Таяуда Шығыстану институтының бір топ ғылыми қызметкерлері Қытайдың Бейжің және Сиань қалаларына арнайы археографиялық іс-сапармен барып, Қазақ-Қытай қатынастарының тарихы бойынша архивтік құжаттарды табу және жинақтау, несториандық жөнінде аса құнды тарихи ескерткіштерді, қазақтардың тарихы мен мәдениетіне қатысы бар түркі тайпаларының көне эпиграфикалық ескерткіштерін айқындап қайтты. ҚР Ұлттық тарихты зерттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісінде Мемлекеттік Хатшы Марат Тәжин архивтік материалдарды объективті зерттеудің арқасында өткенімізді қайта саралау қажеттігін алға тартқаны белгілі. Мемлекеттік Хатшының осы тапсырмасы аясында институт қызметкерлері жолға шығып, олжалы оралды.
«Мыңжылдықтар көкжиегі» бағдарламасының шеңберінде Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Қытайдың бірінші тарихи архиві 2013-2016 жылдар арасында Қазақстанның тарихы мен мәдениеті жөнінде жаңа архивтік материалдарды айқындау бойынша келісімшартқа қол жеткізген болатын. Осыдан кейін біздер атқаратын жұмыстарды кезең-кезеңге бөліп, жоспарларын бекітіп, Бейжің мен Сианның архивтік қорлары мен кітапханаларын анықтап, күнтізбелік жоспар жасаған болатынбыз. Қытайға сапар шекпестен бұрын дайындаған жұмыс жоспарымызды ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің мақұлдауынан өткізіп алғанымызды айта кетуіміз керек. Қытай тарихты қағаз бетіне түсірумен бірге өз елі мен өзге елдің тарихын мәңгі тастарға тәпсірлеп отыруды ертеден дәстүрге айналдырған ел. Бүгінгі кезде қытайдың «тас жазбаларының» әлем елдерінде теңдесі жоқ жазба байлық қоры сақталған. Қытайда соңғы кезде мыңдаған жылдар бойы тақта тастарға жазылған түрлі «тас жазбаларды» ашу мен зерттеу жұмысы ең қарқынды жұмыстардың бірі саналады. Осы мақсатта институтымыздың Азия-Тынық мұхиты аймағы бөлімінің меңгерушісі Бақыт Еженханұлы, филология ғылымының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер Әсия Мансұрова және тарих ғылымының кандидаты, ғылыми қызметкері Жанымхан Ошан сынды ғалымдарымыз Қытай архивтерінде жұмыс істеп, құнды дүниелерді алып қайтты. Сапар барысында бізді ғылыми экспедициямыз XVIII-XX ғасырлардағы Қазақ-Қытай қатынастарының тарихы бойынша архивтік құжаттарды жинау, VІ-XIV ғасырлардағы несториандық жөнінде сирек кездесетін тарихи ескерткіштерді айқындау және VI-IX ғасырлардағы түркі тайпалары мен тарихи тұлғалары туралы эпиграфиялық ескерткіштер бойынша материалдар жинақтау тапсырылған-ды. Осылайша түркі қағанатының қалыптасу және даму тарихы, тарихи жадыларды қалпына келтіру бойынша түркі тасжазбалары мен қолжазбалар дереккөздерін айқындау, фотоға түсіру және көшірмесін жасау бойынша көптеген жұмыстар атқарылғанын мақтанышпен айта аламын. Біздің ғалымдар Шыңғыс хан дәуіріне дейінгі түркі тайпаларының бірыңғай этногеографиялық байланыстарының болғаны туралы мәліметтерді тапты. Бұдан басқа сириялық, түркілік (тасжазба), қытайлық дереккөздердің ауқымды материалдары негізінде Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияның да этникалық құрамы мен көшпелі халықтарының географиялық қоныстануына қатысты құнды деректерге кезіккен. Жаңадан табылған материал жоғары биліктің көне түркілерден мұрагерлік жүйесін орнатуға мүмкіндік бергенін айта кетуіміз керек.
