Кәкімбек Салықов
Біржан сал Қожағұлұлы қазақтың дара туған ерекше дарынды дана тұлғаларының бірі, табиғатынан өнер үшін айрықша жаратылған құбылыс, нағыз феномен. Ол заманында аса биік дауысына жан теңеспеген ұлы әнші, таңғажайып әндері ел жүрегінен мәңгі орын алған үздік композитор, өлең сөздің сұңғыла шебері, арқылы туған ақтангер ақын. Егер оның суырып салма айтыскерлігіне келсек, «Біржан мен Сараның» айтысы бұл дәстүрлі ұлттық өнеріміздің классикалық үлгісіне айналған теңдесі жоқ алтын мұра.
Бұлбұлдан – лебіз, аққудан – саңқыл, тотыдан – толғау, қыраннан – самғау алған Біржан салдың асқақ дауысы тыныс тылсымның кеңдігін, өлшем екпіннің дәлдігін арқау етіп, Бетховен айтқандай, «тыңдаған жанның жүрегінен жалын шығарды». Ырғақ пен сұңғыла сарын, әсем саз вокалдық музыканың барлық тарамдарын игерген, эмоциялық құлшыныс, өзінің аса биік даусына әуендік жарасым, әуездік қисын, сарындық таза құйылыс, соны ырғақ, сөз бен әнге жүйелі үйлесім, етене бауырлас сәйкестік тауып, профессионалдық шеберлік дәрежесіне еркін жетті. Әрі аса биік, әрі мүлтіксіз көркем етіп орындау үшін Біржан сал үздік һәм сиқырлы үндерге табиғи желіс тауып, ажарлы мәнер бере білді. Міне, шеберліктің терең тамыры, асыл арнасы осында жатыр. Оған қоса дүлдүл ақын өлеңді қолмен салған суреттей тірілтіп, күшті дауысын одан әрі күшейте түсті, ол жан-жақты дарындылықтың шырқау шыңына жетті.
«Қарқаралы басында жалғыз арша» – десе, Арқаның киелі де кербез жаратылған сол аймағын көрмесең де, тау басындағы жалғыз арша көз арбаған сұлу қыздай естен кетпейді. Сондықтан да «Жалғыз арша» махаббаттың жасыл желкеніндей желбіреп, көз алдыңда елестей береді. Міне, сөз бен әуенді бауластыру жолындағы Біржанның даналығының, бір қыры осында жатыр. Осынау әнді автордың өзінше беріліп жарқырата, жалындата, қарқындата, құйқылжытып, қыздыра орындағың келіп тұрады.
Қазақ музыка өнерінің аса көрнекті қайраткері, атақты композитор дирижер, халық әртісі, өнер ғылымдарының докторы, академик Ахмет Жұбанов өзінің (Алматы. Қ.М.К.Ә. Баспасы. 1963) «Замана бұлбұлдары» атты, көп жылдар бойында жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретіндегі кітабында Біржан сал жайлы асыл пікір білдірді. Онда: «Біржан қазақтың халық музыка мәдениетінің алыбы. Оның өмірі, творчествосын терең зерттеу, үлкен, терең, жан жақты еңбегін жарыққа шығару біздің бүгінгі таңдағы ардақты борышымыздың бірі. Өмірін демократиялық өнер жолына сарп еткен, өктемдікпен, жүгенсіздікпен, кертартпалықпен әні, өлеңі арқылы күресін соңғы демі біткенге дейін жүргізіп келген өнер қайраткері, азамат Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады» – деген екен. «Біржан мен Сараның» айтысы Біржанның ақындығының биік шыңы болумен бірге бүкіл қазақ ақындығының биік шыңы» дей келе Есмағамбет Ысмайылов Біржанның халық поэзиясы мен жазба әдебиетін ұштастырғанын атапты. Бұл да құнды пікір. Біздің де «бүгінгі таңдағы» ардақты борышымыз ақын, әнші, композитордың шығармашылық алтын мұрасын ақындық, музыкалық, әлеуметтік эстетикалық, философиялық негізде жан жақты түрде түбегейлі зерттеп ел қолына жеткізу деп білемін. Осы орайда Біржан салдың өлеңдері мен айтыстарының жинағын шығаруды қолға алдым. Бұдан бұрын әйгілі «Гәккудің» авторы, Біржан салдың ең үздік шәкірті Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өлеңдер жинағын «Фолиант» баспасынан 2005 жылы баспадан шығаруға ат салысып едім, Ақан Серінің өлеңдерін де жинастырып жүрмін. Үкілі Ыбырайдың мен жинастырып, құрастырған жинағын көргенде марқұм Сәкен Жүнісов (Сәкен Сері) қатты қуанып: «Мен Ақан Серіні жинайын, сіз Біржан салды қолға алыңыз» – деп еді. Сол келісіммен Біржан атамыздың өлеңдері мен айтыстарын жинастыра бастап бұл күнде баспаға жолдадым.
Біржан салдың өмірі мен шығармашылық дарынын кең ашу жолында С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұманов, Е.Ысмайылов, А.Жұбанов көп еңбек сіңіріп, арттарында айқын із қалдырды.
А.Жұбанов музыканың үлкен жанашыры Есім Байболовтың 1923 жылы Біржан салдың үлкен ұлы Теміртаспен кездесіп ауызба ауыз алған мәліметтеріне сүйенеді. Онда: «Теміртастың айтуынша Біржан 1894 жылдың көктемінде жазға салым қайтыс болған» – деп мәлімдеген. Оған қосымша айтқанда: «Әкем алпыс үштен алпыс төртке қараған шағында өлді, онда сегіз, тоғыз жастағы бала едім» деген анықтамаларына сенбеске лаж жоқ. Біржан салдың шын мәніндегі жақыны, белгілі қайраткер Есім ағаның айтқанына сүйенген Ахмет Жұбанов ағамызда қате жоқ шығар, деп кәміл сенемін. Бұл орайда Біржан атамыздың өз сөзіне сүйенсек «Дүние» атты өлеңінде:
«Саясы көп болады ну қайыңның,
Жігітке керегі не уайымның.
Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ,
Білмеймін не қыларын құдайымның» – дегені тарихи шындық. Біржан соққыға да ұшырады, күйзеліс азап та тартты сондай күндерінде басының ауырғандығын да өзі де мойындап отыр. Біржанның басына зақым келтірген Азнабайдың поштабайының таяғы емес, «араздығы бар көршілес руларға барып сауық-сайран құрдың» деп, өз ағалары Нұржан мен Ержан және ағайындары қатты соққыға салса керек. Олар Біржанды жынданды деп байлап қояды. Бұл трагедияның зардабы үш жылға созылады. Оны да Біржанның өз сөзімен айтсақ:
«Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері,
Солардан үлгі алған мен Біржан сері.
Алпыс үш мүшеліме толғанымда,
Дүние кері айналып кетті кері» десе, қорлыққа салған науқастың да, арқанның да байлауда жатқан боздаққа қатты батып, ақырғы дем бітер мезеттің жақындағанын сеземіз. Баласы Теміртастың әкем 63 жасында қайтыс болды дегені, ол 1894 жыл екені күмән тудырмас керек. Алпыс жасында жабысқан бас ауруы үш жылдан кейін кең дүниемен қоштастырды:
«Алдымда шам шырағым Теміртасым,
Тілегім сенің ұзақ болсын жасың.
Бауырым, балапаным қош болыңдар,
Байқаймын ажал, шіркін, құтқармасын» – дегені сол қимас сезімге бөленген туған жер, бала шаға жеткіншектерінің болашағын ойлап, айтқан аталық соңғы сөзіне ұқсайды.
Біржан салдың туған жылы 1831, қайтыс болған жылы 1894 дегенге тоқталғанды жөн көрдім. Ол шешімге ұзақ зерттеудің нәтижесінде Ахмет Жұбанов, кеше ғана өмірден өткен белгілі музыка зерттеушісі досым, құрдасым Зейнұр Қоспақов та тоқталды.
Зейнұр Үкілі Ыбырайдың еңбектерінің кей жерлерін анықтай түсуге де жәрдемдесіп еді. Бұл мәселені қорыта айтарым Біржан салдың 1831 жылы туғанына көзім жетті. Сондықтан «қазақ энциклопедиясына», оның басшыларына айтарым: келешекте ескі сарынмен бұрыс кеткен жерлерін түзету амалын жасап, үлкендердің өмірлеріне мұқият қарауды тілеймін. Өйткені энциклопедияның ұжымының өзі танымал ғылым ошағы емес пе, ендеше ғылыми тұрғыдан қарау жағын өрістету парыз. Біржан атамыз 175 жастан өтіп кетті үнсіз қалдық, ұяттау болды.
Ақындық пен композиторлықтың дүлдүлі арқалы азамат, белгілі батыр, әрі асқан жырау Сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия Бахрамұлы Шақшақов) 190 жасқа, Еуропаны дүр сілкіндірген асқақ әншіміз Әміре Қашаубаев 120 жасқа толады деген ескертпелер газеттерде жүр. «Ұлтым, ұлтым» деп жамырауға шеберміз, ұлтымыздың осындай өнер жұлдыздарын атауға келгенде шорқақпыз. Ол, олма, Сегіз сері бабамыздың аруағы атар деп сескенбей етектен тартушылар да шыр бұзып жүр. Сегіз сері дүлдүл жайлы жүрдім-бардым айта салуым келіспес, кезінде дұрыстап кірісермін деп ойлаймын, тек Алла саулық пен сәтін берсін, ол тегін адам емес, артына өшпес жарқылын тастап кеткен жарқын жұлдыз, ұлы перзент қой. Біржан сал Сегізді ұстазым десе, ол елдің ерен дүлдүлі.
Көкшетау өңірі, Сырымбеттің етегінде, Есілдің жағалауын жас кезімде еркін жайлап өскендіктен анам жағынан Үкілі Ыбырайға, ата жағынан Ақан Серіге және олардың аға деп сыйлаған ұстаздары Біржан салға деген сүйіспендік ана сүтімен дарыды десем артық болмас. Үш алыпты бір елдің, бір атаның ұлдарындай көріп Көкшетау Есіл өңірінде сал, серілер үмбетін құрып мектебін ашқандай көріп, өлеңдерін ертеден айтып жүрдім.
Ол кезде керей, уақ, атығай, қарауыл деп бөлінбейтінбіз. Өз басыма Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ бәрі де туған аталарымдай көрінетін. Оған қоса халық ақыны, әкемнің жақын ағасы Молдахмет Тырбиұлы және Үкілі Ыбырайдың немересі, өзімнің туған бөлем әнші ақын Мұса Асайыновтар бұл төрт дүлдүлдің арасына рулық жік салмайтын. Үш жүзге бөлінгендерді жек көріп, «Атамның берген ақылы» деген өлең жазып, бөлімпаздардың кесірін де татқанмын. Қазір ғой, тәуелсіздіктің бір жетістігіндей шежірешіл болып алдық, үш, жүз бе, үйді-үйге бөлініп теріс қарайтыңдар да табылып жатыр. Айтайын дегенім де: Біржан сал атамыз да керейдің ұлы екен, Үкілі Ыбырай бабамыздың «Атыңнан айналайын керейім-ай, құдайдың арнап берген мерейін-ай» деп сыйлаған өлеңі де еске түсті.
Біржан салдың қанына сіңген даналықтың бір мәйегі ел бірлігін сақтау. Ол Ақсары болысының беделді биі болған мың жарым жылқылы атасы Қожағұл Бертісұлын қанша арқау етсе, «Ақсары, Тоқсары мен екі Керей» деп қана өзі шыққан керей елін ғана емес, қатарлас өскен атығай, қарауылды бауыр тартып бәрінің бастарын қосуға тырысқан. Ол, ол ма ойшыл ақын: «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын» деп шалқып, кейде «қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын» деп бүкіл елге қызмет еткенін алға тартады. Осы ойды Сәкен Сейфуллин:
Қазақта кім білмейді Біржан салды,
Ағызған қызыл тілден шекер болды.
