
Төле би Әлібекұлы өмір сүрген заманда қазақ елінің тағдыр-талайы қалай еді? Бұл сауалға Төле бидің өзі жауап беріп кеткендей. Үйінде сырқаттанып жатқан бидің көңілін сұрай келген Жаңыл ақынның: «Жәке, азды-көпті өмір сүрдіңіз, қандай арманыңыз бар?» – деген сұрауына би: «Шырағым, жұмыр басты пенде армансыз бола ма? Қазақтың ынтымағы жарасқан шағында өмірге келіп, халықтың шілдей тозып, енші үлескен күндері қайтып барамын», – деп аһ ұрған екен. XVII ғасырдың соңғы ширегі мен XVIII ғасырдың басындағы Әз Тәуке хан билігі тұсында қазақ қоғамында жүрген ұлттық ұю процесінің аяқталмай үзіліп, «ақтабан шұбырындыдан» кейінгі берекесіздікке ұласқанына күйінген бидің жауабы еді бұл.
Төле би сияқты тарихи тұлғаның заманына үңіле отырып, мына екі ерекшелікті байқауға болады. Біріншіден, Төле би өмір сүрген уақытта, яғни Әз Тәуке хан көз жұмған соң, қазақ қоғамындағы ұлттық ұю процесі ауыр жағдайды бастан өткерді. Екіншіден, осы үш ғасыр бойы қазақ халқы ұлттық мемлекеттігі жоқ елдің күйін кешті. Бұл кезеңдердегі ұлттық болмысты сақтау тіптен оңай емес еді.
Егер үш ғасырлық (ХVІІ–ХХ) жолымызға қайыра көз тастасақ, қазақ қоғамындағы ұлттық ұю процесі сыртқы және ішкі жағдайлардың ықпалындағы қолайсыз күйге тап болғанын байқаймыз. Жоңғар және Ресей экспансиясы түріндегі, сырттан төнген қауіп халықтың демографиялық ахуалына ауыр соққы болып тиді. Яғни қазақ ұлан-ғайыр жерінде өз санын көбейте алмады. Сапалық тұрғыдан алғанда, халық ең таңдаулы ұлдары мен қыздарын өмірге әкелді. Ал ішкі жағдай туралы әңгімелесек, негізінен, көшпелі мал шаруашылығына иек артқан қазақ қоғамы, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын экономикалық жүйе қалыптастыруға дәрменсіз болды. Заман сұранысына лайық шаруашылығы жоқ ел қуатты мемлекет құра алмайды. Ал, ел мүддесін түрлі жағдаяттардан қорғауға қабілетті мемлекеттілігі жоқ елдің болашағы да күмәнді.
Міне, осы соңғы үш ғасыр көлемінде қазақтардың ұлттық бірыңғайлығын қалыптастыру әрекеті ұлттық мемлекеттілігі жоқ, яғни отарлық тәуелсіздік жағдайында, ұлт пен мемлекеттік институттар арасындағы үйлесімсіздіктің арақатынасында өтті. Әлемдік тәжірибе көрсетіп бергендей, ұлттық қоғамдық институттар мен мемлекеттік институттар арасындағы сәйкессіздік ұлттық құндылықтарды дағдарысқа ұшыратып, оларды біртіндеп әлсірете түспек. Бұған қосымша, әуелде патшалық империя, сонан соң советтік билік ұлттық тұтастықты мақсатты түрде империялық бірыңғайлықпен ығыстыра түсті. Сондықтан да ұлттық идеяны білдіруші және оны орнықтыру жолындағы қоғамдық күштер мен жеке тұлғалар мақсатты, яғни перманентті түрде қудалауға ұшырап, репрессиялық жолмен жойылып отырды. Қазақ халқының өзін тұтас бір ұлт ретінде сезінуі аймақтық, жүздік-рулық және жалпыұлттық бірегейлік арасындағы тынымсыз текетірес жағдайында жүріп келгені тағы бар. Сырттан қауіп-қатер төнген уақытта жалпыұлттық мүдде аясында біріккен халық сыртқы қауіп бәсеңдеген немесе жоғалған жағдайда ішкі жүздік-рулық мүдденің сойылын соқты…
Төле би мен оның заманына байланысты жасалған бұл тұжырым бүгінгі дербес мемлекеттілік жағдайда да өзектілігін жойған жоқ.
Ғасыр жасап, Ақборқан деген жерде жарық дүниемен, елімен қоштасып жатқан би: «Елім, дүниеге келмек бар да, мәңгі жүрмек жоқ деген. Жасаған тоқсан жылым тоғыз күндей болған жоқ… «Бұзылған елдің ішіне сор маңдай би кез болар» деген, менің аруағым риза болсын десең, татулығыңды бұзба!..», – деп өтінген екен.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ.
(Төле биге арналған материалдарды газетіміздің алдағы
сандарынан оқи аласыздар).
«Қазақ әдебиеті» газеті