Қытайдың бірінші тарихи архивінің қорынан табылған архивтік заттар ХVIII ғасырда Орталық Азия жерін мекендеген Қазақ хандығы үшін экономиканың басты тірегі – мал шаруашылығының өнімдерін экспорттау болғанын алға тартады. Айталық, «Сиюйдің жалпы жағдайы» («Сиюй цзун чжи») деп аталатын көне қытай қолжазбасында сол кездері қазақтардың мал шаруашылығы өсіп-өркендеп, Қытаймен мемлекетаралық сауда қатынастары дамып, қазақтар қытайдың жібегі, фарфоры сияқты және басқа да салтанатты бұйымдарды көл-көсір сатып алу мүмкіндігіне ие болған деп айтылады. Бұдан басқа зерттеу кезінде қазақ-қытай, қазақ-ресей, қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат дипломатиялық қатынастары туралы аса құнды құжаттар табылғанын атап өткеніміз жөн. Мысалы, қазақ хандарының елшілері қытай императорына Бейжіңге келуіне байланысты, қазақ елшілерін грамоталармен марапаттағаны туралы істелген жазбалар өте қызықты. Келесі бір жазбада қазақ-қытай саудасы, тұрмысы мен қазақтардың салт-дәстүрі туралы баяндалады. Осы ретте өзінің маңызы тұрғысынан Абылай ханға тиесілі ресми хаттар үлкен қызығушылық тудырғаны анық. Абылай хан қол қойған хаттар және басқа қағаздар екі елдің алыстығына қарамастан және біздің заманымызда үйреншікті болып кеткен коммуникациялар жоқ болса да, Қазақ мемлекеті мен Қытайдың арасында өте тығыз қарым-қатынас болғанын айқындайды. Ал қазақ хандарының тұрақтарында дипломатиялық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы хан жарлықтарын шығаратын кеңсе болғаны сөзсіз.
Іссапар нәтижесінде Қазақстанға қазақ тарихына қатысы бар 283 томнан тұратын Цинь империясының архивтік құжаттары жеткізілді. Құжаттар 1730 жылдың соңы мен 1911 жылдардың арасындағы кезеңдерді қамтиды және қазақ-қытай саяси, сыртқы саясат және экономикалық қарым-қатынастарының тарихын ашып берді. Қазақ билеушілерінің көршілес мемлекеттердің билеушілеріне жазған хаттардың арасында Абылай хан, сұлтан Болат хан, Уәли сұлтан және басқа да қазақ хандары мен сұлтандарының хат жазысуы туралы аса құнды деректер бар. Бұл хаттарда Абылай ханның Цинь императоры Цяньлунмен дипломатиялық қатынастары туралы жан-жақты баяндалған. Мұнда Қазақ хандығы сияқты Цинь империясында да елшілер алмасу туралы, лауазымды тұлғаларды тағайындау туралы жан-жақты хабарланады. Бүгінде ғалымдарымыз Қытай архивтерінде жүргізілген жұмыстар туралы есеп дайындауда. Экспедиция материалдары «Көнетүркі ескерткіштерінің жинағын», «Көршілес мемлекеттердің билеушілеріне қазақ хандары, сұлтандары құжаттарының коллекциясын» шығару үшін және қытайлық архивистермен Қазақстан тарихы жөнінде қытай архиві материалдарының каталогын жасау үшін дайындалғанын айта кетуіміз керек. Ал сарапшылық жұмыс тобының мүшелері шетелдік қорлардан табылған жаңа жазба дереккөздерді, архивтік материалдар мен артефактілерді айқындау жөнінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы сараптамалық баяндамаға кіргізу үшін жинақталған архивтік материалдар сапалы сараптама жүргізіп жатыр. Білікті мамандар Шығыстану институтының ғалымдары тапқан теңдессіз, көпбейнелі артефактілер қазақ мемлекеттілігі тарихындағы ақтаңдақтардың орнын толтыратынын айтуда. Тарихи материалдар ерте кездері Қазақстан көршілес мемлекеттермен тең дәрежелі саяси-экономикалық, дипломатиялық, тарихи-мәдени қарым-қатынастар ұстанған күшті мемлекет болғандығын дәлелдеп береді. Археографиялық экспедиция нәтижелері қазақ халқының көне және ортағасырлық тарихы мен мәдениетін әрі Қазақстанның әртүрлі мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын әрі қарай қайта құрау үшін салмақты негіз жасап беретініне сенімдімін.
Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Шығыс деректануы,
шығыс халықтары тарихы мен мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы.




