
Негізі Ресей әлі күнге Кеңес одағының сипатындағы одақ құрудан дәмелі. Мәскеудің Кедендік одаққа жиі-жиі саяси астар беріп, В.Жириновксий, С.Нарышкин сынды саясаткерлерінің аузымен түрлі пікірлер айтқызатыны өтірік емес. Тіпті, өткен жылы Мәскеу Еуразиялық парламент құру идеясын ортаға тастаған. Бірақ, Қазақстанда оған қарсы шығушылар аз болған жоқ. Оның үстіне Түркияның да Кедендік одақ, Шаңхай ынтымақтастық ұйымы сынды бірқатар халықаралық ұйымдарға қатысты пікір білдіруі, «қосыламыз» деген емеурін танытуы Мәскеудің «Кеңес одағын қайта құрамыз» деген арманына үлкен тосқауыл болып келеді. Бәлкім, содан да шығар орыс баспасөзі Түркияның көмегімен ашылған мектептерден пантюркизм элементтерін байқап қойыпты. Оны тіпті 2002 жылы-ақ ФҚҚ (ФСБ) анықтап қойған-мыс. Ресейдегі түрік лицейлерін «экстремист» санау сол кезден басталған. Көптеген мектептер жабылып та қалды. Ал, жақында Ресейдің аузына не келсе, соны айта салатын есерсоқ саясаткері В.Жириновксий «Бурят-түрік лицейі экстремист дайындап жатыр. Әйгілі террорист Саид Бурятский сол мектепте оқыған» деп жаһанға жар салды. Сөйтіп, өтірікті шындай қылып мәлімдеме жасап тастады. Шын мәнінде Саид Бурятскийдің түрік лицейлеріне еш қатысы жоқ болатын. Ресей түрік лицейлері беретін білімді бағаламады. Сол мектептерді бітіріп шыққан түлектер «Түркияның тыңшысы болады» деп қауіптенді де көптеген мектептерді жауып тастаған. Содан бері де біраз жыл өтіпті. Дегенмен, біздің айтпағымыз Ресейдің ішіндегі емес, өзіміздегі жағдай. Себебі, қазақ балаларына тамаша білім беріп жатқан қазақ-түрік лицейлеріне қарсы ақпараттық шабуыл басталып келе жатыр.
Жалпы, қазақ-түрік лицейлерінің алғашқылары 1992 жылы ашылған. Бүгінде KATEV халықаралық қоғамдық қорының аясында 28 қазақ-түрік лицейлері жұмыс істеуде. 20 жыл ішінде мыңдаған оқушы бітіріп шықты осы мектептерді. Талай оқушы республикалық және халықаралық білім олимпиадаларында топ жарды. Елдің атын шығарды. Өздерінің білім деңгейлерін дәлелдеді. Мәселен, тек 2013 жылдың өзінде бұл мектептердің оқушылары республикалық білім олимпиадаларында 186 жүлделі орынға ие болған. Олардың ішінде 43 оқушы бірінші, 53 оқушы екінші, 90 оқушы үшінші орынға ие болған. Мұны тек бір жылдағы жетістік деп бағалайық. Ал, соңғы бес жылда қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 220 алтын, 304 күміс, 421 қола медаль жеңіп алған. Одан бөлек Назарбаев университеті ашылған кезде сол білім ордасына оқуға түскен жастардың 75 пайызы осы мектептердің түлегі болыпты. Бір сөзбен айтқанда қазақ-түрік лицейлері заманауи білімнің шыңы деген сөз. Оны мойындаушылардың қатарында тіпті танымал ғалымдар да бар. Мәселен, академик Асқар Жұмаділдаев: «Мен Қазақстанда екі-ақ мектепті мойындаймын. Олар – О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебі, қазақ-түрік лицейлері. Олимпиадада сол мектептердің балалары ғана озады. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» мектептер шетелге еліктейді. «Инновациялық, индустриалдық, бірдеңе, шірдеңе мектеппіз» деп. Ал артында түк жоқ» деген еді. Міне, бұл түрік бауырлардың көмегімен ашылған мектептерге берілген жоғарғы баға. Алайда, сөз басында айтқанымыздай бұл мектептердің ашылуынан діни һәм саяси астар іздеушілер көбейіп келеді. Оған мысалдар аз емес.