Сан ақын жарысқанда талай тойда,
Үздік боп бәйгіні ақын Біржан алды» – деп үлкен сүйіспеншілікпен жырға қосыпты. Біржан сал ел төңірегінде қалып қоймас ұлы өнерін шет елдерге жеткізуді армандайды. Сонда:
«Қырымға қарайтұғын ақиықпын,
Аң алмай жерге бекер қонбайтұғын.
Тұлпармын Көрғұлының ғиратындай,
Алдына жүгірсе мал салмайтұғын» – деп асқақ арманын қосып тасқындата жырлайды. Азаматтық үлкен мінез білдіріп, ел бірлігімен бүкіл елдің ұлағатты ұлдарын паш етеді: «Қарқабат, Қарақожа ата бабам» деп керейін де ұмытқандай болады. Ол өз ата-бабасын еш қашан ұмытқан жоқ, ол екі дай дауда елде бар асылдарды сүйеу етеді. Қалай десек те, көз көрген үлкендер Біржан салды Сегіз серіден кейінгі қазақтың сал, серілерінің шоқтығы биік ағасы, әншіліктің атасы санайтын. Міне сол ұғымды өмір бойы көкейіме сақтап, бұлтартпай ұлағаттап келемін.
Біржанның ата-тегін кеңінен зерттеген ғалымдар Есмағамбет Ысмайылов, Ахмет Жұбанов болса, сол ағаларымыздың еңбектерінен нәр алып, кейінгілердің деректеріне сүйенеміз. Теміртастың сөзін арқау етіп Ахмет ағамыздың жазғанын негізге алуды жөн көрдім. Ақын атамыздың арғы атасы Бертіс ертеректе Обаған өзенінің бойын мекендепті. Жалпы ата-бабалары Қызылжарға (Петропавл) қарасты Аққосақ болысындағы етек-жеңін кең жайған, қарағайлы қалың ормандай керейлерден тарайды. Керейдің ішінде Ақсары, одан тараған Нұралы, Көшекке жататын ауылдар қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданының жерін мекендейді. Біржанның арғы аталары бұл жерлерден көшіп кетіп, Көкшетау дуанындағы тұратын аталас Ақсары керейлерді сағалап, Бурабайға ұштасып жатқан қарағай, қайыңы аралас, атығай, қарауылмен паналас айдын шалқар Жөкей көлінің жағасын мекендейді. Ақсары бабаларынан Нұралы, Нұралыдан Батыр, Батырдан Кенже, Кенжеден Бертіс туады. Бертістен: Ақшуақ, Айшуақ, Жаншуақ, Қожағұл, Қожамқұл атты бес ұл туған. Айшуақтан Ержан, Нұржан, Қожағұлдан: Тұрлыбай, Нұралы, Ералы, Тұрлыбайдан Біржан туған екен дейді. Нұржанды Біржанның туған ағасы атайтындар да жоқ емес. Көкшетау дуанындағы Ақсары болысының биі Қожағұл Бертіс тегінің болғаны тарихта сақталған шындық. Біржан атасы Қожағұлдың қолында өсіп, жасында өмірдің тарыншылығын көрген жоқ. «Жақпадым өзім әкем Тұрлыбайға» – десе, бұл атасы мен әжесінің баурында өскен бұла тентек жас Біржанның еркелігі емес пе. Тұрлыбай ерте өліп, Біржан Қожағұл атасының баласы болып кетіпті. Оны өз сөзімен:
«Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Адамға зияным жоқ жүрген жанмын.
Байлыққа мансапқа да құмар емен,
Өзім сал, өзім сылқым неге зармын» – десе шындық осы. Біржан сал бабамыз дүниеден озғанда Бурайбайдағы Көкше елінің қайғысын бөлісуге Сырымбеттен Ақан сері, Үкілі Ыбырай бастаған Атығай, қарауыл, Есіл жақтан Сегіз серінің баласы Мұстафа бастаған Гүлтөбе Маманайды ен жайлаған керейлер қатынасыпты деп, Молдақмет Тырбиев атамыз айтып отыратын. Бұл жағдайлар Біржан салды Есіл-Көкше аймағына ортақ тұлға екенін дәлелдейді. Бүкіл қазақтың сүйікті ұлы Біржан сал жайлы бұл да бір үзік сыр.
Қазақ даласына атақ-даңқтары кең жайылған Сегіз сері, Орынбай, Шөже, Нұркей, Тоғжан, Нияз сері, Арыстан ақындар Біржан салдың ес білгелі ардақтап өткен ұстаздары.
«Сегіздей асыл адам жаралмайды,
Халқына болып өткен шын жағыдайлы.
