. Тағың қасқа басың дейді жамбылың әкетеді – дейді. Бұны естіген Сіргебай тағы да:
— Әй, қасқа бас лозың, мен сені ел қасқа бас лозың дейтіндіктен аты сол екен деп қасқа бас лозың деп шақырдым – деп айғайлайды. Екі қолып артына айқастыра ұстап тұрған Шын лозың Сіргебайдың “ қасқа бас,,, “ қасқа бас,, деген сөздерін естігеннен кейін жүгіріп барып қолындағы қамшысымен Сіргебайды тартып-тартып жібереді. Бұны көрген Сіргебай ауылындағы қатын-қалаш, бала-шаға шулап қойа береді. Осы кезде лозың қытай тілінде дүңшеге:
— Мына неме қайта-қайта “ қасқа бас,,, “ қасқа бас,, деп мені қорлап, әдепсіздік істеді. Сондықтан Қазақ жолы бойынша бұған ат бастаған “ Әдеп тоғыз,, кестім – дейді де, аудар дегендей ым қағады. Бұны шала дүңше былай деп аударады:
— Ана кісің үйге келді. Сен кісіңді боқтайды. қасқа басың үлкен жаман сөзің. ( дүңше қолымен шатының арасын нұсқайды ) Енді бұл кісіге сен атың бастайды тоғұз береді.
хххххххххххх
Дәл осы кезде жанында Қазанбай, Айушы, Байақындар бар Зуқа Сіргебай ауылының жанынан өтіп бара жатып, ауыл жанында топтасып, әлде неге ұйлығып тұрған адамдарды көреді де, жақын маңда қой жәйіп жүрген қойшыға қарай бұрылады. Қойшымен недәуір әңгімілесіп тұрған олар ат басын Сіргебай ауылына қарай бұрады.
— Мен ауылға бара салып, ештеме білмеген адамдай лозыңмен амандасып, Сіргебайды жамандай жөнелейін. Сендер де аттан түсіп шеріктердің жанына таяп тұрыңдар. Мен қақырынып белгі бергенде бас салып, олардың құралын тартып алыңдар! – Дейді Зуқа жанындағыларға. Зуқалар ауылға таяп қалғанда бұларды көрген ауыл адамдары әлде бір үміт жылтын көргендей:
— Зуқа екен!
— Зуқа келе жатыр! – деп сыбырласа қалады. Олардың Зуқа деген сөздерін құлағы шалып қалған Шын лозың шеріктеріне Қытай тілінде:
— Сендер мылтықтарыңа оқ басып, дәйін отырыңдар! Мен ананың алдынан шығып, амандасқан болайын. Егер ол маған жаушылық етер болса, алдымен Зуқаның өзін атыңдар! Егер ол жаушылық қылмаса, тыныш отырыңдар! – деп Зуқалардың алдына қарай жүреді. Аттан түскен Зуқа:
— Амансыз ба Шын лозың, бұл жаққа қашан келіп қалғансыз? – деп Қытай тілінде амандық сұрайды.
— Жақсы, жақсы – деп Зуқаның қолын алған Шын лозың Зуқаға қытай тілінде:
— Осы жәңеректе бұл ауылға келген едім, мен оған өзің сияқты амандассам, Ол мені қайта-қайта боқтайды. Сонымен ыза болып, әскерлеріме байлатып тастадым да, оған қазақ жолы бойынша “ әдеп тоғыз,, кестім – дейді.
— Сонда ол сізді не деп боқтады?
— Қасқа бас деп.
Осы кезде Сіргебайға қараған Зуқа:
— Әй, Сіргебай! сен ұлықты неге боқтайсың? – деп айғай салады да, қақырынып қалады. Осы сәтте екі шерікті маңайлап тұрған Қазанбайлар да Зуқа мен лозыңнан көз айырмай отырған екі шерікті тарпа бас салып, қас қаққанша мылтықтарын тартып алады. Зуқа да қос қолымен лозыңның кеңірдегінен ала түседі де, жігіттеріне:
— Әй, Қазанбай мына қасқа басты ана Сіргебайдың орнына апарып таңып тастаңдар! – деп бұйырады. Осы кезде Сіргебай:
— Зуқа бауырым-ау! Бір ауыз сөзге келмей байлап тастайтын бұларға мен не жазып едім – деп жылап жібереді. Сіргебай босатылып, оның орнына Шын лозың байланғаннан кейін қамшысын қолына алып, оның жанына тебітіп барған Зуқа қамшысының сабымен лозыңның қасқа маңдайын қатты нұқып:
— Сенің маңдай шәшіңді жидітіп түсірген Сіргебай ма еді? Қасқа бас тұр ғой тазсың, мандамсың! Ал енді қайтесің? Сені қасқа бас деген адамды байлап тастап, одан ат-шапан айып алсын деген үкіметтің қайсы заңында бар екен? Жоқ әлде, Қазақтарға қасқа бас деп айтқызып, мал жыйнап алайын деп шығып па едің? Сахара адамдары сендердің ойыншықтарың ба еді? Бұдан кейін артыңды қысып жүр! Қазақтар жақсы көріп құрмет қылатын адамдарын қасқа мен жәйсаңдар деп атайды. Қасқа деген сөздің боқтық екенін кім айтты саған? – деп ақырады. Бұны естіген ауыл адамдарының өңдеріне ырыйзалық күлкілері ойнап шыға келеді де, ауыл ақсақалдары Зуқаны қошаметтеп, үйге бастайды. Олар үйге кіріп қымыз ішіп, аз дамылдаған соң Зуқа:
— Ана шеріктердің оқ қапшығындағы оқтарын бір-ақ сыпырып алыңдар да, қасқа басты босатыңдар! – деп бұйырады. Ол далаға шыққан соң жан-жағына жапақтай қарап, сүлмірейіп тұрған лозыңға:
— Бұдан кейін дауиің ( Қытайша мәнсап аты, губернатор ) айтсын, шиан ( қытайша мәнсап аты, аудан әкімі ) айтсын кімде-кім қара Ертісті өрлемек болады екен, менің рұхсатымды алмай өрлеулеріне болмайды. Мен өрле десем өрлейді, өрлеме десем өрлемейді. Сонымен бірге кімде-кімнің Өралтайға келіп алман-салық алуына болмайды! Осыны қожайындарыңа айта бар! – деп оларды ауылдан дән татырмай қуалап жібереді.
хххххххххххх
Кешке дейін ақ жауын жауған сылбыраң күз күндерінің бірі. Жауын тоқтап күннің арты ашылап келе жатқан кез. Терең шатқалдарға шөккен ақ мамықтай ұлпа тұмандар тау шыңдарына қарай баяу сырғып бара жатады. Шөп басына қонған жаңбыр тамшылары бейне меруерт моншақтай дірілдеп көзге түседі. Ауыл ортасындағы Зуқаның үйі. Далада жүрген Қызыке үйдің есігін жартылай ашып:
— Тәйжі аға сияқты, осында біреу келе жатыр. Алдынан шығып ат ұстайтын жігіттер жоқ па? – деп дыбыстайды. Көп өтпей Ителінің тәйжісі Жақыпбек Зуқаның үйінің жанына келеді. Алдынан шыққан Зуқа сәлем беріп, қотығынан алып аттан түсіреді. Қызыке бұрымын кимешегінің ішіне тығып, бір дізесін бүге сәлем етеді.
Кәделі дастархан жәйіліп, шәй құйылғаннан кейін Солтаншәріп үлкен қызыл қойды сүйреп келіп, тәйжіден бата сұрайды. Алақандар жәйіліп малға бата істеліп болған соң Төлегетай, Қазанбай, Білжәй қатарлы бір топ ауыл адамдары тәйжімен бірге қымызға отырады. Олар ауыл арасындағы ана-мына әңгімелерді айтып, не дәуір отырған соң Төлегетай:
— Мен жақында Жалпақ жаққа барған едім, сол арадан келер жылы Алтай, Сауырдан қырық адам қажыға барады екен дегенді естідім. Осы сөз рас па? Біздің елден барамыз деп жүргендер жоқ па? – деп сұрайды Жақыпбектен.
— Рас, келер хұрбан айтқа дейін үлгіріп барамыз деп, дәйындықтарын жасап жатқан көрінеді – деп жауап берген Жақыпбектің көз алдынан осыдан үш ай бұрын Мәми екеуінің ортасында болған бір әңгіме сырғып өте береді:
Мәми бейсінің сегіз қанатты ақ ордасында Мәми мен жақыпбек әңгімелесіп отырады. Жақыпбек:
— Тақсыр, Мәме, Зуқа айналасына қашқан-пысқан қалың ұрыны жыйнап алды. Көптен бері біздің ел арыз-армандарын тәйжі болған маған емес, Зуқаға барып айтатын болды. Үкімет пен ел иелеріне берілетін алман-салықтарды да алғызбады. Түбінде біздің елді тоздырса осы Зуқа тоздыра ма деп ойлай беремін.
— Зуқа абақ керейдің еті тірі азаматтарының бірі еді – дейді Мәми – бірақ, бірте-бірте тентектік жолына түсіп барады. Қасына қырық темірдің қылауын жыйнап алыпты. Соған сүйеніп ел ішіндегі қаспақты үйлерге де ауыз сала бастапты. Өзің айтқандай үкімет пен төрт би төреге төлейтін алман-салықтарды да бергізбейтін болғанына да бірталай жыл болып қалды. Ол бара-бара керейдің салтын бұза ма деп мен де қорқа беремін.
— Тақсыр, мәме-ау! Ол қазырдің өзінде бұзып болған жоқ па?! Мен Ителінің Тәйжісі бола тұрып, оған айтпай біреуден бір қой қазан алман ала алмай жүргендігімді өзіңізге талай айтпадым ба? Осы Зуқаның кеселінен Өралтай елінің төре мен төрт биге төлейтін алманды бермей келе жатқанына да талай жылдар болып кетті емес пе?
— Е, Жақыпбек, бұның ғой солай, оны үкіметке ұстап берсек, Абақ керей баласы іштеріндегі бір тентегін жөнге сала алмай, үкіметке ұстап берді деп, орта жүздің қалған балалары бетімізге шіркеу келтіреді. Мен Зуқа жөнінде көп бас қатырдым. Толғана келе оны жөнге салудың бір ғана амалы бар ма екен деп ойлай беремін – деп Мәми Жақыпбекке қарайды.
— Ол не? – деп Жақыпбек Мәмиге қарай жақындай түседі.
— Бұл Зуқаны қажыға жіберіп, оған құдайдың үйін көрсетіп, оны құдай жолына салу – дейді Мәми – осылай етсек ол шәриғат жолына түседі. Ұры-қарыны қасына жыйнаудан тыйылады. Бір мешіттің қасында бес-он баламен алысып, жүретін болады. Сол үшін өзің бас болып, алдымен Ителіден көмек жыйна! Өралтайдағы басқа үш Тәйжі ел де қарап жатпас.
Осы әңгіме ой санасынан қас қаққанша сырғып өте шыққан Жақыпбек Зуқаға көзінің қырымен қарап қойып, сөзін жалғастырады:
— Менің бүгін дамолла атамыздың ( Зуқаның әкесі Сәбитті айтады ) қара шаңырағына арнайы жалғыз келуім, Төлегетай айтып отырған қажыға бару жұмысы жәйында өздеріңмен ақылдасу еді. Дамолла жарықтық бүкіл он екі Абақ керей баласының аузына ыйман салса да, алланың үйін көре алмай арманда кетті. Енді міне, сол атамыздың артында құранын ұстап отырған баласы Зуқаны жарықтықтың орындай алмай кеткен арманын орындатып, қажыға жіберсек пе екен деймін. Бұған қалай қарайсыздар?
Сөзді Төлегетай алады:
— Ел ағасы өзіңіз айтып отырғанда несін қалай дейтіні бар? Қазір бір Нұрмұқамбеттің ( Зуқаның ұлы әкесі ) өзінен жыйырмаға тарта түтін бармыз. Бәрімізді ортаға салсақ та Зуқаны қажыға жібереміз.
— Тәйжі, бұл ниетіңізге алла разы болсын! – дейді Зуқа – “ Талабы бар адамтың шалабы жоқ, шалабы бар адамның талабы жоқ,, дегендей, қажыға барып алланың үйін көру өзімнің де көптен бері аңсап жүрген арманым еді. Жаңа Төкең айтқандай туыс-туғандарымызбен тырбанып көрейік. Быйыл болмаса, келер жылы болар, алла жол берсе, қажыға баруға ниетімді байлады деп түсініңіз. Алайда, елден салық жыйнатсаңыз, жұртыңыз қыйналады әрі ол құдай жолына да шет болады.
— Әттең, Зуқа-ай! Мен елге алман-салық салады ғой деп пе едің? Бардам адамдардың “ құдай жолына атағаным, екі дүниеде қарызы жоқ,, деп бергенін аламыз. Міне, менің өзім бәріңнің алдыңда айтайын: Зуқаның қажыға баруы үшін екі дүниеде қарызы жоқ отыз еркек қой атадым. Басқасын тағы да көре жатармын – дейді Жақыпбек. Жақыпбектің сөзінен соң үй толы адам ғайып дүниенің белгісіз рахатына малынғандай, шырын қиялға шомып отырып қалады.
ххххххххххххх
Зуқа ауылы қыстауына келіп қонған алғашқы қыс күндерінің бірінде бір қора қой айдаған екі атты адам Зуқаның қыстауына келеді. Есік алдында оларға қарап тұрған Зуқаға сәлем береді де, біреуі:
— Мына бес жүз тұяқ қойды сіздің қажышылау сапарыңыз үшін Жақыпбек тәйжі елден жыйнаған екен, ол кісі сізге бұл малды Қобдаға баратын отарлармен айдатып, Үрімжіге апарып сатқызып, пұл қылып алсын деген сәлем айтты – дейді.
хххххххххххх
Ертеңінде тәңертең Зуқа қыстауының маңына аттылы-жәйаулы қалың адам сай-саладан құйылып жыйналып жатады. Бір кезде үйінен қасқыр ішігін жамыла шыққан Зуқа:
— Қалайық, бізді неге шақырды деп тұрған шығарсыңдар, быйыл құдай құлағына сыбырлады ма, біздің Жақыпбек Тәйжі маған қажыға барсаң деп байлардан бір қора қой жыйнап берген еді. Соны бүгін сендерге қыстық соғым үшін үлестіріп бергелі отырмын – дейді дауысын көтере айғайлап.
— Жоқ, қарағым, Зуқа! Үйте көрме?! Еліңнің құдай жолына деп жыйнап берген малын таратпай, алланың үйін көріп келгенің жөн! Құдай қуат берсе, біз бірдеме қылып қыстан шығармыз – деп топ ішінен үй ағашшы Мүскей шал айғай салады.
— Сүйт, қарағым, сүйт! – деп жыйналған ел де шуылдап кетеді.
— Жоқ, ақсақал, бұл малды жыйнауға ту баста мен ауылымдағы жоқ-жітіктерге таратып берейін деген оймен ғана қосылғамын. Ал қажыға өз еңбегіммен барамын. Қазір дайындығымды көріп жатырмын – деген Зуқа қайтадан үйіне қарай аяңдай береді.
хххххххххххххх
Келесі жылы көктем. Ел көктеуге қонған кез. Зуқаның көп үйлі ауылы бейне шәшіліп жатқан жұмыртқадай болып көзге түседі. Бір үйдің жанында бір кемпір шүйке түтіп отырса, 4-5 әйел сатырлатып жүн сабап жатады. Есігіне бір қанат кереге қойған тағы бір үйде 6-7 адам арқан есіп жатады. Және бір жерде бірнеше әйелдердің адарғымен бас құр тоқып жатқаны көрінеді.
Зуқаның үйі. Зуқа төр алдында отырған Рақыш пен Нәресте мергендерге қарап сөйлейді:
— Жә, Рақыш, Нәресте мергендер, екеуің де маған бөтен емессің. Біреуің туған жездем, енді біреуің аталас інімсің. Былтыр күзде “ Қажыға барамын,, деп Жақыпбек тәйжіге уәде беріп қойған едім. Енді қажыға бару менің мойныма парыз болып қалды. Қыста жақыпбек тәйжі жыйнап берген бес жүз қойды ауылымдағы кедей-кепшіктердің қыстық соғымына таратып бердім. Қазір қолыма бес құр ат ұстап, оларды жаратып байлап отырмын. Бұны көрген ел “ Зуқа бір жаққа жортуылға адам аттандыратын сияқты,, деп гуілдесіп жүр. Ал менің ойым: Рақыш пен Нәресте екеуіңді салбуырынға аттандырып, “ Сахараның көшпе алтыны,, атанған Бөкеннің мүйізін алдыру. Мен Бөкеннің текесінің мүйізімен қажыға барайын. Осыған қолғабыс етіңдер?!
