Біржан сал. Тарышы керейден шыққан, Нұралы әулетіне жатады. Осы күнге дейін оның өмірбаяны жөнінде тұшымды деректер жоқ. Есімі алты алашқа жайылған сал-сазгер, әнші, ақын Біржан сал Тұрлыбайұлы 1825 жылы туып 1897 жылы дүниеден озған. Біржан сал барлық әдебиеттерде, оқулықтарда, энциклопедиялық анықтамаларда оны Көкшетау жерінде туған деп көрсеткен. Оның аты да, әкесінің аты да І.Жақановтың «Жұлдыз» журналының 1982 жылғы №4 санында жарияланған «Аспандағы аққуға әнін қосқан» мақаласында Біржанның өмірбаянын әбден шатыстырған. Қазақстан энциклопедиясында былай деп жазылған: «Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) қазіргі Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданына қарасты «Қожағұл құдығы» деген жерде, шаруа семьясында туған. Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек шығарған «Елтұтқа» атты кітаптың (2001,-Астана.,) 214-бетінде былай деп жазылған: «Қожағұлұлы Біржан (1825-1897) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туған жері Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылы. Топырақ бұйырған жері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты «Қожағұл бүркеуі» деген жер. Шыққан тегі — Орта жүз Ақсары Керей, оның ішінде Нұралы. Үлкен әкесі Қожағұл Бертісұлы Ресей отаршылдарының қысымын көріп, 1826 жылы Көкшетау, Ақмола өңіріне қарай қоныс ауыстыруға мәжбүр болды».
Бүкіл әңгіменің нүктесін Қызылжарлық ақсақалдар Социал Жұмабаев пен Кәрім Жалмақанов «Біржанның белгісіз ғұмыры» (Петропавл қаласы, 2009) атты кітапта қойған сияқты.
Егер оның туған, қайтқан уақыты да талас тудырмаса, оның туған жері жөнінде ғылымда жаңсақ пікірлер қалыптасқан. Оның арғы аталары ХҮІІІ ғасырда қазіргі Қорған қаласының батыс жағындағы орманды өлкені мекен еткен. Бұл жер керей елінің түп атасы ХҮІ ғасырда өмір сүрген Бағылан бидің ата қонысы екен. Бидің жерленген жері де осы маң. Қазір бұл Ресейдің Звериноголовск деген селосы.
1745 жылы орыстардың қысымымен Нұралы, Нұрымбет елі осы жерден Аманқарағай ормандарының Қайранкөл, Қандыкөл, Сұлукөл маңына қоныс аударады. Бұл көшті бастаған Біржан салдың атасы Бертіс және Марал ишанның атасы Құрман.
1790 жылы Аманқарағай орманы өртенеді, жаңбыр жаумай қуаңшылық болады. Мұның аяғы жұтқа әкеліп соғады. Нұралы Нұрымбет аталары малдарын қыстайтын жер іздейді. Сөйтіп, күзді күні қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жаңажол ауылына қайта көшіп келеді. Кейін бұл жерде Нұрымбет ауылы, Нұрымбет колхозы, Ақбалық колхозы деп атады. Осы кезде бұл жерді Озерный деп атайды. Кейін келе, Көкшетау өлкесіндегі Ақсары керейлердің Жөкей деген биі қайтыс болып, оның орнына халық Қожағұл қажыны би етіп сайлайды. Сөйтіп, Бертіс әулеті Көкшетау жеріне қоныс аударады. Бұл кезде Қожағұлдың немересі Біржан ат жалын тартып мінген азамат еді.
Біржан жас бала кезінде ауыл молдасы Жақыптан оқып, хадимше (ескі араб әріпінде) хат танып, сауатын ашады. Әрі қарайғы уақытта Қожағұл би жеті жасар немересі Біржанды арнайы түрде апарып, өзінің бұрынғы қонысы Бүркеу жақтағы Болатнай (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданындағы Ново-Рыбинка селосының орнындағы қазақ, татар, орыс халықтарының өкілдері аралас тұрған қалашық. Оның маңында үлкен жәрмеңке болған) медресесіне оқуға береді. Біржан сал онда медресені ашқан иесі, әрі сол медреседе дәріс беретін ұстаз Көшебе керей Иманғабит Ырғызбекұлының үйінде 1831-1835 жылдары тұрып оқып, оны тамам етеді. Біржан Қызылжар медресесін де өте жақсы тәмамдап шығады. Ол Болатнай, Қызылжар медреселерінде оқып жүргенде, араб, парсы, көне түрік тілдерін жап-жақсы үйренген екен.
1841-1842 жылдың қысында белгілі әнші-ақын, атақты батыр Сегіз сері Баһрамұлы өз тобын бастап барып Омбыда іс соғумен, яғни қолөнермен шұғылданумен айналысады. Қожағұл қазы сүйікті немересі Біржанға өзі рұқсат етіп, атбегілік пен құсбегілікті және басқа да өнер түрлерін үйрену үшін оны Сегіз сері тобына қосады.
1842 жылы жазда Біржан ақын атасы Қожағұл биден өнер жолына біржолата түсу үшін рұқсат сұрап, батасын алады.
Біржан он жеті жасында Көкшетау дуанының сол кездегі аға сұлтаны Атығайдың Құдайберді руының Аңдағұл әулетінен шыққан Зілғара Байтоқалұлы мырзаның ортаншы қызы Балқаш сұлуды алады, оған арнап «Ғашығым», «Балқаш» атты әндерін шығарады.