Керейден жүз мың әйел ұл тапса да,
Ешбірі Сегіз Сері бола алмайды» – десе өзі де керейден шыққан дүлдүл ғой, бірақ Сегіз серіні өзінен әлде қайда жоғары ұстайды. Сол замандағы көне көзді қариялар Біржанның әншілігіне жан теңестірмепті. Бірде, Шоқанның әкесі Шыңғыс төренің үйінде айтыскер ақындардың аға сұлтаны атанған Орынбайдың тапқырлығына, Біржанның әншілігіне отырған хан-төренің тұқымдары мен қарадан шыққан шонжарлар таңданыпты. Орынбаймен таласар Арыстан, Шөже, Тоғжан, Жанақ бар ғой, ал Біржанмен әншілік жағынан терезесі тең түсер жан жоқ деп келісімге келіпті. Сонда Біржанның өзі: «Түбінде бәрімізден озатын жас пері Ыбырай болады. Құлагер Көкшенің төрт аяқтыларынан шыққан пері болса, әншіліктің жас перісі осы болады. Бір қызығы Ақан серінің Құлагер өз аты болса, Ыбырай өз інісі ғой, құттықтаймын» – депті. Тоқсан алтыдан асқан кезінде мәжілістес болған Омар қариядан және Үкілі Ыбырайдың өз аузынан осы әңгімені естіген Молдақмет Тырбиұлы, Молдақмет Ержанұлы сияқты қариялар бұл әңгімені елге аңыз етіп жайды. Есмағамбет Ысмайылов та, Ахмет Жұбанов та осылайша жазып кетті. Айтайын дегенім Біржан алдындағы Сегіз серіні қаншалықты құрметтесе, артындағы шәкірттерін ұмытпаған екен, тиісті әділ бағасын беріп отырыпты. Есмағамбет ағамыз: «Жаяу Мұса, Басқараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан Сері, Балуан Шолақ, Әзделбай, Үкілі Ыбырай, Бейбіт, Ғазиз, Иман – Жүсіп, Кемпірбай, Сабырбай, Шашубай, Ағашаяқ Біржанның мектебінен өрістеп өнер қанатын жаяды» – деп үлкен ортаны әдемі әңгіме етіпті. Біржанның «Ләйлім шырақ», «Жамбас сипар», «Телқоңыр», «Көлбай-Жанбай», «Айтбай» сияқты өлеңдері нәзік лиризмге, мөлдір сезімге бай махаббат назы тақырыбына жатады. Осы сарындағы әндерінің әр қайсысы кейінгі ақындарға, композиторларға ұстаздық сабақ болды. «Құда келді» деген өлеңіме бірнеше ән шықты сондағы: «Біздің елдің әні бар «Жамбас сипар», бір сипамай қоймайтын мен де қиқар» – дегенім елге ұнаса ол – Біржан атамыздың әсері.
Біржанның қақпақылдары ақындығының айшықты бір қыры, ұшқырлығы, тапқырлығы, өте сергектігін танытады. Бір жылы Баянаулдың аға сұлтаны әйгілі Шорманның Мұсасы қарадан шыққан хан атанып жүрген кезінде Сағынай, Мәтін-Дәулен, Нұрбек тағы басқа дөкейлер Омбыда мәжілістес болып отырғанда Біржан кіріп келіпті. Отырғандар Мұсаға атақты ақын Біржан – деп таныстырыпты. Сонда Мұса менсініңкіремей: «Бұл да ән сала ма екен» – деп қалыпты. Біржан домбырасын қағып-қағып жіберіп, безілдете жөнелтіп:
«Мұсеке, біздің әнге кенелерсің,
Дауысымды есіткенде бұлбұл дерсің.
Көтеріп көкке қарай мен шырқасам,
Бұл үйдің сындырармын терезесін» – дейді. Мұса мырза ләм-им демей үнсіз қалыпты. Біржанның асқақ әншілігі, ұшқыр және дәлме-дәл тура тиетін жебедей сөзі тап осылай талайдың аузын жаптырған ғой. Бұл шумақ іспеттес қағытпалар Біржанда жеткілікті
Біржанның дүлдүлдігін әншілігі өзгеден, үздік көтеріп тұрса, оның әділет үшін күресін, зорлық пен зомбылыққа жаны қас қайсар мінезін, елді елжіреткен де елеуреткен әнімен, өлеңімен айғақтаған туындыларының көш басында «Жанбота» тұр. Жанбота Ақсары елінің болысы екен, Омбыдағы губернатор Көкшетауға келеді деген дайындық жиынға ертіп барып, дауға қалдырып, өзіндей көрші елдің болысы Азнабайдың поштабайынан таяқ жегізеді. Ыза-кегін сол поштабайдан алмақ өлеңі, Құрманғазының бір күйі «Перовский маршы» атанып кеткені сияқты, «Жанбота» атанып кетіпті.
Біржанның сол заманның аяқтан шалғыш кесірлері мен кесапаттарына арналған бұл атақты өлеңі ақынды ақиық алғыр қыран іспеттес, жалтармас жолбарыстай алғыр көрсетеді. Әннің Жанботаға арналып кетуінде де көп себеп бар көрінеді. Өз жерінің болысы Жанбота Азнабайдың поштабайына жазасын тартқызып, кешірім сұрату керек еді. Гәп Біржанды көрші болысы Азнабай поштабайын жіберіп, «алып кел, келмесе ар жағын өзің білесің» дегені бар көрінеді. Поштабай өз болсының орындаушысы, сондықтан, бар бәле Азнабайда және онымен Біржан үшін көңіл жығыспайын деп зәбірленген Біржан үшін тіл қатпай қалған Жанботада. Сондықтан өлеңнің:
«Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,
Қолынан домбырамды алды тартып.
Тартса да домбыраны бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, о, дариға, өлгенім жоқ», – десе, қай елге, қай жиынға барса да жас жігіттер мен қыз-келіншектер алдынан шығып, кілемге түсіріп көтеріп әкететін атақты Біржан салды көптің алдында көргенсіздік жасайтын поштабайдың сотқарлығына душар боламын-ау деп ойламады. Бірақ, ақынның қаруы таяқ емес, асқақ әні мен өткір өлеңі болса, ол сәлден соң Жанбота отырған үйге кіріп келеді де домбыраны сағақтата безілдетіп, арыстандай айбатты, жолбарыстай ызалы даусымен, ащы әнді биіктете түсіп, ыза-кектің қысымында ақиқатты ашып салып, шерін шығарады. Ол халықтың алдында өнер берген өз құралымен есер болыстар мен «ұр да жоқ» қолшоқпар, керенау поштабайға лағнетін айтты. Жиналған жұртшылық көз алдында ар-намыстан ада жүгенсіздікке, содыр әкімшілікке қарсы атылған оқтай айбарлы да қыран мінез қырғын әнге дән разы болды.
«Созады Біржан әнін қоңыр қаздай,
Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай.