— Құдай жолындағы сауапты іс екен ғой, одан несіне тартынамыз – деп Рақыш Нәрестеге қарайды – тек жанымызға 5-6 жігіт қосып, кезек-кезек ат жаратып беріп отырсаң ғана болғаны.
ххххххххххх
Шөп басы сарғайып, жалпақ дала қуаң тарта бастаған күз мезгілі. Зуқа үйінің жанына аттылы-жәйаулы қалың адам жан-жақтан жыйналып жатады. Әкесінің ақбоз атын жетелеп алып келген жас жігіт Солтаншәріп атты Зуқаның алдына көлденең тартады да, Қазанбай Зуқаны қолтығынан алып, атқа мінгізеді. Атқа мінген Зуқаны Төлегетай, Қазанбай бастаған бір топ жігіт араларына алып жүріп кетеді. Ауыл адамдары олардың қарасы үзілгенше қолдарын бұлғасып, қыймастықпен қарап тұрады да, екіран сыртынан: “ 1906- жылы күзде Зуқа қажыға аттанды,, деген сөз естіліп, екіранға “ Соңғы бөлім,, деген жазу шығады.
Мақаланың әдырсы:
Зуха батыр ( кино сценарий) (2)
Соңғы Бөлім
Екіранға: “ 1907-жылы күзде Зуқа қажы сапарынан қайта оралды. Оның аман-есен келген қуанышына ауылы ұлан-асыр той жасады,, деген жазу шығады. Той жасап жатқан Зуқа ауылының думанды көрінісі көлденең тартылады: Күн көтеріле бере үкілі піспекті саба артып, қой өңгеріп, тай жетектеген тойшылыр сай-саладан Зуқа ауылына қарай құйыла бастайды. Тайпалаған жорға мініп, бір киер тәуір киімдерін үстілеріне ілген Зуқа ауылының жігіттері тойшылырдың алдарынан шығып, оларды тойға арналып қаз-қатар тігілген ақ үйлерге бастасып жүреді. Жақыпбек тәйжі бастаған Ителінің бір топ ақсақалдары:
— Кәне, марқабат! Үйге кіріңіздер?! – десіп, есік алдында қол қусырып тұрады. Осыған жалғас үй толы адамдарға қымыз құйылып, табақ тартылып жатады. Жорға мініп, дізгінді ауыздарына тістеген жігіттер қолдарына қос-қостан табақ алып, үйлердің арасында сыдыртып жүреді.
Қызқуар салып, көкпар тартып, теңге іліп, балуанға түсіп жатқан сахара салтанаты әржерден көрініс береді де, енді бір үйде Зуқа үй толы шалдарға тасбиық пен құрма үлестіріп, торсықтағы зәмзәм суынан жағалата ішкізіп жатады.
ххххх
Іңір. От шығарылып, есік пен төрге дейін киіз салынған киіз үй. Төрдің алдындағы дөңгелек үстелге кәресін шам қойылған. Кішкене шыныны қолыменен ойнатып ой үстінде Зуқа отырыды. Шамның ақшулан жарығында оның жүзі ағарыңқы әрі жүдеу көрінеді. Ол қабағын шыта үй ішіндегі адамдарды айнала шолып, көзін Төлегетайға қадайды да:
— Төке, енді бірер жыл келмесем, өзіміздің оншақты үйге де ие бола алмай қалатын оқсамайсыз ба? – дейді. Осы кезде шәй құйып отырған Қызыке сөзге араласады:
— Тете ағада не жазық бар? Сырттан келгендерді ойлап қайтесің? Бәрі де әр жерде өз жандарын бағып жүр. Енді бес уаққы намазыңды оқып, бала –шағаларыңның қасында отырсаң болды ғой. Тәйжі аға саған арнап медіресе салғызып беремін деп жүр.
— О, былай де! Жақыпбек мені бес-он баланың қасына жіпсіз байламақ екен ғой! Маған жарлы-жақпайлардың басынан сыйпап, қол үшін бермей кешке дейін маңдай тесіп, сәжде қылатын құрғақ сопылықтың керегі жоқ! – деген Зуқа дауысын көтере сөйлеп кетеді – мен сендерден жұдырықтай жұмылып, Үйеме мен Дүңгір сияқты ата жауларына атой салған, Жылыбай секілді қорқау байлардың әптігін басқан Қазанбай, Айушы, Ошыр сияқты ерлерім, Қабыймолла, Кеңбай секілді мүсәпірлерім қайда деп сұрап отырмын. Бірлік отына жылынып, ұлар-шу болып жататын қара шобыр қалың ауылым қайда деп сұрап отырмын.
Зуқаның бұл сөзін естіген Төлегетай аз ойланып отырады да:
— Өзің кеткеннен кейін – деп баптана сөз бастайды – Үкіметтің қарулы шеріктері ауылымызды бірнеше рет қоршап алып, жаңағы өзің айқан адамдарды ұстап әкетуге ұрынды. Ол қоқайларына біз де оңайлықпен көне қоймай шеріктермен бірнеше жол атысып та алдық. Соңында ойлана келе өзің жоқта бір пәлеге ұрынып қалмайық дедік те, сырттан келгендермен әлде неге әдейі таласып, өтірік төбелесіп қалдық. Сонымен олар бізден бөліне көшіп, әр жер, әр руға барып паналаған болды да, бұған сенген үкімет орындары қайтып бізді мазалаған жоқ. Олар күні ертең-ақ өз қасыңызға қайтадан жыйналады! – деген Төлегетай өз-өзіне разы болғандай жымыйп қойяды да, оның көз алдынан Зуқа жоқта сырттан келіп паналағандармен өтірік төбелесіп, бөлініп кеткен көріністері дізбектеле сырғып жатады.
ххххх
Екіранға: “ Осыдан он жыл өткеннен кейін,, деген жазу шығады да, Жәйлау төсіндегі ин тіресе отырған қалың үйлердің орта тұсынан әппақ үзік жабылып термелі бау мен басқұр ұсталмаған, алты қанатты Зуқаның үйі екіран бетін бір-ақ ала көрінеді: Үй ішінен тірелген жүк, дізілген сандықтар көзге түспейді де, ықшамды етіп буылған теңдер мен аузы түймеленген кілем-қоржындар және кереге басына ілінген мылтықтар мен оқ қапшықтары ғана көзге шалынады. Осы сәтте екіран сыртынан: “ Өз заманына күмәнмен қарайтын Зуқа батыр көше жөнелуге қолайлы болу үшін қай-қашанда үйін осылай ұстайтын,, деген сөз естіледі.
ххххх
Ауыл маңындағы жазықай алаңқыда Зуқа сарбаздары дақдылы “ Жұма күнгі сайыс машықтарын,, өткізіп жатады. Мизамша киінген Зуқа жырық құла аттың дізгігін тарта ұстап, сарбаздарының сайыс өнеріне қадала қарап тұрады. Оның денесі шар тартып, жазық маңдайына айқұш-ұйқыш ажым іздері түскен. Бір жылдардағы көмірдей қара сақал-мұртына күміс қылау араласқан. Тек жалыны өшпеген отты жанары ғана айналасына жарқылдай қарайды. Белін қынай буынған белбеуінен айқастыра салған қос мауезір мен қынапты семсер көрінеді. Астындағы ақтеңгер аты әлде неге тықыршып, тұрған орнында шыркөбелек айналады. Ол анда-санда сайыс машығын жасап жатқан сарбаздарының жандарына шауып барып, оларға әлде нелерді айтып, әлде нелерді көрсетіп жатады.
ххххх
Көк жасаңға тігілген Мәми бейсінің сегіз қанатты ақ ордасы. Ордадан ауашалау жердегі бие бау басында қолдарына көнек алып, бие сауып жүрген жігіттер көрінеді. Шаңырағына жез қапталып, уықтарына күміс жалатылған орда ішінде мизамша киініп, сүйек төсекке сүйене отырған Мәми мен төр алдында екі аяғын көсіле тастап, Қытайдың жанынан түймелейтін ұзын шапанын киген сол кездегі Алтай аймағының дауйыңы ( Губернаторы ) Жудауйың әңгімелесіп отырады. Алдыларындағы дастарханда қоян жон етіп төгілген бауырсақ, оған араластыра салынған құрт-ірімшік, оның үстіне кішкене тәлеңкелерге салынған сары май, жент, тәтті мәмпазилер сығылысып тұрады. Өрнекті ожауды қолына алған бәйбіше күміс жалатылып, жез қақталған астаудағы сар қымызды сапырып отырады.
— Бейсі мырза!- дейді Жудауйың – Өралтайдан Зуқа деген бұзық шығып, елдің берекесін кетіріп, тынышын алғалы оннеше жылдан асып кетті. Бір кезде сіздер оны “ Қажыға барып келгеннен кейін дін жолына түсіп, қойдан қоңыр болады,, деген едіңіздер. Бұның керісінше ол қазір онан ары асқынып, үкімет ұлықтарын да Өралтайға аяқ бастырмайтын болып алыпты. Ал сіздердің ол жақтан алман ала алмағандарыңызға да талай жыл болып кетіпті. Үкіметтің енді оны қарулы күшпен бастырудан басқа шарасы қалмады. Осыны сізге айтып алдыңыздан өтейін деп келген едім.
Дауйыңның сөзінен кейін Мәмидің есіне осыдан екі жыл бұрын өзінің Зуқамен өткізген бір реткі әңгімесі түсе қалады. Мәми:
— Әкең Сәбит бүкіл абақ еліне ыймам болған үлкен молла еді. Өзің де салауатты молла әрі қажысың.“Зуқа мал ұрлап тоқтатпайтын болды,, деп Мұғұл, Қазақтың байлары маған да маза беретін емес, Сондықтан өзіңді осы рет бұл араға арнайы шақырып алып отырмын. Осы ұрлығыңды неге қоймайсың?- деп сұрағанда, Зуқа:
— Меннен басқа молламен қажыны керей біткен бөліп алғанда, кедейге де молла мен қажы керек емес пе? Мен “ Ұры,, деген жала жабысқан кедейдің қажысымын. Керей кедеймен керей, кедейсіз керей бола алмайды. “ Зуқа түн жастанып қой өңгеріп, жылқы жетелеп барады,, дегенді естіген бе едіңіз? – дейді.
— Жоқ, естігем жоқ! – деп жауап береді Мәми.
— Естімесеңіз, тақсыр, сізден сұрап алатын бір сауалым бар. Біреу суға ағып бара жатып, “ Суға кеттім, суға кеттім, құтқарыңдар! Құтқарыңдар!,, деп айғайласа, соны судан алып шықса бола ма, жоқ әлде, суға қоя берсе бола ма? – деп сұрайды Зуқа.
— Әрине, алып шықса болады, суға қоя беруге болмайды! – деп жауап береді тағы да Мәми.
— Олай болса, тақсыр, – дейді Зуқа – мен де сол суға кетіп бара жатқан адамдарды құтқарған сияқты пәленнен қорлық көрдім, түгеннен зорлық көрдім дегендердің сөзін сөйлеймін. Соларға қорлық пен зорлық көрсеткендердің малын айдатып алып, сол қақпай-соқпай көргендерге бөліп беремін. Бұл суға кетіп бара жатқан адамдарды құтқарғанмен бірдей әрі сіз айтып отырған құдай жолына да әділ болса, үкімет жолына да сияды деп ойлаймын. Мен дәні тақа таусылған қалың кедейді немен асыраймын? Көзі тоймайтын, қайырымсыз байдың малымен асыраймын. Өз басым тарыққандықтан жортуылға аттанып көргемін жоқ. Өзіңіз айтқандай менің де моллалық істеп, қара халықты қарбыта беруіме болады ғой. Бірақ, олай істеу құдайды да адамды да алдағандық. Мен ол жолмен жүре алмаймын!
Зуқамен болған осы бір әңгіме санасынан сағымдай боп сырғып өте шыққан Мәми Жудауйыңның соңғы сөзінен тіксініп қалады да:
— Дауйың мырза, Зуқаға әскер аттандырып, халықты үрейлендіріп, оларды тоздырудың қажеті жоқ. Менің өз тентегімді өзім тыйып алатындығыма сеніңіз! – дейді.
— Сонда, бұл жұмысты қалай бітірмексіз? – деп сұрайды Дауйың.
— Ел жәйлауға шыға Өралтайға барып, ел ішіндегі дау-шарларды Қазақ жолы бойынша бітіріп келемін бе деген ойым бар – деп жауап береді Мәми.
ххххх
Шілденің басы, ел жәйлауға шыққан кез. Қасына жыйырма неше шерік, төрт шабарман ерткен Мәми бейсі Өралтайдағы төрт тәйжі елді аралап жүреді. Ол қайсы ауылға барса да алдынан қалың адам жапырыла шығып, қолтығынан алып аттан түсіріп, қошаметтей қарсы алып жатады. Бір күні ол бас шабарманы Қапдолланы қасына шақырып:
— Ертең Ителі Жақыпбек тәйжінікіне қонамыз. Сен өзің барып Зуқаға біздің түс ауа ауылының тұсынан өтетінімізді хабарлап қой! – деп тапсырады.
ххххх
Сонысы басылмаған төскейге келіп, жапырыла қонған қалың үй. Қызыл – сарысы аралас алуан түрлі гүлдер тау баурайларын көздің жауын ала жауып тұрады. Әрбір үйдің жанынан бие бау көрінеді. Қырат-қыраттардан бүлдірген теріп, сай-саладан тошала алып, мәре-сәре болып жүрген ауыл балалары айырықша көзге түседі. Түске таяу Қапдолла шабарман желе жортып келіп, Зуқаның үйіне түседі де, сәлем беріп үйге кіреді. Бұл кезде Зуқа бір топ адаммен бірге қымыз ішіп отырады. Қапсағай денелі, қара сақалды, жылпос адамның жеңіл сәлем беріп, үйге кіргенін дүрілдесіп отырған адамдар байқамай қалады. Ол және бір рет:
— Ассалаумағаликөм! – деп дауысын көтере сәлем береді.
— Уағаликөмуссалам! Кел, Қапа, жоғары шық?! – деп Зуқа орнынан көтеріле береді.
— Болды, рақымет! Мен көп отырмаймын – деген Қапдолла төр жақтан төменірек ығысқан екі-үш адамның бас жағына дізе бүгеді де, ұсынылған бір кесе қымызды салқ-сұлқ жұта салып:
— Қажы, айыпқа бұйырмаңыз?! Мен жүрейін?! Мәмең бүгін қоналқаға Жақыпбек тәйжінің үйіне бармақ! Ол кісі түс ауа сіздің ауылдың жанынан өтеді – деп орнынан қозғала бастайды. Өңі қуқыл тарта қалған Зуқа:
— Сонда, Мәмең, біздің ауылдан баса-көктеп өте шығамын дей ме? – деп сұрайды шабарманнан.
— Солай сияқты – деп Қапдолла күмілжи жауап қайтарады.
— Мәмең алжыған екен, мына қара шаңырақ – деп Зуқа шаңыраққа қарап қояды – оның ұстазының ( Мәми кезінде Зуқаның әкесі Сәбит дамолладан оқыған екен ) қара шаңырағы еді. Бұдан аттап кеткен соң оған не сөз болсын! Барсын, бұл сөзімді оған айтып барсаң болар еді, бірақ, айтпайсың ғой, өзіңнің келгеніңе рахымет! – деп Зуқа орнынан тұра береді.
ххххх
Көлеңке басы ұзарып салқын түсе, Зуқа сарбаздары талай жылдан бері жалғастырып келе жатқан “ Жұма күнгі сайыс машықтарын,, бастаған болатын. Шүршітбай жәйлауының апай төс жазығында қалың аттылы-жәияулі адамдар тобы сайысқа түскен жігіттердің қыймылдарын қызықтап, дүрілдесіп жатады. Дәл осы кезде “Әй,, дейтін жерден Мәми бастаған топты адам шыға келеді. Сайыс машығын қызықтап тұрған көпшіліктің бірталайы оларға қараса қалысады. Осы сәтте Зуқа:
— Адам көрмеп пе едіңдер, ол Мәми екен, біздің қара шобыр кедей ауылымыз қонағасы бере алмайтын болғандықтан тәйжінікіне кетіп бара жатыпты. Онда нелерің бар? – деп қатты дауыстайды.