Балқаш сұлуды Қожағұл қазы өз немересі Біржанға бесікте жатқан кезінде атастырып қойса керек. Біржан мен Балқаш екеуі де 1825 жылы туған. Балқаш арудан Ақыл (1843-1889жж.) туған. Ол өсе келе бабасы Қожағұл биге тартқан қолы ашық, жомарт болады да, содан елге «Ақыл мырза» деген атпен танылады.
Балқаш ауырып, 1851 жылы қайтыс болған соң, оның жылын өткізгенше, ақын алысқа ұзап шыға қоймайды. Балқаштың жылын берген Біржан сал 1852 жылдың жазының басында Сарыарқаның солтүстік-шығысында Қараой аймағында (қазіргі Көкшетау облысының Омбы облысымен шектесетін жері) Ашамайлы керейдің Күрсары руының ауылдарымен көршілес отырған Жауар Қарауыл елінің ауылдарына жора-жолдастарымен келіп, мейман болып, ән салып, сауық-сайран құрады. Сонда Ләйла сұлумен танысады. Біржан сал Ләйланың ағаларын ықтырып алу үшін «Шідерім», «Көлбай-Жанбай» атты әндерін шығарады. Артынша, көп кешікпей Біржан Ләйлаға үйленеді. Қожағұл ұлы ақын Ләйлаға арнап: «Ләйлім-шырақ», «Ләйлім» әндерін шығарған.
Біржан Ләйламен (1834-1857 жж.) көп жыл отаспаған. Ләйладан Ахметжан, Ахметбек есімді екі ұл дүниеге келеді. Біржан салмен қосылған соң, бес жылдан кейін Ләйла сырқаттан қайтыс болады. Ләйланың жылын бергеннен кейін ол Атығай елінің Ақкиік атасынан шыққан Салпық деген кісінің жалғыз қызы Айтбай сұлуға үйленеді. Біржан салдың «Айтпай», «Екі жирен» деген әндері дүниеге келеді.
Біржанның үшінші әйелі Айтбай сұлуды (1838-1866 жж.) алар кезде, қыздың әкесі Салпық Қарабұлақ (Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласы орналасқан жердің бұрынғы атауы) деген жерді мекендеп отырған жездесі, Күрсары керей Шайдолла қарияның ауылына жаңадан ғана көшіп келген екен. Біржан салға тұрмысқа шыққан соң, екі жылдан кейін тұңғыш ұлы Ахметқали бір жастан жаңа ғана асқан кезде Айтбай қатты науқастанып, (1860-1861 жылдардағы жұт кезінде) төсек тартып жатып қалды. Осы қиын жағдайға байланысты қатты налыған, алай-дүлей запыранды күй кешкен ұлы әнші-ақын өзінің «Мешін-тауық» деген әнімен айтылатын атақты өлеңің шығарады.
Айтбай сұлуды Біржан сал үш құла жорға ат жегілген күймеге отырғызып ап, Қызылжар аймағын мекендейтін Орта жүз Көшебе керейдің Бәйбіше баласы руының Жоламан атасынан шыққан атақты қазы, әрі мырза Итемір Байсал балуан Қарсақбайұлының (1826-1919 жж.) келіншегі Сарықыз балгерге қаратады. Сарықыз емші Айтбай аруды екі жарым ай емдеп, сырқатынан жазады. Сөйтіп, сауығып шықса да, Айтбай сұлу одан соң бес жыл ғана өмір сүреді.
Біржан сал Қожағұлұлы серілік құра жүріп, той-думандардың бірінде әнші-ақын Әпіш Медеубайқызымен танысып, онымен уәде байласып, ақыры сол қызды алып қашады. Біржан салдың Әпіштен туған алғашқы балалары жастай ауырып қайтыс бола берген. Әпіштен Асыл (1883 ж.), Ақық (1885 ж.), Мәра (1896 ж.) деген үш қыз, 1887 жылы туған Теміртас, 1896 жылы туған Қалкен деген екі ұлы болған. Теміртас (1887-1941 жж.) жауырыны жерге тимеген балуан, айтқанынан қайтпайтын табанды, өжет кісі болыпты, бірақ Теміртас ән салмаған. Ал Қалкен (1896-1936 жж.) әкесі Біржан салдай асқан әнші болмаса да, жап-жақсы ән шырқайтын, тәп-тәуір домбыра тартатын болған. Қалкеннің кескіні әкесі Біржан салға тартыпты. Теміртас та әкесі Қожағұлұлы сері сияқты иығы елден асып тұратын биік бойлы кісі болыпты. 1895 жылы тамыз айында Біржан сал Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, пірге қол тапсырып қайтады.
Біржан сал 1897 жылы жазда үш ай бойы ауырып, 25 тамызда (ескіше 12 тамызда) қайтыс болады. Ел-жұрты Біржан серінің сүйегін атасы Қожағұл бидің бейітінің қасына жерлеген. Атақты салдың өсіп-өнген ортасы – Ақсары Керейдің іші, өмірін өткізген жері – Көкшетау өлкесіндегі Бурабай төңірегі. Ал, оның елі – Нұралы Керей Қызылжар аймағында тұрады. Біржан салдың бейіті Қожағұл бұлағының жағасында (Степняк қалашығындағы Лемов шахтасының сыртында). Біржан салдың басына белгі етіп Көшебе Керейдің Таузар руынан шыққан атақты Сегіз сері композитордың үлкен баласы Мұстафа батыр (1840-1899 жж.) қашап ойып, арабша жазу жазып, құлпытас орнатқан екен. Ол құлпытас осы күнге дейін бар, тек ұзақ жыл тұрғандықтан, кейін аздап мүжіле бастаған.
Қаратай Биғожин


