Тоқсан би Жабайұлы (т.-ө.ж.б.) – шешен, би, әкесі Жабай Абылай ханның батырларының бірі болған, керей тайпасының басшысы. Тәтіқара ақын өзінің өлеңдерінде Жабай батырдың ерліктері туралы жырлаған. Тоқсан бидің жеке тұлға ретінде танылуына керей тайпасынан шыққан атасы Қара би көп ықпал еткен. Ол немересін шешендік өнерге баулыған. Тоқсан би бала кезінен атасымен бірге жүріп, атақты шешендермен, билермен кездескен және жиі ауызша сөз жарыстарға, сөз таластарға қатысқан. Жас кезінен өз тайпасының ақылшысы болып қана қоймай, әділ биі болған. 15 жасынан бастап халық оны Төбе би, солтүстік өңір қазақтарының бас биі деп атады. Алғашқыда Тоқсан би Ақмола округінің Еменәлі-Керей болысының биі, сосын Тобыл губ-ның барлық қазақ болыстарына би болды. 2000 ж. тамыз айында Ғ.Мүсірепов ауданы Западный селосының маңындағы Тоқсан бидің қабіріне құлпытас қойылды. Құлпытаста «Тоқсанбай би Жабайұлы. Алдай атасы. Керей руы ХІХ ғасыр» деген жазу бар. Западное селосы қазір Тоқсан би ауылы деп аталады.
Сүгірбаев Таңат