Бас қосқан мәжілісіміз болады деп,
Жанбота, мазамды алдың ала жаздай», – деп, алаяқ туған алдамшы, ел алдындағы көрсоқыр болысқа өз сыбағасын бергендей асқақтата құйқылжытып шыға жөнеледі. Шығып кетіп, сол ыза кернеген ашулы шағында қаулаған көпшіліктің ортасына келіп:
«Бұрынғының биіндей би қалмады,
Бүгінгінің биінде ми қалмады.
Хатым-Құран болмаса моллалардан,
Өлікке тамнан басқа сый қалмады.
Бұрынғының жақсысы тамам болды,
Ендігінің «жақсысы» жаман болды.
Арғымақтың аяғын арқан шалып,
Есек озып бәйге алған заман болды», – деп, барша оқиғаның пәлсапалық түйінін айтып қайтадан жаңа пәрмен, жаңа ырғақ, жаңа сарынмен әуелете әндетіп берді, Жаңа сарында жайбарақат келіп, көкірекке тез жетердей, тыңдаған жан жаттап кетердей етіп, кең құлашты, нәзік лирикамен ұштастырып айтар сөзін ел жүрегіне жеткізді. Екі ән де Сарыарқаның кең даласында қалың бұлтты қақ жарып, жарқ еткен найзағай отындай бейқам елге тез жайылды. Басына іс түскенде халқы қасында, әні төгіле түсті, дос пен қасты, жақын мен алысты ажыратып бергендей, арқалы ақынның санасына өмір сыры үлкен ұя салды. Халқы да шын күрсініп, Біржан салды бұрынғыдан артық қадірлеп, сыйлап, ұлағаттай түсті.
Біржанның феномендік шырқау шыңдары көз алдыңа Энрико Карузоны, Федор Шаляпинді, кешегі өткен Лучино Павориттиді әкеледі. Әміре Қашаубаев ағамыздың да Біржанды, оның әндерін ерекше сүюінде үлкен гәп бар. Бұлардың ән шырқауы сияқты Біржан әндері де асқақтығымен опералық арияларға лайықты болып тартады да тұрады. «Айқайға басты Біржан аспанға өрлеп», «Аққумен аспандағы ән қосамын», «Дауысымның жаңа түсті кәрі жыны» – деген сөздерінің өзі тек қана даусының зорлығы емес, көркемдік, мазмұндық жағынан да, лапылдаған, тасқындаған өршілдік жағынан да биік өрелі заңғар тұлға екенін көрсетеді. Сол себепті де Біржанның әндерін қашан тыңдасаңда жаңа естігендей жалықтырмайды, ескірмейді, тозбайды, елмен бірге жасасып өміршілдік көріністерімен асыл қазыналығын сақтай біледі. Ол әсем әнді ел жүрегіне жеткізуді ұлттық рухты көтерудің көрсеткіші етті.
Біржанның Абай ауылына барып ұлы ақынның қасында ұзақ жүріп, өнер көрсеткені және де ұлы хакімнен інілік ізет көргені үлкен жетістік. Табиғи сұрыпау ма, дәм-тұздың жалғасуы ма әйтеуір қазақтың әдебиеті мен мәдениеті үшін бұл ұлы сапар екенінде дау жоқ. Мұхтар Әуезов бұл жайды «Абай жолының» екінші кітабында тарихи шындық сыры етіп, асқан ақылмандықпен суреттеді. Абай атамыздың бұл тұста музыкаға тың жол салып композиторлыққа беріліп жүрген кезі екен. Шабытқа шабыт қабаттасып Біржан атамыз Абайдың екі өлеңіне ән шығарыпты.
Мұхтар ағамыздың айтуынша Абайдың өзі, шаңырағы, әулеті, дос-жарандарды Біржанды қалай сыйлағаны да өрелі уақиға. Аттанар алдында Ұлжан Біржанға үлкен күміс тайтұяқ, «үш тоғыз» емес «тоғыз – тоғыз» сәлем сауқат ұсыныпты. Абай атамыз Біржанға сары жорға ат, жолдастарына да көрнекті сый-сияпат көрсетіпті. Міне солардың бәрінен де:
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй!.. – деп басталған өлеңін қоштасу рәсімінің соңында Біржанға алғашқы рет оқып беріпті. Сонда Біржан: «Абайжан, менің әнім саған жақсы қозғау салды деп едің. Бір ғана саған айтып кетсем дегенім – өзіңнің әнді көтеріп қадірлегендей өлең-сөзді мен де ең алғаш бағалағаным осы десем не дейсің?» – депті. Адамның үміткер нәзік сезімі мен мөп-мөлдір жан дүниесіне Біржан әнінің қандай әсер еткенін Абай айтса, Абайдың даналық пәлсәпалы ойға толы дана поэзиясын Біржан да аз сөзбен зор бағалап кеткен екен. М.Әуезов: «Әңгіме сырлары сондайға көп сарқып, екі шабытты көңіл ұғысты да, сәл тыным тапты» – депті. Бұл ұлы кездесудің нүктесін бұдан артық қоя алмаспыз. Екі тарихи даналарымыз жайлы үшінші ұлы ағамыздың жазғаны қандай жақсы».
Біржанның әу-дегенде ақ айғайға басып, биік те көркем әуенмен тыңдаушыларын құлақ қоюға шақырғанын Абай аңдап қалып: «Көбінесе ән басы келеді ащы, «кел тыңда!» – деп, өзгеге болар басшы» – дегені қандай қызық. Ол да үздік әнші ағасының әсері ме деп қаласың.
Біржан атамыз өзінің аса биік дауысына әуендік үзімталдық жарасым тауып, әуездік қисын, сарындық құйылыс, ырғақтық ағын, жаппайы жүйе тауып, өлместік арна сала білген ерен өнер иесі. Осындай асқан дарындылығын сыйлап, Біржанды ән патшасы атап өткен арыстар да аз емес. Мысалға Сәкен Сейфуллин:
«Ән салса арыстандай ақыратын,
Әуені қалтыратып жапыратын.