Мәмилердің қарасы көрінбей кеткеннен кейін көп өтпей баранға мінген біреу белегірден қайта бері асып, аптыға шауып келіп, Зуқаға ентіге сәлем береді де:
— Бейсі сізге Төлегетай, Қазанбай, Қайса және Айушы мен ошыр бесеуін Жақыпбек тәйжінікіне тез арада жіберіп берсін деп сәлем айтты – дейді де, пұшпақ тымығын желкесіне сала қайтадан шаба жөнеледі. Ол кете салысымен Зуқа жәңағы аты аталған бесеуін қасына шақырып алады да:
— Жә, Төлегетай, Қазанбай, Қайса үшеуің барыңдар! Айушы мен Ошыр екеуін ауылда жоқ дей салыңдар! Барғаннан кейін Мәми сендерге сый табақ тарта қоймас, егер әлде қандай табақ тартар болса, сол табақтан мен де дәм татысамын – дейді.
ххххх
Мәми Жақыпбектікіне түскеннен кейін үй іші және ауыл адамдарымен аман-сәлемді шолақ қайырып, әлсін-әлі есінеп, буырыл тартқан шоқша сақалын қайта-қайта сыйпай береді. Жақыпбек тәйжі қаншалық қошаметтеп, бәйек болса да, ашылып сөйлемейді. Төрге тасталған құс жастыққа шалқалап, түнерген күйі отыра береді. Осы кезде Қапдолла шабарман келеді де:
— Төлегетай, Қазанбай, Қайсалар келді – деп хабарлайды. Бұны естіген Мәми:
— Төлегетай мұнда кірсін, басқасын байлап тастаңдар! – деп бұйырады.
— Зуқаның өзі неге келмеген? – деп сұрайды Қарақас тәйжісі.
— Япыр-ай! Алланың үйін көрген адам да осындай паң болады екен-ау?! – дейді Молқы тәйжісі жағасын ұстап.
— Бағана мәмең есігінің алдынан өтсе, онда ғой сәлем бермейді. Енді міне, Ителінің бір қара шаңырағына түссе, тағы да келмей шалқалап жатып алатын ол неме солғұрлы әулие ме екен? Мен онымен онекі Абақтың ағасы алдында сөйлесейін, не ел болып берекеге келетін болсын, не жау болып төбеге шығатын болсын! – деп кіжінген Жақыпбек – шақыр оны осы араға! – деп өз шабарманына бұйырады. Осы сәтте үш тәйжіге кезек-кезек қараған Қапдолла:
— Бейсі, бағана мен Зуқанікіне барғанда бір базыналығын айтып еді. Сіз жаңа ренжіп отырған соң айтпаған едім. Енді айтпасам болмайтын сияқты – дейді.
— Ол не қылған базыналық екен? – деген Мәми Қапдоллаға тесіле қарайды.
— Ол дүниеде ең биік шыңға шыққан адам да ұстазының алдында аласа болушы еді, әкем Сәбит бейсінің ұстазы болатын. Сол Сәбиттің қара шаңырағын аттап кеткен бейсі де жол білуден қалған екен – деген еді.
Бұны естіген Мәми:
— Меннен бір ағаттық кеткендігін Зуқа айтпаса да білгемін. Оны кейін көрерміз. Кіргіз ана Төлегетайды! – дейді қатаң үнмен Қапдоллаға.
Сарала қамшысын шынтағына іліп, сәлем бере үйге Төлегетай кіреді. Оның сәлемін алған ешкім болмайды. Төлегетайдың қамшысына көзі түскен Жақыпбек:
— Әй, Төлегетай! Бейсі отырған үйге қамшы алып кірген қайсы керейді көріп едің? Алып қой андағы қамшыңды! – дейді сескене дауыстап. Төлегетай тіл қатпастан қамшысын керегенің көзіне қыстырады да, төрде отырған ел жуандарына оқты көзімен қадала қарап, үй ортасына қақыйып тұра қалады. Мәми оған:
— Әй, бұзық! Сен не істеп жүрсің осы?! – деп ақырады.
— Тақсыр! – дейді Төлегетай – не істеуші едім, ел қатарында жанымды бағып жүрмін.
— Ың – Мәми мұрнынан кекете мырс етеді – мен сеннен қанша ел шауып, қанша кісі өлтірдің деп сұрап отырмын.
— Тақсыр, сіз түс көріп отырғаннан саусыз ба өзі? – дейді Төлегетай басын бір жағына қыйсайтып.
— Мынаның ел шауып, кісі өлтірмедім деуін, Дүңгірдің елін шауып, кісісін өлтірген сендер болмағанда кім?
— Осы Қазақ біреуді мақтағысы келсе аспанға ұшырып, жамандағысы келсе жеті қабат жер астына түсіріп жіберетін бейшаралығын қашан қояды? – дейді Төлегетай тайсалмастан – Мәми басыңмен өз Базарқұлың ( Он екі абақ керей ішіндегі Жәнтекейдің бір табы ) Жантайлақтың ауылын шауып, кісісін өлтірген мұңғұл шапқыншыларынан есемізді алып, ата мекенімізден айдап салған бізді күнакәр деп қайсы аузыңмен айтып отырсың? Осыны Мәми болған сенің аузыңнан естігенше жерге кіріп кетсемші?!
Төлегетайдың сөзі аяқтай бере орнынан ұшып тұрған Мәми кереге басында қыстырулы тұрған қамшысын жұлып алып, Төлегетайды қамшымен тартып-тартып жібереді де:
— Байлаңдар мына малғұнды! – деп ақырады. Ешқандай қарсылық білдірмеген Төлегетай байланып болғаннан кейін:
— Мынаған Қазанбай, Қайса екеуін қосып, әрбіріне отыз қамшыдан дүре соғыңдар! – деп қалшылдап-дірілдеп отырады да, Қапдоллаға:
— Сен тез барып Зуқаны шақырып кел! Мына бұзықтарына берілген жазаны өз көзімен көрсін! – дейді.
ххххх
Есік алдына құлақтап әкелінген көк қасқа тайға бата жасалғаннан кейін Мәми бейсі бірге отырған ел адамдарымен қоңыр әңгімеге көшіп қымыз ішуге енді кірісе бергенде Қапдолла шабарман келіп, оған бір жапырақ қағаз ұсынады. Мәми оны оқыйды:
“ Мәме!
Сіздің шақырғаныңызды естідім, бірақ, бара алмаймын. Бара алмауым сіздің дүреңізден қорыққандығым емес, ел алдында он екі Абақ сыйлаған сіздің бетіңізден алып қоямын ба деп қорықтым. Төлегетайларды енді қоя беріңіз?! Оларды боқтап та, ұрып та әбден құмарыңыз қанған болар?! Осы жерде халықтың “ Көже іштім деп сен айт па, көп іштің деп мен айтпайын,, деген тәмсілін айтуды жөн көрдім. Менің бұл сөзімді керейдің Мәмиі түсіне ме деп ойлаймын.
Құрметпен!
Сәбит ұлы Зуқа,, Мәми осы бір жапырақ қағазды неше қайталап оқыйды да, оны омырау қалтасына салады. Содан соң дастарханнан кейін шегініп Қапдоллаға:
— Ана немелерді қоя беріңдер! Кейінгі істі кейін көрерміз? – деп бұйырады да, “ Әй, Зуқа менің сені өкпеге қыйсам да, өлімге қыймайтындығымды түсінбедің-ау,, деп ойлап қалады.
ххххх
Ертеңінде тәңертең Мәми Жақыпбектікінен аттанғалы жатып, қойын дәптерін алады да, оған бірнеше жол жазу жазып:
— Зуқаның өз қолына беріңдер! – деп екі шабарманына ұстата береді.
ххххх
“ Зуқа бауырым!
Сенің ағаңды сыйлағандықтан менімен көріскің келмеген екен, мен де інімді сыйлағандықтан бұл жолы сенімен кездескім келмеді. Менің айтарым: үкімет Төлегетайды қоя бер десе, қоя бере салатын Мәми емес, өзіңнің әр істі екі шәйнап, бір жұтып көргенің жөн. Қасыңа қара шобыр қалың адамды жыйнамасаң да, асса он екі Абақ керей, қала берсе, Ителінің ішінде сені ешкім маңдайға қағып, жалғызсыратпас еді ғой! Менің айтарым да, қолымнан келері де осы!
Құрметпен!
Жұртбай ұлы Мәми ”
Екі шабарман әкелген осы хатты бірнеше рет оқыған Зуқа “ Менің ойға алған ойларым мен аңсаған арманымды Мәми сен де әлі күнге дейін түсінбейді екенсің-ау ” деп ойлайды да:
— Бізді елеп-ескеріп хат алып келген бейсінің шабармандарына той жасап, қыз қуар салдырып, қызық көрсетемін – дейді айналасындағы жігіттерге көзін қыса күлімсірей қарап.
ххххх
Екіранға: “ Осыдан екі күннен соң екі шабарман Мәми бейсіні қуып жетеді ” деген жазу шығады да, олар Мәмиге:
— Зуқа біздің барғанымызға той жасап, қыз қуар салдырды – десіп жатады қынжыла отырысып.
— Әй, әттеген-ай! Зуқаның еркегіне емес, әйелдеріне сабатып, екеуіңнің обалдарыңа қалған екемін-ау?! Кәне киімдеріңді шешіңдерші?! – дейді Мәми. Осы кезде екіраннан көп-көгала болып, білеуленіп-білеуленіп тұрған екі шабарманның жон арқалары көрінеді.
ххххх
Сарсүмбе қаласындағы аймақтық Дауйың ( Губернатор ) мекемесінің жыйын залы. Жыйын залының төріне Юаншыкайдың ( Үлкен миллитарыс, Ежен патшалығы құлағаннан кейін бір мезет Қытайда патшалық құрған ) үлкейтілген рәсімі мен сол жақ қабырғаға Алтай районының жер бедері картасы ілінген. Жыйын залының ортасына бірнеше ұзын үстел қойылған. Осы үстелдерді қоралай сол дәуірдің әскери формасын киген оннеше офиссер отырады. Үстелдің басында екі қолымен үстелді таянып, сөйлеп тұрған Жу ( Қытайлардың фамылиясы ) дауйың көрінеді:
— Өралтай қазақтарынан Зуқа деген батыр шығып, елдің берекесін алғанына оннеше жылдан асып кетті – дейді ол – біз оны көп жылдардан бергі сахара Қазақтарын басқаруда қортындылаған “ Өзімен-өзін қырқыстырып, жолбарыстың жұлқысқанын тау басынан тамашалау ” тәсілі бойынша құртамыз ба деп ойласақ та, Қазақтар құрғақ жамандап, үкіметке қайта-қайта арыз айдағаннан басқа оған ештеме қыла алмады. Тіпті таяуда Өралтайға арнаулы шыққан Мәми бейсінің өзі де оның бір тал түгін қыйсайта алмай қайтып келді. Қазір Дауйың жамбылына Өралтай қазақтарынан “ Зуқа Өралтайдағы Қазақтарды бастап, Қалқаға өтіп кеткелі жатыр ” деген арыздар қарша борап түсіп жатыр. Қазақтардан келген бұл арыздар мейлі шын, мейлі өтірік болсын, үкіметтің өзіне қатер төндіретін осы бір қарулы топты құралды күшпен жаныштайтын мезгілі жетті деп есептеймін. Егер Зуқа тобына қазірден бастап пәрменді шара қолданбасақ, оның үлгісі бүкіл Алтай бетіне жамырап кетеді де, үкімет орындарының Алтай сахарасын басқаруы қыйынға соғып, дәрменсіз күйге түседі. Сондықтан бүгін сіздерді осы мәселе жәйында ақылдасып алуға арнайы шақырып отырмын. Алдымен аймақтық сақшы (Миллится ) мекемесінің бастығы Жаң лозың сіздерге Зуқа тобының жалпы ақуалын таныстырып өтеді. Одан кейін қалай істеу мәселесі жәйында сіздердің пікірлеріңізді тыңдап көрмекпіз.
Дауйың орнына отырғаннан кейін оның оң жағында отырған Жаңлозың орнынан тұрып, фапкасынан оннеше беттік қағаз алып:
— Зуқа – Алтай сахарасына қоныстанған Онекі Абақ деп аталатын керейлердің ішіндегі Ителі руының адамы – деп қолына алған қағазын судырата оқый бастайды – Ол алғашында Жеменейді мекендеп, кейін Буырылтоғайға одан соң Өралтайға қоныс аударған. Буырылтоғайды мекендеген кезінде ол өз ауылына қашып-пысып барғандарды жанын сала қорғаштап, оларды қанатының астына алғандықтан оны паналаушылар барған сайын молайып, оны бүкіл Алтай беті “ Кедейлердің қормалы,, деп атап кеткен. Көп өтпей елімізде Ежен хандығы аударылып, үкімет орындарына шыққандар қайта-қайта ауысып, саясый жағдай бір мезет аласапыран болғандықтан үкімет орындарының Қалқа жақ шегараға жақсы қарай алмағандығы да, осы кезде Зуқа тобының ол шегараға қорғаушы болып, шапқыншы мұңғұлдарды талай рет шегарадан қуалап шығарғандығы да шындық. Бұның өзі ол кезде үкімет орындарына пайдалы да еді. Қазір Қалқа жақ тынышталып, шегара орнықты. енді үкімет орындарының осындай бір қарулы топты Өралтайда есіртіп қойуының ешқандай қажеті жоқ.
— Қазір Зуқа Буырылтоғай мен Көктоғай арасын мекендейді — Жаңлозың қағазды оқып осы араға келгенде картаның алдына барып, оның жанында тұрған таяқпен әлгі айтылған жерді көрсетеді де, орнына қайтып келіп, жалғасты оқый береді – қарауында бес жүзге тарта үйі, үш жүге тарта қарулы жасағы бар. Жасақтарының көбі ат үсті сайыс өнеріне мықты, құралайды көзге ататын мерген. Олар әр аптаның жұма күні сайыс өнеріне шығып, әскери машық өткізіп отырады. Оның ауылы мен тобы қатты ұйымшаң әрі берекешіл. Зуқаның бір ауыз бұйрығымен атқа мініп, дереу көше алады. Басқа Қазақтар сияқты емес, бір мал сойса да оны қазанға бір-ақ салып, бүкіл ауыл бойынша бөлісе жейді.
— Бұл жерде өте-мөте ескерте кететін бір жәит: Зуқаның өз басы өте сақ, айлалы адам дейді. Онымен араласы бар қазақтардың айтуларына қарағанда ол оннеше жылдан бері жалғыз-жарым жүріп көрмепті. Сыртқа шыққанда жанына 20-30 адам ертіп, алдына шолғыншы, артына қарауыл қойып жүреді екен. Ас-тойға барса да үйге алдымен бірнеше сенімді қорғаушыларын кіргізіп, соңынан өзі кіретін көрінеді. Қатты қағылез, жүіс-тұрысы шәпшәң, қай-қашанда жанынан оқтаулы қос мауезері мен шолақ семсерін тастамай ала жүреді екен. Көп жылдардан бері оның сыртқа, бөтен үйге қонғанын ешкім көрмепті. ауылының жанына үнемі қарауылшы мен көзетші қойып, жігіттерін сыртқы жерлерге алма-кезек жортуылға шығарып отырады екен. Міне осындай қарулы тобына арқаланған оның Үкіметке тапсыратын бажы мен төрт би төреге беретін алманды да бермей келе жатқанына оннеше жылдан асып барады. Қорта келгенде қазір Зуқа тобы үкіметтің көзіне қадалған жұлып тастамаса болмайтын сүйелге айналып отыр…..
Сақшы бастығының Зуқа жөніндегі таныстыруы аяқтағаннан кейін отырғандар біріне-бірі қарасып, гуілдеген әңгімеге түсіп кетеді:
— Меніңше – дейді қара сақал, қара үйек еңгезердей офиссер орнынан тұрып – Зуқа жәйында айтылып жүргендердің бәрі әншейін Қазақтардың көптіріп, әсірелеп жүргендері болса керек. Әскери мектепте оқып, арнаулы тәрбие алмаған даланың аңы сияқты жабайы қазақта қайдағы өнер болсын! Аймақ пен Буырылтоғай жамбылынан жүздей әскерді алып шығып, Зуқа ауылын бір жолда тапап тастау керек!