Жақында, «Central Asia Monitor» газетіне жазған ой-толғамдарында экономист Мағбат Спанов қазақ-түрік лицейлерін пантюркизмді насихаттаушы орталықтар ретінде бағалапты. Оның ойынша бұл мектептердің шынайы мақсатын біздің билік білмейтін көрінеді-мыс. Сол себепті бұл мектептерге назар аударған жөн екен. Ал, өткен көктемде «Эксперсс-К» газетіне сұхбат берген Жасын Ермеков деген экс-педагог бұл мектептерде балаларды сабайтындығы жөнінде пікір айтыпты. Көрмесе де. Кейін оны Serke.org сайты қайталап басты. Жерден жеті қоян тапқандай қылып. Одан бөлек ресейшіл пиғылымен танымал www.zonakz.net сайты қазақ-түрік лицейлерін діншіл топтар әзірлейтін құрылымдар ретінде бағалаған мақалалар басқан. Мәселен, 2012 жылдың 8 қазанында жарық көрген «Казахский — турецкий лицей: «мост дружбы» или …?» деген мақалада бұл лицейлерді үш бағытта жұмыс істейді деп көрсетіпті. Олардың біріншісі мемлекеттік құрылымдарға түркияшыл функционерлерді енгізу, екіншісі түрік ұлтшылдығын бойына сіңірген элита дайындап, оларды билікке әкелу, сөйтіп елдің саяси өміріне исламшыл бағыт беру, үшіншісі Түркияның әлеуметтік жағдайы нашар азаматтарын біздің елге әкеліп, сол арқылы түрік диаспорасын қалыптастыру-мыс. Атының өзі «Қазақстан аймағы жоқ» деген мағына беріп тұрған www.zonakz.net сайты осындай «жаңалық» ашыпты. Оған біздің бірқатар басылымдар қосылған. Өкініштісі, қазақ баспасөзінің де ресейшіл пиғылды ұстануы. Мәселен, интернет кеңістігінде өзіндік оқырманы бар www.Abai.kz сайтында қазақ-түрік лицейлерін жабуға ұрандаған пікірталастар да ұйымдастырылды. Ал, ult.kz сайтында Бейсен Ахметұлы денген азамат етектей мақала жазып, «Қазақ-түрік лицейлерін бақылауға алу керек!» дейді. Ондағы уәжі мынау:
«..қазақ –түрік лицейлері мен оқу орындары барған сайын қаптады. Заты қазақ, болмысы басқа, рухани құлданған жастар көбейіп келе жатқаны да жасырын емес.
…Жеке адамдардың көзқарасында қазақ-түрік лицейлерінің түлектерінің арасынан жемқорлар, шпиондар шықпағанын желеу етіп, лицейлерді сақтап қалуды қолдап жүргендер көп. Өкініштісі, олар білімді бірақ болмысы қазақ емес. 80-90 пайызы Абай мен Шәкәрімнің орнына Гүленнің сөздерін жатқа айтады. Басым көбі қазақы салт-дәстүр мен болмыстан айырылған.
Екіншіден, басым көпшілігі мінезді емес. Құлтемір сияқты. Оларға бәрі бір. Мысалы қазір Түркияда Ердоған үкіметінің түрікшілдік идеясын жоюдағы ең үлкен көмекшісі Гүленнің жақтастары болып отыр. Тіпті діни сенім жағынан алған тәрбиелеріне де сақтықпен қараған жөн.
Шынымен де саяси надандық қай ұлттың болмасын түбіне жетеді. Қазақтың қаймақтай балаларын 5 сыныптан таңдап алып, тәрбиелеп жатқан ҚТЛ-дар дәл солай ұлтты бөлшектеуге алып бара жатыр. ҚТЛ түлектерімен қанша араласып, олардың басым көпшілігіне ұлт пен ұлыс, ар мен намыс, обал мен сауап, ұлылық пен надандық туралы қазақы танымды сіңіру қиын, себебі олар әлдеқашан тәрбие алу кезеңінен өтіп кеткен: ұяда көрген Гүленін жатқа айтып, шауып жүр…» Түркияда өткен жазда болған ереуілдер туралы жазған мақаласына автор «Түрік дүрбелеңінің сыртында кімдер тұр?» деген тақырып қойыпты. Сөйтіп, Ыстамбулда болған ереуілдердің астарын ашпақ болған. Бірақ, қосақ арасында бос кеткен дүние қазақ-түрік лицейлері болып отыр. Тағы бір мысал. Қазан айының соңында тағы сол www.abai.kz Камал Әбдірахман деген азаматтың «Түріктер балаларымызды бұрып әкетпей ме?» деген мақаласы шықты. Онда автор біраз ойларын ортаға сала келе: «Рас, бұл лицейлерде білім сапасы жоғары дейді. Бірақ, ол білім алты сыныпты бітіртіп, бұларға өткізіп берген ұстаздардың еңбегі, бұлардың зәредей қосқаны жоқ. Дарынды оқушы енді алған екпінін азайтпайды. Бір пәлеге төтесінен жолықпаса, шабысын бәсеңдетпейді. Ендеше, сапалы білімге бұл лицейлердің ныспы қатысы жоқ»-дейді. Сөйтіп, бұл мектептерді жабу туралы ұсыныс айтқан.