Саңқылдап даусы кетіп алты белге,
Көркем ән маңдағы елді шақыратын» – деп Біржан салдың ән қуатын «алты белге» жетер, әнінің әсемдігін «көркем ән маңдағы елді шақыратын» деп, асыл бағасын беріп, ұлы әншіні ұлағаттап отыр. Сәкен ағамыз Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндерін: «Жаңа өмірдің жарасымды гүлдері болады» – деп, үлкен көрегендік білдірсе, тәуелсіз Қазақстан бұл дүлдүлдерінің әндерін шын мәнінде гүл-гүлге айналдыра бермек, өрісін кеңітті дәстүрлі әндердің биік төрінде ұстамақ.
Біржанның әндеріне, оның қайталанбас ерекшеліктеріне молырақ тоқталудың себебі аз емес. Әсемдігі мен асқақтығы, айқындығы мен тереңдігі, қонымдылығы мен өміршілдігімен бүгінгі ән әлеуетінің құрылымына қосқан үлесі талай музыкалық шығармаларға қанаттастырды. 1941 жылы Алматыда болған әйгілі композитор Зиновий Компанец өзінің «қазақ рапсодиясы» атты халық оркестріне арнаған шығармасына Біржан салдың атақты «Жамбас сипарын» арқау етіпті. Наздылығы мен ойнақылығы, өмір философиясы мен көңіл сыры ғажайып рапсодияға тірек болды, өмір берді, әлемдік жаңа ән формасына жалғасты. Евгений Брусиловскийден бастап көптеген композиторлар өздерінің операларына Біржан әндерінің інжу-маржанын пайдаланды, шартарапқа әйгі етті.
Біржан музыкасының сарқылмас тасқындығы, ешкімге ұқсамас өзінің өзгешелік айырықшылығымен, жаңалық ерекшелігімен, мұқалмас өжеттілігімен талай-талай музыка ерендерінің көңіл қалауын тауып, әйгілі арияларға айналып, қазақ музыкасының жалауындай желбіреді. Оның фантазиясы мол ұшқырлығы ұлы композиторы Мұқан Төлебаевтың назарына ілікті. Міне, сол ғажапты таныған Мұқан ағамыз қанаттана жөнелді. Ел тілеген опера туды. Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтей, Біржан салдың есімін Мұқан Төлебаев дүниежүзілік деңгейге көтерді.
М.Төлебаевтың шебер де талантты шығармашылық елегінен өткен Біржан атамыздың асыл әндері екінші өмірлерін бастап қиял-ғайып, құстай қайтадан құлпыра тартты. Либреттосын жазған Қажым Жұмалиев айта қаларлықтай тарихи еңбек етті. «Біржан-Сара» операсы Біржанға да, ақын Сараға да, Мұқан Төлебаевтың өзіне де орнатылған мәңгілік ескерткіш деп білеміз. Тап осындай өреге жетіп операға арқау болған Біржан мен Сараның айтысы қазақ айтыс өнерінің шырқау шыңына жетті. Біржан салдың туындыларын жайлаған еркіндік, намыс, адамгершілік сарындары операның бас кейіпкерінің бейнесіне негіз болып қалды.
Бір өлеңімде: «Сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтасын» – дегенімді оқып Нұрғиса Тлендиев ағамыз: «Әй, Кәкіжан, сыртқы жау жуыр маңда тиісе қоймас, осы ішкі даудан қазағым аса жылдам арыла қоймас» – деп еді. Асыл ағамыз, дүлдүл дарынның сөзі шындыққа сүйенген ғой, әйтпесе, Біржан сал мен ақын Сараның айтысының болғандығын дәлелдеген «ішкі даудың» басылған шағына жеттік-ау, деп, бұл мәселеге кіріспеймін, тек қана айтысты таратқан кім? Жазып алған кім? – деген сұрақтарға нақтылы жауап табылған сияқты, сол шындықтың сырына аз-мұз ат басын бұруды жөн көрдім.
Жазба әдебиеттегі әртүрлі деректерде «Біржан мен Сара» айтысының үш нұсқасын алға тартып бірін Қазанға Жүсіпбек қожа Шайхыисламұлы, екіншісін белгілі ақын Әріп Тәңірбергенов жіберіпті-мыс, ал үшіншісінің аты беймәлім болатын. Міне, сол беймәлімділікті, дүдәмәл жорамалды 1996 жылғы қазанның бірініші жартысындағы «Жас алаш» газетінің екі санында өте құнды үлкен мақаланы «Ақын Сараға соқтыға береміз бе?» – деп Өтепберген Ақыпбекұлы мырза тамаша жазыпты. Автордың әр сөзінде, әр сілтемесінде, тұжырымында алдын ала берілген нақтылы деректері бар және жүйелі сөз бен киелі сұраққа адал жауап беріпті. Бұл мақалада Біржан мен Сараның өскен ортасы, хал-ахуалдары түсінікті түрде келтіріліпті, ал Сараның қашан туып дүниеден қашан өткені және бүкіл үрім-бұтақ зәузаты аталыпты. Айтыстың қашан, қай жерде болғанын дәлме-дәл келтіріп 1871 жылы Біржан салдың қынаптан шыққан қылыштай қырық жастағы, ақын Сараның айдынға шыққан жас аққудай он сегіз жасындағы кезі деп нақтылы түйіндепті. Бұл мағлұмат Біржан салдың 1831 жылы туғандығын да айқындайды, Сараның да туған жылы 1853 жыл деп айтушылардың ойына тура келеді. Бұл екі жылдарды айғақтағаны өте құнды мағлұмат. Мақаланың авторының айтуынша Сараның сүйіп қосылған жұбайы Бекбай Алтынбекұлы 1852 жылы туып 1933 жылы қайтыс болыпты. Ал, Сараның қайтыс болған жылы 1907 жыл делінген. Осы тұжырымдар мен деректер академик Ахмет Жұбановтың да жазып кеткен шешімдеріне сәйкес келеді.