— Жоқ, ол болмайды! – дейді алдынғы рет Зуқа қажыға кеткен орайда оның жігіттерін ұстауға барған Жулозың орнынан тұрып – алдынғы жолы мен Зуқа ауылына жан-жаққа барлаушылар аттандырып, оның ауылының маңын тәуір-ақ шолдырған едім, Бірақ, ауылға кіріп Төлегетайді ұстасымызбен-ақ жан-жағымыздан қалың оқ жауып кетті. Сонда олардың қай жақтан сап ете түскендігінің байыбына әліге дейін бара алмай жүрмін. Соның үшін Зуқа тобын жойуда ерекше сақ болмасақ болмайды!
— Жөн сөз – дейді бағанадан бері сөзге араласпай, әлде нені ойлап отырған, екі көзі ішіне кірген, қырма сақал тәйпақ шал – Жаңағы таныстырудан қарағанда Зуқа сахараның “ айранып ұрттап, қойын құрттап,, жүрген жабайы Қазағы болмаса керек. Оның үстіне олар атқа ерекше мықты, жер сырына төтенше қанық келеді. Сондықтан оны жойудың бірден-бір әдісі құпия аттанып, ойда-жоқта жасалатын тұтқыйыл шабуыл болуға тиіс. Олардың той-томалақ өткізіп жатқан кездері болса, тіпті жақсы болар еді.
— Уаңлозың дұрыс айтады – дейді осы кезде сағатына әлсін-әлі қарап, әлде неге асығып отырған Дауйың – біз сақшы бастығы мырза екеміз көптен бері бас қатырып, қайта-қайта ақылдасу арқылы “ Тұтқыйыл шабуыл әдісімен Зуқа тобын құрту жоспарын,, жасап қойған едік. Сахарада көп уақыт қызмет істеп, Зуқа тобымен ұстасып көрген, Оның үстіне жер жақдайына да біршама қанық Жулозың осы жоспарды жауапты болып атқарады. Оның қарауына жақсы қаруланып, тамаша машық көрген жүз атты әскер беріледі. Оған “ Зуқаны тірі ұстап әкелу, болмаса оның басын әкелу,, міндеті жүктеледі.
Бұны естіген Жулозың орнынан дереу тұрып, міндетті қабылдауға дайын екендігін білдіреді.
ххххх
Екіранға “ 1919-жылы, Хұрбан айттың 1-күні,, деген жазу шығады да, шығыс жақтағы тау төбесінен енді-енді көтеріліп келе жатқан алтын табақтай алтын күн, ауыл маңайында ійіріліп жатқан әр түлік мал, өзен бойында дәрет алып, айт намазына дайындалып жатқан қалың адам, үй қастарындағы жер ошақ бастарында күйбеңдеп жүрген қатын-қалаш, бала-шаға көрінеді. Көп өтпей ауылдағы еркек кіндік атаулы түгелдей айт намазына сапқа тұрады да, ұзын ақ шапан киіп, басына сәлде ораған Зуқа намазшылар алдына шығып, айт намазын бастайды. Намазшылар сәждеге екінші рет бас қоя бергенде:
— Қажы ата! Жау келіп қалды! – деген әлде бір баланың үрейлі де ашты айғайы шығады. Намаздан басын жұлып алған Зуқа:
— Әй, балам! Не дейсің? Қайда келіп қалды? – деп орнынан атып тұрады да:
— Тоқтат намазды! Қамданыңдар! – деп айғай салып, терек бұтағына іліп қойған қос мауезірі мен қынапты семсерін жұлып алып, атына қарай ұмтылады. Зуқамен бірге аттарына мініп үлгірген тек оның сарбаздары ғана болады да, қалған ауыл адамдары жан сауғалап, бұта-бүргендердің түбіне қарай қашады. Осы кезде мылтық тарсылдап, ауылдың үстін қалың оқ жауып кетеді де, бастау басынан су алып келе жатқан 14-15 жастардағы бір қыз бала, ошақ басында жүрген екі әйел, әлде бір үйдің маңайында ойнап жүрген үш баланың оққа ұшқаны көрінеді. Аяқтарын жан таласа серпіп, тыпырлап жатқан қойлар, ішек-қарындарын сүйретіп шауып жүрген аттар екіранға шыға келеді. Көп өтпей бірнеше топқа бөлініп, жазыла шеп жәйған Зуқа сарбаздары көзге түседі. Олардың кейбіреулері аттарының бауырына түсіп, үзеңгіге отырып алып, жота төбесінде бірнеше жерге шоқтай болып үймелеп тұрған жауға қарай бытырлата оқ жаудырып бара жатса, енді біреулері аттарын жатқыза қойып, оның бауырында жауға қарай мылтық атып жатады. Осы сәтте өз әскерлерінің ортасында тұрған Жулозың өзіне-өзі:
— Алғашқы тебінді суытпай ауылға ат қойып, оларды басып қалмасақ, біраздан соң олар күш бермей кетеді – дейді де қылышын көтеріп:
— Ауылға қарай алға! – деп айғай салады. Оның айғайы басыла бере қатарласа шеп жәйған әскерлері ауылға қарай ат қояды. Көп өтпей қарсы атылған мылтық дауысымен бірге Зуқаның:
— Аттарын көздеп атыңдар! – деген ашты айғайы естіліп, ауылға қарай жанталаса шауып келе жатқан шеріктердің аттары іркес-тіркес домалап түсіп, алдынғы жағы пышақпен кескендей қырқылып қалады. Сәлден соң жамырай атылған мылтық үні қадай атылған бытырлаққа ауысып, тау бөктерінде бірнеше жерге ұйлығып қалған жау тобынан аспанға тік шапшып, бірінің артынан бірі домалап жатқан аттар көзне түседі. Зуқа сарбаздары құрған оқ торы алға ілгерлеу жолдарын шорт кесіп тастаған жау шеріктері жәяу қалғандарын жалма-жан арттарына мінгестіріп, аттарының басын бұрып артқа шегінудің қамын жасайды. Дәл осы кезде тағы бір жота төбесінен Төлегетай бастаған бір топ сарбаз тұйықсыз шыға келеді де, жау шоғырын оқтың астынан алады. Бұны көрген Зуқа тобы ішінен “ А, құдай! Жәнібек! Жәнібек!,, деген ұран үні көтеріледі де, олар жан-жақтан аттан салып, жау тобына қарата бастырмалата мылтық атып, оларды тықсыра қуып, жау аттарынан тағы да оншақтысын домалатып түсіреді. Бұны көрген шеріктердің зәре-құттары ұшып, аттарының басын қоя беріп, қашуға қол қояды. Атты шеріктердің соңынан оннеше жәяу шеріктер де жанталаса қашып бара жатады. Аздан соң:
— А, Құдай! Қолдай көр?! Жау қашты! – деген айғайлар тұс-тұстан көтеріледі. Соғыс майданында жаудың оқ тиіп өлген алты шерігі мен қырыққа таяу атының өлігі қалады. Зуқа сарбаздарынан да үшеуі атыс үстінде шәйт болады.
Жау қашып атыс аяқтаған соң жан-жақтан андыздай шауып келген Зуқа сарбаздары Зуқаның айналасына топталады да:
— Қуа соғысып, бірін де тірі жібермейік!
— Өкіметтің әскері намаз оқып жатқан бейуаз бұқарасын жазықсыз оққа ұстағаннан кейін енді біздің аянатын неміз қалды?! – деп шуласып кетеді. Ат үстіндегі Зуқа жігіттеріне “ тоқтаңдар,, дегендей қолын көтереді де, айғайлай сөйлейді:
— Жігіттер, айтқан талаптарың орынды. Алайда “ Қашқан жауға қатын би,, дегендей қылып, біз оларды қумай-ақ қояйық. Неге дейсіңдер ғой, үйткені біріншіден: қашқан жауды қуалау есікті бекітіп алып, итті ұрғанға оқсайды. Ит үйден қашып шыға алмаған соң жан үшін жанталасып, болмағанда ыдысты шағады. Екіншіден: ана шеріктердің бізде алты аласы, бес бересісі жоқ. Бәрі де үкіметтің бұйрығымен жүрген бейуаздар. Енді олар қашқан екен, ол бейуаздарды және қырғындаудың қажеті жоқ. Алайда, олар біз қумады деп арттарына қайтадан қайырылып, болмаса жол жөнекей кезіккен елге жәбір салып жүрмесін. Сондықтан Қазанбай, Мәмежан сендер өз топтарыңмен олардың соңына түсіп, қара көрсетіп отырыңдар да оларды ел шетіне шығарып салыңдар. Ал басқамыз ауылға барып, шәйт болғандардың өлімін ұзатайық?!
ххххх
Күз соңы. Аспанды күздің сұрша бұлты тұмшалаған. Терістіктен соққан ызғарлы жел сут тартып келе жатқан ат үстіндегі адамның қос етегін әлсін-әлі жұлқылай береді. Жалғыз атты жолаушы жел жұлқылаған етегін қайта-қайта қымтанып, желе жортып келе жатады. Ол бір бұрманы айнала бергенде оған қарсы бір ақсақалды адам жолығып, ол оған сәлем беріп тұрып қалады да:
— Ақсақал, Зуқаның ауылына енді қанша жер қалды? – деп сұрайды қарсы кезіккен шалдан.
— Таяп қалдың, қарағым, ана бір белді ассаң Зуқаның ауылы алдыңнан шыға келеді – деп жауап берген шал артына бұрылып, қамшысымен алдынғы жағын нұсқайды.
— Зуқаның өзі ауылында бар ма екен? – деп сұрайды жолаушы тағы да.
— Уа, өзің кімсің? Оның ауылында бар-жоқ екенін не қыласың? – деп шалекең енді жолаушыға қадала қарайды.
— Мен жалпақ шәнінде ( қытайша аудан ) тілмәш болып істейтін Қарамолла деген боламын. Алтай жамбылы Баймолланы ( Меркіт руының оқыған белді адамы. Кейін өлкелік үкімет халық істер меңгермесінің бастығы болған ) Зуқаға елшілікке жіберген екен. Содан шиан ( аудан әкімі ) жұмсаған соң Зуқа ауылында бар ма, жоқпа хабарласып қайтайын деп келе жатырмын.
— Баймолла дедің бе? Ол қайсы Баймолла? Әлгі Меркіт Қарекенің баласы ма? – деп шал тағы да сұрау тастайды да, жолаушының басын ійзегенін көріп:
— Е, Е – деп әлде нені ойланғандай аз тұрып қалады да – Мен Зуқа ауылындағы Сапарбай деген шалмын. “ Ауылды шапқалы тағы да шерік аттанғалы жатыр,, деген хабарды естіген Зуқа тәңертең жігіттерін бастап шығып кеткен еді. Баймолланың өзі елшілікке келетін болғанына қарағанда ол жаңсақ хабар болды ғой. Өзің қанымыз бір қазақ баласы екенсің, Зуқаға қас қыла қоймассың. Жүр, саған Зуқаны мен тауып бермесем, оны өмірі таба алмассың – деп атының басын бұра береді.
ххххх
Қар аралас жаңбыр жауып тұрған күздің соңғы күндерінің бірі. Күн түс болып қалған мезгіл. Жауын тоқтап, аспанды қымтап тұрған ақсұры бұлттар ыдырап сөгіле бастайды да, сайлар мен қойнауларды қалың тұман басып келе жатады. Терең сай ішінде ұйлығып тұрған елу неше адамдық атты топтың көбі мұздай болып қаруланған шеріктер екені көзге түседі. Ұзын бойлы, Тәмпіш танау, ақсұры келген Таң ( Қытайлардың фамылиясы ) дұйжаң ( әтірет бастығы ) топ алдында:
— Зуқа ауылының қасына келдік. Қазір Қарамолла екеміз қасымызға үш адам аламыз да сендерден бөлініп, Зуқаның үйіне барамыз. Сендер жота төбесіне бірнеше қарауылшы қойып, осы жерде бұйрық күтіп тұрасыңдар. Біз Зуқанаң үйіне кіргеннен кейін елшілікке келгенімізді, Баймолланың ертең келіп, өзімен сөйлесетіндігін, бүгін біраз тұмауратып жолда қалғандығын айтып айналдырамыз. Біз барғанда Зуқа үйінде ауаша болса біреуіміз далаға шығып, атымыздың ертоқымына бірдеме жауып белгі береміз де, қалғандарымыз Зуқаны байлап аламыз. Осы кезде сендер атой салып, ауылды басып аласыңдар.Үш күннің алдында Қарамолла тілмәшпен кездесіп, Баймолланың өзіне елші болып келетіндігін естіген Зуқа дәл осы кезде үкімет жақтан қауыптеніп, оншалық сақтық істей қоймас – деп сөйлеп тұрады.
ххххх
Зуқаның үйіне бірінің артынан бірі шұбап кірген Таңдүйжаңдар аман-сәлем жасасып, төр алдына жәйғасып отырғаннан кейін Қарамолла Зуқаға қарап:
— Мына кісі жалпақ шиәнінің ( аудан әкімінің ) оң көзі, сақшы бастығы Таңжүйжаң ( Таң мекеме бастығы ). Әнеу күнгі сөз бойынша Баймолла екеуі елшілікке келе жатқанда, Баймолла аяқ астынан ауырып, Тыянақ байдікінде қалды. Тәуір болса ертең келеді – дейді. Бұл кезде үйде Зуқаның өзі,бәйбішесі Қызыке қайтыс ьолғаннан кейін алған әйелі Бақтыбала және інісі Дәкей үшеуі ғана отырған болатын. Қарамолланың “ Баймолла аяқ астынан ауырып, Тыянақ байдікінде қалды,, деген сөзі құлақ түбінде қайта-қайта жаңғырығып тұрып алған Зуқаның санасынан “ Баймолланың аяқ астынан ауырып қалғаны несі? әлде “ Алдырар күні жаздырар,, дегендей осылар маған қастық сайлағалы жүрмесін! Ана белдің астына сарбаздарымды жасырып қойғаным бұндай көрім болар ма? Тек үйден далаға шыға алсам-ақ болды ғой!…,, деген ой сағымдай зулап өте шығады да, келгендерге көзінің қырымен шола қарап қояды. Көп өтпей дастархан жәйіліп шәй құйылады. Шәй үстінде Таңдүйжаң қайта-қайта сағатына қарағыштай береді де, бір кезде жанындағы әскерге:
— Әй, қар жауып келеді ғой деймін, ертоқымға бірдеме жауып қойшы?! – дейді Қытай тілінде. Бағанадан бері оның әрбір қыймылын қалт жібермей бақылап, келушілерге күмандана қарап, дастархан шетінде отырған Дәкей әскерден бұрын атып тұрып, далаға шыға жөнеледі. Төр алдында отырған Зуқа да дастарханнан бір-ақ қарғып, далаға қарай ұмтылады. Осы кезде қос қолын алдыға қарай соза орнынан шәпшәң қозғалған Қарамолланың қолы Зуқаның шапанының етегіне ілінеді. Таңдүйжаң жалма-жан орнынан тұрып, жанқалтасына салған жалаңаш наганмен Зуқаның қара құсына періп қалады. Зуқа сенделектей барып, босаға жаққа сылқ ете түседі. Шәугімді көтере орнынан тұрған Бақтыбала шәугіммен Таңдүйжаңның басына қойып қалады. Осындай апалас-төпелестің арасында Қарамолла бастаған үш шерік талықсып жатқан Зуқаны байлап үлгіреді.
Дәл осы кезде жан-жақтан аттан салған адам айғайы мен дүрсілдете шапқан ат дүбірі естіліп, Зуқаның жүзге тарта сарбаздары ауылға қарай ат қойып, шауып келе жатады. Көп өтпей бытырлай атылған мылтық үні де көтеріледі. Осы сәтте жан таппай есік алдына шыққан Таңдүйжаң ауылдың жанындағы белегірге самаладай болып шыға келген шеріктеріне қарсы Зуқаның қалың сарбаздарының бастырмалата оқ атып, ат қойып бара жатқандығын, он неше атты Қазақтың Зуқаның үйін бетке ала сырқырата шауып келе жатқандығын көреді де, сасқалақтай үйге кіріп, қалтыраған қолымен байлаулы жатқан Зуқаны қылышпен тәнтіректей тұрып тартып кетеді. Ол қайтадан алақтай үйден шығып, атына қарай жүгіре бергенде оқыс сенделіп қалып, жерге жалманынан түседі. Бұл кезде Қазанбай бастаған оннеше жігіт Зуқа үйінің жанына келіп те болған еді. Тек Таңдүйжаңнан бұрын атқа мініп үлгірген Қарамолла ғана жүйрік атының жалын құша жатып алып, ауылдың аяқ жағындағы қалың ағаш арасына кіріп кетеді.
