Барлыбаев Садуақас. Садуақас 1879 жылы дүниеге келеді. Әлти қажының ұрпағы. Садуақас ұзын бойлы, денелі, көрікті, шоқша сақалды, мінезі ауыр, көп сөйлемейтін адам болған. Әлти қажы 46 жасында шаруадан қалады да, бай шаруашылықты 21 жасар Садуақас басқарып әкетеді. Қазіргі Жамбыл ауданының жеріндегі Преснов болысы Таузар мен Аққұсақ болысы болып екіге бөлінгенде Садуақас Аққұсақ болысына болыс болып сайланады.
1918 жылы шілде айының аяғында Аққұсақ болысында үлкен оқиға болады. Мұнда Алаш Орда басшыларының ұйымдастыруымен үлкен жиналыс болып, оған Ақмола облысының Қызылжар және Көкшетау уездерінің 22 болысының өкілдері қатысады. Жиналыстың күн тәртібінде большевиктердің қаупінен құтылу үшін Алаштың милициясын құру мәселесі қаралып, осы жиынның шығының Садуақас өз мойнына алады.
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде 1928 жылы 10 қыркүйекте жазылған тәркілеу хаттамасында Төңкеріс ауданының екінші ауылынан Садуақас Әлтиев тәркіленгені жазылған. Әлтиев Садуақастан – 78 жылқы, 38 ірі қара мал, 130 қой, 2 бричка, 2 шөп шабатын машина, 1 соқа, 2 жалшы. Сөйтіп, отбасымен бірге Ақтөбе қаласына жер аударады. Садуақастың әйелі Күлжамалдан Сәруар, Мағиша, Қағида атты ұл-қыздары дүниеге келеді.
А.Күзембайұлы