Мақаланың авторы басқа да көптеген керекті деректерді, дәйекті дәлелдеп берген екен. Бізге керекті үшінші нұсқалы айтыстың сөздерін Қазан қаласына кімнің жібергені болса, сол сұраққа жауапты тура тапқандай болдық. Шынтуайтқа келсек негізгі нұсқа, яғни айтыстың тура өз сөзі біреу-ақ, емес пе? Әне соның басын Біржанға үйлеспейтін ақындық сарынмен қосып, қосымша нұсқалар туды ғой. Ал, айтыстың барысында Біржанмен бірге болып, жазып алып, көшірмесін Сараға беруші Әмірхан Сүйінұлы (1836-1901) екенін Ө.Ақылбекұлы дәлелді түрде сенімді етіп, жазыпты. Ә.Сүйінұлы әйгілі ақтангер ақын Сегіз серінің жақын інісі, Біржан салдың өзінен екі-үш жас кіші атақты шәкірті болыпты. Ол осыған қоса «Әмірхан» атты әнімен көпшілікке аян аты белгілі кісі. Сол әннің сөзінде:
«Әмірхан Сүйінұлы менің атым,
Салдықпен көрдім дүние рахатын.
Нағашым жалпақ қанай деп атайды,
Керейден Ашамайлы асыл затым» – дегенін Есіл-Көкше аймағы жақсы біледі. Аталған мақалаға осы әңгіме жайлы кең түсінік беріп Әмірханның кім екенін «Қазақ әдебиеті» газетінде белгілі жазушы, айтулы тарихшы, атамекені Біржан елімен қоныстас Көкшетаулық Естай Мырзахметов ағамыз дәлелдей түсіпті. Ә.Сүйінұлының өзіне келсек, қашқындықпен Зайсан маңында бас сауғалап жүріпті. Біржанның Жетісуға келер сапарына қосылып, әрі шәкірті, әрі жазып алғыш, жаттампаз көмегін көрсетіпті. Патша заманының тұсында Солтүстік Қазақстанға бекініс жасап қоныстанып алған казак-орыстар: «погоняем киргиз» – деп есіріп, ауылдарды қиян кескі шабуыл жасап, қорлап кетеді екен. Сондай бір сойқан соққыға ауылы душар болған айқаста бір казакты өлтіргені үшін қуғын-сүргінге ұшырап Әмірхан Алтай жаққа жасырын кетіп, Зайсан маңында тұрса керек.
Әмірхан туралы бірқатар деректерді Өтепберген мырза тарихқа белгілі «Сара мен Төребайдың» айтысынан келтіріпті. Төребайдың Сараға қайтарған алғашқы шумақтарында:
«Зарыңа Біржан құлақ салған еді,
Мұңыңды ілтипатқа алған еді.
Біржанның сондағы айтқан айтыс жырын,
Әмірхан мұқияттап жазған еді.
Жаласы өлген солдат жабылған соң,
Еліне жуықтап келіп қайта алмаған.
Қазанға айтыс сөзін жіберсе де,
Өз атын сақтық қылып айта алмаған, – деу себебі, Әмірхан айтыстың қолында қалған нұсқасын Қазанға Жақып Бижігітұлының атынан жіберіпті. Ал, Жақып жайлы Төребай әлгі айтыста:
«Керейден ашамайлы арғы заты,
Бижігіттің баласы Жақып аты.
Әмірханға саналып өкіл бала,
Таралған молда болып жазған хаты» – деген болса, айтысты Қазанда шығарған Шайхыисламұлы Жүсіпбекке соғып өтсек, оның да бір шындығын «Төребай мен Сара» айтысынан Ө.Ақылбекұлы былай:
«Шайхыислам Жетісуды аралды,
Байлар мен би, болысты жағалады.
Қалдырған Біржан саған қолжазбаны,
Өзіңнен қалап алып кете барды.
Арада жиырма алты жыл уақыт өтті,
Кітап боп шығатұғын мезгіл жетті.
Шайхыислам баласы Жүсіпбек қу,
Қазанда сол айтысты жария етті», – деп келтіріпті. Шайхынисламның да Әріптің де атына байланысты нұсқалар жоқ демейміз, бірақ соның бәрінің түбірі, таза негізі Біржан мен Сараның өз ауыздарынан жазып алып Сараға одан кейін Сегіз Серінің баласы Мұстафаға табыс еткен Әмірхан екеніне күмән жоқ.
Белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов: «Біржан мен Сараның» кездесіп, айтысуына негізгі бір дәлел – айтыстың ең алғашқы нұсқасын Жүсіпбек қожа Шайхыисламовтың 1897 жылы Сараның өз аузынан жазып алғандығы. Жүсіпбек нұсқасы 1898 жылы Қазан қаласында басылып шықты. «Біржан мен Сараның» айтысының екінші нұсқасы 1899 жылы жарияланды» – дейді. Қате жорамалдар ол нұсқаны Әріп жіберді деп түйіндеген. Анығы – Жақып Байжігітұлы атынан Әмірханның жібергені жайлы дерек алып отырмыз.
Қазақтың асыл азаматы, өткір де әділ сыншысы, белгілі әдебиеттанушы Есмағамбет ағамыздың Әмірхан жайлы хабары жоқ болуы ықтимал. Біржан салдың туған, дүниеден озған жылдарын Ахмет Жұбановтай дөп баспаса да ол кісіге еш қандай кінә тақпаймыз. Үлкен ғалым ретінде Ескең Біржан салдың ақындығы, композиторлығы, әншілігі жайлы жәй мағлұмат қана беріп қоймай Біржантанушылардың Сәбит Мұқановтай бас жағында тұрғаны, әділ баға беріп дүлдүл ақынның творчествосына терең талдау жасағаны басты еңбегі деп білеміз. Негізгі керегі де осы ғой. Ал, біздің кейбір нақтылы зерттеулерге, Ахмет Жұбановтай музыканың да, музыканттардың да қамқоршысына сүйенбеуге хақымыз жоқ. Мәселен айтыстың жетпісінші жылдары болғанын Есім Байболов ағамыз дәлелдесе, ол Біржан салдың туған, өлген жылдарын да үлкен баласы Теміртастың айтуына сүйеніп, Ахмет Жұбановқа жеткізіп отыр, оны Ахаң жөндеді.