ххххх
Жеңіл жараланған Зуқа үйінде басын көтеріп отырады. Қазанбай бастаған бес-алты жігіт оны қоралай қоршап тұрады. Жөпелдеме де сасқалақтай шабылған жау қылышы Зуқаның оң жақ қабағының үстінен жанай тиіп, сол жақ сұқ саусағының ұшын қырқып кеткендігі және үй жанында жаудың төрт өлігінің сұлап жатқандығы көрінеді. Зуқа жанындағыларға:
— Қап, Әттеген-ай! Қазақ деп қапы қалғанымды қарашы?! – деп өкіне бас шәйқап жатады.
ххххх
Екіран сыртынан: “ 1921-жылы Совет қызыл әрмиясынан жеңіліп қашқан Генарал Бәкіш бастаған Ақпатша әскерлері шегараны бұзып өтіп, төменгі Алтайдағы үш ауданды және Сарсүмбе қаласын басып алады. Шарпатша әскерлеріне төтеп бере алмаған Алтай аймағының Жудауйыңы өзін-өзі өлтіреді,, деген дауыс шығады да, Шарпатша әскерлерінің Алтай елінің басына салған сүркейлі де үрейлі зобалаңдары тізбектеле өте бастайды:
Бір топ Ақпатша әскерлері бейғам жатқан қазақ ауылын тапа-тал түсте басып қалады да, үй ішіндегі қолға ілігер нәрселерді бұлап-талауға кіріседі. Бір Ақпатша әскері өзіне бақан ала жүгірген қазақ жігітін қылышпен тартып қалады да, оның қанға бояла сұлаған денесіне жымия қарап, қылышын оның денесіне сүркей сүртіп жүріп кетеді. Бастау басында су алып тұрған Қазақ қызын тұйқсыз шыға келген екі Ақпатша әскері шырқырата қуалап бара жатады. Оннеше Ақпатша әскері өрісте жатқан бірнеше үйірлі жылқыға келеді де, оны ай-шай жоқ қуалай жөнеледі. Арттарына түскен жылқышыларға оқ жаудырып, олардың бірнешеуін ат үстінен домалатып тастайды да, алдарына түскен жылқыны қуалаған беті кете барады. Киіз үй ішінде отырған жалғыз әйел жылаған баласын “ Енді жыласаң Ақпатша әскеріне бере саламын,, деп уатып отырады.
Сарсүмбе қаласы. Қала тұрғындары күндіздің өзінде қақпаларын тарсылдата іліп, терезе перделерін үдірейісе түсіріп жатады. Бір кезде әлде қайдан шыға келген оннеше Ақпатша әскері әлде бір мәгезіннің алдына келеді де, оның есігін шағып ашып, ішіндегі заттарын таласа-тармаса бұлап жатады. Тағы бірде бір Ақпатша әскері әлде бәр отбасының дауал қорғанынан артыла қарап тұрады да, қорғаннан артылып ішіне қарғып түсіп кетеді. Көп өтпей үй ішінен әйелдің шыңғыра айғайлаған ашты дауысы шығады…..
ххххх
Жәзиралы жасыл алқапта мыңғырып жатқан мал табындары, кей ауылдарда көкпар тартып, қыз қуар салып жатқан сахара думаны көрінеді. Қарағайлы кең сайға дізген маржан секілді дізбектеле қонған Зуқаның қара шобыр қалың ауылы көзге түседі. Әлде бір үйдің жанында шиге оралған жүнді ортасына салған тұйық арқанмен саумалай тартып бара жатқан бала жігіт, домалап бара жатқан шым шиді қатарласа тұрып алып, табандарымен алма кезек теуіп жара жатқан 7-8 әйелдер мен балалар екіранға шығады. Тағы бір жерде білектерін ыйықтарына дейін түре сыбанып алған, іштерінде екі ер адам бар үш әйел қатарласа жүрелеп отырып алып, жалаңаш білектерімен киіз пысырып жатады.
Осыған жалғас төрде отырған Зуқа есіктен имене кірген үш адамға оқты көзін қадап отырады. Оның сақал мұртындағы ақтар бұрынғыдан молайып қалғандай көрінеді. Отты жанарының үстіндегі оң жақ қасы әппәқ, сол жақ қасы қап қара болып айырықша көзге түседі. Зуқаға сәлем берген тығыршықтай денелі, Керейше киінген Қазақ жігіті төрге таяу малдас құрып отырады да, төс қалтасынан бір жапырақ қағаз алып Зуқаға ұсынады. Ал оның жанындағы серейген ұзын бойлы, жирен шәшті, бүркіт тұмсықты, сап-сарала болып әскерше киінген екі Орыс жігіті мылтықтарын құшақтаған күйі босағаға таяу керегеге арқаларын сүйеп отырыса қалады да, Зуқаға және төр алдындағы кереге басында ілулі тұрған сармойнақ бесатар мен қос мауезерге жалтақтап қарай береді. Олардың осы бір бейнелеріне аз қарап отырған Зуқа жаңағы қағазға үңіледі:
“ Зуқа қажыға!
Шабарманым Молдақан мен екі ақпатша әскерін сізге ерекше тапсырмамен жібердім. Өралтайдың ақпатша генаралы Бәкішке беретін салығын тез арада жыйнап беруіңізді үміт етемін.
Сәлеммен!
Қанапия бейсі,, деген сөздерді оқыған Зуқа тісін шықырлатып, отырған орнынан қозғалақтап кетеді де, босаға жақта отырған екі Ақпатша әскеріне жалынды жанарын қадай:
— Бәкіш аяғы жеткен жердің адамын қырып, халықтың мал-мүлкін талап жүрген иесіз қашқын. Иесіз қашқынға алман-салық бергенді қойып, Бәкіштің өзімен қосып, барлық әскерлерін қырып тастаса да құнсыз. Оларда сұрайтын ие жоқ. Ондай қашқындарға қара Ертістен өрлей алман-салық бергізбеймін. Алман бергенді қойып, олар қара Ертістен өрлейді екен, майдан ашып, тұрыстық беремін! – деп ақырып жібереді.
ххххх
Тамыз айының орта шені. Күн әуе айналып жерге түскендей ыстық болып тұрады. Жағасын биік өскен аласа көк теректер мен бақал талдар қоршаған көк буырыл Ертіс өзені баяу ғана кілкіп ағып жатады. Ертісті өрлей соқтырып келе жатқан жыйырма неше Шарпатша әскерлері көрінеді. Бүгелек мазасып алған аттар тұмсықтарымен тұқыра жер сүзіп, бастарын әлсін-әлі изектей береді. Бір кезде иірілген сары мұртты, шүңгіл көк көз, биік қабақты, қылыш байланып, жан құрал асынған адам ыстықтан бұрлығып, зықылары шығып келе жатқан әскерлерінің алдына шығып:
— Аттарыңнан түсіңдер! Бізге Қалқасы не, Қазағы не, мал болса болды емес пе? Түскі ыстықта осы жерде біраз дем алайық та, салқын түсе атқа мініп, мына қасымыздағы Қазақтардың малынан айдап қайтайық?! – дейді делдірейген шәпкісін көтеріп, маңдай терін алақанымен сыпыра сүртіп. Оның сөзін естіген әскерлер аттарының басын дереу өзенге бұрып, шапқыласа жөнеледі.
Бұлардың оңтүстік жағындағы тау төбесінде бағанадан бері дүрбі салып отырған екі адам олардың топырлай барып, өзен бойына түсіп жатқандарын көріп, біріне-бірі жымыңдай қарайды да, қастарында түйулі тұрған аттарына сарт-сұрт мініп, жота төбесінен түсе береді.
ххххх
Күн батуға айналып, тау арасын алып көлеңке өз өз құшағына қусырып келе жатқан кез. Өзен бойына түсіп келе жатқан жылқы соңында сойылдарын тақымдарына қыстырып, жәйбірақат аяңдап келе жатқан бірнеше адам көрінеді. Ат үстінде дүрбімен жан-жағын шола қарап тұрған бағанағы бір топ Ақпатша әскерлерінің бастығы Жармалиев суатқа түсіп келе жатқан қалың жылқыны көреді де жымың қағып:
— Қазақтардың аты өз аяқтарымен алдымызға келді – деп оң қолының сұқ саусағымен алдымен маңдайын онан соң екі ыйығын кезек нұқып, шоқыну белгісін жасайды да, әскерлерін бастап жылқыға қарай шаба жөнеледі. Олар шапқан бойы жылқыға енді жете бергенде, шығыс жақтағы жота төбесінен тарсылдаған мылтық үні шығып, ысқырған оқтар олардың бастарынан зуылдап өте бастайды. Алдыда кетіп бара жатқан төрт әскер мылтықтарын алуға да үлгірмей аттарынан домалап түседі де, астындағы аттары ойнап шыға береді. Екі әскердің аты алдынғы аяқтарын көтеріп, көкке қарай тік шапшыйды да, шыңғыра барып құлап қалады. Қарсы алдын оқ нөсері шорт кесіп тастаған Жармалиевтің үрейленгеннен көзі шарасынан шыға шатынап, жалма-жан атының дізгінін тартып:
— Артқа қайтыңдар! – деп жандәрмен айғай салады да, артына қарай қаша жөнеледі. Іле-шала оның және жанында арттарына жалтақтай қарап жанталаса қашып келе жатқан бірнеше әскердің дегірейген қалпақтары іркес-тіркес шыққан мылтық дауысымен бірге ұшып-ұшып кетедіде, мылтық үні оқыс тына қалып, жота төбесінен Айушы бастаған Зуқаның 20-30 сарбазы шыға келіп, қашқан жаудың артынан ұран сала қуып бара жатады.
Екіраннан Бәкіш пен Жармалиев көрінеді де, өңі қашқан жармалиев оған “ Зуқа дегеніміз Қытайдан шыққан Амангелді екен,, деп қайта-қайта айта береді.
ххххх
Быдармақ таудың арасындағы соқпақ жолда түйе жетектеп, шұрқырата мал айдап, ақсақалы алдында көш бастаған Қазақ көшіне мүлде ұқсамайтын ұзыннан-ұзақ болып, бірінің артынан бірі шұбырған, әрең жүріп, азып-тозып келе жатқан көш дізбектері көрінеді. Көш арасында аяқтарын салбырата атқа мінгескендер, қашар мен есекке теңдеген жүктің үстіне шығып алғандар, көлікті жанасалап келе жатқан жәяу адамдар көзге түседі де, екіран сыртынан: “Сарсүмбе, Көксаз, Тұлты қатарлы жерлерден Ақпатша генаралы Бәкіш тарыдай шәшқан бес жүзге тарта Қазақ, Қытай, Ұйғұр, Дүңгені аралас әр ұлт халқы Зуқа ауылына паналады,, деген сөз естіліп, көш алдынан 60 түйе жетелеп, қосар ат алған қалың адам шыға келеді. Көштегілер оларға аң-таң бола қарасып қалады. Олардың бұл сыйқын көрген Солтаншәріп:
— Қоықпаңыздар, біз сіздерге көлік әкеле жатқан Зуқа қажының адамдарымыз – деп айғай салады. Бұны естіген азып-тозып келе жатқан адамдардың жүздеріне қуаныш күлкілері ойнап шыға келеді.
ххххх
Екіранға: “ 1922- жылы Алтай сахарасында тариыхта сирек кездесетін ақсүйек жұт болып, ашаршылық басталды,, деген ірі әріпті жазу шығады да, байтақ даланы басып жатқан шөккен түйе көрінбейтін қалың қар, осы қалың қарда үйлерінің есік-терезелерін күреп ашып жүрген адамдар көрінеді. Біреулер тау беткейлерінде жалды айғыр, атан түйелермен омбы қарды бұзып, одан шыққан болымсыз сүрдекке ұсақ малдарын жәйіп жүрсе, енді біреулер күрек және теселермен шидің түбін ашып, тайынша- торпағын бағып жүреді. Осыдан соң көрініс тез ауысып, жазғытұрым қыстау маңына жылжып қонған киіз үйлердің жанында теңкиіп- теңкиіп қатып жатқан ұсақ малдар мен ірі қаралар, мол жемтікті таласа жеп жатқан иттер, олардың маңында топтала ұшып жүрген сауысқандар мен қарғалар көзге түседі.
Осындай күндердің бірінде онбес шерік қорғап келе жатқан Алтай аймағының орынбасар Дутыңы Мадарынның астық артқан елу түйелік керуені Зуқа ауылының қыстауы болған Бітеудің аяқ жағына келіп түседі. Көп өтпей Нәсір бастаған Зуқаның біртоп сарбаздары сау етіп жетіп келеді де, керуенді қоршап алады.
ххххх
Қыстауының жанына киіз үйімен жыжып қонып отырған Зуқаның үйі. Төр алдына жәйылған дастарқан басында Зуқа мен Мадарын сөйлесіп отырады. Үй ішінде сүрі еттің иісі бұрқырап, түстік асылып жатады,
— Қажы – дейді Мадарын семіз денесін ырғап қойып – сіз мені осы сауданы пайда тапқалы істеп жүр деп ойлайсыз ба? Менің өз дәулетім өзіме жетеді. Мәртебелі Лаужиаңжүн ( қарт генарал- сол тұстағы Шинжиаң билеушісі Яңзыңшиңды айтады ) Алтай аймағына барып орынбасар Дутың бол да, ондағы мұсылмандарға ие бол деген соң, жұтап жатқан мына халқыма аз да болса көмек болсын деп, Алтайға керуен жүргізіп жүрмін. Быйыл Еренқабырғада астық ерекше қымбаттап кетті. Осы күріштің екі шыңын ( Қытайша өлшем бірлігі, бір шың он шәй шыны шығады ) бір қой беріп алдым. Кірекештің бәріне ақы беремін. Оның үстіне керуенді қорғап келе жатқан он бес әскердің барлық расхұтын өзім көтеремін.
— Болады, әзір баға таласатын заман емес, айқаныңыз бойынша есептесіп, тоқтам жасайық – дейді Зуқа.
— Қажы, менің керуенімде 55 түйе бар. оның бесеуіне өзіміздің азық-түлігіміз, қалғанының бәріне күріш артылған. Түйелерімнің бәрі жараған бура, қайсар атандар. Әрқайсысына бірдей қылып, он ағаштан ( бір ағаш 22 килогірам ) арттырдым. Бір ағашымыз бес бақыр ( ақша бірлігі ) бір бақырымыз бір қойдан болғанда, бір түйедегі елу қой болса, елу түйедегі қанша қой болмақ? Бекер өзіңіз қыйналып қалар ма екенсіз? – деп Мадарын аяғын көсіліп, шіреніп отырады. Зуқа сақылдай күліп:
— Тәйір-ай, Көп болса екі жүз неше аттың пұлы екен ғой! Біздің Қазақ “ Берген жомарт емес, алған жомарт,, дейді. Мен жомарттық істедім. Не десеңіз де алдым. Кәне керуеніңізге хабар беріңіз, осында келсін?! – дейді. Өңі қашқан Мадарын тағы бір бұлтаққа басады:
— Қажы, бағанадан бері сіздің көңіліңізді қыймай оны айтып, мұны айтып отырғанымның сырын енді айтайын, Бұл күрішті өзіңіздің досыңыз Бурылтоғайдағы Үрістем залыңға беремін деп, онымен тоқтасып қойған едім. Оның үстіне менің керуен басым алдында тапсырылған жұмысты орындамай тұрып, екінші жұмысқа аяқ баспайтын бір жәйіл неме еді. Осы кезде керуен кетіп қалды ма екен деп ойлап отырмын.
