Корей түбегінің қазіргі мазасыз күйіне бірден-бір себепші ол – Солтүстік Корея. Көсемі Ким Чен Ын. Әлемдік саясатта Ким Чен Ынның басты мақсаты – бүгінгі саяси режімді құлатып алмау және мемлекетін держава ретінде қалыптастыру үшін күш салу. Алайда режімнің қазіргі жағдайы қауіпті…
Себебі, экономикасы тұралаған елдің жүйкесі неден сыр беретінін болжау қиын. Ким Чен Ын соғыс ашса, режіміне қауіп төндіріп алады. Ал соғыста жеңіліс тапса, тағымен қоштасуға тура келеді. Оған бұл қажет емес. Ким Чен Ын ұсақ қақтығыс ұйымдастырмаса, әлемдік соғыс ашып, саяси карьерасын таразы басына тартуға дәті жетпейді. Америкаға айбат шеккенімен, оның ашуына тимейді. Америка қырына алған елді құртып тынатынын Пхеньян жақсы түсінеді. Сондықтан «тыныш отырам, не бересің» деп Ақ үймен жақсылап саудаласады. Оған Америкадан басқа «қой» дейтін ел жоқ. Солтүстік Кореяның қазіргі әрекетінен маңызды әлемдік мүддесін аңғарамыз. Ол – болашақта Корей түбегін жалғыз билеуді көздейді. Негізгі жоспары әлемге өзін атом қаруына ие держава екендігін мойындату. Солтүстік Корея қазір Қытайға ғана шикізатын беріп отыр. Бұл ішкі жағдайына серпін бермеуде. Сондықтан Америка мен Оңтүстік Кореядан «соғыс ашам» деп қаржылай және азық-түліктей көмек алмақ.
АҚШ саясаты
«АҚШ Оңтүстік Кореяның экономикасының мықты болып кеткенін қаламайды, ол соғыстың болуына итермелеуі мүмкін деген» ойлар қазіргі мәселеге сәйкес емес. Шын мәнінде қазір Америка олай жасай алмайды. Өйткені, сыртқы саясатта «Американың тілін алмаймыз» дейтін елдер көбейіп келе жатыр. Вашингтон бұл жолы Солтүстік Кореяны дипломатия жолымен жаншып тастауы мүмкін. Кейін таман соғыс ашып, Пхеньяндағы режімді құлатуды көздеуі де ғажап емес, неге десеңіз АҚШ Солтүстік Кореяны баяғыдан нысанаға алып жүр. Бірақ, ол үшін бұл ұсыныс Қытай мен Ресейдің қолдауын табуы керек. Анығы, Америка Солтүстік Кореяның күшейіп кеткенін қаламайды. Өйткені, ол Иран секілді Азиядағы тіл алмайтын елдің бірі. Ал Пхеньянның Сеулге деген агрессиялық ойларының көрінісі кейінгі кезде тым жиілеп кетті.
Ресей ықпалы
Ресейдің қазіргі Солтүстік Кореяға саяси әсері төмен. Сондықтан бұл жолы Солтүстікті ескі достар ретінде мәмілеге шақырып, Оңтүстікке экономикалық серіктес ретінде өзінің дипломатиялық қолдауын көрсетеді. Екі Кореяның арасындағы ең ауыр жағдай Ресейге тиеді. Өйткені, қос Кореяны да ренжітіп алмау керек. Қытай Солтүстікті қолдап, Оңтүстікті қолдамаса да, одан ұтылмайды. Өйткені, Сеул Қытайдың ондай әрекеттерін есептеп отыр. Бұл – Ресей үшін үлкен сынақ.
Оңтүстік Корея көзқарасы
Қазір Сеул тарапы Солтүстікпен текетіресті байыппен шешуді қарастырып отыр. Ол Пхеньянның атом қаруынан бас тартуын талап етуде. Пхеньянның қандай да бір арандатушылықтарына ұрынбауға тырысып отыр. Өйткені, Пак Гын Хиенің кезіндегідей екінші Корей соғысы тұтанса, онда ол пайда әкелмейді. Сонымен бірге босқын, эпидемия, ашаршылық, экономикалық дағдарыс сияқты мәселелер туады. Бизнес деректері бойынша Ресей, Қытай, Америка жерінде Оңтүстік Кореяның заманауи зауыттары орналасқан. Басқа елдерде де Корей инвестициясы сәтті жұмыс жасауда. Дамыған Еуропаның өзі Азияның инвестициясына зәру. Алпауыттар жаңаша экономикалық өрлеуді іздеу үстінде. Ондай жаңаша экономикалық өрлеуді Оңтүстік Кореядан басқа кім жасай алады. Сондықтан соғыс бола қалған жағдайда Сеулді қолдаушылар табылады.
Қазақстан бағдары
Қазақстан – атомнан бас тартушы әрі бейбітшілікті қолдаушы ел. Қазақстанның стратегиялық серіктесі Оңтүстік Корея әрдайым Қазақстанның осы саясатын қатты бағалайды. Қазақстан секілді Солтүстік Кореяның да атомнан бас тартып, даму жолына түскенін қалайды. Алдағы уақытта Қазақстан кез келген уақытта қос Кореяның мәселесіне белсенді қатыса алады деп ойлаймыз. Біздің осы мәселеге қатысты талқылауды Астанада ұйымдастыруға қабілетіміз жетіп тұр. Бұған соңғы Иран мәселесі анық дәлел. Болашақта Қазақстан Солтүстік Кореяда елшілігін ашып, корей мәселесіне толықтай қатысып отыруға мүмкіндігі бар. Себебі, Қазақстанның сыртқы саясаты әрдайым әлемнің тыныштығы мен бейбіт өмір сүруіне бағытталған.
Қос Кореяның бірігуі мен болашағы
Солтүстік пен Оңтүстіктің бірігуі әлі біраз уақытқа созылатындай. Себебі, Солтүстік Корея бейбіт бірігу туралы мүлдем ойламайды. Бейбіт бірігуді Оңтүстік Корея ғана жоспарлап отыр. Мысалға, Оңтүстік Кореяда «Оңтүстік пен Солтүстіктің бірігу министрлігі» жұмыс жасайды. Жыл сайын бейбіт бірігуді жүзеге асыру үшін Оңтүстік Корея қомақты қаржы бөледі. Ал Солтүстік жерінде мұндай шаралар атымен жоқ. Керісінше елді қарсы қою басым. Қалай болғанда да, қос Кореяның болашағы тек өз қолдарында.