Жалпы, бұл мектептерге қарсы шығатындар үнемі «сыртқы күштер» дегенді алға тартады. Оның үстіне мемлекеттің бұл мектептердің қызметін бақыламай отырғандығын алға тартады. Алайда, шын мәнінде қазақ-түрік лицейлерінің қызметін мемлекет бақылап та отыр. Пайдалы екендігіне көздері әбден жеткен. Ал, «сыртқы күштер» туралы идеяға келсек, шын мәнінде қазақ қоғамына әсер етіп отырған сыртқы күш – Ресей. Өйткені, Мәскеу түркі жұртының күшейгенінен қауіптенеді. Оның үстіне ислам әлемінде түріктердің өз орны бар екендігін де біледі. Қазір түркиялық діндарлар ислам дінін насихаттауда ең заманауи тәсілдерді қолданып жүр. Сулейман Тунаханның дін насихаттау тәсілдерін басшылыққа алғандар медреселер ашып жатса, Сайд Нурси шәкірттері өз бағытын тапқан. Сайд Нурсидің рухани шәкірті саналатын Фетхуллаһ Гүленнің бастамасымен жұмыс істейтін топ исламның жадидшілдік бағытын ұстанады. Белгілі дінтанушы Мұхан Исахан: «Түркиядан келген бірнеше діни ағым бар. Бірақ бұлардың ешқайсысының ақидалық, фикхтық, саяси тұрғыдан Орта Азияның исламизмімен қарама-қайшылық жоқ. Нұржылар мен Гүленшілерді шатастырамыз. Бір дәннен бүр жарған діни жамағаттар болған соң, оларды жалпы нұржылар дей саламыз. Әсілі, Гүлен ақсақалдың жамағатының әдістемелік тұрғыдан өзіндік ерекшеліктері бар. Сайд Нұрсидің шәкірттері формасына қарасаң, сопылыққа жақын. Саясатқа араласпайды, шәкірттерін Хақты терең тануға баулиды. Кейде, радио, теледидар көру иманымызға кері әсер етеді деп есептейтіндері де бар. Фетгулах Гулен Нұрсидің рухани шәкіртімін деп есептегенмен, ол дінді жаңа заманға лайық біліммен, ғылыммен, БАҚ-тармен насихаттауға көбірек басымдық беруді жақтайды. Яғни, Гулен ақсақал жадидшілікті қолдайды. Соңғы 4-5 ғасырда Ислам әлемі Батысқа қарағанда артта қалып қойды. XIX-ғасырдың екінші жартысында ислам ғалымдары ислам әлемінің батыстың табанының астында жатқандықтан, «олардың құралы біздің қолымызда болуы керек, сонда ғана құлдықтан аман шығамыз» деген пікірлерге тоқталған болатын. Осы пікірді Гулен ақсақал жүзеге асыра бастады.
Өз басым, бұл бастаманы қос қолдап қолдаймын. Аллаһтың соңғы діні бізге түсірілді. Қолымызда осындай кілт бола тұрып, артта қалып қоюымыз үлкен кінәрат. Қазақстандағы ең үлкен діни жамағаттың бірі Фетгулах Гүленнің шәкірттері екені белгілі. Кемшіліктері көзге ұрынып көрінбейді. Алайда, жиырма жылда қазақ-түрік лицейлерін бітірген түлектерінде патриотизм кемшіндеу. Олардың бар кемшілігі осында жатыр.