Бұл сөзді естіген Зуқа Мадарынға қарап, жәй ғана жымыйып қояды. Шәй ішіліп болған соң Мадарын қасқыр ішігін жамылып далаға шығады да, ауылдан ұзап барып дәретке отырады. Біркезде оның құлағына бір қалыпты ырғалған қоңырау дауысы естіледі де, дәреттеп отырған жерінен сасқалақтай тұра келеді. Қаздай шұбап Зуқа ауылына келген өз керуенін көргенде оның ышқырын ұстап тұрған қолы босап, сымы төмен қарай сырғып кетеді. Шақпақсыз мылтықтарын құшақтап, Айдауда келе жатқан онбес шерігіне қарап, үн-түнсіз мелшиіп қалады.
ххххх
Астық түсіріліп, керуен қайта жолға шығарда Мадарын Мадықыңды ( Жақияны ) ертіп Зуқаның жанына келеді де, Жыйырмаға енді келген жас жігітті оған көрсетіп:
— Мына жігіт жаздай сіздікінде болып, күзде мал жыйнап алып кетеді – дейді де, атын қамшысымен сауырлата тартып жіберіп жүріп кетеді. Осы кезде Жақия Зуқаны құшақтай алып:
— Мен Қажы атама бала боламын!- деп еркелей жөнеледі.
ххххх
Аймақтық Дутың кеңсесі. Жатаған үстелдің жанына қойылған шарбақ орындықтарға шалқалай, Алтай аймағының жаңа дутыңы Уыйжиңго мен оның орынбасары Мадарын әңгімелесіп отырады.
— Мапудутың ( Ма орынбасар губернатор ), біздің алдымен Зуқа әрекеттерінің сыйпатын дұрыс тануымызға тура келеді – дейді Уыйжиңго екі шекесінде ғана селеудей үрпиіп шәш қалған қасқа басын сыйпай отырып – оның қарсы тұратыны біздің үкіметіміз және үкіметіміздің тірегі болып отырған ұлықтар мен байлар. Ал қорғайтыны жалаңтөс кедейлер мен үкіметке қарсы бұзықтар. Сонда оның мына Ресейдегі қызыл бандылардан не парқы қалды? Ішкі Қытайдағы жаңадан бас көтере бастаған көмунистерден не айырмасы болды? Бұны Алтай сахарасынан құртпасақ, күндердің бірінде біздің көретін күніміз де мына Бәкіш, Дутовтардың көрген күні болады.
— Рас айтасыз – дейді Мадарын барбыйған саусақтарын уқалай отырып – шынында Зуқаның көзін жоймай Алтай өңірінде тыныштық болмайды. Қазір оның елі жұттан бас кеөтере алмай жатыр. Дәл осындай кезде әскер аттандырып, оны түп-тұқянымен құртып жіберу керек.
— Мапудутың, Зуқаға қазір әскер аттандыра қойу қыйындау. Неге десеңіз, біріншіден: Ол ерекше сақ адам екен. Оның үстіне осы рет сіздің керуеніңізді ұстап қалғаннан кейін ол үкімет жақтан қауыптеніп, сақтығын онан ары күшейте түседі: Екіншіден: дәл биыл өзіміздің де әскер шығара қоярлық шамамыз жоқ. Ат арық, жем шөптің көбін мына Ақпатша әскерлеріне көмекке беріп жатырмыз. Оның үстіне Россияның қызыл үкіметі біздің орталық үкіметке “ Қалдық бандылардың ішіндегі бірнеше соғыс қылмыстыларына бас пана болуды тоқтатып, оларды ұстап беруді, егер олай болмаса, шегарадан әскер кіргізетіндіктерін,, айтып, нота тапсырыпты. Орталықтың осы хұжатын Яңжиаңжүн мен арқылы Бәкішке тапсырды.
— Оған Бәкіш не дейді?
— Не деуші еді, “ Жақында қызылдарға қарсы қайтарма шабуылға өтіп, шегараларыңнан өзіміз де шығып кетеміз,, дейді. Бұлар бұрынғыдай емес жақыннан бері тым жеңіл буынып-түйіне бастады. Аттарын күйлендіріп алып, бір жаққа аттанбақ па екен деп ойлай беремін.
— Дутың мырза, сіздің олар аттарын күйлендіріп жатыр деген сөзіңізден маған бір ой түсіп отыр дейді – Мадарын – Осылырды бірнеше жыл бекер бақтық па? аттары да күйлі екен, Зуқаға қарсы бір салып көрмейміз бе?
— Мен де оларды осы жәйында бірнеше рет қайрап көрген едім, онымнан ештеме шықпады. Бір жылдың алдында бұлардың Жармалиев деген лианжаңы ( рота көмандірі ) Өралтайдан жылқы аламыз деп жүріп, Зуқа тобы жағынан алты адамынан айырылып қашып келіпті. Сол реткі соққы жүректеріне қатты тиген оқсайды. Оның үстіне бұларды Орыс жеріндегі Қазақтардың ішінен шыққан Амангелді деген біреу де тәуір соққылаған тәрізді. Сондықтан олар қолдарына қару алған атты Қазақтардан ерекше қорқады екен.
— Сонда Зуқаны қайтсек болады?
— Бұның бірден-бір амалы оны қазір жойып жіберуге асықпай, уақыт өткізіп оның сақтығын әлсіретіп, елін бейғамдандыру керек. Сондықтан да мен осы жердегі Қазақ ұлықтарына Зуқаны Өралтайдағы шегара қорғау жасақтарының бас қолбасшысы, үлкен ұлы Солтаншәріпті Ителінің тәйжісі ету ойымның бар екенін айтып қойдым. Бұл сөзімді Қазақтардың сымсыз телефоны Зуқаның құлағына жеткізеді де, ол үкімет енді менімен жауласпайтын болыпты деп ойлап қалады. Сонымен бір орайы келгенде опырып қаламыз.
— Сіз айтқандай, Зуқаны Қазақтар қатты сақ адам деседі. Оның үстіне сарбаздары да ерекше мерген көрінеді. – дейді Мадарын – Осы жолы менің керуенімді ұстап қаларда, керуенімді қорғап келе жатқан әскерлер қарсылық білдіруге қамданған екен, Зуқаның сарбаздары екі атып, екі әскердің қалпағын ұшырып жіберіпті. Бұдан қатты шошынған әскерлер ылажсыз қару тасырыпты. Жаңағы сіз айтқан “ Уақытты кешеуілдетіп, сақтығын әлсірету,, әдісіне менің қосар амалым: біз Зуқа тобының ішіне Сұнукүңдей ( Қытыйдың кілассикалық романы “ Батысқа сапардағы,, 72 түрлі құбыла білетін қиялый кейіпкер ) кіруіміз керек. Сонда ғана біз оның әлсіз жерін ұстап, оңай құртып жібере аламыз.
— Бұрын Зуқаға қарсы жасалған бірнеше реткі жорықтардың қайта-қайта сәтсіздікке ұшырай беруі оған қарсы жорыққа аттанушылардың оның әлсіз жерін ұстай алмауынан, өте-мөте оның тобының ішінен тіл алысатын адамдарының болмауынан болған ғой деп мен де көп ойлана беруші едім. Олардың тобынан біз үшін істеп беретін адамдарды табуға бола ма? – деп Уй дутың Мадарынға қарайды.
— Дутың, бұл оңай, мен оның бірінші қадамын басып та болдым. Зуқа тобының ішіне мен өзімнің екі адамымды Сұнукүң етіп кіргізейін. Бұның бірі – Зуқаның руы Ителіден қыз алған, Қазақ ішінде өскен Мажымың, Қазақтар оны Ыбырайым деп атайды. Ол ежелден Ителіге күйеумін деп Зуқамен араласып жүретін молла адам. Енді бірі – өзімнің қара қызметкерім Мадықың, Қазақтар оны Жақия деп атайды. Осы жолы ол менің малымды жыйнап келетін болып, Зуқаның үйінде қалды. Екеуі де мұсылман! – деп Мадарын қарқылдай күледі.
— Бұл екеуінің Зуқамен арасында пәлендей өшпенділігі бар ма?
— Неше жылдың алдында Зуқаның адамдары Мажымыңның Ертіс бойына еккен апыйынын өртеп жіберіп, оның саудасын үлкен зиянға ұшыратқан. Ал Мадықыңның әкесі Тойтұғышта алтын қазып жүргенде із-тозсыз жоғалып кеткен. Оған: “ Сенің әкеңді сол кезде қолындағы алтынына бола Зуқа өлтіртіпті,, десек ол жанып түседі.
— “ Ер жігітке кек алу үшін он жыл да кештік етпейді,, ( Қытай мақалы ) деген бір тәмсіл бар. Сол сияқты біз де орай күтіп көрейік?! Сіз де әзірше асықпай тұра тұрыңыз?! Кезі келгенде Мұсылман туысыңыздың басын өз қолыңызбен кесіп, онда кеткен есеңізді артығымен қайтарып алатын боласыз – деп Уйжиңго қарқылдай күледі. Мадарын да екі езуі құлағына жете ыржақтай береді.
ххххх
Екіран сыртынан: “ 1928-жылдың көктемі. Уйжиңго мен Мадарынның Зуқаны құрту жоспарын жасағандарына 6 жыл болған кез,, деген сөз естіледі де, көктеулікте отырған Зуқа ауылы, ауыл маңында енді-енді аяқтанып, ойнақ салып жүрген қозы-ылақтар, жер ошақ басында ірімшік қайнатып жүрген әйелдер, қора маңында топ-топ болып қырықтықпен қой қырқып жатқан жігіттер көрінеді.
Астында қаракер аты, бөктерген үлкен қоржыны бар, қара киімді бір адам ақырын аяңдап келіп, Зуқаның кіші әйелі Мықияның үйіне түседі. Ол белдеуге атын байлап жатып, қатты қақырынады. Бұл дауысты естіген Жақия үйден шыға келеді де, оны аттан қолтықтап түсіреді. Жолаушы аттан түсіп жатып, Жақияға қарап иегін көтеріп қалады. Жақия қытай тілінде:
— Өзіміздің тілмен сөйлей беріңіз?! Үйде әйелінен басқа ешкім жоқ. Кәрі, сарбаздарын ертіп, машыққа шығып кеткен – дейді.
— Қандай, өзің жақсы жүрсің бе? Сені жүрсе жетпейтін бір жолға салып қойып, әбден қыйнадық-ау! Бейнеттің де зейнеті болатын күн таяп қалды – деп Ыбырайым Жақияның басынан сыйпайды.
— О недегеніңіз, сіздер менің аяқ-қолымды байлап қойып, Жолбарыстың аузына тастаған жоқсыздар ғой, қарапайым әкем үшін бір басы жүз кісіге татыйтын Қазақ батырының басын алсам, мархұм әкемнің мен де қарызы қалмас еді –дейді Жақия.
— Ерлігіңнен айналайын, бұлар қазір саған қалай қарап жатыр?
— Байлардан талай рет қорлық, мәнсаптылардан сан рет зозлық көрдім деп өтірікті суша сыпыртқаннан кейін бұлар қазір маған өте жақсы қарайды. Ана кәрі мені кіші әйелі Мықиядан туған төртінші баласы деп есептейді.
— Осы рет Мадарын мені әдейі саған тілдесу үшін жіберді. Бұлардың қазіргі сақтығы, үкіметтен қауыптенуі қандай?
— Қазір бұлардың сақтығы бұрынғыдай емес босаңсып барады. Түнгі шолғыншылары да аз. Кейбіреулері шолғынға бармай, ойын-тойға айналып кететін болды.
Жақияның сөзі осы араға келгенде үйден Мықия айғай салады:
— Әй, Жақия, шүлдірлесіп тұрған Қытайың кім?
— Тәте, Қытай емес, Ыбырайым молла ғой – деп сасқалақтай жауап берген Жақия Ыбырайымға қарап көзін қысып, Қазақ тілінде:
— Кәне, молла, үйге кіріңіз?! – дейді.
Ыбырайым есіктен кіре бере:
— Жеңге-ау, мені Қытай деп, қыздарыңды шығарып алайын дедіңіз бе – деп аманды қалжыңмен бастайды.
— Ауылға талай келгеніңде шүлдірлеген бір ауыз сөзіңді естімеген соң қайдан білейін, Қытай екен деппін – деп Мықия төр алдына сырмақ салып жатады.
ххххх
Ертеңінде түске таяу Ыбырайым молла буынып-түйініп Зуқаның үйінен аттанғалы жатады. Осы кезде оның үстіне кірген Зуқа:
— Моллеке, Қазақтың қонақ атанғалы жатқанда “ Бұйымтайыңыз бар ма,, деп сұрайтын әдетін өзіңіз де білесіз. Жүргелі жатыр екенсіз, қалаған-сұрағаныңыз болса айтыңыз?! – дейді. Зуқаның сөзінен соң аз түйткілісіп тұрған Ыбырайым:
— Бастысы өздеріңізге аман-сәлем қылайын деп келген едім – деп жөткірініп алады да, сөзін жалғастырады – “ Айран сұрай келіп, шелегіңді жасыр ма,, дегендейін, болымсыз бұйымтайымды айтайын, ана жылы үрімжідегі бір саудагерге “ Апиын тауып беремін,, деп уәде беріп қойып, сол қарызды әліге дейін өтей алмай жүргенім. Ол неме апиын болмаса, алтын берсем де алатын емес, сол үшін быйыл жазда осы Өралтайдың иен жатқан тауына біраз апиын салып алсам ба деймін. Осыған сізден Рұхсат сұрап келген едім.
Ыбырайымның сөзінен соң Зуқа дауысын көтере күліп жібереді де:
— Бәлі, молла, менің “ ұры Зуқа,,, “ тонаушы Зуқа,, деген аттарым аз болғандай, енді оған “ апиыншы Зуқа,, деген атты қосайын деген екенсің. Бұл жөнінде қолқа салмай-ақ қойыңыз?! Басқа қанша дүниемді қаласаңыз да оны сізге қыйналмай-ақ берейін – дейді.
— Қажы, оныңыз жөн ғой, бірақ, сізді өзімсініп, осы маңның бір жеріне азырақ салғызып та қойған едім. Сіздің жігіттердің бірен-саранының көздері шалып та қалған сияқты. Тағы да ана жылғыдай болып жүре ме деген қорқынышпен сіздің алдыңыздан өтейін дегенім ғой – деп Ыбырайым енді шынына көшеді. Оның сөзі аяқтай бере Зуқа оған жалт етіп қарай қалады да, қайтадан жәйдарлыққа ауысып:
— Сізден басқа біреу болса, көктей жұлғызып тастар едім. саларын салғызып қойған екенсіз, бұдан кейінгі жылдарда бұндай істі менің құлағым қайта естімейтін болсын.Сонымен бірге менің жігіттеріме “ Ыбырайым молла менің жақын жездем еді, оның апиынын қорғап беріңдер,, деп те айта алмайтындығым есіңізде жүрсін – деп есікті серпе көтеріп, далаға шығып кетеді.
ххххх
— Лаума ( Ақсақал деген мағынада. Қытайлардың үлкендерді құрметтеп атау дағдысы ), ана кәрі түлкінің терісін сылыйтын уақыт жеткен сияқты ма? – деп сұрайды Ыбырайымды ауылдан ұзата шыққан Жақия оған таяй түсіп.
— Әй, ол жыланның аяғын көрген алаяқ емес пе? Әлі де сырын берер емес қой.
— Меніңше – дейді Жақия – оның көзін жойуға ең орайлы кез күзде оның күзеуге көшетін мезгілі. Ол кезде оның жігіттерінің көбі алдын-ала жер шолуға кетеді. Бұл кезде Зуқаның үйі қалың ауылдан бөлек қонады – дейді жақия.
— Бұл ойыңды Мадарынға жекізіп қояйын. Мен де апиынымды көрген болып, жиі келіп тұрамын. Сенімен арадағы хабарды осы әдіспен ғана жалғастыруға тура келеді. Өзің де олардың қыйт еткен қыймылдарын қадағалай бағып отырарсың?! – деген Ыбырайым Жақияға хош айтады да, атын қамшысымен сауырлата тартып жіберіп, Жақиядан бөліне береді.