Кезінде «Біржан мен Сара» айтысы төңірегіндегі түрлі қаңқу сөздерге айқын атой берген Шеген Ахметов пен академик Ахмет Жұбановтың айтқандарын тарихи жаңа деректі дәлелдеп отыр. Шеген Біржанның Жетісуға арналған өлеңін, Ахаң Жетісуда тараған Біржан әндерін дәйекке келтірді. Айтыстың болғаны рас, оны Әмірхан Сүйінұлының қағазға түсіріп Сараның өз қолына бергені де даусыз дәлелденіп отыр. Бірақ, меніңше, Әріп Тәңірбергенұлына да, Жүсіпбек Шайхыисламұлына да тиісудің қажеті жоқ, олар айтысты қолдан жазған жоқ Сараның өз қолынан алып кіріспе қосып таратты. Бізге дау емес ақиқат керек. Неше нұсқа сөз болса да Әмірхан айтысты естіп, жазып, Сараға берген нұсқа негізгісі.
Біржан салды сөз еткенде әрине, оның ХІХ ғасырдың орта шенінде өткен өмірін жадымыздан шығармаймыз. Өйткені патшалық Ресейдің қазақ жерін көптеген бекіністер орнатып, билеп-төстеп алуы өмір тауқыметін аз татырған жоқ. Алдындағы ұстазы әйгілі Сегіз сері қашқын болып, губернатордың каһарына ілікті, соңынан ерген шәкірті Әмірхан да зомбылық пен зорлыққа ашынғандықтан зәбірлеушілердің біреуінің өлімі үшін Зайсанда жүріп жасырын өмір сүруге мәжбүр болды. Ол-олма, ел арасындағы шонжарлардың да татқызған тауқыметі аз болмады, асқақ әнші, тамаша ақын, ұлы композиторды олар амалсыз қарсылыққа шақырды.
Бала күннен үлкендердің аузынан естіп білуімізше Біржан орта бойлы дембелшең кең иықты болыпты. Екі көзінің жалын атқан ұшқыны тік қарауға шыдатпаса, қызылшырайлы көркем жүзінің нұры көрген жанды қымсынтады екен. Мейірбан мінезі, үстіне киген киімі һәм әсем жүріс-тұрысы оны сал деп ататқызды. Сал, серіге шын лайық көрнекті де көркемдігі тасқын талантты әнші – ақынның бұл бекзадалығын көре алмаушылық та болыпты. Алпыс жасқа келгенде көптеген соққыны көрген ақынның басы ауырарлық кеселге ұшырағаны да рас көрінеді. Байлаулы жатқанда соның бәрін сыртқа шығарған «Дүние» атты өлеңі ел аузында кең таралып жүр. Бұл өлеңнің әні де сөзі де үлкен ойлылығымен, жан баурайды:
«Қара су есік алды лайланған,
Бай болмақ, жарлы болмақ бір құдайдан.
Қамзолдың келте пішкен етегіндей,
Дүние өтерінде шыр айналған – деп айтқан өмір назында қаншама философиялық тебіреніс үлкен ізгіліктен шыққан парасатты толғаныс жатыр. Тап осындай ойларына оранып тебіренгенде Біржан атамыздың озық ойлы сөздеріне таң қалмасқа болмайды. Бір өлеңінде: «жақсы адамның ауырғаны жатының да жанына батады» – деген ой салса, енді бірде: «Өзіңмен бірге жасап, бірге күйген, досыңнан қатын балаң аса алмайды» – деген қанатты сөз тастайды. «Тоқсан түйе тоғанақ жүгіменен» – дегені қандай көрініс, жәй ғана көрініс емес, тіл ұстартуға бергені аз демеймін. «Арғымақтың аяғын арқан шалып, Есек озып бәйге алған заман болды» – деп күрсінсе, ол өз басын ғана қапырық шалды деп тұрған жоқ, қайран халқын, қатал заманын ойлап отыр. «Қазғанмен су шықпайды қыр басынан», «жігітке ақыл-пана, уайым-қорған», «Түлкінің жүгірісін қыран байқар», «Сұлуды қор қылады күте алмаған, жібекті жүн қылады түте алмаған» – деген нақылдары да оның білімдар ойшыл, табиғи һәм пәлсапашы екенін танытады. «Қайғылы қара кемік байтал түгіл, арғымақ ат шыдамас желісіме», «Аққумен аспандағы ән қосамын, қозғасам ащы күйді түптен тартып», «Он бестен ұрғашыға саятшымын, күн сайын қанжығамды қандайтұғын», «Тәттімбет ардагерім арғын асқан, қырық түрлі күй ілінген бармағына» – деген сияқты қанатты сөздері ел аузында жүре бермек.
Сал, серілер мектебінің ұстазы, әншіліктің патшасы, ерен композитор, ақындықтың дүлдүлі, көз жұмғанша әділдік үшін айқасып өткен күрескер, қазақ халқының ұлы перзенті Біржан сал Қожағұлұлының есімін мәнгі сақтайтын шаралардың қарқыны көптен бері бәсеңдеп қалған секілді. Өлеңдері мен әндерінің басын қосып, бір кітап етіп шығару да кезектегі киелі іс. Біржан салдың ақын Сарамен айтысып отырған мүсіндерін орнату да әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ерекше ескерткіші болар еді деп білемін. Егер ол ескерткіш Астанада бой көтерсе нұр үстіне нұр жауарына толық сенемін.