Жалпы, Түркиядағы өзге жамағаттар Гүлен ақсақалдың шәкірттерін модернист деп таниды. Бір кездері Гүлен ақсақалға шәкірттерін билікке әкелуге әзірлік жасап жатыр деген айып тағылды. Кейбір саясаткерлердің айтуына қарағанда, болашақта Қазақстанда түрік лицейлерінің түлектері билікке келуі мүмкін деген көзқарас бар. Өйткені, Болашақ бағдарламасы бойынша шетелде оқып келген жастардың басым көпшілігі осы қазақ-түрік лицейін бітіргендер. Былтыр Түркіменстан билігі Гулен ақсақалдың идеясымен жұмыс істеген базбір мекемелердің қызметіне тоқтау салды. Түрік азаматтарын өз елдеріне қайтарды. Осыған қарап біздің саясаткерлер де түрік лицейлерінен қауіптене бастады. Әлбетте, бүгінгі күнге дейін еліміздегі түрік лицейлері біздің мақтанышымыз болып келді. Ал, олардың саяси мақсаттары бар ма, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді» деген пікір білдіріпті баспасөзге. 2012 жылы. Ғалым мәселені ашық айтқан. Дегенмен, «қазақ-түрік лицейлері діндарлар дайындайды» деген ойдан аулақ болған жөн. Бірінші кезекте бұл мектептер білімді ұрпақ өсіріп шығаруда. Ал, олардың дінге көзқарасы басқа мәселе. Бұл мектеп түлектерінің әрі кетсе 25 пайызы ғана діндар болуы мүмкін. Бірақ, бұл мектеп түлектерінің ата дінімізге көзқарастары түзу болып келеді. Түрлі әсіре діншіл ағымдарға еріп кету сирек. Міне, бұл біздің ұтатын екінші бір тұсымыз. Біріншісі, сөз жоқ сапалы білім.
Енді, бұл мектептер Ресейге неге ұнамайтындығына тоқталайық. Біздіңше бұл мектептер Мәскеудің менменсіген кеудесін басты. Әдетте, ғылым мен білім саласында өздерін Түркиядан мықты санайтын орыстар осы мектептер ашылған соң өздеріндегі білім жүйесінің іріп-шіріп тұрғанын көрді. Екіншіден, Ресей билігіне түрлі діни жамағаттардың ықпалы көп. Әсіресе, шешендердің ықпалы басым. Ал, Шешенстанда салафилік бағыттың тамыр жайғаны белгілі. Мәскеу шешен сеператистерін қарудың күшімен емес, олардың арасындағы кейбір діни топтарға қолдау көрсету арқылы, бір-біріне айдап салу арқылы ғана тұқыртты. Рамзан Қадыровқа қолдау көрсетіп, еркінсітіп жібергені де содан. Одан бөлек, Кавказда салафилік ағымның таралуына Мәскеу тосқауыл бола алмады. Ақыры, оларды мойындап тынды іштей. Қазір бауырлас құмық халқының арасында салафилік кең тарап кетті. Кавказдағы ұсақ ұлттарды бір-біріне араз қылып ұстау Мәскеу үшін тиімді. Өйткені, құмық та, қарашай да, авар да, лезгин де, өзгесі де бір-біріне өкпелесе төреші ретінде Мәскеуге жүгінеді. Бәрі де білімсіздіктің кесірі. Ал, түрік лицейлерінің басты ұстанымы білімді ұрпақ тәрбиелеу болатын. Оның үстіне салафилік бағыт пен жадидшілдік бір-біріне кереғар. Фетхуллаһ Гүленнің жадидшілдігін ұнатпайтын діни топтар көп. Олар Ресей билігіне тәуір ықпал етуде. Сонымен қатар, Мәскеудің бұл мектептерге шүйлігуінің өзге де себептері бар. Солардың қатарында Түркияның НАТО-ға мүше екендігі, Түркияға АҚШ-тың қатты ықпал ететіндігі де бар. Бірақ, бұл лицейлер Түркия билігінің жобасы емес екендігін де Мәскеу шенеуніктері біледі. Біле тұра, бұл мектептерге қарсы. Ал, бұл мектептерді жауып тастаған Өзбекстан мен Түркіменстанның ұстанымына келсек, мәселе тек қана саясаткерлердің ұстанымында жатыр. Өзбекстан ежелден түркі интеграциясына қарсы. Орталық Азияға тек қана өзі ықпал еткісі келеді. Бірақ, шамасы жетпей жатыр. Дегенмен, түрік лицейлерін Түркияның ықпал ету құралы деп ұғады Ислам Кәрімов. Сол себепті бірінші кезекте осы ықпалды азайтуға күш салды. Түркіменстан болса «бейтараппыз» деген ұстанымына сүйенді. Одан бөлек Құрбанғұлы Бердімұхамедов елдегі білім реформаларының бірден-бір авторы болғысы келеді. Мәселе осында жатыр.