ххххх
Екіранға: “ 1928-жылы 22-сентабір,, деген жазу шығады да, түс мезгілінде ауыл жанындағы көк жасаңда Зуқанаң гуілдесе әңгіме соғып отырған бір топ жігіттері көрінеді. Бір кезде үлкен ақбозат мінген, үстіне ақшыншудан қайырма жағалы қаптал шапан, басына қызғылт түсті құндыз бөрік, аяғына қыйсық табан құрым етік киген Зуқа ақ шапанын желбегей салып, жігіттердің өкпе тұсынан шыға келеді. Осы кезде оның дене тұлғасы ап-анық көрінеді: екі беті мен жазық маңдайын айқұш-ұйқыш ажым іздері шыймайлаған, дөңгелек сақалы мен шалғылы мұрты бүтіндей ағаруға бет алған. Сол қасының қылшықтары қап-қарада, оң жақ қасының қылшықтары әппәқ. Дөң жауырынды тік тұлғасы сәл еңкіш тартқан. Осы көрініспен қатар екіран сыртынан: “ Осы жылы Зуқа 61 жасқа шыққан еді,, деген сөз естіледі. Бағанадан бері Зуқаның бейнесіне телміре қарап отырған жігіттердің бірі:
— Қажы да кәртейіп қалыпты-ау! – деп жүрек жара күрсініп жібереді.
— Бұл өмір кімді кеміктеп тауыспайды?! –деп Қазанбай да ауыр дем алады.
— Екі-ұш балаңды бағамын деп жүріп, қырықты орталамай жатып, сенің де көз жиегің қырыстанып кетіпті. Оған қарағанда осынша көп баланы баққан қажы қайта кәртеймейді екен – деп Айушы сай ішінде жыпырлай отырған ауылды меңзейді.
ххххх
— Жә, жігіттер, күн еңкейіп қалыпты. Менің сендерге айтып қояйын деген бір ауыз сөзім бар – деген Зуқа оң қолымен оңтүстіктегі орқаш тауларды нұсқайды – ана таудың ана бір бұлт шөгіп жатқан жерінде ана жылы біз жанын жаһаннамға жіберген Таң лозыңның басы жатыр. Міне алдымызда қазір сендер бөліске салғалы отырған ақтылы қой, үйірлі жылқы тұр. Осылардың барлығының да сұрайтын иесі, жоқтайтын жоқшысы бар.
“ Барады жылдан-жылға заман ауып,
Ауған сайын таяды күнде қауып…,, ( Зуқаның өз өлеңі ) дегендей, заман ғой! бұл жәйында қандай ойларың бар?
— Не ойымыз болушы еді?
— Өралтайды жауға таптатпаймыз!
— Жау келсе алысамыз!- десіп жігттер дүрілдесе жөнеледі. Осы кезде Төлегетай Қажыбай шалға қарап:
— Әй, Қажеке, жасыңыз үлкен адамсыз ғой, Өз ойыңызды айтып көріңізші?! –дейді.
— Маған ойыңды айт десең, Қажының қасына келгенде жалғыз көк шолақ атпен келген едім. Енді міне құдай берді, қажының арқасында қорама қой салдым. Ендігі іс соны бағып-қағып, тұяқ санын молайта беру.Жау келсе өздерің бар – деп Қажыбай шал қаперсіз жауап береді.
— Былжырайды екен ғой – деп Төлегетай орнынан ұшып тұрады – қасыңа Құсайын, Омарларды алып, Шиіті жақты шолып кел десем, “ Олжа бөліскеннен кеиін барайын,, дедің. Ендігі айтып отырғаның мынау – деп Қажыбайға тебітеді де:
— Әй, сендер неге бармайсыңдар?- деп Құсайын мен Омарға қарайды. Олар:
— Қажекең бізге айтқан жоқ! –деп өз бастарын ауашалайды.
— Төке, неше жылдан бері ел іргесі тыныш болғандықтан бүгін де құдай сақтар деп ойлаған едім – деп Қажыбай шал қамшысымен жер шұқый береді. Бағанадан бері бұл әңгімеге құлақ түріп, Қажыбайға қарап отырған Зуқа:
— Бұл салғырттық бір Қажыбайда емес, бәрімізде пайда бола бастады. Біздің қазіргі күйіміз бұдан жыйырма жыл бұрынғы салт атты, сабау қамшылы адамдар емес, үйлі-баранды, қараң-құраңы көп, малды ауылға айналдық. Біздің ұзақ жылғы күресіміздің мақсаты да осындай күйге жету үшін еді. Мен Қажыбайдың жаңағы айтқан “ Құдай береді,,, “ құдай сақтар,, деген сөзіне қосыла алмаймын. Баяғы пайғамбар заманында бір сахаба мініп келген түйесін “ құдайға аманат,, деп бұйдасын түріп қоя беріп жатқанын көрген пайғамбар “ Әй, құдай сенің түйеші шалың емес, түйеңді мықтап байлап, құдайға аманат деп содан соң айт,, деген екен – дейді. Зуқаның сөзі аяқтай бере сарбаздар:
— Тура айтасыз, қажы, біз шынында бұрынғы күнімізді ұмыта бастадық.
— Сіздің ақылыңызбен боламыз!
— Сіздің соңыңыздан ергеніміз ерген! – деп шуласады.
— Көпшілік, біз осы бірлігімізден, ахыйқат, әділет үшін көрескен нысанамыздан айырылмасақ,ақыр бір күні бізді қолдайтын, бізді өз адамы деп қарайтын күндер туады. Осы бір арманды бүгінге дейін қаншама адамдар аңсап келеді?! Бұрынғы кезде желмаясына мініп, жер ұйықты іздеген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды аңсаған Асан атамыздың арманы да осы емес пе?! “Үмітсіздік – шәйтан ісі,,, “ Армансыз адам болмайды,, дегендейін бұл өмірде армансыз адам бола ма?! Абылайхан бастаған Қабанбай, Бөгембай, Жәнібек сияқты батыр бабаларымыз да осындай әділеттілік пен тыныштық жолында арпалысты ғой! – деген Зуқа алыс көк жиекке телміре қарап тұрып қалады.
ххххх
Аттарын жетелеп, ауылға қарай ақырын аяңдап келе жатқан Ыбырайым мен Жақия көрінеді.
— Сонымен не болды? Келетін болды ма? – деп сұрайды Жақия арт жағына қуыстана жалтақтай қарап.
— Келетінді қойып, келіп те болды.
— Қанша адам?
— Мадарынның өзі бастаған үш жүздей әскер.
— Олар қайда?
— Өзенде, алтын шәйқайтын жерде.
— Ел көріп қоймады ма?
— Қорықпай-ақ қой, оларды біз өлкелік үкіметтің алтын қазуға жіберген адамдары деп алып келдік.
— Қашан бастамақ?
— Мыналар бүгін тарайма?
— Тарайды.
— Зуқаның ауылында қонып қалатындары болмай ма?
— Бола қоймас.
— Бұларды ел жата бассақ қалай?
— Болмайды.
— Неге?
— Қараңғыда қашып құтылып кетеді.
— Енді қай уақта?
— Жерге жарық түсе.
— Ендігі байланысымыз қалай болады?
— Ел жата мен барамын.
— Қай жерге?
— Талды сайдың басындағы обаның түбіне.
ххххх
Тау арасына жасырынып бара жатқан алып күннің соңғы нұрынан пайда болған кешкі шапақ бейне атқалақтап аққан алқызыл қандай жан-жаққа шәшірап тұрады. Ауыл үстін қара көлеңке қымтап келе жатады. Осы кезде Зуқа кіші әйелі Мықияның үйіне кіреді.
— Немене, бір жеріңіз ауырып, не бір нәрсеге ренжіп келдіңіз бе? Қабағыңыз сәл ғой өзі? – дейді Мықия оған.
— Білмедім, әйтеу өне бойым салғырттанып, шәршәп тұрғандай болдым да қалдым ғой. Маған бірдеме салып берші?! – дейді Зуқа. Осыдан соң Мықия төр алдына төрт қабаттап көрпе салып, үстіне екі жастық тастайды. Сыртқы киімдерін шешкен Зуқа салынған төсекке екі қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатады да, көп ұзамай мызғап кетеді. Бір кезде басын оқыс жұлып алған ол:
— Алла-ай, Қатты бастырылып қалыппын. Әншейін бір шексіз қан теңізіне түсіп кетіп, содан шыға алмай жүр екенмін – дейді де, басын көтеріп отырады.
— Тәңертең сыртқа жалаңбас шығып кеткен едіңіз, тымау тиіп қалған ғой – деп Мықия қазан-ошақ жақта өз шаруасымен күйбеңдей береді. Осы кезде үйге сәлем бере Зуқанаң үлкен ұлы Солтаншәріп кіріп келеді де, оның бойжеткен қарындасы Қамаря мосыға шәугім іледі. Солтаншәріп орнығып отырар отырмастан-ақ есіктен таласа кірген кішкене бауырлары Бітімқан, Мәрямқан және Қыйзаттар оған қарай ұмтылады да, жан-жақтан оның мойнына асылып, еркелей жөнеледі. Олардың ең кішкенесі Қыйзат біресе Зуқанаң алдына отырып, енді бірде Солтаншәріптің мойнына асылып, үй ішінде тайраңдап жүреді. Балаларының бұл қызығына қарап отырған Зуқаның бағанағы қорқынышы есінен көтеріліп, өңіне қан жүгіреді де, Солтаншәріпке қарап:
— Солтан, Бәтішті ( Солтаншәріптің әйелі ) неге ерте келмегенсің? – деп сұрайды.
— Ертең келеді ғой деймін, әлгі бір немені сізге алып барамын деп отырған – дейді Солтаншәріп.
— Әнешті ( тұңғыш немересі Әнуәрбек ) көрмегеніме де оншақты күн болыпты. Сағынып қалыппын. Бүгін алдыңа алып ала келмегенің-ай – дейді Зуқа. Осы сәтте дауыстарын көтере сәлем беріп, үйге екі қонақ кіріп келеді де, Зуқанаң отбасылық кеңесі үзіліп қалады. Далаға шыққан Солтаншәріпті қарындасы Қамаря аттандырып қояды.
ххххх
Тас қараңғы айсыз түн. Аспанда бірен-саран жұлдыздар көрінеді. Маңайдан анда-санда үрген иттердің дауысы естіледі. Ауыл шетінде иірілген қойлар қараңғыда бырт-бырт күйсеп, ыңырана күйіс қайтарып жатады. Үйдің сол жағындағы белдеуде байлаулы тұрған Зуқанаң ақбоз атының шылбырынан ұстап, әлде нені ойлаған Жақия тұрады. Бір кезде оның құлағына: “ Әй, Жақия, сенің Зуқада қандай ұзында өшің, қысқада кегің бар еді?! Сенің әкеңді оның өлтіргенін өз көзіңмен көріп пе едің? Ол саған не жамандық қылып еді? Бәр жазығы саған сеніп, баласы қылып, бауырына салып, маңдайыңнан сыйпағаны ма? Балам деп маңдайыңнан сыйпаған сондай мейрімді қолды кесуге сенің дәтің қалай шыдап, адамдық ар-ұжданың қайтып жол қойады?!…,, деген тегеурінді үн естілгендей болады. Енді бірде оның көз алдынан сылаң қағып қылмыңдаған сұлу қыздар, сыңғырлаған күміс жамбылар мен жарқыраған алтындар шұбап өте шығады да, езуінен аққан сілекейін тамсана жұтып, жымың қағып, құтырған адамдай күле жөнеледі. Көп өтпей ол ақбоз атты жетелеп белден асырып, жүген-ноқтасын сыпырып, басына бір салып қоя береді. Одан кейін жан-жағына жалтақтай қарап, тың-тыңдап аз тұрады да, қараңғыға сүңгіп ғайып болады.
ххххх
Таң алды. Жерге енді-енді жарық түсіп келе жатқан мезгіл. Талдысайда отырған бірінен-бірі ауашалау қонған Зуқаның 7-8 үйлі ауылы ала көлеңке таң жарығында ағараңдап көрінеді. Шәуілдей үрген ит дауысынан оянып кеткен Зуқа ит шәуіліне құлақ түріп, біраз уақыт жатады да, дереу киімін киініп, сыртқа шығады. Ала кеуім таң жарығында оңтүстік жақтағы үйдің іргесінде қылтыйып тұрған бір адамды көріп:
— Әй! Сен кімсің? – деп қатты ақырады.
— М..ме… мен – деген әлгі адам үй қалқасына лып етіп жасырына қалып, мылтығының шақпағын қайырады. Осы кезде ауылды жан-жағынан баспалап, ақырын қоршап келе жатқан әскерлер де көрінеді. Жаңағы дауыстың Жақияның дауысы екенін таныған Зуқа:
— Һап, атаңа нәлет! Үсіген жылан-ай?!… – дейді де, көрші үйге жүгіріп келіп:
— Сенбай, Асылқан жау басты! – деп онда жатқан екі қонағына айғай салады да, қайтып үйінің сол жағына жүгіріп келіп, бос тұрған белдеуге қарап, аңтарылып қалады. Осы сәтте:
— Са! Са! ( Қытайша өлтір, қыр- жой )… – деп ұрандаған жау да оған таяп қалады. Жан дәрмен үйіне кірген Зуқа кереге басында ілулі тұрған бесатарға қарай ұмтылады. Осы кезде ауыл үстін жаңбырдай жауған оқ басып кетеді де, Зуқа үйінің киіз есігін жамыла жаудың алды үйге кіре береді. Бесатардың ішіндегі бес оқ қас-қаққанша атылып, бірінің артынан бірі үйге кірген бес әскер сұлап қалады. Есік алдынан көлбең ете түскен біреудің қарасын шалып қалып, мылтықтың шақпағын қайырып, массасын басып қалғанда одан “ тырс,, еткен үн шығып, Зуқа мықияға:
— Әкел ананы! – деп төр жақ керегенің басында ілулі тұрған қос мауезірді нұсқайды да, есік жаққа жетіп барып, қолындағы мылтық дүмін есіктен кіріп келе жатқан 6-адамға сілтеп қалады. Күшпен сермелген мылтық дүмі адамға тимей есіктен шығып кетеді де, Жау шап беріп Зуқаға жармаса береді. Зуқа ерекше шәпшәңдықпен қонышындағы кездігін суырып алып, өзіне жармасқан әскердің кеудесіне періп қалады. Осы бір жанталасқан алыс үстінде кереге басында тұрған мауезірге қолын соза берген Мықияға оқ тиіп құлайды. Осы сәтте Зуқаның қолына босаға жақ керегеде ілулі тұрған кісен ілінеді де, онымен есіктен таласа кірген екі әскердің басына қос қолдап тұрып екі рет салып-салып жібереді. Ол екеуінің төбелері ойылып, бастарының мыйы шығып кетеді. Осымен қатар мауезерге қол соза берген Қамаря да оққа ұшып, кереге басына ілініп қалған кісен Зуқаның қолынан шығып кетеді. Ол үйге кірген 9-әскердің кеңірдегінен қос қолымен ала түседі де, оны астына баса жығылады. Дәл осы кезде:
— Ат! – деген Ыбырайымның бұйрығы естіледі де, есіктен сығалап тұрған Жақия түрегеліп келе жатқан Зуқаның кеудесін көздей атып қалады. Зуқа теңселе барып босаға жаққа гүрс етіп құлап түседі.
Қаптап келген әскерлер Зуқаның үйін іргесінен бір-ақ көтеріп, анадай жерге апарып тастайды да, үй жалаңаштанып қалады. Төр алдында қызыл қанға малынып Мықия, Қамаря және сәби Бітімқан, Мәрямқандар босаға жақта 9 жау әскерінің өлігін баса жығылған Зуқа жатады. Аздан соң әлде қайдан пайда бола кеткен Мадарын:
— Кесіңдер, мынаның басын! – деп Зуқаның өлі денесін нұсқайды. Әлде неден үрейленген әскерлер біріне-бірі жапақтай қарасып, шегіне береді.
— Жақия сен кес! Еңбек сенікі, Дутың сыйлыққа беретін бес сәрі алтын да сенікі – дейді Ыбырайым Жақияға қарап. Пышағын алып Зуқаның жанына тяған Жақияның көзіне Зуқаның аспанға қарап шадырайып жатқан қос көзі түседі де, қатты сескенген оның қолынан пышағы түсіп кетеді. Осы кезде:
— Жақия, мынамен кеспесең мойны шықпайды – деп Мадарын оның қолына кішілеу балтаны ұстатады. Өлі денеден бас шауып жатқан тағылық әрекетке дәттері шыдап қарай алмаған шеріктер бастарын бұрып-бұрып ала қояды.