Қызығы біздің елде қазақ-түрік лицейлеріне қарсы шығатындар қандай мақсат көздейтінін түсіну қиындап барады. Ұлтшылдықты ту ететіндер бар. Бірақ, қазақтың білімді болғаны ұлтшылдарға ұнауы керек еді ғой. Егер олар Түркияны «сыртқы күш» деп бағаласа, Ресеймен бірлесіп ашылған университеттерді, Мәскеуде оқып жатқан жастарды қайда қояды? Мәселен, Астанада М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің бөлімшесі бар, «Қазақстан-Ресей университеті» деген де бар. Телеарналарды жаулап алған ресейлік өнімдер Мәскеудің ықпал ету құралы емес пе?! Кабельдік телеарналарда да толып жүрген ресейлік өнімдер. «Аиф-Казахстан», «Известия-Казахстан» сынды басылымдар да бар бізде. Оның үстіне орыс тілінде ақпарат тарататын барлық БАҚ («Казахстанская правда»-дан басқасы) Ресейдің ықпалында отыр. Солардың сөзін сөйлейді. Сонда қазаққа кім күшті ықпал етіп жатыр? Оны өздеріңіз сараптай беріңіздер. Мұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, егер қазақ-түрік лицейлері қызметінен діни астар іздейтіндер болса оған да қарсы уәж бар. Сөз басында айтқанымыздай бұлар діни оқу орындары емес. Ал, жүргізілетін идеологиясына келсек, рас түркі бірлігінің насихатталатыны шындық. Әсіре діншіл болудың алдын алатын тәсілдер де қарастырылады онда. Тіпті, бұл мектептердің қызметінен діни астар іздейтіндей, олар өзге діннің қағидаларын үйретіп жатқан жоқ балаларға. Тек адами құндылықтарды насихаттайды. Ал, исламның да ең басты ұстанымы адамгершілік екендігін білеміз. Демек, бұл мектептерден қауіптенудің жөні жоқ. Ашығын айтсақ, елдегі діни мәселесін ушықтырып тұрған бұл мектептер емес. Қазақтың діни тұтастығына қауіп төндіретін өзге жайттар жетіп артылады қазір. Қазір Қазақ елінде ресми түрде 17 діни конфессия тіркеліпті. Тіркелсе де, тіркелмесе де жұмыстарын істеп жатқан кришнайттар да, иегова куәгерлері де, саентологтар да, ахмадия жамағаты да, өзгелері де толып жүр арамызда. Тіпті, исмаилия шийттерімен бірлесіп Орталық Азия университетін де аштық. Ал, Ага-Хан деген Британ патшайымының қамқорлығында жүрген исмаилия шийттері орденінің жетекшісі екендігін жұрт біледі. Олардың Пәкістанның солтүстігінде Ауғанстанға кірген кеңес әскерлеріне қарсы моджахедтер дайындайтын лагерь ашқаны бар тарихта. Сырт көз үшін «қорық» ашқан-ды өткен ғасырдың сексенінші жылдарында. Бұл «сыртқы күштердің» ықпал ету құралы емес пе?! Сондай-ақ, ислам атын жамылған топтар да аз емес біздің елде. Міне, Қазақ елі үшін басты қауіп осылар болып тұрғанда біз Түркияның көмегімен ашылған мектептерге шүйлігеміз. Мәскеу не істесе, соны қайталап отырмыз. Сөйтіп, Ресейдің пайдасына жұмыс істеп жүргендер бар арамызда.
Жалпы, елдің қамын ойлаған жақсы. Ұлтты сүю де тамаша қасиет. Бірақ, бірінші кезекте кімнің дос, кімнің қас екендігін ажыратып алу қажет. Мемлекет сырт көз үшін түрлі саяси тәсілдерге жүгініп, талай елмен «дос» болып жатады. Ол заңдылық. Ал, қалың бұқара шын досты тануы керек. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары да жөнін білсе керек-ті. Кейде бір ғана ақпарат, бір ғана мақала игі бастамалардың түбіне жетуі әбден мүмкін. «Оралмандар — оңбағандар!» деп шуылдағандар, «Жаңаөзендегі оқиғаға оралмандар кінәлі» дегендер қазақтың атажұртқа бет түзеген көшін тоқтатып тынғанын білеміз. Бір Татьяна Квятковскаяға бола Парламентті де таратқан жұртпыз. «Қазақ-түрік лицейлері жабылсын!» деп жүріп сапалы білім ордаларынан айырылып қалмайық. Бұл заманда оқыс шешімге таң қалуға болмайды.
Амангелді
ҚҰРМЕТҰЛЫ.
«Жебе» газеті, 14 қараша 2013 жыл