ххххх
Ұзыннан-ұзаққа көлбеп жатқан тау арасынан алтын табақтай күн көтеріле береді. Осы кезде екіраннан жау шапқан Зуқа ауылының қорқынышты көрінісі көлденең тартылады: Зуқа Үйінің жанында басы кесіліп, қанға малшынып жатқан Зуқаның өлі денесі, сол бассыз денені құшақтап, шырылдап жылаған бір жасар Қыйзат, оның жанында қанға малынған Мықия, Қамаря, Бітімқан, Мәрямқандар жатады. Күнде осы уақта қорасынан мамырлап малы өріп, түңліктері ашылып, түтіндері будақтап жататын 8-7 үйлі ауылдың тірлігі бірақ өшкен. Киіз үйлердің кейбіреулерінің шаңырағы ортасына түсіп күйреп жатса, кейбіреулері қоңырсып күйіп жатады. Сол үйлердің іші мен есік алдыларынан қызыл қанға малынып сұлап жатқан ақсақалды аталар, ақшылауышты аналар, қыршынынан қыйылған жастар мен сәбилер көрінеді. Оқ тиіп кейі теңкиіп өліп, кейі бұраңдап тұра алмай жатқан желідегі бұзау, матаулы түйе, үй жанындағы қойлар көзге түседі де, екіран сыртынан: “ Осы күнгі қырғында Зуқаның өзі, кіші әйелі Мықия, балалары Қамаря, Бітімқан, Мәрямқан және Зуқаның інісі Дәкеннің әйелі үш баласымен інілері Білжәйдің ұлы, Нәсірдің әйелі қатарлы жыйырма сегіз адам қырғынға ұшырады,, деген сөз естіледі.
ххххх
Күн көтеріліп қалған кез. Солтаншәріптің ауылына жан-жақтан Зуқа сарбаздары құйылып жатады. Осы кезде ауылдың жанындағы белегірге желе Жортып шыға келген ішінде Төлегетай бар Қапдолла зәңгі бастаған ителінің біртоп атқа мінерлері мен ақсақалдары көрінеді де, олар белегірден төмен түсе береді. Жыйналып жатқан сарбаздарға тяғанда Қапдолла зәңгі:
— Тоқта, керей, тоқта! Шүйінші, керей, шүйінші! Қажы аман екен. Ол сендерге жауды қумасын деп сәлем айтыпты! – деп атын борбайлап шаба жөнеледі. Бұны естіген Зуқа сарбаздарының қатулы жүздеріне қуаныш күлкілері ойнап шыңа келеді. Осы сәтте олардың жанына келген Қапдолла зәңгі:
— Біздің ауылдың қойшысы күндіз бөлініп қалған қойын іздеп, түнде далаға түнеп қалған екен. Тәңертең алаң-елеңде Қажы өзінің ақбоз атына жәйдақ мініп, оның жанынан шауып өте шығыпты да, қайта айналып келіп, тез барып Солтаншәріпке хабар бер! Мен тірімін. Қашқан жауды қумай-ақ қойсын деп сәлем айтыпты. Ал кәне аттарыңнан түсіңдер! Мына шалдарың ары-бері шапқылап жүріп, болдырып та шәршәп та кетті. Бәтима келіннің бірер шыны шәйін ішіп алып, содан соң қажы ауылына бірге барайық – дейді.
ххххх
Мезгіл түс болып қалған шақ. Солтаншәріп бастаған Зуқаның жүзден артық сарбазы Қапдолла сияқты атқа мінерлер мен ақсақалдарды орталарына алып, Зуқа ауылын бетке ала келе жатады. Олар ауылға таяп қалғанда Қапдолла зәңгі атының басын тартып, Солтаншәріпке бұрылып:
— Солтан балам, сабыр етіп тыңдасаң, қажы ауылына барардың алдында саған айтар екі ауыз сөзім бар. Жоқ тыңдамайым десең жүре берейік – дейді кемсеңдей тұрып.
— Айтыңйз, Зәңгі, жаңағы қуанытқан шүншіңізді қаралы хабарға айырбастағалы тұрғандығыңызды жаным сезіп бұр! –деген Солтаншәріптің жанарына лық етіп жас үйіріле қалады.
— Е, Солтан балам! Әкең Зуқа бүкіл өмірін елімнің қарны ашып, жыртық киім кимесін, тынышы кетіп, телімделіп тозбасын деп соның жолына арнады. Сол үшін жаман да атанды. Ақ тәніне жара да түсірді. Сен әкеңнің тұла бойы тұңғышысың. Әке мұратын жалғастыратын ұлысың. Осыным рас па? – деп Қапдолла зәңгі Солтаншәріпке қарайды, Солтаншәріп басын ійзейді – Ендеше, балам, Қажы шәйт болды! Жау оның басын кесіп алып кетіпті! Мына шалдарың қажының артында қалған ұрпақтары сендердің қамдарыңды ойлап, сендер ашумен қан төгіп, ел күйзеліп, тағы да жаугершілік болмасын деп өтірік айттық. Біздің де жанымыз қажыдан артық емес, өтірік айтқан күнәміз үшін мына жаман шалдарыңды өз қолыңмен атып таста! – деп кеудесін ашады да, кеңкілдеп жылап жібереді. Қапдолланың бұл сөзінен кейін Зуқа сарбаздары түгел шу етіп жылап, ботадай боздап еңіресіп жібереді де, бүкіл дала төсін күңіренген қайғылы сарын басып кетеді. Ал Солтаншәріп ерінің алдынғы қасына тіреген қамшысына бас сүйеп, ат үстінде оқ тигендей сұлық отырыр қалады. Бір кезде көз жастарын тыйған Мәмежан, Мәмедолла, Кеңбай сияқты Зуқаның байырғы сарбаздары топ алдына тебіне шығады да:
— Енді аянатын неміз қалды?
— Қажыдан жанымыз артық емес!
— Сарсүмбеге жеткенше жауды қуып барып, оларды түгел қырып саламыз да, Қажының басын алып қаламыз!
— Қанға қан, жанға жан аламыз! –десіп айғайлаласа жөнеледі.
Осы кезде Солташәріптің көз алдына әкесі елестей қалады да, құлағына әкесінің осыдан көп бұрын айтқан “ Ажал келмей тұрғанда мен сақтың сағы, мықтының мықтысымын. “ Алдырар күні жаздырар,, дегендей, ажал келген күні сақтықтан да ада ьоламын. Көзім де еш нәрсені көрмейді. Құлағым да естімейді. Жүректен қорқыныш та қашады. Сондықтан да менің қазам қай-қашанда жау қолынан болады. Әйтеуір, жау қолына тірі түспеймін. Тірлігімде ойлаған ойыма, Көздеген көмбеме жете де алмаймын. Менің істеген істерім тек өзіммен бірге кетеді. Оның артымдағы халқым мен ұрпақтарыма зияны тимейді. Мек өлген соң мен істеген істі істеп, мен жүрген жолмен жүремін демеңдер. Ол сендердің қолдарыңнан келмейді. Соның үшін маған бола кек қуалап, ешкіммен жауласпаңдар!,, деген ақыл-өсиеті естілгендей болады. Сәл өткенсоң ол сорғалаған көз жасын тыйып, буынын бекітіп, басын көтеріп, айналасына қарайды да:
— Тоқтаңдар, жамағат! Айтарым бар, сенлердің әкем Зуқаға деген осы ниет осы ылтыйпаттарыңа Әкемнің аруағы да, артында қалған ұрпақтары біз де ыразымыз. Сендер қазір осы күйінішпен әрекет етсеңдер, жау әскерінің бірде-бірін тірі жібермей, түп-түгел қырып тастайтындарыңа шүба жоқ. Ондай істейтін болсақ, керек барған сайын ұлғайып, елге зияны тиеді. Халықтың басына жаугершілік түседі. Бұлай істеу әкемнің тірі күніндегі ел-жұртының қамын ойлаған мұратына қайшы келеді. Мен әкемнің істегенін істей алмаймын. Әкемнің істегенін істей алатын ұрпақ туғамыз жоқ. Сол үшін күйініш үстінде кек қуып, істі насырға шаптырмай, “ ақсақтың аялына бағайық,, – дейді дірілді үнмен.
Солтаншәріптің бұл сөзінен соң сарбаздар бір мезет жым-жырт тұрып қалады да, көп өтпей Зуқа ауылына қарай, ойбауырым салып, тұра шабады. топ артында тек Мәмежан, Баяқын, Кеңбай, Нәсір, Кәрім бесеуі ғана қалады.
ххххх
Зуқаның басын алып армандарына жеткен оның үстіне соңдарына қуғыншы түспеген жау суыт тартқан күйі Ертіс бойына келіп, аттарынан түсіп жатады. Осы кезде Мадарынның жанына келген Ыбырайым оның құлағына бірдеме деп сыбырлайды.
— Даума, сонда сіздің жалғыз қалуыңыз жеке басыңыздың амандығына қауып жеткізбей ме? –деп Мадарын оған таңдана қарайды.
— Менше – дейді Ыбырайым күліп – сіздермен бірге Сарсүмбеге кеткенімнен гөрі менің осы жерде қалуым қауыпсыз. Неге дейсіз ғой, бүгін мен барып бір Қазақтікіне қонамын. Ол меннен “ қайдан келесіз?,, деп сұрайды. Мен оған “ “ кеше Зуқаның ауылынан шығып, Көктоғайдағы бір алымсағымды жыйнап келемін,, деп жауап беремін. Бұны Қазақтың сымсыз телефоны біріне-бірі жалғап, мені өздері-ақ ақтап шыға келеді. Мен сол бұрынғыдай “ Қазақтың кәрі күйеуі,,, “ Солтаншәріптің жездесі,, болып, олардың есігінен кіріп, төрінен шығып жүре беремін. Менің бұным сіздердің “ Ендігі кезекте Зуқанаң мықты ұлы Солтаншәріптің көзін жоямыз,, деген жоспарларыңызға да сай келмей ме?
Оның сөзі аяқтай бере:
— Лаума, өзіңіз білінбей жүріп астыртын жұмыстың маманы екенсіз ғой? – деп Мадарын Ыбырайымды арқасына қаға береді.
ххххх
Күн еңкейіп, ұясына қонуға айналып бара жатқан шақ. Мәмежан бастаған бес қуғыншы да аттарын қан сорпа қылып, Ертіс бойына жетеді. Көп өтпей оларға кездескен бейсауат жолаушы:
— Ана жақта Ыбырайым молла мал қуып бара жатыр – деп батыс жақты қамшысымен нұсқайды. Бұны естіген қуғыншылар:
— А, құдай!
— Бұқарбай! – деп ұран салысып, жолаушы нұсқаған жаққа қарай шаба жөнеледі. Ұзамай-ақ олардың алдынан 5-6 сыйырды қуалап бара жатқан Ыбырайым көрінеді де, олар мойнындағы мылтықтарын жұлып-жұлып алысады. Тасырлаған ат дүбірін естіп, артына жалт қараған Ыбырайым өзіне таяп қалған, қолдарында мылтығы бар бес кісіні көреді де, қуалап бара жатқан сыйырларын тастай салып, “ Ұрының арты – қуыс,, дегендей, жан ұшыра қаша жөнеледі. Бір кезде ат үстінен мылтығын серте ұстаған Кеңбай Ыбырайымды көздей тартып қалады да, ту сыртынан оқ тиіп, атынан домалап бара жатқан Ыбырайымның өлі денесі екіранға шыға келеді.
ххххх
Екі күннен соң түс ауған мезгіл. Зуқа ауылына осы реткі қырғында шәйт болғандардың жаназасына жыйналғандар Талдысайдың жазығын кернеп кетеді. Жаназа аяқтап ел зыйрат басына қарай қозғала бергенде Солтаншәріп жаназаға жыйналған жәмиғатқа былай деп жар салады:
— Жамыйғат! Үкімет бүгін менің әкемді екіге бөліп, Басын Сарсүмбеде масқаралап, денесін мұнда тастаса, ертең басқаларымызды да осылай етпейді деп айта аласыздар ма? Біз інге басымызды тығып жатқан, кім көрінген сыйрағынан суырып алатын қойан емеспіз. Біз халық болғанда да Абылайдай ақылдыны, Жәнібектей батырды туған халықпыз. Біз намысымызды жауға бермейтін халықпыз! Егер үкімет тез арада әкемнің басын қайтарып бермейді екен, онда біз кек жолында Сарсүмбеге жорыққа аттанып, Әкемнің басын тартып аламыз! Бұған не айтасыздар?!
Жаназаға жыйналған жәмыйғат бір ауыздан:
— Қолдаймыз!
— Сен бастасаң біз ереміз!
— Жанға-жан, қанға-қан аламыз! – десіп сахара төсін жаңғырта ұран салады.
ххххх
Сасүмбе қаласы. Қаланың ортасын қақ жарып ағатын мөлдір Қыран өзені тастан-тасқа секіріп, жағадағы жартастарды ашулана ұрғылап, арқырай ағып жатады. Тау қаласының орта тұсына таяу осы өзенге ағаштан салынған үлкен қара көпір көрінеді. Көпірдің орта тұсына сүйегінен сым темір өткізілген Зуқа батырдың басы ілініп қойылған. Жанына Қытай және Қазақ тілдерінде: “ Кімде-кім үкіметке және ұлықтарға қарсы шығатын болса, оның көретін күні осындай болады,, деген лозынка ( жарнама ) жапсырылған. Көпір бастарында мұздай қаруланған жыйырма неше әскер ары-бері теңселіп жүреді. Олар көпірден өткен адамдарға алдымен Зуқаның басын көрсетіп, одан кейін лозынкадағы жазуды оқытып, содан соң ғана жүргіншілерді көпірден өткізіп жатады. Ілінген басқа нақтап қарауға дәттері жетпеген жүргіншілер ығыса тұрып, аяқтарының бастарына қарай береді де, былай шыға бере екіден-үштен топтасып, әңгімеге түсіп бара жатады.
Осы кезде Зуқаның басы екіранда анық көрінеді. Оның шатынаған екі көзі осы бір қара түнек зұлым дүниеге кектене, тесірейе қарап, барған сайын үлкейе береді де, екіран сыртынан: “ Көп өтпей халықтың һахарлы үні ішінде аймақтық дутың мекемесі Зуқаның басын қайтарып береді. Дәл қырқын беретін күні Зуқаның басы денесімен қосып жерленеді. Осы реткі қырғында шәйт болған 28 адамның денесі бір араға жерленіп, сыртынан үлкен қорған соғылады. Кейін келе халық оны “ Зуқа батыр қорғаны,, деп атап кетеді ” деген сөз естіледі.
×××××
Жота төбесіндегі “ Зуқа батыр қорғаны,, және күмістей сақалы белуарына түскен ақсақалды адамды қаумалаған бір топ кісі тағы да көрінеді. Осы кезде бір жас жігіт ол кісіден:
— Ақсақал, әлгі жақияның соңғы тағдыры не болды? – деп ентелей сұрайды.
— Е, қарағым, не болушы еді?! “ Біреуге көр қазсаң кең қаз, өзің түсесің,, деген емес пе?! – деп кәря таяғымен солтүстіктегі мұнартқан тау дізбектерін нұсқайды – сонау қарлы таудың ішінде “ Бас ілген,, деген сай бар. Сонда Жақияның басы ілінген мұқыл терек әлі тұр.
— Оны кім, қалай өлтіріпті?
— Зуқаның басын алғаннан кейін Мадарын Жақияға қызын бермек түгіл сымбылдың сыйрағын да ұстатпапты. Бес жылдан соң Жақия атын өзгертіп, Тойтұғышқа алтын қазып келеді. Бір күні оны біреу танып қалады да, қапысын тауып басын алып, мұқыл терекке іліп кетеді. – деген қарттың көз алдына терек бұтағында ілулі тұрған Жақияның басы елестей қалады да, оған жирене қараған ақсақалдың кірпіктері айқасып, жанары жабыла береді. Осымен кино да аяқтайды.
Ескерту:
( ҚХР дағы Мәукен Дулат ұлының «Алтай аясы» журналының 1987-жылғы 3- санында жарияланған «Зуқа батыр» атты тарихый оцерігі мен Асқар Татанай ұлының «Тарихый дерек, келелі кеңес» деген кітабындағы «Зуқа қажы» атты мақала пайдаланылды )
( 1993-жылы шілде, тамыз айларында жазылды. «Тарбағатай» журналының 94-жылғы 3-санында “ алғашқы бөлімі,, жарияланды ).
Мақаланың әдырсы:
Алдынғы: Ананың көңілі балада Кейінгі: Зуха батыр ( кино сценарий


